15-20 жыл бұрын музыка әлемі тек ағылшынша ән айтатын орындаушылар мен ірі продюсерлердің қолында еді. Сол кезде «Американың танымал лейблдары қолдамаса, жаһандық деңгейге жету мүмкін емес» деген пікір қалыптасты. Алайда BTS бұл қағиданың тас-талқанын шығарып, өнерде ешқандай шекара болмайтынын дәлелдеді. Топ адал еңбегі мен шынайылығының арқасында биікке көтерілді. Сол қарапайым жігіттер қалайша әлемді жаулап алғанын Tamga Media талдап көрді.
BTS деген кімдер?
BTS – Оңтүстік Кореяның танымал бойз-бенді. Топ атауы Bangtan Sonyeondan немесе Bulletproof Boy Scouts дегенді білдіреді. Қазақшаға аударғанда «Оқ өтпейтін жігіттер» деген мағынаға ие. BTS тобы 2010 жылы құрылып, 2013 жылғы маусымда дебют жасады. Қазір топтағы жеті жігітті – RM, Джин, Шуга, Джей-Хоуп, Чимин, Ви және Чонгукты бүкіл әлем таниды.
Чонгук – негізгі вокалист, Ви – вокалист, Чимин – вокалист, Джин – вокалист, RM – негізгі реп орындаушы, Шуга – жетекші реп орындаушы, Джей-Хоуп – реп орындаушы.
BTS тобының ерекшелігі – жігіттердің сегіз қырлы бір сырлы екенінде: олар ән де айтады, әннің мәтінін, музыкасын да жазады, би де билейді, продюсерлік жұмыстарды да атқарады. Жігіттердің танымал екені соншалық, олардың концерттеріне миллиондаған адам жиылады. Мысалы, 2019 жылы олар Лондонның New Wembley және Париждің Stade de France стадиондарын лық толтырды. Бұған дейін мұндай деңгейге Оңтүстік Кореяда ғана емес, бүкіл Азияда ешқандай топ жетпеген. Концерт билеттері сатылымға шыққан сәтте-ақ санаулы минутта бітіп қалады. ВВС басылымы BTS-ті заманауи музыка әлеміндегі орны үшін «XXI ғасырдың Beatles-і» деп атады.
Шынайылық – табыс кілті
Көп жыл бойы музыка әлемі тек мінсіз, бақытты өмірді көрсетіп келді, әндерінің тақырыбы да сол болды. Ал BTS, керісінше, өздерінің басынан өткен қиындықтары мен ішкі уайымдарын ашық айтудан қорыққан жоқ. Тіпті Гарвард бизнес мектебі де осы жаңашылдығына қызығып, олардың табыс құпиясын арнайы зерттеп жатыр. Жігіттер өздерінің ішкі арпалысын ән арқылы жеткізіп, тыңдарманмен шынайы байланыс орната білді.
Олардың әндері жай ғана танымал хит емес, адамның ішкі әлемін баяндайтын туындылар іспеттес. Мысалы, олар тақты психолог Карл Юнгтың ілімін негіз ете отырып, “Map of the Soul” альбом жинағын шығарған.
Мұнда адам бойындағы үш түрлі күй туралы айтылады:
Persona: Қоғамда өзімізді қалай көрсеткіміз келетіні, яғни сыртқы бетпердеміз.
Shadow: Көпшілікке байқата бермейтін ішкі қорқыныштарымыз бен жасырын тұстарымыз.
Ego: шынайы “меніміз”, санамыздағы ішкі дауыс.
Осылай, олар поп-музыканы терең философиямен ұштастырды. Тыңдарман жай ғана әуен тыңдап қоймай, әр әні мен бейнебаянының астарлы мағыналарын түсіну үшін Герман Гессенің кітаптарын оқып, мифологияны зерттеуге көшті. Бұл қарапайым тыңдарманды ізденуге баулитын үлкен қозғалысқа айналды.
Мағынаға толы бейнебаяндар
BTS-тің әрбір клипін жеке кино деуге болады. Олар өз бейнебаяндарын бір-бірімен байланыстырып, «BTS әлемі» (BU) деп аталатын тұтас бір тарих жасап шықты. Олар туындыларында классикалық әдебиеттен бастап, әйгілі суретшілердің еңбектеріне дейін сілтеме жасайды. Сондықтан жанкүйерлер ән тыңдап қана қоймай, әр кадрдың астарында не жатқанын зерттеуге құмар .Мысалы, BTS жігіттерінің Spring Day әніне түсірген бейнебаянында америкалық жазушы Урсула Кребер Ле Гуиннің «Омеластан кеткендер» шығармасына сілтеме байқалады. Ал Чиминнің жеке орындауындағы Serendipity әніне түсірген бейнебаянда ол Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» кітабындағы ханзада образын еске түсіреді.
Мәдениет елшілері
Қазір BTS‑ті жай ғана әнші жігіттер деп айту қиын. Олар бүкіл Оңтүстік Кореяның атын шығарып жүрген нағыз елшіге айналды. БҰҰ мінберінен сөз сөйлеп, жастарды жігерлендіруі немесе АҚШ президентімен кездесуі – олардың әлемдік деңгейдегі беделін көрсетеді. Мұндай биік дәрежеге тек жарнама арқылы жету мүмкін емес.
Дорама мен K-pop, оның ішінде BTS-тің арқасында Оңтүстік Кореяға қызығатындар көп. Қазір әлемнің түкпір-түкпіріндегі жастар кәрістердің тамағын сүйсініп жеп, тілін үйреніп жүр. Оңтүстік Кореяға қыдырып баратындар да көбейді. Тіпті кейде олардың бір ауыз сөзі үлкен саясаткерлердің ісінен де нәтижелі болып жатады.
Сонымен қатар бұл жігіттер өнері арқылы өз мәдениетін дәріптеп жүр. Louis Vuitton сияқты әлемдік брендтердің беткеұстары болса да, кейде сахнаға ұлттық киімін – ханбокты киіп шығады. Ал 2019 жылы Idol әніне түсірген клипінің тизерінде жолбарысты көрсетті. Жолбарыс – Оңтүстік Кореяның мәдениеті мен өнері үшін маңызды символ. Бұл елдің халқы жолбарысты өте ақылды әрі қасиетті жануар деп біледі. Сонымен қатар клипте бишілер мен айдол жігіттер барыс биін биледі. Кәріс халқы бұл биді Ай толғанда береке мен құт белгісі ретінде билеген. Сондай-ақ Бонсан маскалы биіне де сілтеме бар. Мұны Чосон дәуірінде аристократтарды сынау үшін билеген.
Ал 2026-2027 жылға жоспарланған халықаралық турнесін BTS Arirang деп атады. Бұл – кәріс халқының ескі әрі танымал әні. Осылай, BTS әрдайым өз елінің мәдениетін, дәстүрін түрлі форматта насихаттап жүр.
ARMY – жаңа заманның «цифрлық елі»
Бүгінде BTS фанаттарын – ARMY-ді жай ғана фанклуб деу қате болар. The Guardian басылымы оларды «шекарасыз цифрлық мемлекет» деп тектен-текке атамаған. Шынында да, олар қазіргі интернет заманындағы ең ұйымшыл әрі мықты күшке айналды.
Олардың бірлігін мына бір мысалдан-ақ көруге болады. 2020 жылы BTS АҚШ-та басталған нәсілшілдікке қарсы Black Lives Matter қозғалысына қайырымдылық ретінде 1 миллион доллар бөлген. Мұны естіген ARMY қауымы небәрі бір тәулік ішінде дәл сондай сомада ақша жинап тастады. Бұл оқиға фанаттардың арасынд тек жасөспірімдер емес, табысқа ие әрі зияткер заңгерлер, дәрігерлер мен инженерлер бар екенін бүкіл әлемге дәлелдеп берді.
Стадиондар дүбірі мен «Жарық мұхиты»
BTS-тің Оңтүстік Корея экономикасына қосып отырған үлесі көп. Шетел тыңдармандары топтың әндерін тыңдап қана қоймай, Кореяға барғысы келіп, кәріс тілін үйренуге ынталы. Олардың табысы кейбір алпауыт компаниялармен теңеседі. Мысалы, Billboard мәліметінше, Лос-Анджелестегі бір концерт сериясы 33,3 миллион доллар табыс әкелген.
Концерттің ең әсерлі сәті – стадиондағы мыңдаған Army Bomb жарық таяқшалары. Таяқшаларды Bluetooth арқылы бір жүйеге қосып, бүкіл алаң үлкен жарық шоуына айналады. Осылай, әр жанкүйер бұл үлкен қойылымның бір бөлшегіне айналады. Қысқасы, топ мүшелері өнерде шекара жоқ екенін бүкіл әлемге көрсетті. Музыка арқылы адамдарды біріктіріп, BTS жаһандық деңгейдегі феноменге айналды.
Жеті бөлек әлем
2022 жылы топ мүшелері әскерге баратынын айтқанда көпшілік «енді BTS дәуірі аяқталды» деп ойлады. Алайда бұл үзіліс, керісінше, әр жігітке талантын жеке-жеке ашуға, көрсетуге мүмкіндік берді. Олар топ болып қана емес, жалғыз өзі де әлемдік сахнаны бағындыра алатынын дәлелдеді.
Мәселен, топтың кенжесі Чонгук өзінің Seven әнімен рекордтарды жаңартты. Ол Spotify тарихында әні аз уақыттың ішінде 1 миллиард рет тыңдалған әртіс атанды. Оған қоса ол Катарда өткенде FIFA 2022-нің ашылу салтанатында Dreamers әнін орындап, футболдан әлем чемпионатының шымылдығын ашты.
Ал Ви мен Чимин өзінің ерекше стилімен Billboard чарттарының шыңына көтерілсе, Шуга Америка стадиондарында жеке турын өткізді. Джей-Хоуп ірі музыкалық фестивальдерде басты жұлдыз ретінде өнер көрсетті. Ал Джин 2024 жылы әскереде орала салып, Францияда өткен Олимпиада ойындарының факелін алып жүру мәртебесіне ие болды. Бұл жетістіктер BTS брендінің ортақ атаққа ғана емес, жеті алпауыт талантқа негізделгенін ұғындырды.
Гарвард бизнес мектебі бұл кезеңді «алыста болса да, ұмытылмаудың нағыз шеберлігі» деп бағалады. Шынында да, жігіттер әскерге кетпей тұрып, жанкүйерлері үшін біраз дүние дайындап кеткен екен. Олар жоқта жарық көрген фильмдер мен жаңа әндер ARMY қауымына топтың жоқтығын сездірмеді.
Ал 2026 жылы олар қайта оралып, әлемнің түкпір-түкпірін аралап, концерт беріп, камбэк жасамақ. Олар бір жылға арналған турнесінің кестесін шығарып, көктем мен жазда Сеулде, Токиода және Еуропаның бірнеше қаласында болатын турының билеттерін сатты. Билеттер аз уақыттың ішінде толық сатылып кетті. Жігіттер биылмен тоқтап қалмай, 2027 жылы Таяу Шығыс елдерінде концертін жалғастырмақ.




