EdTechITOpenAI неге энергетика саласына 750 миллиард доллар жұмсамақ, мұнша ақшаны қайдан алды?

OpenAI неге энергетика саласына 750 миллиард доллар жұмсамақ, мұнша ақшаны қайдан алды?

20 тамыз 2026
3 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Шілде айының соңында OpenAI компаниясы АҚШ-тың Джорджия штатында (Project Camellia) жаңа дата орталық салу үшін Georgia Power энергокомпаниясынан 3,2 гигаватт тоқ алуға келісті. Салыстырсақ, бұл бүкіл Алматы қаласы мен оның маңы тұтынатын тоқтан (1,7 ГВт) екі есе көп. Бір қызығы құрылысты бастауға OpenAI-да әлі ақша да, нақты мерзім де жоқ, тек келісімшарт ғана.


Соған қарамастан, компания инфрақұрылымға жұмсайтын шығынын 2030 жылға қарай 750 миллиард долларға дейін көбейтіп жіберді. Осыдан жарты жыл бұрынғы есептен 25% артық. Сонымен, осы 6 ай ішінде не өзгерді?


Бұрын OpenAI ЖИ-ді қолдану үшін IT-гиганттардың (Oracle, Amazon, Microsoft) компьютерлерін жалға алып келген. Ал Camellia жобасы – компанияның өзі салып жатқан алғашқы жеке орталығы. Ол үшін 1400 акр жер алып, жеке тоқ станциялары тұрғызылмақ. OpenAI біреудің компьютерлерін жалдап отыратын клиенттен жеке жері мен тоқ станциялары бар қожайынға айналғысы келеді. Бұл – бизнестегі жаңа деңгей (себебі басты бәсекелестігі Google өзінің энергетикалық активтерін белсенді түрде өсіріп жатыр). Camellia жобасы бизнес құрудың бұрынғы ережелерін ерекше.


«Өнімді бір рет жаса да, оны миллион рет сат»


IT саласында «өнімді бір-ақ рет жаса да, оны миллион рет сат» – деген алтын қағида бар. Яғни бір рет жасалған бағдарламаны, миллиондаған қолданушыға қайта-қайта сата бересің. Әр жаңа тұтынушы компания үшін қосымша шығын тудырмайды. Мысалы, онлайн ойындар осы жүйемен жұмыс істейді.


ЖИ компаниялардың бұл идеясына тіпті инвесторлар сеніп, саланың дамуын 852 миллиард долларға бағалады. Бірақ бұл модель іс жүзінде жүзеге аспады.


Нейрожелі — дайын өнім емес, үздіксіз ресурс жейтін тірі ағза сияқты. Оның тегін көшірмесі болмайды. Қолданушы көбейген сайын, шығын да қатар өседі. ChatGPT-ге қойылған әрбір сұрақ — мыңдаған қуатты компьютердің ауыр жұмысы. Оған қыруар электр энергиясы, ал жүйені салқындату үшін тонналаған су қажет. Бұрынғы бағдарламалар қосымша шығынсыз көбейе берсе, нейрожеліге миллиондаған сервер, жер телімі, турбиналар мен жеке электр станциялары керек. Сол себепті де сарапшылар: «OpenAI қазір технологиялық емес, энергетикалық компанияға айналды» деп баға береді.


Әрине, Google мен Amazon-ның да жеке серверлік қалашықтары бар. Бірақ ЖИ гиганттарының жағдайы мүлдем бөлек: мұнда ауқым да, жылдамдық та, ойын ережелері де мүлдем басқа. Ал мұндай инфрақұрылымды басынан бастап салуға тіпті гиганттардың да ақшасы жетпей жатыр.


Ақшасыз-ақ 750 миллиардқа қалай құрылыс салуға болады?


OpenAI ай сайын 2 миллиард доллар табыс табады, ал инфрақұрылым құрылысына жүздеген миллиард қажет. Сондықтан олар бұл қаржыны инвесторлардың қалтасынан жинап отыр.


Microsoft, Amazon, Oracle сияқты гиганттар «ЖИ ертең еселеп пайда әкеледі» деген сеніммен салаға жүздеген миллиард ақша құюда. Бірақ қазір айтылып жүрген 750 миллиард доллар — компанияның өз ақшасы емес, бұл — инвесторлардың тіккен бәсі.


Ал бұл бәс кез келген сәтте күйіп кетуі мүмкін. Мысалы, Disney компаниясы OpenAI-ға бір миллиард доллар инвестиция құюды жоспарлаған еді. Бірақ OpenAI инвесторларға ескертпестен Sora видеосервисін жауып тастады. Disney бұл жаңалықты ресми хабарландырудан 30 минут бұрын ғана біліп, келісімді тоқтатты.


Сол себепті сарапшылар бұл жағдайды «ЖИ көпіршігі» деп атайды: компаниялар әлі салынбаған дата-орталықтарды, өндірілмеген видеокарталар мен әлі іске қосылмаған сервистерді алдын ала сатумен айналысып жатыр.


Қайткенде де салу керек


ЖИ саласы тым жылдам өсіп жатқандықтан, компаниялар заңды айналып өтуге де дайын. Мәселен, Илон Масктың xAI компаниясы Миссисипиде дата орталығын салды. Оны электрмен қамтамасыз ету үшін 46 газ турбинасы орнатылғанымен, компания тек 15 турбинаға ғана экологиялық рұқсат алған. Қалғанын «жылжымалы техника» деп тіркеп, экологиялық тексерістен қашып отыр. Енді жергілікті тұрғындар NAACP және Southern Environmental Law Center ұйымдарының қолдауымен оларды сотқа беріп, заңсыз электр станциясын тоқтатуды талап етіп отыр.


Қызығы, OpenAI-дың жаңа дата орталығын салуға дәл осы Илон Маскқа турбина орнатып берген маман шақырылды. ЖИ саласындағы кадрлар ауысуы футболдағы трансферден кем түспейді. Бірақ OpenAI бұл жанжалдан сабақ алған сияқты: олар тоқ пен инфрақұрылым шығынын өз қалтасынан толық төлеуге сөз берді.


Әлем көз алдымызда өзгеріп жатыр. Өзгеріс кезіндегі ең қорқынышты нәрсе — соқыр сенім. Шығынды ақтау үшін есептеу қуатына сұраныс ұсыныстан ұзақ уақыт бойы озық болуы шарт. Егер ол сұраныс бәсеңдесе, компаниялардың ақшасы таусылып, бұл жүйе домино тастары сияқты сияқты бірінен соң бірі құлайды.

Бөлісу:

OpenAI неге энергетика саласына 750 миллиард доллар жұмсамақ, мұнша ақшаны қайдан алды?