Тыңшылық туралы фильмдерді еске түсіріңізші. Онда басты кейіпкер немесе қылмыскер біреуді жасырын аңдып, тыңдайтын құрылғылар орнатады. Тіпті өз мүддесі үшін бұл іске ханзадалар мен жоғары лауазымды адамдарды да тартады. Мұндай оқиғалар тек фильмдер мен сериалдарда болады деп ойлаймыз. Бірақ олай емес. Жақында осыған ұқсас жағдай OpenAI компаниясында болды. Бұл оқиғада күдіктінің ісіне не түрткі болғанын анықтау, басқа мемлекеттермен байланыс, тіпті АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы (ФБР) да бар. Ендеше, бәрін басынан бастайық.
Оқиға орнынан мәлімет
Сауд Арабиясының 35 жастағы азаматы Абдулрахман Альфозан 2025 жылдың шілде айынан бастап OpenAI компаниясында инженер болып жұмыс істеген. Ол 9 қазанда қамауға алынды. Сан-Францискодағы федералдық прокуратура оны адамдардың әңгімесін жасырын тыңдауға арналған құрылғыны қолданды немесе қолданбақ болды деп айыптады. Қарапайым тілмен айтқанда, ол өзі қатыспаған әрі адамдардың әңгімесін жазуға рұқсат алмай жасырын жазып алған. Алайда бұл әзірге тек болжам ғана. Алда сот отырыстары өтетіндіктен, оның кінәсі әлі дәлелденген жоқ. Сондықтан айтылған айыптар мен тұжырымдарды әзірге нақты дәлелденген факт ретінде қабылдауға болмайды.

19 қазанда оқиға сотта қарала бастады. Федералдық судья бұрынғы инженер сотқа келмей немесе қашып кетуі мүмкін деп есептеп, оны қамауда қалдыру туралы шешім қабылдады. Әзірге оған адамдардың әңгімесін заңсыз тыңдаған деп бір айып тағылған. Сол үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеушілер енді бұл әрекеттің тыңшылыққа қатысы бар-жоғын да анықтап жатыр. Оқиғаның ең қызық тұсы да осы жерден басталады.
Билік бұл оқиғаны жай қызығушылық үшін біреудің әңгімесін жасырын тыңдау деп есептемейді. ФБР директоры Кэш Пательдің айтуынша, күдіктінің негізгі мақсаты компанияның аса қуатты жасанды интеллект технологиялары туралы құпия әңгімелерін жасырын жазу. Аса қуатты ЖИ (суперинтеллект) – адамның көптеген интеллектуалдық қабілетінен асып түсуі мүмкін деген болжаммен сипатталатын технологиялық тұжырымдама. Бұл туралы біздің алдыңғы материалдарымыздан да оқыған боларсыз. Кейбір адамдар оны ақырзаманмен байланыстырса, басқалары бұл технология барлық ауруға ем тауып, тіпті виртуалды әлемде мәңгі өмір сүруге жол ашады дейді. Бұл технологияның маңызы сонша, ФБР директорының айтуынша, АҚШ-тың осы саладағы жаңа технологияларын тыңшылардан қорғау – бюроның басты міндеттерінің бірі болып саналады.
Құрылғы, дәретхана қағазы мен күдікті жағдай
Оқиғаны басынан бастайық. Айыптау құжатында айтылғандай, шамамен 30 қыркүйекте OpenAI қызметкерлері күдікті құрылғы тауып алған. Ол Сан-Францискодағы компания кеңсесінде, басшылардың жиналыс бөлмесіндегі теледидардың артқы жағындағы USB портына жалғанған. Бір қызығы, құрылғы дәретхана қағазына оралған екен. Неге дәл осылай жасырылғаны түсініксіз. Әрине, теледидарға бірдеңе жалғамас бұрын оны дәретхана қағазына орап алу бәріміздің күнделікті әдетіміз ғой, солай емес пе?!

Қалай болғанда да, OpenAI компаниясы құрылғының бөлмеге шамамен 28 қыркүйекте қойылғанын анықтаған. Яғни ол сол жерде екі тәулікке жуық тұрған. Алайда құрылғыға жазылған мәліметтерді ашу мүмкін болмаған. OpenAI компаниясы бұл тыңшылық құрылғыны «күрделі» деп бағалаған. Құрылғыда ақпаратты шифрлау, әңгімелерді жасырын тыңдау және деректерді бақылау жүйелеріне білдірмей жіберу мүмкіндіктері болған. Бәлкім, бұл тыңшылықпен айналысатын адамдар үшін кәдімгі құрылғы шығар. Бірақ біз үшін олай емес. Сондықтан оны Amazon-нан сатып алуға болатын зат емес, Джеймс Бондтың арнайы чемоданынан шыққан құпия құрылғы деп елестету әлдеқайда қызық.
Жиналыс өткен бөлмеге де ерекше назар аудару керек. Себебі бұл қатардағы қызметкерлер жиналатын қарапайым бөлме емес, маңызды стратегиялық мәселелері талқыланатын орын болған. Олардың қатарында ғылыми зерттеулер, жаңа өнімдерді шығару жоспарлары, мемлекеттік органдармен байланыс және коммерциялық серіктестік бар.
Із қайда апарады?
Альфозан шынымен тыңшы болды делік. Бірақ ол кімге жұмыс істеген? Мұның артында кім тұр? Прокурорлардың болжамынша, Альфозан компанияның жұмысқа арналған құралдарының бірі арқылы OpenAI ғимараттарының мекенжайларын, жиналыс бөлмелерін, олардың қанша адамға арналғанын және жиналыс кестелерін іздеген. Сондай-ақ басшылық пен сыртқы серіктестердің кездесулері қай жерде өтетінін анықтауға тырысқан. Айыптау тарапының мәліметінше, 24-30 қыркүйек аралығында күдіктінің әйеліне қатысты чат-бот аккаунтынан тыңдау құрылғысын жасау, оны Wi-Fi-ға қосу, дыбысты тікелей тыңдау сапасын жақсарту және SD-картадағы деректерді шифрлау туралы сұрақтар қойылған. Бір қызығы, тергеу нұсқасына сәйкес, жасанды интеллект саласында жұмыс істеген күдікті тыңдау құрылғысын қалай жасауға болатынын жасанды интеллекттің өзінен сұраған болуы мүмкін. Ал бұл құрылғы OpenAI-дегі жаңа технологиялар туралы әңгімелерді жасырын тыңдау үшін пайдаланылған деген күдік бар.

Құрылғы орнатылған кезде жиналыс бөлмесінде бейнебақылау камералары болмаған. Өйткені онда құпия мәселелер талқыланатын. Алайда бөлменің айналасындағы камера жазбалары Альфозанның сол маңда күдік тудыратындай жиі жүргенін көрсеткен. Оны қылмыс үстінде ұстау үшін жиналыс бөлмесіне камера орнатып, күдіктінің құрылғыны алып кетуге келетін сәтін күтуді ұйғарған.
Прокурорлардың мәліметінше, 5 қазанда камера Альфозанның жиналыс бөлмесіне кіріп, бұрын күдікті құрылғы тұрған теледидардың артын тексергенін жазып алған. Сол уақытта қауіпсіздік қызметкерлері оның басқа жерде қараусыз қалдырған сөмкесін тауып, ішін ашқан. Сөмкеден әмиян және бұған дейін табылған тыңдау құрылғысына ұқсас тағы бір құрал шыққан.
Альфозанды қамауда ұстау мәселесі қаралатын сот отырысының алдында жаңа мәліметтер белгілі болды. Сотқа ұсынылған құжаттарға сәйкес, ол тағы бірнеше тыңдау құрылғысын құрастырып, оларды басқа жерлерге орнатуды жоспарлаған. Сондай-ақ оның Сауд Арабиясының мүддесіне жұмыс істеуі мүмкін екенін көрсететін алғашқы белгілер табылған.

Сот жалғасуда, сұрақтар көбейіп жатыр
19 қазанда Альфозанды қамауда ұстау мәселесі қаралған сотта оның Сауд Арабиясымен ықтимал байланысы туралы жаңа деректер айтылды. Прокуратураның мәліметінше, Альфозан қазан айында «Saudi Gov Docs» («Сауд Арабиясы үкіметінің құжаттары») атты папканы ашқан. Сондай-ақ оның Сауд Арабиясы корольдік отбасының бір мүшесімен байланыста болғаны айтылған. Болжам бойынша, ол Альфозанды елде басталатын жасанды интеллект жобасына тартуға тырысып, OpenAI компаниясынан қашан кететінін сұраған.
Енді Альфозанның неге кепілмен босатылмағанына оралайық. Оның қашып кетуі мүмкін деген күдікке 12 қазанға Альфозанның өзіне, әйеліне және тағы бір туысына Сауд Арабиясына тек бір бағытқа ұшатын билеттер сатып алынғаны туралы мәлімет негіз болған.
Альфозан қамауға алынғаннан кейін әйелі билік өкілдеріне баласымен бірге Сауд Арабиясына біржола көшуді жоспарлағандарын айтқан. Прокурорлар Альфозанның әрекеттері «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді» деп ескерткен. Алайда сотта оның OpenAI компаниясынан немесе АҚШ аумағынан қандай ақпаратты алып кетуге тырысқанын білмейтіндерін мойындаған.
Қорғаушы тарап тағылған айыптардың көпшілігін жоққа шығарды. Адвокат Уильям Перниктің айтуынша, OpenAI компаниясы Альфозанға қатысты мәселе көтергеннен кейін де ол АҚШ-та тағы 8-10 күн жүрген. Адвокат: «Егер Альфозан шетел үкіметінің тапсырмасымен жұмыс істеген болса, неге бірден кетіп қалмаған?» деген сұрақ қойды. Сондай-ақ Перник ұшақ билеттерін Альфозан емес, оның бажасы брондағанын айтты.

Перниктің айтуынша, OpenAI компаниясы Альфозанның Сауд Арабиясымен байланысын өзі қолдаған. Адвокат айыптау тарапының жиналыс бөлмесіне қатысты мәліметтерімен келіспей, Альфозанның жұмыстан шығарылғаны туралы ресми хабар алмағанын айтты. Бұған дейін ол CBS News арнасына істі асығыс бағаламауға және күдіктінің азаматтығына байланысты саясаттандырмауға шақырған.
Адвокаттың уәждері қисынды. Алайда күдік туғаннан кейін бірден елден кету және өзгенің әңгімесін рұқсатсыз жазу, сол үшін құрылғылар жасау заңсыз әрі күмән тудырады.
Әзірге қандай сұрақтар жауапсыз қалды?
Бұл оқиғадағы ең үлкен сұрақ – Альфозанның мұндай әрекетке не үшін барғаны. Айыптау құжаттарында оның жазып алған әңгімелерді не үшін пайдаланғысы келгені көрсетілмеген. Құрылғыдағы ақпарат та әлі күнге дейін шифрланған күйде. OpenAI компаниясының айтуынша, Альфозанның бағдарламалардың бастапқы кодын немесе клиенттердің жеке деректерін алғанын, оларды компаниядан сыртқа шығарғанын дәлелдейтін белгілер табылмаған.
Бұл істе билік өкілдерінің мәлімдемесі мен сотта тағылған нақты айыптың арасында айырма бар. Ресми тұлғалар аса қуатты жасанды интеллект пен ықтимал тыңшылық туралы айтқанымен, Альфозанға әзірге тек адамдардың әңгімесін заңсыз тыңдауға қатысты айып тағылған. Кінәсі дәлелденсе, ол бес жылға дейін түрмеге қамалып, 250 мың долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін. Бостандыққа шыққан соң үш жыл бақылауда болады.
ФБР тергеу ісінің әлі де жалғасып жатқанын, ал OpenAI бұл іске көмектесетінін мәлімдеді. Келесі сот отырысы 6 қарашада өтеді. Сол кезде жаңа мәліметтер белгілі болуы мүмкін.



