Адамдар бұрыннан бет-әлпетіне, терісіне, денесіне май, крем жағып, өзін күтеді. Бірақ қазір бұл процесс бөлек сұлулық рәсіміне айналды. Нарықта да күтімге арналған косметиканың түр-түрі бар. Бүгінгі материалда бұған Оңтүстік Кореяның күтім өнімдері қалай әсер еткенін жазамыз.
K-Beauty деген не?
K-Beauty – Оңтүстік Кореяда жасалатын күтімге арналған өнімдердің жалпы атауы. Бұрын сән әлемінде Франция, АҚШ және Жапония алдыңғы қатарда еді. 2016 жылы кореялық Elizavecca сарысулары, маскалары және Holika Holika-ның алоэ гелі танымал болып, индустрияда жаңа кезең басталды. Көбі кореялық косметиканы бірден ұнатты. Себебі олардың өнімдері қолжетімді болды. Косметиканың текстурасы да жеңіл. Оны қолданғандар оң әсерін байқаған.
Кәрістер неге табиғилықты тренд етті?
Шығыс пен Батыстағы халықтың бет күтімі бұрыннан бір-біріне ұқсамайтын. Орта ғасырларда Франция мен Англияда ақшыл бет терісі сұлулықтың символы саналды. Мұнда адамдар теріні ағарту үшін бордан, қорғасыннан жасалған ұнтақтар қолданып, қас пен кірпікке сүрме жаққан. Мысалы, ағылшын патшайымы І Елизавета шешектен қалған тыртықтарын Venetian ceruse деген қорғасын ұнтағымен жасырған. Қорғасын зиян болса да, сұлулықты сүйетін аруларды бұл тоқтатпады.
Ал бұл уақытта Кореяда мүлде басқа сұлулық философиясы қалыптасты. Мұнда да аққұба жүзді адамдар сұлу саналған. Десе де Кореялық арулар табиғи болу дұрыс деп білді. Олар теріні ағарту үшін “мибун” деген күріш пен тары ұнтағын, ал тері мен бетке нәзік рең беру үшін “ёнджи” деген шафран бояуын қолданды. Бет күтімі үшін тек табиғи өнімдерді пайдаланды: күріш суына жуынды, бұршақ ұнынан пилинг жасады, шөп тұнбасынан тонер жасап жақты, камелия майы арқылы бетін ылғал етті. Сондай-ақ бал, женьшень, жасмин, көк шай сияқты табиғи өнімдер теріні нәрлендіріп, таза әрі жұмсақ етті. Бұл елде қатты бояну ұят саналған, ал сырт келбет адамның мәдениеті мен тәрбиесінің айнасы деп бағаланды.
“Сенің сырт келбетің қаншалық көркем болса, жандүниең де соншалық тыныш болады” Корея философиясы
Осылай Оңтүстік Кореялық косметика өндірушілер сұлулық нарығына еуропалық стандарттарға қарама-қайшы skin-first немесе “декоратив косметиканың көмегінсіз сұлу болу” трендын әкелді.
K-pop, дорамалар кәріс өнімдерін әлемге танымал етті
Кәрістің күтімге арналған өнімдері K-pop музыкасы мен дорамалардың арқасында тек өз елінде емес, дүниежүзінде трендке айналды. Жанкүйерлердің көбі K-pop жұлдыздары мен актерлердың мінсіз терісіне қызықты. Ал бұл кәріс косметикасына сұранысты арттырды.
Бұл үрдісті әлеуметтік желілер одан сайын күшейтті. TikTok пен Instagram-да блогерлер кәрістердің күтімге арналған өнімдері туралы пікірлерін бөлісе бастады.
Тері тап-таза болып, жарқырап тұруы керек дейтін Glass skin тренді әлемге K-beauty тиімді екенін көрсетті. Осылай, кәріс өнімдері бүкіл әлемде бестселлерге айналды.
Оңтүстік Корея үкіметі де кәріс косметикасын, сұлулық саласын стратегиялық бағыт деп танып, компанияларға салыққа қатысты жеңілдіктер беріп, экспортқа шығуына көмектесіп жатыр. Кәріс брендтерінің шетелдегі көрмелерге қатыса алуына да мүмкіндік жасап жатыр.
K-Beauty өнімдері несімен ерекшеленеді?
K-Beauty өнімдері сапалы, бірақ еуропалық люкс брендтердің өнімдерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Олардың бірқатар ерекшелігі бар:
Көп сатылы күтім
Көп сатылы бет күтімі де әуелі Оңтүстік Кореяда кең танылды. Олар тіпті тері күтімін 10 қадамға бөлді: майлы тазалағыш, көбікпен тазалау, эксфолиация, тонер, эссенция, сарысу, маска, көз кремі, ылғалдандырғыш және SPF. Бұл әдіс теріні ылғал етіп, жақсы нәрлендіреді.
Бірақ кейінгі жылдары уақытты үнемдеу үшін skip-care – қажет емес қадамдарды қысқартатын күтім танымал бола бастады. Мұндай қарапайым K-beauty күтімі 4 қадамнан тұрады:
Бірінші қадам - тазалау
Екінші қадам - pH қалпына келтіру
Үшінші қадам - емдеу
Төртінші қадам - ылғал ету және қорғау
Қайталанбайтын ингредиенттер
Кәріс косметологтары табиғат пен ғылымды біріктіргенді ұнатады. Олар шөптер мен табиғи өнімдерді заманауи технологиямен біріктіріп, ерекше және тиімді өнімдер шығарады. Мысалы, ұлу муцині, яғни ұлу шырышы арқылы теріні қалпына келтіріп, ылғал етеді. Азиялық центелла (cica) арқасында тері тынышталып, қызарғанын басады. Сонымен бірге прополис, женьшень, күріш суы және ашытқы сығындылары да жиі қолданылады.
Өнімдері ерекше
K-Beauty сұлулық әлеміне жаңа, қызықты өнімдер әкелді. Мысалы, кушон – шағын, губкаға сіңген сұйық тонал кремі. Бұл өнім 2008 жылы алғаш Оңтүстік Кореяда жасалды. 2014 жылы кушон телехикаяда көрсетілген соң, көпшілік арасында танымал болды. Кейін Lancôme мен YSL сияқты батыс брендтері де өз кушондарын шығарды.
Бетті ылғал ететін бір реттік бет маскалары да кәріс өнімдерінің күнделікті күтімінің бөлігіне айналды. 2016–2017 жылдары бетке арналған бір реттік маскалар Батыста сәнге енді, ал жұлдыздар әлеуметтік желіде маска таққан суретін бөліскен соң бұл тренд бүкіл әлемге тарады.
Сонымен қатар гидрогель патчтар, эссенциялар, эмульсиялар мен сарысулар – K-Beauty косметикалары. Қазір батыс, еуропа брендтері де осы әдісті қолданып, күтім өнімдерін көбейтіп жатыр.





