Қазір миллиондаған адам Zoom немесе Skype арқылы жеке психологымен кездеседі. Біреуге бұл ыңғайлы болса, енді біреулер онлайн сырласу мүмкін емес дейді. Сіз қалай ойлайсыз? Онлайн форматтың артықшылы мен кемшілігі қандай және бұл кімге ыңғайлы? Tamga Media психолог Әсел Садуовамен бірге осы сұрақты талқылап көрді.
Артықшылықтары
Онлайн терапияға бару үшін күн тәртібіңізді түбегейлі өзгертудің қажеті жоқ. Көп адам уақыт таппағандықтан немесе мүмкіндік болмағандықтан психологпен кездесуді кейінге қалдырады. Ал онлайн форматта жас ана баласын әжесіне қалдырып, жұмыстағы адам түскі үзіліс кезінде, ал сырқаттанып жүргендер мен ерекше қажеті бар жандар үйден шықпай-ақ маманмен еркін сөйлесе алады.

Сегіз жылдан астам тәжірибесі бар психолог Әсел Садуова жеке де, топтық та онлайн кездесулер өткізеді.
«Мен қазақша да, орысша да онлайн консультация беремін. Ауыл-аймақта, психолог жоқ жерде тұратын адамдар консультацияма келе алғанын қалаймын. Әсіресе қазақ тілде сөйлейтін орта үшін өте маңызды. Онлайн форматтың арқасында қай жерде жүрсеңіз де, сапалы көмек алуға болады», – дейді маман.
Уақыт үнемдеу
Психологқа барып-келудің өзіне бір сағат, тіпті одан да көп уақыт кетуі мүмкін. Мысалы, аптасына бір рет барсаңыз, жыл бойы біршама уақытыңыз жолға кетеді. Ал онлайн кездесуде уақытыңызды үнемдейсіз.
Өзіңізге сай келетін маман табу
Бұрын шағын қалада тұратындар өз аймағына жақын жердегі мамандарға баруға мәжбүр болды. Қазір онлайнның арқасында қай қалада, тіпті қай елде болмасын, қалаған психологыңызды таңдап, шетелде жүріп-ақ ана тіліңізде сөйлесе аласыз.

Тұрақты қатыса алу
Психологқа үзбей барған жөн, бірақ кейде түрлі жағдайға байланысты бара алмай жатамыз. Ал онлайн форматта кептеліс, ауа райы мен уақыттың тығыздығы кедергі емес.
Өз үйіңізде еркін сырласу
Өзіңізге таныс ортада әлдеқайда ашылып сөйлесе аласыз. Әсіресе бірінші кездесуде әрі сырт көзден қысылатын адамдарға өз үйі сенімдірек.
Онлайн терапияның кемшіліктері
Мұның да өз қиындығы бар, бірақ алдын ала дайындалсаңыз, оңай шешуге болады.
Психологқа көбірек салмақ түседі
Психологтың айтуынша, маманға онлайн кездесуді өткізу қиынырақ.
«Экран арқылы жұмыс істегеннен психолог қатты шаршайды. Өйткені тар кадрдан адамның әрбір эмоциясы мен реакциясын байқап, бар зейініңізді салуыңыз керек», – дейді ол.

Тыныш жер табу
Адамдар онлайн терапиядан көбіне үйде жалғыз қала алмаған соң бас тартады. Негізі бұл мәселені шешуге болады.
«Ең бастысы – кездесу кезінде ешкім мазаламайтын орын табу. Үйдегілерге бөлмеге кірмеңдер деп алдын ала ескерткен жөн. Мұндай мүмкіндік болмаса, тыныш кеңсе, коворкинг немесе бір сағатқа жеке бөлме жалдап көріңіз. Терапияда адам ішкі сырын ақтарады. Сөзіңізді ешкім бөлмейтініне әрі естімейтініне сенімді болсаңыз ғана еркін ашыла аласыз. Сол себепті тыныш жер табу өте маңызды», – дейді психолог Әсел Садуова.
Психолог сессияны жеке бөлмеде өткізеді. Ол кафеде, көлікте немесе адам көп жерде консультация бермейді. Өйткені маман бар зейінін қойып, құпияны сақтауды басты назарда ұстаса ғана терапия сапалы өтеді.
Ақпаратты жеткізу
Бетпе-бет кездесуде адамдар бір-бірін толық көреді. Ал онлайнда адамның қимыл-қозғалысы толық көрінбейді. Дегенмен бұл клиентке кедергі емес, өйткені маман ең маңызды ақпаратты сөйлесіп біле алады.
«Жеке кездесуде психолог адамның отырысын, қимылын, тіпті тыныс алуын анық байқайды. Ал онлайнда тек беті мен иығы көрінеді. Бірақ бұл терапия сапасына әсер етпейді. Себебі психолог процесске толық қатысып, бәрін мұқият бақылап, тыңдап отырады», – дейді Әсел Садуова.

Техникалық кедергілер
Онлайн терапияда интернеттің нашарлап, байланыс үзіліп, тоқ өшіп жатады. Бұл да офлайн кездесудегі кептеліс, ауа райы, кенеттен шыққан шаруалар сияқты қалыпты нәрсе. Психолог мұндай жағдайлардың да терапияда өз орны бар екенін айтады:
«Кездесудегі кез келген жағдайдың артында маңызды ақпарат жатады. Байланыстың үзілуі, кездесуді ұмытып кету, уақытында байланысқа шыға алмау – жай ғана техникалық ақау болуы да мүмкін. Ал кейде адамның іштей карсылығын, санадан тыс процестерін білдіреді. Маман мұны байқап, сол сәтте не болғанын, артында қандай эмоциялар тұрғанын клиентпен бірге талқылайды», – дейді психолог.
Физикалық байланыс жоқ
Адамдар онлайн терапияда психологтың эмоциялық қолдауын сезе алмаймын ба деп күмәнданады.
«Адам қатты қайғырып, қиналып тұрғанда жанында біреудің физикалық түрде болуы әрдайым мүмкін бола бермейді. Оның үстіне, біреуге қолдап құшақтаған ұнаса, енді біреуге ұнамайды. Тіпті жеке шекарасы бұзғандай сезілуі мүмкін. Сондықтан психолог мұндай әрекеттің терапияға қаншалық пайдалы екенін жақсы түсінуі керек», – дейді маман.

Онлайн терапия кімдерге келмейді
Психолог Әсел Садуованың айтуынша, онлайн терапия барлық адамға бірдей ыңғайлы емес. Егер адам шынайы өмірді дұрыс қабылдай алмаса, ішкі тұрақтылығы болмаса немесе психикалық жағдайы тым ауыр болса, бетпе-бет кездескен дұрыс. Себебі маман клиентті көріп отырса, мұқият бақылайды әрі қауіпсіз.
Онлайн топтық терапия
Онлайн топты басқару бетпе-бет кездесуден қиынырақ сияқты көрінуі мүмкін. Маман қатысушылардың қимыл-қозғалысын толық көре алмайды. Дегенмен қазіргі бағдарламалар бәрін бірдей бақылап, процесті ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Ешкім тыс қалмауы үшін психолог кімнің сөйлеп, кімнің үнсіз отырғанын және олардың реакциясын мұқият қарайды. Біреу ұзақ уақыт үндемей қалса немесе тек өзі сөйлей берсе, маман өзгелерді де сөзге тартып, балансты реттеп отырады.
Онлайн терапияда алдын ала бекіткен ереже де маңызды. Қатысушылар камераны қосып, телефонды дыбыссыз режимге қояды, оңаша бөлмеде құлаққап тағып отырады. Бұл зейініңізді топқа қоюға әрі ортада бейнебір бетпе-бет жүздескендей ашық атмосфера қалыптастыруға көмектеседі.

Әсел Садуова онлайн топ шекара таңдамайтынын айтады:
«Топқа кез келген жерден қосылуға болады. Мәселен, қазіргі төртінші тобымда әр елден, әртүрлі саланың адамы отыр. Түрлі тағдыр мен өмірлік тәжірибенің бір жерде тоғысуы топты одан сайын байыта түседі. Себебі адамдар бір мәселеге жан-жақты қарап, толық кері байланыс алады. Ал офлайнда бір қаланың адамдары жиналған соң мүмкіндік те шектеледі», – дейді психолог.
Онлайн мен офлайн терапияның екеуі де тиімді, бастысы – маманның біліктілігі. Біреуге психологтің кабинетіне барып сөйлескен ұнаса, енді біреуге уақыттың тығыздығынан немесе алыста тұрғаннан онлайн формат ыңғайлы. Қай жерде болса да, арада сенім мен қауіпсіздік маңызды.



