Iphone-дағы “Экран уақыты” кем дегенде 12 сағат телефон қолданатынымды көрсетіп тұр. Достарым сапасыз контент көп көресің деп сөгеді, ал мен жұмыс үшін керек деймін. Өмір бір темір төртбұрыштың ішіне байланып қалғанымен қоймай, ішімде ар-ожданым да қинап бастады. Неге әлеуметтік желіден бас тарту қиын? Ал қоғам неге үнемі онлайн болғаның үшін жазғырады?
Онлайн белсенді болу
Сьерра Мэдиссон Substack медиаплатформасында онлайн белсенді болу туралы эссе жазған. Ол виртуал өмірді шынай өмірмен тең көріп, интернет-тәуелділікті ақтап алғандай.
«Егер сіз онлайн болмасаңыз, өмір сүріп жатырмын деп ойлайсыз ба?» – деп сұрақ қояды Сьерра.
Шын өмірде сөйлескенде де қолымыз телефонға кетіп қала береді. Концертте әртістерді көріп, видеоға, фотоға түсіру үшін камераны қосамыз, ал фильм барысында Instagram-да отырамыз. Интернеттегі мінсіз өмірді өзіміз сүріп жатқандай көреміз: суреттерді ретуштап, әр сөзімізге мән беріп, шын өмірде ешқашан болмайтын образды жасаймыз. Ол жаққа өмірде кездесетін қиын жағдайлардан, шешу керек проблемалардан қашып барамыз. Мәселе туындаса, оны көзбе-көз емес әлеуметтік желімен шешкен оңайырақ көрінеді.

Әлсіз көрінгіміз келмейтіні аздай, үнемі бір нәрседен құр қалатындай сезім FOMO (Fear of missing out – ред.) болады. Телефондағы шексіз ашық парақшалар әлемде не болып жатқанын бақылауға, бір мезетте бірнеше адаммен сөйлесуге және түрлі ойын-сауық контентін тамашалауға мүмкіндік береді. Ал шынайы өмірде олай болмайды: істі кейінге ысырып қою мүмкін емес, бір іске немесе бір адамға ғана зейін қоюға тура келеді.
Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі пайда болғалы көп өзгеріске ұшырады. Адамдардың арасында байланыс орнату үшін құрылған дүние бүгін үлкен бизнес-модельге айналды. Джей Пи Хилл өзінің блогында контентті монетизациялауға бағытталған платформаның заманауи алгоритмін сынайды. Ақиқатында, 5,56 миллиард интернет қолданушының басым бөлігі жай ғана лентаны сырғытып, контентті жай айналдырып отырады. Сол үшін әлеуметтік желі алдымен оны құрған адамға, мысалы Meta-ны құрастырғандардың бірі Марк Цукерберкке жұмыс істейді. Бірақ бұл біздің контент жасап, қолдануымызды тоқтатпайды.

Әлеуметтік желіден бас тарту
Үнемі онлайн болғаннан өзімізді еркін сезінеміз, бірақ біз оны «арзан» дофаминмен толтырғымыз келеді де, соның кесірінен телефоннан бас алу қиын. Бұл шешілмейтін түйін сияқты. Интернеттегі мәнсіз ақпаратқа еліккенде өзімізді нашар сезінеміз, басқалардың өмірін қарап жүріп, өз өміріміздің қалай өтіп жатқанын байқамай қаламыз. Сол күйден арылғымыз келіп, қайтадан жағымды эмоция іздеп желіге ораламыз.
Бұл түйінді шешуге болады. Ми әлеуметтік желіден демалуы керек. Кейбіреулер «цифрлы детокске» кетеді, яғни бірнеше айға аккаунтын немесе желіні мүлдем өшіріп тастайды.
Құрбым «Миым 15 секундтық видеолардан басқа дүниені әлі қабылдап-қабылдамайтынын білгім келеді.» деп ойын бөлісті.

Бұл сезім бәрінде бар: цифрлық заманында тоқтаусыз ақпарат ішінде нақты бір нәрсеге ұзақ фокус қою қиынның қиыны. Кейде құлдырап жатқанымызды сезіп, кітап оқып немесе салмақты кино көріп бастаймыз.
Гарвард медицина мектебі, Оксфорд университеті және Лондондағы Корольдік колледж ғалымдарының зерттеулері бойынша, адам әлеуметтік желіні ұзақ әрі үздіксіз парақтаса, миындағы сұр зат азаяды. Бұл зейін қоюға кедергі келтіріп, есте сақтау қабілетін әлсіретіп, жалпы ойлау қабілетіне зиянын тигізуі мүмкін.
Егер өзіңіз скроллингке көп уақыт жұмсайтыныңызды байқасаңыз, осы тәуелділіктен арылудың бірнеше жолын қолданып көріңіз. Өзіңізді сөкпей, тек кейбір әдеттерді өзгерткен жөн:
Маңызды қоңырау мен мессенжерлер үшін ғана дыбыс қосып, қалған хабарламалар үшін өшіріп қойыңыз.
Телефондағы қосымшаны өшіріп тастап, тек компьютер немесе браузерден кіріп көріңіз. Бұл процессті қиындатып, көп қолданбайсыз.
Қиын құпиясөз ойлап табуға болады. Бұл әлеуметтік желіге кіруді баяулатады. Бірақ Face ID/саусақ ізін алып тастауды ұмытпаңыз.
Тағы бір қатаң әдіс – телефон экранын қара-ақ режимге ауыстыру (баптаулардан табасыз). Ашық түстер болмаған кезде әлеуметтік желі қызықсыз көрініп, ми дофамин бөлмейді.
Телефондағы «Экран уақыты» (iOS) немесе «Цифрлық әл-ауқат» (Android) функциялары арқылы белгілі бір қосымшаларға шектеу қойыңыз. Бұл әлеуметтік желіге кететін уақытты бақылауға көмектеседі.
Әлеуметтік желіде отырғанның орнына іспен айналысыңыз. Ұзақ уақыт қолға алмай жүрген кітабыңызды оқыңыз. Қолмен жасалатын хоббиіңізді қайта жасаңыз: сурет салыңыз, спортпен айналысыңыз, тамақ дайындаңыз, «алғыс күнделігін» жүргізіңіз, «таңғы беттер» әдісін қолданып көріңіз.



