EdTech●Ғылым●Өміріміздің жартысы расымен 18 жаста өтіп қоя ма? Неге есейген сайын уақыт тез өтетіндей көрінеді?

Өміріміздің жартысы расымен 18 жаста өтіп қоя ма? Неге есейген сайын уақыт тез өтетіндей көрінеді?

26 қазан 2026
4 мин
«Загадочная история Бенджамина Баттона» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Бала күнімізде жазғы демалыс бітпейтіндей көрінетін. Ал қазір бір жылдың қалай өте шыққанын байқамай қаламыз. Мұны түсіндіретін қызық есептер көп. Егер адамның алғашқы анық естеліктері 4 жастан басталып, ол 81 жасқа дейін өмір сүреді деп алсақ, логарифмдік модель бойынша оның «субъективті өмірінің ортасы» шамамен 18 жасқа келеді. Бірақ бұл шынымен ғылыми заң ба, әлде уақытты сезінуді түсіндіруге арналған шартты математикалық модель ғана ма? Tamga Media анықтап көрді.


Өмірдің ортасы неге 40 жас деп есептелмейді?


Егер адам 80 жыл өмір сүрсе, оның күнтізбелік өмірінің ортасы 40 жасқа сәйкес келеді. Алайда уақытты сезіну мен оны күнтізбе бойынша есептеу бір нәрсе емес. Бала кезімізде бір жыл ұзақ уақыттай сезілсе, есейген сайын айлар мен жылдар жылдам өтіп жатқандай болады. Осы құбылысты түсіндіру үшін уақытты қабылдаудың логарифмдік моделі қолданылады.


Бұл теория алғаш XIX ғасырда пайда болды. 1877 жылы француз философы Поль Жане (Paul Janet) «психологиялық уақыт» ұғымын ұсыныды. Бұл теория бойынша, адам жасы ұлғайған сайын бір жыл оған қысқа болып сезіле бастайды. Себебі әр жыл адамның бүкіл өмірімен салыстырылады. Өмір сүрген уақыты көбейген сайын бір жылдың жалпы өмірдегі үлесі азая береді. Сондықтан уақыт бұрынғыдан жылдам өтіп жатқандай көрінуі мүмкін. Мысалы, сіз 10 жастасыз делік. Бір жыл — осы уақытқа дейін өмір сүрген бүкіл өміріңіздің оннан бір бөлігі. 

  • 1 / 10 = 10%

Сондықтан бір жыл сізге өте ұзақ болып көрінуі мүмкін. Ал 50 жаста бір жыл — өміріңіздің елуден бір бөлігі ғана. Яғни бұрынғыға қарағанда әлдеқайда «кішкентай» уақыт бөлігі болып сезіледі.

  • 1 / 50 = 2%

Яғни теория бойынша, 10 жаста бір жыл бүкіл өміріңнің 10%-ына тең болса, 50 жаста небәрі 2%-ына тең. 


Кішкентай бала үшін бір ай күту өте ұзақ. Ал ересек адам «бір ай қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым» деп жиі айтады. Теория бойынша, мұның бір себебі — жас ұлғайған сайын әр жаңа жыл адамның өткен өмірімен салыстырғанда кішірейе береді.


Кейбір осындай есептерде адамның саналы естеліктері шамамен 4 жастан басталады, ал өмір ұзақтығы 81 жас деп алынады. Осы екі санның геометриялық ортасы есептеледі:


орта жас ≈ √(4 × 81) = 18 


Математикалық модель бойынша, уақытты субъективті сезіну тұрғысынан өмірдің «ортасы» шамамен 18 жасқа сәйкес келуі мүмкін. 


Бірақ бұл «адам өмірінің жартысын 18 жасқа дейін сүріп қояды» деген сөз емес. Әңгіме нақты өткен жыл саны туралы емес, уақыттың бізге қалай сезілетіні туралы ғана. Бұл — уақытты қабылдауды түсіндіруге арналған теориялық модель, ол барлық адамға бірдей қолданылады деп айтуға болмайды.

Уақыт неге есейген сайын тез өтетіндей сезіледі?


Психологияда уақытты қабылдаудың екі түрі бар: қазіргі сәтте уақыттың қалай өтіп жатқанын сезіну және өткен кезеңнің ұзақтығын кейін келе бағалау. Мысалы, қызық фильм көріп отырғанда екі сағаттың қалай өткенін байқамай қаламыз. Ал күнделікті өміріміз сол сәтте ұзақ көрінгенімен, бірнеше айдан кейін еске алғанда қысқа болып сезіледі.


Уақыттың есейген сайын жылдамдап бара жатқандай сезілуі туралы алғашқы байыпты байқаулардың бірін америкалық психолог Уильям Джеймс жасаған. Ол 1890 жылы жарық көрген «Психология негіздері» атты еңбегінде жаңа әсерлердің азаюы есте қалатын «белгі-нүктелердің» санын кемітіп, сол арқылы өткен кезеңнің жадта қысқа болып сақталуына әкелетінін жазған. Джеймстің бұл байқауы кейінгі ғалымдардың уақытты қабылдау тұрғысындағы зерттеуіне негіз болды және қазіргі логарифмдік модельдердің де тұжырымдамалық бастауы саналады. 


Уақыттың субъективті жылдамдығына бірнеше фактор әсер етеді.


Күнделікті тіршілік қайталанады


Балалық шақта адам үнемі жаңа нәрселерді үйреніп, алғаш рет түрлі оқиғаларды бастан кешіреді. Ал есейгенде жұмыс, үй шаруасы мен басқа міндеттер қайталана береді.

2003 жылы Journal of Experimental Psychology: General журналында жарияланған зерттеуде Дина Авни-Бабад пен Илана Ритов күнделікті қайталанатын істердің уақытты еске түсіруге әсерін зерттеген. 


Төрт эксперимент пен екі практикалық зерттеу нәтижесінде бірсарынды әрекеттерге кеткен уақыт кейін адамдардың есінде қысқа кезең секілді сақталатынын анықтады. Бірақ мұнда маңызды айырмашылық бар: зерттеу уақытты дәл сол сәтте қалай сезінетінімізден гөрі, оны кейін қалай еске алатынымызға қатысты.


Есте қалған оқиғалар уақытты бағалауға әсер етеді


Өткен кезеңнің қаншалықты ұзақ болғанын бағалағанда, сол уақытта болған оқиғаларды еске түсіреміз. Мысалы, бір ай ішінде жаңа қалаға барып, жаңа адамдармен танысып, бұрын істеп көрмеген әрекеттерді жасаған адам сол кезең туралы көбірек естелік айтады. 


Сол себепті өткен уақыттың ұзақтығын сезіну тек күн санына емес, сол аралықта болған оқиға мен өзгерісге байланысты болады. Дегенмен «жаңа әсер көп болса, уақыт міндетті түрде баяулайды» деу дұрыс емес.


Уақыт тапшылығы да әсер етеді


Жұмыс, отбасы және күнделікті міндеттер көбейген сайын адам уақыттың жетпей жатқанын жиі сезінуі мүмкін.

2010 жылы Acta Psychologica журналында жарияланған зерттеуде 16-80 жас аралығындағы 1 865 адамнан уақыттың өту жылдамдығы туралы сұралған. Нәтижесінде жас ерекшелігіне байланысты жауаптарда айырмашылық аз екені белгілі болды. Қатысушылар соңғы 10 жылдың қаншалықты жылдам өткенін бағалағанда байқалған. Ал уақыт тапшылығын сезіну уақыттың жылдам өтіп жатқандай көрінуімен байланысты болып шыққан.


Жас ұлғайған сайын уақытты қабылдау өзгереді, бірақ бұл бәріне тән өзгеріс емес. 2005 жылы психологтар Марк Виттман мен Сандра Ленхофф 14-94 жас аралығындағы 499 адамға сауалнама жүргізген. Егде жастағы қатысушылар өткен онжылдықтың тезірек өткенін жиірек айтқан. 


Бұл зерттеулер уақытты қабылдауға адамның жасы ғана емес, есте сақтау қабілеті, күнделікті тіршілігі мен уақыт тапшылығын сезінуі де ықпал ететінін көрсетеді. Демек «адам қартайған сайын уақыт автоматты түрде жылдамдайды» деген қарапайым ереже жоқ. Уақытты қабылдауға жаспен бірге күнделікті тіршілік, есте сақтау, өмірдегі өзгерістер және уақыт тапшылығы да әсер етеді.


Балалық шақтағы естеліктер неге ерекше?


Адамның алғашқы анық естеліктері көбіне 3-4 жас шамасында қалыптаса бастайды. Бұған мидың дамуы, сөйлеу қабілетінің қалыптасуы және оқиғаларды ұзақ мерзім есте сақтау қабілеті әсер етеді.


Ерте балалық шақтағы оқиғалардың көпшілігін кейін еске түсіре алмау құбылысы балалық шақтағы амнезия деп аталады. Балалық шақта жаңа әсерлер көп болғандықтан, сол кезеңдегі оқиғалар ересек өмірге қарағанда мазмұндырақ болып есте қалады. 


Бұл құбылыстың бір ғана себебі жоқ. Оған есте сақтау жүйесінің дамуы, тілдің қалыптасуы, адамның өзі туралы түсінігінің пайда болуы және оқиғаны кейін айтып бере алатындай құрылымдау қабілеті сияқты бірнеше фактор ықпал етеді. Сондықтан «өмірдің субъективті есебін дәл 4 жастан бастау керек» деуге болмайды. 4 жас — 18 туралы математикалық модельде қолдануға ыңғайлы шартты бастапқы нүкте ғана.


Уақытты баяулатуға бола ма?


Уақыттың өзін баяулату мүмкін емес. Оның үстіне ғылымда «мына әрекеттерді жасасаңыз, уақыт міндетті түрде баяу сезіледі» деген әмбебап әдіс жоқ. Бірақ жаңа әрі есте қаларлық оқиғалар өткен кезең туралы көбірек естелік қалыптастырып, кейін сол уақытты мазмұндырақ сезінуге көмектесуі мүмкін.

  • Жаңа нәрселерді үйрену. Жаңа дағды игеру, бұрын бармаған жерге бару немесе өзгеше іспен айналысу күнделікті өмірге жаңа әсер қосады.

  • Бірсарынды әдеттерді өзгерту. Күнделікті серуендеу бағытын ауыстыру немесе демалысты өзгеше өткізу жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

  • Күнделікті сәттерге назар аудару. Асықпай демалу және айналадағы оқиғаларға көңіл бөлу сол сәтті саналы түрде сезінуге көмектеседі.

  • Өткен оқиғаларды еске түсіру. Күнделік жазу немесе суреттерді қарап шығу белгілі бір кезеңдегі оқиғаларды қайта еске алуға көмектеседі.

Бірақ мұның бәрін «өмірді баяулатудың тәсілі» деп емес, күндердің бір-біріне ұқсап кетпеуіне және өткен уақытты жақсырақ есте сақтауға көмектесетін амалдар деп қабылдаған дұрыс.


Өмірдің ортасы – тек есеп емес


Адам өмірінің ортасын 40 жаспен немесе 18 жаспен ғана өлшеу мүмкін емес. 40 жас – күнтізбелік есептің нәтижесі, ал 18 жас – уақытты логарифмдік қабылдау моделіне негізделген шартты көрсеткіш.


Ғылыми зерттеулер уақытты сезіну адамның жасына, есте сақтауына, күнделікті тіршілігіне, адамның не істеп жүргені, қанша өзгеріс бастан кешіргені, сол кезеңнен не есте қалғаны және уақыт тапшылығын қаншалықты сезінетіні де ықпал етеді. Сондықтан есейген сайын уақыттың «жылдамдауы» бәрімізге бірдей жүретін сағат механизмі емес. Ол — жад, назар, күнделікті өмір мен жас ерекшелігі араласатын күрделі субъективті тәжірибе. Ал 18 санының тартымдылығы оның өмір туралы ерекше құпияны ашуында емес, күрделі сезімді бір қарапайым формуламен түсіндіруге мүмкіндік беруінде.


Уақыттың тез өтіп жатқанын сезіну – өмірдің қысқарғанын білдірмейді. Бірақ өткен кезеңге көз жүгіртіп, күнделікті өмірге жаңа әсерлер қосу оның әр сәтін бағалауға көмектеседі.

Бөлісу: