Ойын-сауықӘдебиетӨмірге көзқарасыңызды өзгертетін 15 кітап

Өмірге көзқарасыңызды өзгертетін 15 кітап

31 шілде 2026
3 мин
Иван Крамской «За чтением. Портрет Софьи Крамской» | Фото: my.tretyakov.ru

Адамның жан-жарасы мен өнері, бостандығы мен қуғын-сүргіні, бала кезі мен естелігі жайлы 15 кітап. Әрқайсы өзгенің тағдырын сезініп, өз өміріңізге басқаша қарауға мүмкіндік береді.


«Қабырғаны тесіп өту», Марина Абрамович 


Бұл әдеттегі өмірбаянның бірі емес. Маринаның кітабында соғыстан кейін Югославияда қатал ата-анасының қолында өткен бала кезін, Белградтағы жас кезін, суретші Улаймен ажырасқан сәтін және ешкімге ұқсамайтын өнерімен әлемді қалай бағындырғанын бүкпесіз жазады. Ол үшін өнер атақ пен ақша табудың көзі емес, өзін жоғалтып алмаудың жалғыз жолы болды. Шығармашылықта еркін болудың құнын шынымен өтеген адамның еңбегі.


«Фрида. Автобиография», Фрида Кало


Кітапта Калоның күнделіктері мен хаттары жинақталған. Апаттан кейінгі ауру, Риверамен қиын қарым-қатынасы, саясат пен шығармашылық – осының бәрі бірігіп, автордың ішкі сырын ақтарады. Фрида өзгелердің аяғанын қаламайды, керісінше, өміріндегі барлық жағдайды суреттеріне арқау етеді.


Бұл кітап адамды өзінің әлсіз тұстарынан қашпауға үйретеді. Махаббат, өмір жолы мен шығармашылықтың қалай қатар жүретінін өте ашық әрі шынайы жеткізетін ерекше туынды.


«Манхэттен автобиографиясы», Яёи Кусама


Жапонияда өскен Кусаманың көзіне үнемі елестер көрінетін. Соған қарамастан ол қалтасындағы азғантай ақшасымен Нью-Йоркке көшіп кетеді. Онда оны жоқшылық, күйзеліс пен бөтен ортада әрі азиат, әрі әйел ретінде өзін мойындату жолындағы күрес күтіп тұр еді. Сурет салу өнері бұл бағыт трендке айналмай тұрып-ақ, ол үшін нағыз терапия болды. Шығарма бойдағы қорқыныштан қашпай, оны өнерге айналдыруды көрсетеді.

«Мұң мен қуаныштың мың жылы», Ай Вэйвэй


Ай Вэйвэйдің әкесі еңбек лагеріне айдалған ақын еді. Суретші ұлы да үйқамақта отырады. Шығарма XX-XXI ғасырдағы Қытай тарихын бір әулеттің тағдырымен қатар көрсетеді. Автор «Шындықтың бағасы қандай?» деген ойды ортаға тастап, оның құны еркіндік екенін жеткізеді.


«Соқыр сенімге толы жыл», Джоан Дидион


Дидионның күйеуі кешкі аста көз жұмады. Бір жылдан соң автор осы кітапты жазды. Бұл автордың өзін жоғалтып алмай, есін жиюға жасаған ұмтылысы еді. Өйткені ол «аяқкиімін тастамасам, қайтып келеді» деген соқыр сенімге алданып жүргенін түсінді. Шығарма ауыр қайғы адамды есеңгіретіп тастаса да, сырттай сабыр сақтауға тырысатын шарасыз күйін көрсетеді. Адам қанша жерден ақылды болғанымен, мұндай соққының алдында қауқарсыз.


«Тордағы құстың неге ән салатынын білемін», Майя Энджелоу


Майя Энджелоу сегіз жасында зорлық көріп, сол оқиғдан соң бес жыл бойы сөйлемейді. Ол кітап пен поэзия оқып, театрға барып өмір сүруді қайтадан үйренеді. Автор расизмге, ішкі жара мен жоқшылыққа қарамастан, өз дауысын тыңдай білді. Адам өзінің ішкі дауысын тапса, кез келген қиындыққа сынбай өмір сүре алатынын көрсетеді.

«Жасыл жарық», Мэттью Макконахи


Кітап күнделік үлгісінде жазылған. Мұнда автордың өмірлік қағидалары жинақталған. Макконахи маңызды таңдауларын, сүрінген сәттері мен көзі ашылған шақтарын, отбасы мен жұмысын ашық баяндайды. Шығарма жеңіл оқылғанымен, «Өмірде кім болғың келеді?» деген терең ой тастайды. Туындыдан ер адамның ішкі дүниесіне үңілген әзіл аралас шынайы толғанысын көресіз.


«Әйнек қамал», Джаннетт Уоллс


Уоллстың ата-анасы білімді, ашық-жарқын, бірақ өте жауапсыз жандар еді. Өйткені отбасы АҚШ-ты кезіп, балалар аш қалды, әкесі ішмдік ішсе, анасы тамақ пісірудің орнына сурет салумен айналысты. Алайда кітаптан ыза мен өкпе-реніш байқалмайды. Керісінше, автор «Адамдар неге осындай таңдау жасайды?», «Өзіңді ренжіткен жандарды ақтамай-ақ жақсы көру мүмкін бе?» сұрақтарына жауап іздейді. Кітап ата-ана мен бала арасындағы сезімнің қаншалық шытырман әрі шынайы болатынын көрсетеді.


«Өмірбаяным», Чарли Чаплин


Чаплин Лондонның кедей ауданында өсті. Анасы жүйке жүйесі ауруларын емдейтін ауруханаға түсіп, өзі бала күнінде талай аш қалды. Осындай қиын өмірден дәуірдің ең ұлы комигі шықты. Кітапта ол бүкіл әлемге танымал болу да адамды жалғыз қалудан құтқармайтынын айтады.

«Америка ұлының жазбалары», Джеймс Болдуин


Бұл – автордың жан сыры мен қоғамға айтқан өкпе-реніші. Мұнда Гарлемде өскен қара нәсілді баланың тағдыры, Парижге барғаны, өзін жатсынған туған жеріне қайта оралғаны баяндалады. Өйткені қоғамда кімнің сөйлеуге, кімнің өз сөзін тыңдатуға құқығы бар дегенге әлі де жауап жоқ.


«Менің өмірім», Аркадий Райкин


Райкин күлкінің өзі саяси қауіп саналған елде жұмыс істеді. Соған қарамастан ол шығармашылығын тұншықтырған жүйеде өнер тазалығын қалай сақтады? Мұнда әртістің ішкі ұстанымы, билікпен келіскен-келіспеген сәттері әрі сахнада әзілдеп шындық айтқан кезеңі бар. Нәтижесінде жай өмірбаян емес, кеңес мәдениетінің ішкі сыры мен еркіндік жоқ кездегі тәуелсіздік құны сипатталады.


«Өмірбаян», Марк Твен


Твен бұл еңбегін өмір бойы жазып, қайтыс болғанына 100 жыл толғанда ғана басып шығаруды тапсырған. Кітапта автор тақырыптан тақырыпқа ауысып, өзімен өзі айтысады, бәрін келемеждейді. Алайда осы күлкінің артында өлім, махаббат және өмірдің мағынасыз екені айтылады. Осылай шынайы, күлкілі әрі жүрекке жететін ерекше туынды жазады.

«Үнсіз дала», Мұхамет Шаяхметов


Ұжымдастыру, ашаршылық пен Сталин репрессиясы заманындағы қазақ баласының оқиғасы жазылған. Өмірбаян ғана емес, көшпелі мәдениеттің жоғалып бара жатқанын іштен көрген куәгердің жазбасы. Бір адамның тағдырымен бірге тұтас халықтың шежіресі қатар өріледі. Сондай-ақ көшпелі өмір салтының қалай жойылғанын өз көзімен көрген, осы нәубетті бастан өткерген адамның естелігі.

Георгий Данелияның трилогиясы


Үш өмірбаян кітабы да шағын әңгімелер жанрында жазылып, режиссер түсірген фильмдердің тынысын дәл береді. Алғашқы «Билетсіз жолаушы» («Безбилетный пассажир») бөлігі автордың балалық шағын, отбасын, студент кездерін, тіпті өзін киноға алып келген кездейсоқ оқиғаны сөз етеді. Одан кейінгі «Тост иесі түбіне дейін ішеді» («Тостуемый пьет до дна») кітабы ең танымал фильмдерді қалай түсіргенін, сахна артындағы қызық сәттерді суреттейді. Соңғы «Мысық кетті, күлкі қалды» («Кот ушел, а улыбка осталась») туындысы жылы естеліктермен, уақыт жайлы терең толғаныстармен аяқталады.

«Ұмытылған жылдар балладасы», Әбіш Кекілбаев


Кекілбаев өмірбаянын көркем сөзбен кестелеп, даладағы балалық шағын, кеңес дәуірін, халықтың мәдени жадын қатар өреді. Оқиға рет-ретімен баяндалмай, түрлі образ бен толғаныстардан өріледі. Мұндағы қазақи болмыс сырт оқырманға жай таңсық дүние емес, терең әрі тірі өмір.

Бөлісу: