МәдениетТұлғаларОлжас Сүлейменов: өлеңмен ядролық сынақты тоқтатқан ақын

Олжас Сүлейменов: өлеңмен ядролық сынақты тоқтатқан ақын

19 мамыр 2026
9 мин
Фото: Жеке архивінен

Алматы. 1936 жылғы 18 мамыр. Бір сәби дүниеге келеді. Бұл бала кейін өлең арқылы әлемге үн қосып, тарих пен қоғам тоғысқан тұстарда өз сөзін айтатын тұлғаға айналатынын ешкім білмеді. Бала небәрі ерте жаста әкесінен айрылып, өмірдің салмағын ерте сезінеді. Жылдар өте ол поэзияға келеді. Оның өлеңдері біртіндеп әдеби ортада танылып, кейін қоғамдық ойға да әсер ете бастайды.

Сүлейменовтің есімі тек әдебиетпен шектелмей, ірі қоғамдық өзгерістермен қатар атала бастайды. Оның Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынылғаны туралы да ақпарат бар. Иә, біз 90 жасқа толған Олжас Сүлейменов туралы айтып отырмыз


Аспаннан өлең жауған күн


1961 жылғы 11 сәуірде «Казахстанская правда» газетінің редакторы Федор Боярский жас тілші Олжас Сүлейменовті кабинетіне шақырады. Сол кезде әлем ғарышқа алғашқы адам ұшатыны туралы тарихи оқиғаны күтіп тұрған еді. Редактор осы оқиғаға орай оған өлең жазуды тапсырады.


Сүлейменов ол кезде 24 жаста болатын. Мәскеудегі Әдебиет институтын әлі аяқтамаған, алғашқы кітабы да жарық көрмеген жас ақын еді. Соған қарамастан ол сол түні өлең жазуға кіріседі.


12 сәуірде Юрий Гагарин Жерді айналып ұшып жүргенде, газет бетінде Сүлейменовтің жыры жарияланды. Өлең жазылған парақшалар Алматы мен өзге де қалалардың аспанынан жауды. Бір аптаның ішінде бұл жыр «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасына ұласты. Бұл тек бастама еді.


Бұл оқиғаны «сәттілік» немесе «кездейсоқтық» деуге болар. Бірақ Боярский Олжасқа жайдан-жай хабарласқан жоқ. Ол жас ақынның идеологияның шеңберімен емес, алып құбылысты сезінген тірі жанның үнімен жазатынына сенді. Сүлейменов әрдайым жүрегімен жазатын.

Оқуға тыйым салынған кітап


1975 жылы «Аз и Я» жарық көрді. Дегенмен сатылымға шыға салысымен-ақ дүкен сөрелерінен жинап алынды.


Сүлейменов XII ғасырдың жәдігері «Игорь полкі туралы жырды» 15 жыл бойы зерттеді. Ол ежелгі орыс әдебиетінің бұл туындысы «түркі сөздері мен бейнелеріне толы» деген тұжырым жасады. Олжастың пайымы қарапайым әрі батыл еді: ұлы орыс мәтіні түркілер мен славяндар жау емес, бір-біріне ықпал еткен көршілер болған заманда туған деді.


Кеңестік идеология мұны соққы деп қабылдады. Арнайы комиссиялар құрылып, академиктер оны айыптауды талап етті. Кітапты тыйып тастағанымен, ол қолдан-қолға өтіп, түн жастанып оқитын «мұраға» айналды.


Кәсіби түркологтың көбі Олжасты қолдады. Ал славянтанушылар екіге бөлінді. Бұл пікірталас ондаған жылға созылды.


Ең қызығы, орыстардың ортағасыры туралы ең шулы кітап қазақ қаламынан туды. Ол мәдениеттерді жеке-жеке сөреге қойып үйренген жүйенің логикасын бұзды.


«Мен Шоқанмын, Конфуциймін, Блокпын, Тагормын, мен екі әлемнің ұлымын», – деп жазды ол. Кеңестік жүйе бір қалыпқа сыймайтын мұндай тұлғалармен қалай жұмыс істеуді білмеді.


Полигонды жапқан екі ауыз сөз


1989 жылғы ақпанда Сүлейменов Қазақ телевизиясының тікелей эфиріне шығып, жұрттың айтуға батпаған шындығын жеткізді. Ол: «Невада – Семей» деп, ядролық сынақтарға қарсы қозғалыс құруды ұсынды.


Семей полигоны 1949 жылдан бері жұмыс істеп тұрған еді. 40 жыл ішінде 400-ден астам жарылыс жасалды. Маңайдағы халық ауруға шалдықты, сәбилер мүгедек болып туылды. Жұрт бәрін білетін, бірақ ресми тілде «полигон» сөзі ерлік пен Отан қорғанының символы ретінде дәріптелді.

Сол сөзден кейін бірнеше айдың ішінде редакцияға екі миллион қол жиналған хат келді. «Невада – Семей» қозғалысын АҚШ, Франция, Ұлыбритания қолдады. 1991 жылы полигон жабылды. Бұл тарихта сирек кездесетін оқиғаның бірі болды.


Кейінірек Сүлейменов мұны саяси ойын емес, азаматтық борышым деп түсіндірді. Айналасында адамдар өліп жатқанда үнсіз қалу мүмкін емес еді. 2025 жылы оны Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды.


90 жылдан соң


Сүлейменовті өткен күннің адамы, «60 жылдардың» өкілі немесе тек дипломат ретінде көру – үлкен қате. 2025 жылы оның «Білемін!..» деген жаңа кітабы жарық көрді. Ол көне Мысыр мәдениеті мен арғы түркі тілінің байланысын зерттеуді жалғастырып, тоқсанға таяған шағында да «түркіславистиканы» дамытып келеді.


Оның идеялары әлі де көпшіліктің шамына тиеді. Бұл – жақсы нышан. Демек, оның ойлары ескірмеген, тек дайын қалыптарға сыймайды. Олжас өмір бойы үйлеспейтін дүниелерді ұштастырып келеді: қазақ, бірақ орысша жазады; ақын, бірақ ғалым; лирик, бірақ саясаткер; ел патриоты, бірақ әлем азаматы.

Оның «Тауды аласартпай, даланы асқақтату» деген ұстанымы Қазақстанның мәдени формуласына айналды. Бұл өз қадіріңді өзгені қорлау арқылы емес, өзара диалог пен құрмет арқылы тіктеу деген сөз. Әлемде өшпенділік белең алған заманда бұл қағида нағыз төңкерістік маңызға ие.


2026 жылғы 26 мамырда Алматыда оның 90 жылдығына арналған халықаралық форум өтеді. Ғалымдар мен дипломаттар барады да, әдемі сөздер айтылады. Ал Сүлейменов болса, тағы да бір «ыңғайсыз» шындықты айтып қалуы әбден мүмкін. Өйткені ол өмір бойы солай істеп келеді.

Бөлісу: