МедиаҚоғамӨлім доуласы: ең қиын сәтте жанынан табылатын маман

Өлім доуласы: ең қиын сәтте жанынан табылатын маман

12 маусым 2026
5 мин
Фото: Pexels

«Доула» сөзі алғашында босанатын әйелге қолдау көрсететін маманға қатысты қолданылған. Бүгінде бұл атау адамның өмірінің соңғы кезеңінде жанынан табылатын мамандарға да қатысты айтылады. Өлім доулаларына сұраныс Аустралия, Канада, АҚШ және Ұлыбританияда жоғары. Өлім доулаларының халықаралық қауымдастығының мәліметінше, әлемде 9500-нан аса өлім доуласы даярланған. Қазақстанда мұндай мамандар өте аз. Солардың бірі – Азиза Мусаева. Ол Tamga Media-ға өз қызметінің ерекшелігі туралы айтып берді.


Өлім доуласы деген кім?


Азиза Мусаева Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде психолог мамандығын оқып, осы салада еңбек еткен. Дегенмен ұлының сырқатынан кейін оның кәсіби бағыты өзгеріп, дағдарыстық психологияға келген. Қазір ол өлім доуласы ретінде жұмыс істейді.


Өлім доуласы – өлім мен өмір арасындағы көпір сияқты. Олар өлім алдындағы адамдарға, сол науқастарды күтіп-бағатын туыстарына, жақынынан айырылған жандарға көмектеседі.

Азизаның айтуынша, адам ешқашан өлімге толық дайын болмайды. Себебі біздің психикамыздың өзі тірі қалуға бейімделген. Дегенмен адамға өз тағдырын қабылдауға, оның аяқталғанын түсінуге және жаны жай тапқан күйге жетуге көмектесуге болады. Міне, өлім доуласының да негізгі қызметі – осы.


Азиза Мусаева, өлім доуласы:

«Өлім доуласының міндеттерін қатаң шекараға сыйғызу мүмкін емес. Себебі әр өлім, әр қайғы бір-біріне ұқсамайды. Адам өлім аузында жатса, оның жай-күйін ескеремін. Ұзақ әңгімелесуіміз, өміріне қорытынды жасауымыз мүмкін. Қорқыныштарымен жұмыс істеймін. Кейде үнсіз қолдау көрсетемін, қолынан ұстап, бірге тыныстаймын, артық заттарды алып тастап, жайлы жатуына көмектесемін, қасында болып «сен жалғыз емессің, қасыңда мен бармын» дегенді үнсіз жеткізуге тырысамын. Ал жақынын жоғалтқан жандарға қайғыруға, оның барлық кезеңінен өтуге көмектесемін. Мұндай кезде олар шокта болады не эмоциялық тұрғыдан қатты қажиды. Мен оларға ашу, дәрменсіздік сияқты сезімдердің орынды екенін түсіндіремін. Өлім алдында туыстары науқасқа жалған үміт беріп жатады. Мен оларға шынайы болуды, махаббатын білдіріп, жібере білуді үйретемін»


Азизаның сөзінше, адам өлімнен қорқады, ал қайғыны тезірек ұмыту керек деп ойлайды. Ал доуланың міндеті – осы қорқынышты азайту, өлім алдындағы адамға өз өмірін қорытындылауға, ал жақынынан айырылған адамға қайғысын еңсеріп, өмірін қайта жалғастыруға, жаңа мән-мағына табуға көмектесу.


Айықпайтын диагнозға шалдыққандар жақындарының жанын жаралағысы келмейді, бірақ алдында өлім күтіп тұрғанын білетіндіктен, бұл туралы біреумен сөйлескісі келеді. Осындай кезде де доула көмекке келеді.

Азиза Мусаева:

«Әдетте өлім алдында адамдар қарапайым нәрселерді, кімді жақсы көргенін, кімді ренжіткенін, неге өкінетінін айтады. Көбісінің кешірім сұрағысы, кешіргісі келеді. Түсіндіруге келмейтін көріністерге де жиі куә боламын. Өлім алдында адамдар қайтыс болған туыстарын анық көріп, атын атап шақырып, сөйлесіп жататын жағдайлар болады. Ал туыстары тура жақынының демі үзілген сәтте оны түсінде көргенін не жанында болғанын сезінгенін айтады».


Қоғамдағы ашық айтылмайтын тақырып


Азизаның сөзінше, елімізде марқұмды соңғы сапарына шығарып салуға байланысты дәстүрлі рәсімдер жақсы дамыған. Бірақ ауыр қайғыны өткеруге көмектесетін, ашық талқылайтын психологиялық кеңістік жоқ.


Азиза Мусаева:

«Қайғы адамның жалғыз өзі, үнсіз кешетін нәрсе емес. Осыны қазір қазақстандықтар азаматтар да түсініп келеді. Сол себепті өлім доуласының көмегіне жүгінетіндер де көбейіп келеді. Өлім доулаларына арналған платформалар жоқ. Клиентімнің көбі әлеуметтік желіден немесе өзге әріптестерімнің, таныстарымның ұсыныстарынан кейін келеді».  


Маманның сөзінше, қайғының нақты шегі жоқ: кей адамдар жылдар өтсе де ауыр қайғыны еңсере алмай, өмірі тоқтап қалғандай күй кешеді. Мұндай жағдайда психологиялық тұрғыда әлсіреп, тіпті депрессияға түсуі мүмкін. Ал «бір ай қайғырып ал да, өзіңді қолға ал» деген сияқты жұбатулар, керісінше, адамның жан жарасын тереңдете түсуі мүмкін.


Азиза Мусаева:

«Жалпы психологияда қатты қайғыру кезеңі бір жылдан екі жылға дейін созылады. Осы уақыт ішінде адам психикасы жақын адамынсыз барлық маңызды күндерді, мерекелерді, жыл мезгілдерін және бұрын бірге атқарған рәсімдерді өткізіп, жаңа жағдайға бейімделеді. Сондықтан мен жақындарын жоғалтқан адамдарға алғашқы апталарда көбірек көмек көрсетемін. Одан кейін белгілі бір уақыттарда тұрақты терапиялар өткізіп тұрамын. Адамның ішкі ресурстары қалпына келгенше, қайтыс болған жақыны жүрек ауыртатын қайғыдан жылы естеліке айналғанша жұмыс істеймін».

Өлім доуласы мен психотерапевттің айырмашылығы


Өлім доуласы да психолог пен психотерапевт сияқты адамның қиын кезеңдерінде қолдау көрсетеді. Алайда олардың қызметі әртүрлі. Психолог пен психотерапевт адамның эмоциялары мен психологиялық күйін талдайды. Ал өлім доуласы диагноз қоймайды, ем тағайындамайды және адамның сезімдерін өзгертуге тырыспайды. Оның міндеті – тыңдау, қабылдау және ең қиын сәтте жанынан табылу. Оған қоса кәсіби этиканы қатаң қадағалауға тиіс: клиенттің құпиясын сақтауы керек, белгілі бір жағдайды сынап-мінеп, «дұрыс» немесе «бұрыс» деп бағалауына да болмайды.


Бұл жұмыста ең бастысы – кәсіби дистанция мен эмпатия арасындағы балансты сақтай білу. Терең эмпатия таныта алмасаңыз, сіз клиенттің жан дүниесін түсіне алмайсыз. Ал кәсіби дистанция болмаса, сіз басқа біреудің қайғысын өзіңіздікіндей қабылдап, көмек көрсетуге шамаңыз келмей қалады.


Азиза Мусаева:

«Доула жартас сияқты болуы керек. Басқа адамдардың қайғысы оған толқын болып соққанда, суды сезіп, өзін шаюға мүмкіндік беруі керек. Соған қарамастан толқынға қасқайып қарсы тұра алуға тиіс. Қысқасы, бір уақытта осал әрі мықты бола алуы керек».

Азиза тек физикалық өлім кезінде ғана емес, ажырасу, көзге шөп салу, түсік, үй жануарының өлімі, өзіңді жоғалту сияқты символикалық өлім жағдайында да көмектеседі.


Азиза Мусаева:

«Өлім деген тек жүректің тоқтауы емес. Біздің өміріміз кіші және үлкен өлімдерден құралған. Символикалық өлімдер де физикалық өлімнен кем түспейді. Одан кейін тұлғаның болмысы өзгеріп, бұрынғыдай болмайды. Бұл кезде психика механизмі тура жақынын жоғалтқандай жұмыс істейді. Біз клиент өткен шақпен өмір сүрмей, жылап, қайғырып, жібере алу үшін, жаңа мән-мағына табу үшін жұмыс істейміз».


Бұл саланы тұрақты әрі жоғары табыс көзі деп қарастыруға болмайды. Себебі одан түсетін табыс – көбіне жұмсалған күш пен эмоциялық ресурстың өтемі ғана.

Өлім арқылы өмірді түсіну


Азиза әр оқиғаның жүрегінде із қалдыратынын айтады. Оның сөзінше, өліммен жиі бетпе-бет келу өмірдің қадірін тереңірек түсінуге көмектеседі.


Азиза Мусаева:

«Бұл сала мені батылырақ болуға, адамдарға мейірімдірек болуға үйретті. Уақыттың қалай тез өтетінін әрі адамның қандай нәзік жаратылыс екенін жиі көрген соң, өмір сүруді кейінге қалдыруды қоясың. Қазіргі сәттен ләззат алып, жақындарыңмен өткен әр сәтті бағалай бастайсың. Өлім маған өмірді шынайы сүюді, оның мәңгі емес екенін біле тұра, барлық кемшіліктерімен қоса шынайы сүюді үйретті».

Бөлісу: