Ойын-сауықЭзотерикаНумеролог: Тағдыр матрицасы – өзіңді танудың бір тәсілі

Нумеролог: Тағдыр матрицасы – өзіңді танудың бір тәсілі

23 қаңтар 2026
5 мин
Матрица судьбы – один из инструментов самопознания.
Фото: Freepik

Қазақстандық азаматтар интернеттен эзотериканың ішінде көбіне тағдыр матрицасы туралы іздейді. Ал әлеуметтік желіде шулы оқиғалардан кейін танымал тұлғалардың тағдыр матрицасын талдайтын видеолар да көбейді. Сонымен тағдыр матрицасы деген не? Нумерологиядан, сюцайдан қандай айырмашылығы бар? Нумеролог Адема Мауленова айтып берді.


Тағдыр матрицасы әдісінің негізін эзотерик Наталья Ладини салған. Матрица адамның туған күні бойынша есептеліп, өміріне әсер ететін энергияларды көрсетеді. Тағдыр матрицасындағы сандар “Аркандар” деп аталады. Оларды басқаша 22 Аркан, Тароның 22 үлкен картасы, кейде 22 энергия деп те атайды.


Нумеролог Адема Мауленованың айтуынша, тағдыр матрицасы – өзін-өзі танудың бір тәсілі. Эзотериканың басқа түрлеріне қарағанда мұнда адамға нақты бағыт-бағдар береді. Басқаша айтқанда, тағдыр матрицасы адамның жеке қасиетін айтып беріп қана қоймай, әрі қалай не істеген дұрыс екенін айтып, жоспар құрып бере алады.



Тағдыр матрицасында әртүрлі энергия бар, олар адам туралы түрлі ақпарат береді. Комфорт аймағы дәл ортасында орналасқан. Бұл сіздің қайдан шабыт алып, күш-қуат жинайтыныңызды көрсетеді.


Тағдыр матрицасындағы жыл энергиясы адамның бойындағы таланттарды көрсетеді. Әр жылға берілетін энергия сол жылы болатын оқиғаларға, сабақтарға және сынақтарға әсер етуі мүмкін.

"Қаржы энергиясы да бар. Кейде адам өзі қаламайтын жұмысты істеп, өзін дұрыс таппай жатады. Мұндай адамдар тағдыр матрицасынан қандай жұмыстан ләззат алатынын және қай іспен айналысса, көп ақша табатынын біле алады. Матрицада ақша арнасы туралы да ақпарат бар. Онда ақша қайдан келетінін, кейде оған не бөгет болатынын, тіпті ақшаны көбейту үшін қайда жұмсау керегін де білуге болады. Оған қоса үнемі ақшалы болып жүру үшін орындауға тиіс кармалық тапсырмалар да көрсетіледі”, – дейді нумеролог.


Маманның айтуынша, тағдыр матрицасындағы маңыздылардың бірі – ер мен әйел арасындағы қарым-қатынас энергиясы. Бұл адамға қарым-қатынасты қалай дұрыс сақтау керек екенін, жұбайлар арасындағы кикілжің неден болатынын көрсетеді. Сонымен қатар, тағдыр матрицасы әр адамға сай келетін болашақ жарының бойында қандай қасиеттер болуы керек екенін жазып береді екен.

“Өз тәжірибеме сүйеніп айтсам, тұрмыстағы әйелдер жұбайының қасиеті мен матрицадағы сипат сәйкес келетінін жиі айтады”, – дейді Адема Мауленова.


Тағдыр матрицасындағы келесі бөлім адам энергиялары туралы айтады. Нумерологтың айтуынша, мұнда энергияның оң (плюс) немесе теріс (минус) күйде екенін көруге болады. Матрица жаман ойлардан арылып, энергияны қалай оң күйге, яғни “плюске” шығару керек екенін түсіндіреді.

Тағдыр матрицасындағы тағы бір маңызды энергия – карма құйрықтары. Карма – жанның ең маңызды сабақтары, ал олар осы кармалық құйрықтар арқылы беріледі. Бұл энергия бастапқыда барлық адамға минус күйінде беріледі, өйткені біз оны өтуіміз керек. 

“Кейде адам “Неге маған үнемі бірдей типтегі адамдар кездеседі?” деп таңғалады. Бұл оның кармасы минус күйде екенін білдіреді. Сол себепті махаббатта жолы болмайды, ақша мәселесінде де қиналады. Бірақ адам өз карма тапсырмаларын орындаса, энергиясы плюске ауысып, өмірі жақсара бастайды. Кейбір адам сол өмірлік сабағын өтпеген соң, сүйіктісін ұзақ уақыттан бері кездестіре алмай жүруі мүмкін. Тағдыр матрицасында содан қалай өту керек екені айтылады”, – дейді ол. 












Бір күнде туған адамдардың тағдыр матрицасы бірдей бола ма?


Нумерологтың айтуынша, бір күнде туған адамдардың тағдыр матрицасы бірдей болады. Себебі адамның туған күні оның барлық энергиясына әсер етеді. Айырмашылық тек олардың өмірін “минус” немесе “плюс” күйінде өткізгеніне байланысты. 

“Тіпті егіздер бір күнде туса да, біреуінің өмірі жақсы, ал екіншісінікі қиын болуы мүмкін. Неге? Біреуі өз кармасын орындап, позитив энергиямен өмір сүрсе, “плюске” шығады. Ал екіншісі кармасын орындамаса, өмірі “минус” күйінде өтеді. Сол кезде ғалам адамды осы жағымсыз сценарийлерден арылту үшін қиындықтарды қайта-қайта алдына шығарып отырады”, – дейді нумеролог.

Балалар матрицасын қалай есептейді?


Балалар матрицасы да дәл осылай есептеледі, тек аймақ атауы мен мәні өзгереді. Тағдыр матрицасынан баланың мінез-құлқын, талантын, неден, күш-қуат, шабыт алатынын білуге болады. Әдетте балалар матрицасын 18-20 жасқа дейін есептейді. Одан кейін өз-өзіне толық жауап беретін жеке тұлға болып қалыптасады, сезімдері күшейеді. Осы кезде ата-анадан келген әсерлер де есепке алынады. Дегенмен бұл бекітілген ереже емес. 

“Тағдыр матрицасынан баланың дарынан, қабілетін, бейімін біліп, үйірмелерге беруге болады. Шыны керек, өз балаларымды да осы матрица бойынша тәрбиелеймін", – дейді Адема Мауленова.

Бөлісу: