Ойын-сауық●Эзотерика●Нострадамус, Ванга, тарологтар: олардың болжамдарына сенуге бола ма?

Нострадамус, Ванга, тарологтар: олардың болжамдарына сенуге бола ма?

17 қазан 2026
5 мин
Фото: Unsplash

ХХ ғасырда өмір сүрген зағип болгар әйелін, XVI ғасырдағы француз алхимигін және TikTok-та миллион оқырманы бар жиырма жастағы тарологты не байланыстырады? Үшеуі де миллиондаған адамды болашақты болжай алатынына сендірген. Бірақ кімнің айтқаны рас келді, ал кімге дәлелсіз сендік? Бірге қарастырайық.


Нострадамус: Лондондағы өрттен кейін «дәл келген» болжам


Француз астрологы әрі алхимигі Мишель де Нотрдам 1555 жылы «Болжамдар» атты кітабын шығарған. Онда мағынасы түсініксіз төрт жолды өлеңдер – катрендер жинақталған. Адамдар бұл өлеңдерді әлі күнге дейін түрлі тарихи оқиғалармен байланыстырады. Мысалы, Гитлердің билікке келуі, Хиросима мен Нагасакиге атом бомбасының тасталуы, Кеннедиге жасалған қастандық және 11 қыркүйектегі терактілер. Кейін бұл қатарға жаһандық жылыну мен жасанды интеллектінің дамуы да қосылған. Оның болжамы дәл келгеніне мысал ретінде «тазартушы қан» мен «66-да отқа оранғандар» туралы өлеңі жиі айтылады. Нострадамусқа сенетіндер бұл сөздерді 1666 жылы Лондонда болған алапат өртке қатысты деп түсіндіреді.


Бірақ қызығы мұндай сәйкестіктер оқиға болғанға дейін емес, кейін ғана табылады. Нострадамус болжамдарын әдейі бұлыңғыр, нақты күн де, адамның аты да жоқ. Тек «қан», «от», «солтүстіктен келген ұлы патша» сияқты бейнелі сөздер кездеседі. Қаласаңыз, оларды адамзат тарихындағы кез келген ірі апатқа сәйкестендіруге болады. Зерттеушілер оның кейбір мәтіндері жоғалғанын, сондықтан болжамдарының дәлдігін бағалау мүмкін емес екенін айтады. Ал ғалымдар бес жүз жыл ішінде Нострадамус өлеңдерінің мағынасы оқиға болмай тұрып нақты түсіндіріліп, кейін сол болжамның орындалғанын дәлелдейтін бірде-бір дерек таппаған.


Ванганың болжамдары қаншалықты дәл болды: 68%, 70% әлде 80%? 


«Тайны без тайн» кітабының авторы Алексей Ракитин Ванга болжамдарының шамамен 70 пайызы орындалғанын айтады. Оның есебі бойынша, мың болжамның үш жүзге жуығы қате шыққан. Ал жеті мыңнан астам болжамды зерттеген болгар зерттеушілері олардың 80 пайызы дәл келгенін алға тартады. Әлеуметтанушы Величко Добрианов болса, орындалған болжамдардың үлесін 68% деп есептеген. Бірақ оның айтуынша, сол болжамдардың жартысына жуығы нақты емес: бірі «рас келді» десе, екіншісі «орындалмады» дейді.


Ал Ванганың ең танымал болжамдарына қатысты дәлелдер тіпті аз. Мысалы, ол 11 қыркүйектегі терактілерді, «Курск» сүңгуір қайығының суға батуын, Фукусимадағы апатты және Ельциннің 1996 жылы Ресейдегі сайлауда жеңіске жетуін алдын ала айтқан деседі. Бірақ бұл сөздерді Ванганың шынымен айтқанын растайтын жазбалар жоқ. Мұндай әңгімелер оқиғалар болғаннан кейін ғана пайда болып, БАҚ-та тарай бастаған. Яғни жұрт болған оқиғаларды балгердің айтқанына теліп отырған.


Дегенмен оның қате шыққан болжамдар жазбалары сақталғанмен, оларды ешкім еске алмайды. Мысалы, Ванга 1970-жылдары Кеңес Одағы Чилиге басып кіреді деген, алайда бұл болжам орындалмады. Сондай-ақ ол АҚШ-тың бұрынғы президенті үлкен Джордж Буш ұшақ апатынан қаза табады деп сендірген. Бірақ Буш бұл болжамнан кейін тағы ондаған жыл өмір сүріп, 2018 жылы өз ажалынан қайтыс болды.


Вера Лион немесе «Қазақстандық Ванга»: көріпкел, жазушы, психолог


Вера Лион (шын есімі - Вера Висич) - Қазақстанның халық емшілері қауымдастығына мүше экстрасенс. Барак Обаманың АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жетуі, Қазақстандағы ұшақ апаты және Аляскадағы жер сілкінісі туралы болжамдарынан кейін оны «Қазақстандық Ванга» деп атай бастаған. Әсіресе Донбасстағы соғыс туралы айтқандары кең танылған. Өзінің айтуынша, бұл болжамдарды Еуромайдан оқиғаларына дейін жасаған.


Вера Лион өзін көріпкел ретінде ғана таныстырмайды. Ол – психолог, фотограф және бірнеше бүркеншік атпен кітап жазатын автор. Болжам көп айтылса, кейбірі кездейсоқ болса да дәл келген. Бұл – ықтималдық заңдылығы. Адамдар сол дәл келгендерін есте сақтап, бір-біріне айтады. Ал қате шыққан ондаған болжам ұмыт қалады. Олар туралы ешкім арнайы мақала жазбайды.


Сильвия Браун: қате болжамымен бір ананың өмірін қиған экстрасенс


Қазіргі көріпкелдердің бәрі TikTok арқылы танылған жоқ. Кейбірі теледидар арқылы атақ жинаған. Америкалық медиум Сильвия Браун ондаған жыл бойы танымал ток-шоуларда жоғалған адамдарды іздеу сарапшысы ретінде қатысқан. 2004 жылы Монтел Уильямстың шоуында ол жоғалған 16 жастағы Аманда Берридің анасына қызының қайтыс болғанын айтқан. Сондай-ақ оны ұрлаған адамды «кубалыққа ұқсайтын, бойы аласа, мығым денелі, шамамен 21–22 жастағы латынамерикалық» деп сипаттаған.


Бірақ 2013 жылы Аманда Берри тұтқыннан қашып шықты. Ол он жыл бойы қамауда болған. Оны ұрлаған адам 42 жастағы Ариэль Кастро болып шықты. Ол көріпкел айтқан жастан екі есе үлкен. Оның басқа белгілері де сипаттамаға сәйкес келмеген. Куәгерлердің айтуынша, Аманданың анасы бұл болжамға 98% сенген. Ол 2006 жылы қызының тірі екенін білместен жүрегі тоқтап, қайтыс болған.


Тәуелсіз зерттеушілер Сильвия Браунның жоғалған және қаза тапқан адамдар туралы жұрт алдында айтқан 116 болжамын талдаған. Болжамдардың бірде-бірін негізінен дұрыс шықты деуге келмейді. Оның 33-і қате болып шыққан, ал қалғандарында айтылған адамдардың тағдыры белгісіз күйде қалған. Адам кейде жалпылама айтылған сөзді өзіне дәл келетіндей қабылдайды. Мұны «Барнум» әсері дейді. Бірақ әңгіме махаббат не жұмыс жайында емес, адамның тірі не өлі екені туралы болса, мұндай сөздерге сену ауыр зардапқа әкелуі мүмкін.


Бразилиялық «тірі Нострадамус»: пандемия, патшайым және жат ғаламшарлықтардың кемесі


Нострадамустың тікелей ізбасары бар. Бірақ қан мен емес, кәсіби тұрғыдан. Ол  бразилиялық 38 жастағы «тірі Нострадамус» деген атқа ие парапсихолог Атос Саломе. Ол COVID-19 пандемиясын 2012 жылы-ақ, ал патшайым Елизавета II-нің 2022 жылы қайтыс болатынын алдын ала айтқан деседі. Оның тәсілі де Нострадамусқа ұқсайды: болжамдарын әдейі екіұшты, әртүрлі түсінуге болатындай етіп айтады. Кейін сол сөздерді болған оқиғаға оңай сәйкестендіруге болады.


2025 жылы Саломе астрономдар тапқан 3I/ATLAS нысанын жұлдызға ұқсап жасырынған жат ғаламшарлықтардың кемесі болуы мүмкін деп айтты. Ол нысан сол жылдың қазан айында «бағытын өзгертеді немесе сигнал жібере бастайды» деп болжады. Бірақ ғалымдар да, кейінгі бақылаулар да оның сөзін растамады. Ал бұл болжам уақыт өте ұмытылып кетті.


Alex Reads Tarot: TikTok-тағы таролог


Ол TikTok-та таро картасымен бал ашып танылған. Миллионға жуық оқырманы бар парақшасында күн сайын болжам жариялап отырған. Бірақ 2026 жылы маусым айының соңында он минуттық видео шығарып, христиан дініне бет бұрғанын және енді бал ашпайтынын айтқан.Ол мұндай шешімге бірден келмеген. «Соңғы бір жыл шамасында өзімнің өзгере бастағанымды сездім», – дейді ол. Кейін тароға қатысты барлық жазба мен видеоны өшіріп, аккаунттарының атауын Alex in the Ordinary деп өзгерткен. Көп ұзамай 30 мыңдай адам оның парақшасынан шығып кеткен. Кейбір оқырманы бұл шешімін сатқындық деп қабылдаса, басқалары қолдау білдірген.


Ал оған ұқсас, оқырманы көп ондаған таролог әлі де бал ашып жүр. Мысалы, chaoticwitchaunt парақшасын жүргізетін Фрэнки Эннің миллионға жуық оқырманы бар. Ол бір карта ашып, бәріне ортақ болжам айтады. Мұндай видеолардың көбі бір-біріне ұқсайды: нақты адамның аты да, нақты күн де айтылмайды. TikTok бір видеоны миллиондаған адамға көрсетеді, ал әркім ондағы сөздерді өз өмірімен байланыстырады. #tarot хэштегімен жарияланған видеолар 48 миллиардтан астам қаралым жинаған. Таро карталары мен бал ашатын қосымшалардың әлемдік нарығы 2026 жылға қарай 1,48 миллиард долларға жеткен. Бұл - 2020 жылғы көрсеткіштен екі есе көп.


Жасанды интеллект: болжам жасаудың жаңа тәсілі


Қазір болашақ туралы болжам есту үшін карта аштырып, сиқырлы шарға үңіліп немесе жұмбақ өлең жолдарының мағынасын іздеудің қажеті жоқ. ЖИ-чатқа сұрақ жазсаңыз болғаны. Мысалы, ірі футбол турнирлері кезінде миллиондаған адам ChatGPT-ден алдағы ойынның қандай есеппен аяқталатынын сұрайды. Болжам дәл келсе, жауабының скриншотын әлеуметтік желіде бөліседі.


Әлем чемпионатының матчтарында ChatGPT, Claude, Gemini, Grok, Kimi және DeepSeek сияқты алты модельдің болжамдары тәуелсіз сынақтан өткен. Кейбір матчтың есебін алтауы да дұрыс тапқан. Мысалы, бәрі Кот-д’Ивуар мен Норвегия ойыны 1:2 есебімен аяқталады деген. Бірақ қателері де болған: арасында Франция мен Швеция матчының есебін 3:1 деп болжағанымен, ойын 3:0 есебімен біткен. 2026 жылғы әлем чемпионаты алдында бірнеше ЖИ бір-бірінен тәуелсіз болжам жасап, Испанияның финалға шығатынын дұрыс болжаған. ChatGPT пен Gemini Килиан Мбаппе турнирде 9 гол соғады деп болжаған, ал футболшы іс жүзінде 10 гол соқты. Бірақ барлығы дерлік Бразилия жартылай финалға жетеді деп қателескен. Бразилия Норвегиядан жеңіліп, 1/8 финалда жарыстан шығып қалған.


Зерттеушілер ЖИ-ге турнир кестесінде жоқ матч туралы да сұрақ қойған. ChatGPT, Claude және Gemini мұны байқап, сұрақта қате бар екенін айтқан. Ал Grok, Kimi және DeepSeek ондай ойын өтетін-өтпейтінін тексерместен, сенімді түрде болжам жасаған. Бұл тілдік модельдердің қалай жұмыс істейтінін көрсетеді. Олар не болатынын нақты есептемейді, тек сенуге болатын жауап құрастырады. Дұрыс айтса да, қателессе де, сенімді жауап береді. Сарапшылар бір ЖИ-дің бір сұраққа әр адамға әртүрлі жауап бергенін де байқаған. Демек, болжам ЖИ-дің болашақты білгеніне емес, сұрақтың қалай қойылғанына байланысты.


Барнум әсері бұл жерде де байқалады: адам көпшілікке ортақ сөздерді өзіне арнап айтылғандай қабылдайды. Зерттеушілер адамдардың чат-ботқа бауыр басатынын да байқаған. Өйткені ол кез келген уақытта жауап беруге дайын, ашуланбайды және эмоцияға берілмейтіндей көрінеді. Сондықтан кей адамдар ЖИ-дің кеңесін адам айтқан кеңеске қарағанда бейтарап әрі эмоцияға тәуелсіз деп қабылдайды. Сауалнамалар бойынша, нейрожелі қолданушыларының 87% одан жеке өміріне қатысты кеңес сұрайды. Бірі қарым-қатынасы туралы сөйлессе, бірі қолдау іздейді. TikTok пен Instagram-да чат-ботқа «бес жылдан кейінгі өмірімнің бір күнін сипаттап бер» немесе «белгілі бір жылға дейін маған өмірлік жоспар жасап бер» деп жазу танымал болған. Кейбір қолданушы жауапты оқып, жылағанын айтады. Ал шындығында бот олардың болашағын көрмейді, жәй ғана жазған сұрағына сай жауап құрастырып берген.

Бөлісу: