«Нормис» сөзі қазір күнделікті өмірде жиі айтылатын болды, оның үстіне ылғи бір келемеж аралас естіледі. Мұны талғамы «кәдімгі» немесе «жұрт қатарлы» адамдарға айтады. Қысқасы, бұл – интернеттің ішкі мемдерін түсінбейтін, ешқандай субкультураға қосылмайтын, өмірді кәдімгі бәрі сияқты қарапайым ғана сүріп жатқан адамдар. Тamga Media кейінгі кезде қарапайым болу неге мазаққа айналғанын және қалайша бүгінгі заманда нормис болудың өзі ерекшелік екенін анықтап көрді.
Бұл сөз ең алғаш 4chan сияқты жабық интернет форумдарында пайда болған. Ондағылар өздерінің ішкі әзілдерін түсінбейтін, сырттан келген қарапайым адамдарды осылай атайтын. Кейін бұл сөз ол жақтан шығып, бүкіл интернетке жайылып кетті. Бірақ қазір оның мағынасы әлдеқайда дөрекілеу болып өзгерді.
«Нормис» жай ғана анықтама емес, мазақ ретінде айтылатын лақап ат. Мұнымен адамдар «біз» және «олар» деп шекара сызып алады. Интернеттегі топтар осы сөз арқылы өздерінің трендтен алыс екенін және нормистер сияқты емес, әлдеқайда терең, өзгеше контентті түсінетінін көрсеткісі келеді.
Зерттеулер не дейді?
Қызығы, бұл тақырыпты ғалымдар да зерттеген. Зерттеу бұл трендтің артында үлкен логика жатқанын көрсетеді. Психологтардың байқауынша, адам баласы әрі бір топтың мүшесі болғысы келеді, әрі өзін өзгеше, ерекше сезінгісі келеді. Сондықтан қазіргі қоғамда тым «қарапайым» болу – өз болмысыңды жоғалтумен бірдей көрінеді, ал мұны ешкім қаламайды.
«Әрбір адам бір уақытта әрі өзін ерекше сезінгісі келеді, әрі көпшіліктен бөлінгісі келмейді. Қазір адамдар жұрттың алдында өзін жиі жайсыз сезінеді, қысылады. Оның үстіне, бүгінгі қоғам тым ерекшеленіп, ортадан бөлініп қалғандарға өте қатал қарайды. Содан болар, кейінгі жылдары адамдар өз болмысын ашық көрсетуден сескенетін болған», – дейді Collabra: Psychology зерттеуі.
Негізі «қарапайым болу» деген түсінікті қоғамның өзі ойлап табады. Ол біздің мәдениетімізге, тәрбиемізге және айналамыздағы адамдардың талабына қарай қалыптасады. Яғни «дұрыс өмір сүрудің» ешқандай нақты қағидасы жоқ, бұл – жай ғана жұрттың өзара келісіп алған дүниесі.
Бірақ кейінгі жылдары заман өзгерді: қазір жұрттың бәрі тек өз болмысын көрсетіп, ерекшеленгісі келеді. Ал әлеуметтік желілер бұл жағдайды одан сайын күшейтіп жіберді. Өйткені интернетте көзге түсу үшін міндетті түрде өзгеше болуың керек. Осының салдарынан кәдімгі қарапайым болу қазір үлкен кемшілік сияқты көрінетін болды.
Неліктен нормис болу қазір ерекшелікке айналды?
Осы жерден қызық бір қайшылық туады: «жұрт сияқты болмаймын» деп ерекшеленгісі келетіндер тым көбейіп кетті. Адамдар өздеріне жаңа имидж ойлап тауып, әртүрлі субкультураға бірігіп жатыр. Осылай, өздерін тым қарапайым деп санайтын адамдардан алыс ұстауға тырысады.
Қызығы да осы жерде: адамдар қарапайым болуды неғұрлым құнсыздандырған сайын, бұл қасиет соғұрлым ерекше әрі еркін дүниеге айналып барады. Өйткені қарапайым адамға ешкімге ештеңе дәлелдеудің, біреудің қалыбына сыйып, міндетті түрде көзге түсудің қажеті жоқ.
Өмірде бәрі айналып келеді. «Жұрт сияқты болмаймын» дейтіндер тым көбейіп кеткенде, кәдімгі қарапайым болудың өзі нағыз ерекшелікке айналады.
Қорыта айтқанда, «нормис» адамның болмысы емес, жай ғана таңылған белгі. Бұған қарап адамды бағалай алмаймыз, қазіргі қоғамның «міндетті түрде ерекше болу керек» деген түсінікке тым қатты байланып қалғанын көрсетеді.



