Екі-үш жыл бұрын қай жаңалықты ашсаңыз да, NFT деген сөз алдыңыздан шығатын. Адамдар цифрлық суреттерге, пиксель иллюстрациялар мен түрлі коллаждарға миллиондаған доллар жұмсады. Бірі сондай суретті сатып, әп-сәтте миллионер атанса, енді бірі бар жиған-тергенінен айырылды. Тіпті әлемге әйгілі жұлдыздар сол маймылдардың суретін Twitter-дегі парақшасына профиль суреті ретінде қойып, мақтан етті.
Алайда бүгінде NFT туралы бұрынғыдай жиі айтылмайды. Кезінде миллиондаған долларға бағаланған кейбір цифрлық коллекциялар қазір әлдеқайда арзанға сатылып жатыр. Сонымен NFT өнері шынымен жоғалып кетті ме, әлде бағытын өзгертті ме? Tamga Media тарқатып көрді.
NFT өнері деген не?
Кәдімгі картинаны сатып алғанда, оның сізге тиесілі екенін дәлелдейтін сертификат немесе түбіртек аласыз. Ал цифрлық файлды интернеттен кез келген адам көшіріп ала алады. Сондықтан оның түпнұсқасын және көшірмесін ажырату қиын.
NFT (Non-Fungible Token) – тек цифрлық әлемге арналған дәл сондай түбіртек. NFT суретті көшіруге тыйым салмайды. Интернеттегі файлды кез келген адам жүктей алады. Бірақ блокчейнде сол туындының ресми иесі кім екені, оны кім жасағаны, кімнің қашан сатып алғаны және кейін кімге өткені сақталады. Бұл ақпаратты кез келген адам тексере алады.
NFT өнері – суретшілердің цифрлық туындыларын NFT сертификатымен бірге ұсынуы. Оның құндылығы тек суреттің өзінде емес, авторлығын растау, коллекциялық мәні және қауымдастық құру мүмкіндігінде болды.
Бәрі неден басталды?
2017 жылы канадалық бағдарламашылар Мэтт Холл мен Джон Уоткинсон CryptoPunks деген 10 мың пиксель портреттен тұратын топтаманы шығарды. Бастапқыда бұл ақша табу үшін емес, жаңа технологияны сынап көру үшін жасалған жоба еді. Көп ұзамай Ethereum желісінде NFT жасауға мүмкіндік беретін жаңа стандарт пайда болып, цифрлық активтерді тіркеу жеңілдей түсті. Осыдан кейін NFT тек эксперимент емес, өнер, коллекция және цифрлық меншік саласында қолданылатын құралға айнала бастады.
13 жыл жиналған коллаж
Алайда нағыз дүрбелең 2021 жылғы наурызда басталды. Beeple деген лақап аты бар суретші (шын аты – Майк Винкельман) «Everydays: The First 5000 Days» деп аталатын цифрлық коллажын Christie's аукционында 69,3 миллион долларға сатты. Ол бұл коллажында 13 жыл бойы салған 5000 суретін жинаған. Тарихта мұндай сома бұрын-соңды болмаған. Дәл осы оқиға тар шеңбердегі технологияны бүкіл әлемнің басты жаңалығына айналдырды. Үш ғасырлық тарихы бар аукционның өзі мұны миллиондарға бағалаған соң, ел де мұны жай ермек емес, болашағы зор жаңа актив деп сенді.

10 000 маймылдың суреті бар коллаж
2021 жылғы мамырда 10 мың маймылдың суретінен тұратын Bored Ape Yacht Club деген топтама жарық көрді. Оны сатып алғандар жабық қауымдастыққа қосылып, түрлі артықшылыққа ие болды. Джастин Бибер, Пэрис Хилтон сияқты жұлдыздардың да осы топтаманы сатып алған соң, оған қызығатындар көбейе түсті. Көп ұзамай адамдар суретті ұнатқаннан емес, кейін қымбатқа сатып жіберемін деген үмітпен жаппай сатып ала бастады.
Тіпті 2021 жылы NFTs Collins сөздігі бойынша «Жыл сөзі» атанды. Нарық көлемі 2,9 миллиард долларға дейін өсті. Бірақ жаңа сатып алушылар азайған сайын баға да құлдырап кетті.

NFT нарығы қалай құлдырады?
NFT нарығының құлдырауына бір ғана себеп болған жоқ. Бұған бірнеше фактор әсер етті.
Біріншіден, NFT-ге қызығушылықтың көп бөлігі нақты құндылықтан емес, алыпсатарлықтан тұрды. Көп адам цифрлық өнерді ұнатқаннан емес, кейін қымбатқа сату үшін сатып алды. Сұраныс азайғанда, мұндай активтердің бағасы да тез төмендеді.
Екіншіден, көптеген жоба сатып алушыларға ұзақ мерзімді пайда ұсына алмады. Алғашқы кезде кейбір NFT коллекциялары ерекше қауымдастық, іс-шараларға қатысу немесе қосымша мүмкіндіктер уәде етті. Бірақ уақыт өте келе олардың бәрі бірдей бұл уәделерін орындай алмады.
Үшіншіден, NFT криптовалюта нарығымен тығыз байланысты болды. 2022 жылдан бастап криптовалюта бағалары төмендеп, инвесторлардың тәуекелді активтерге қызығушылығы азайды. Бұл NFT нарығына да әсер етті.
DappRadar мәліметінше, 2021 жылы NFT өнерінің сауда көлемі 2,9 миллиард долларға жеткен. Алайда 2025 жылдың басында бұл көрсеткіш 93% азайып, 23,8 миллион долларға дейін түсті. Белсенді сатып алушылар саны да күрт қысқарды: 2022 жылы 500 мыңнан асқан трейдерлер саны 20 мыңға жетпей қалды.
Төртіншіден, нарықта ұсыныс тым көбейді. Мыңдаған жаңа коллекция пайда болғанымен, олардың барлығы бірдей адамдар үшін қызық немесе құнды бола алмады. Ірі NFT платформалары да бұл өзгерісті сезді. Мысалы, Art Blocks платформасында сауда көлемі 95%, SuperRare-де 94%, ал Foundation платформасында 99,8% төмендеді.
Ірі ойыншылар шегіне бастады
NFT нарығындағы қызығушылық азайған кезде, оған қатысқан ірі компаниялар да өз стратегияларын өзгерте бастады. Мысалы, 2025 жылғы қыркүйекте Christie's аукцион үйі цифрлық өнер бөлімін жапты. Дәл осы бөлімде 2021 жылы Beeple-дің рекордтық NFT-сі сатылған еді. Компания мұны «цифрлық өнер саудасын жаңа форматқа көшіру» деп түсіндірді. Енді мұндай туындылар жеке бөлімде емес, XX-XXI ғасырлар өнері санатында сатылатын болды. Бұл өзгерістен соң, бірнеше қызметкер, соның ішінде бөлімнің вице-президенті Николь Сейлз Джайлс жұмыстан кетті. Sotheby's те NFT бөлімі қызметкерлерін бұған дейін-ақ қысқартқан болатын. Ал NFT сауда алаңдарының бірі болған Nifty Gateway компаниясы нарықтағы өзгерістерге байланысты жұмыс бағытын өзгертті.

NFT иелерінің алдында тағы бір үлкен мәселе пайда болды: активті сату қиындай түсті. Кейбір адамдардың қолында құнды деп сенген цифрлық коллекциясы болғанымен, оны сатып алатын жаңа адам табылмады.
Ақыр соңында не қалды?
NFT айналасындағы үлкен дүрбелең басылғаннан кейін, оған деген көзқарас та өзгерді. Бұрын көпшілік NFT-ті тез байып кетудің жолы ретінде қабылдаса, қазір оны нақты мәселелерді шешуге көмектесетін технология ретінде қарастыра бастады.
Түпнұсқалығын дәлелдеу. Бұл – NFT-нің ең пайдалы қызметтерінің бірі. Блокчейн туындыны кім жасағанын, кімге тиесілі болғанын және оның тарихын сақтап тұрады. Сондықтан музейлер мен архивтер де бұл технологияны қолдана бастады. Мысалы, Мемлекеттік Эрмитаж Рафаэль мектебінің фрескаларына NFT шығарды. Онда туындылардың реставрацияға дейінгі күйі тіркелді. Ал NFT сатудан түскен қаржы реставрация жұмыстарына жұмсалды. Осылай, музей әрі қаражат жинады, әрі өз жобасына көпшіліктің назарын аударды.
Билеттер мен іс-шаралар. Бұрын алыпсатарлар анонимді қағаз немесе электрон билеттерді оңай қайта сата беретін. Ал NFT билеттің жөні бөлек: ұйымдастырушылар оның қай қолдан қай қолға өткенін толық көріп отырады. Бұл бағаны аспандатып, билетті жаппай сатып алатындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан мұндай билеттер концертте де, конференция мен клубтық абонементтерде де белсенді қолданылып жатыр.

Жабық қауымдастыққа жолдама. Бұл жерде токен цифрлық мүшелік билет сияқты. Ол иесіне суретшілердің жабық чатына кіруге, жаңа өнімдерді бірінші болып көруге немесе кездесулерге қатысуға жол ашады. Яғни, адамдар тек суретті емес, соның төңірегіндегі ортаны, комьюнитиді сатып алады. Ал тәуелсіз суретшілер үшін бұл – галереяларға жалбарынбай, өз аудиториясымен тікелей жұмыс істеудің жолы.
Ойындар мен виртуал заттар. Ойын индустриясы – NFT-ді ең белсенді дамытып жатқан сала. Бастапқыда play-to-earn («табыс табу үшін ойна») моделі танымал болып, геймерлер ойыннан ләззат алуды қойып, тек ақша қууға көшті. Бұл модель тез арада сәтсіздікке ұшырады. Оның орнына play-and-earn келді. Бұл жерде басты мақсат – қызықты ойын, ал табыс соның жағымды бонусы ғана. Осы модельде NFT ойыншыға қару, киім немесе кейіпкерге толық иелік ету құқығын береді. Заттарды жай серверден жалға алмайсыз, басқа жобаларға ауыстырасыз немесе сата аласыз.
Енді NFT-ді кімдер қолданады?
Қазір NFT-ті негізінен цифрлық өнермен айналысатын суретшілер, ойын жасаушылар, іс-шара ұйымдастырушылар және кейбір бренд қолданады. Олар NFT-ге акция немесе крипта сияқты инвестициялық құрал ретінде, не болмаса нақты бір мәселені шешудің жолы (абонемент, билет сатып алу, кіру құқығын растау) деп қарайды.
Заң жағы да айқындала түсті: цифрлық коллекцияларды, пайдалы токендер мен инвестициялық құралдарды реттейтін нақты ережелер пайда болды. Бұрын заңның белгісіздігінен тайсақтап келген консервативті брендтердің нарыққа батыл кіруіне осы жағдай жол ашты.
Қорытынды
NFT тарихы жаңа технологияға деген шамадан тыс үміттің қалай үлкен дүрбелеңге айналатынын көрсетті. Бір кезде миллиондаған долларға бағаланған цифрлық суреттер қазір бұрынғыдай назарда емес. Алайда NFT идеясының өзі жоғалған жоқ. Қазір ол қымбат коллекция сатып алудан гөрі, цифрлық меншік құқығын растау, билеттерді қорғау, жабық қауымдастық құру және ойындардағы цифрлық заттарды басқару сияқты нақты міндеттерге қолданылып жатыр. Яғни NFT өнерінің дәуірі аяқталуы мүмкін, бірақ цифрлық әлемдегі меншік ұғымын өзгерту идеясы әлі де өмір сүріп келеді.




