Денсаулық●Психология●Неліктен телефонмен сөйлесуден гөрі хат жаза салуды жөн көреміз?

Неліктен телефонмен сөйлесуден гөрі хат жаза салуды жөн көреміз?

19 қараша 2026
3 мин
«Отключиться» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Жастардың шамамен 70%-ы телефонмен сөйлескеннен гөрі хат жазғанды жөн көреді. Ал ересектердің жартысынан астамы мессенджерсіз қалғанша, бір күн ешкіммен қоңырау арқылы сөйлеспей жүруге дайын. Бір минуттық шаруа болса да, звондамай хат жаза саламыз. Себебі ойланатын уақыт бар, кісінің де мазасын алмайсыз. Ал белгісіз қоңырау түссе, көбі тұтқаны көтеруден қашады: жаман хабар ма, әлде алаяқтар ма деп қорқады. Сонымен, неге біз қоңырау соғып, сөйлескеннен гөрі хат жаза салуды жөн көреміз? Tamga Media саралап көрді. 


Телефонмен сөйлесу сиреп барады


Uswitch 2024 жылы жүргізген сауалнамада британиялық жастардың 70%-ы хат жазғанды жөн көрген, ал 23%-ы қоңырау түссе, тұтқаны мүлде алмайтынын айтқан. Жергілікті Ofcom реттеушісінің дерегіне сүйенсек, кейінгі он жылда мессенджердегі хат-хабар айналымы 100 миллиардтан 1,3 триллионға дейін шарықтаған. Қазір күнделікті ересектердің төрттен бірі ғана телефонмен сөйлеседі, ал көбі сүйікті мессенджерін сақтап қалу үшін бір күн бойы сөйлеспеуге де келіседі.


Бұл жағдай біздің елге де жат емес. Қазір шаруаның бәрі WhatsApp пен Telegram мессенджерлері арқылы бітеді, ал аяқасты звондау әдепсіздік сияқты болып қалды. Хат жазысу күнделікті дағдыға, ал қоңырау шалу тосын әрекетке айналғандай. Енді хабарласу үшін де белгілі бір батылдық керек.


Неге хат жазғанды артық көрсетеміз?

  • Ойды жинақтап алу оңай. Хат жазғанда сөзді таңдап, қайта оқып, сәтсіз шыққан сөйлемді өшіруге уақыт бар. Ал телефонда бәрі лезде өтеді: сәл мүдірсеңіз, өзіңізді ыңғайсыз сезінесіз, оның үстіне айтылған сөзді қайтара алмайсыз. 

  • Ыңғайсыз жағдайдан қорқамыз. Ең басты себеп – осы. Адамдар телефонмен сөйлесу араны жақындататынын білсе де, әңгіме ыңғайсыз өте ме деп сезіктенеді. Дәл осы қорқыныш оларды хат жазуға итермелейді. Тіпті, қоңырау шалу ыстық ықылас сыйлайтынын білсек те, сасып қалудан қорқып, қашқақтаймыз.

  • Біреудің мазасын алғымыз келмейді. Қоңырау шалсаңыз, ол адам дәл қазір шаруасын жинап қойып, сізге көңіл бөлуі керек. Ал хабарлама күте тұрады. Көбі әдептілік сақтап, алдымен жазып алады. Өйткені қарсы тарап жиналыста, жолда немесе басқа шаруамен бос емес болуы мүмкін. Ескертусіз телефон соғу әдепсіздік сияқты болып қалды. 

  • Үнім, сөзім қалай шығады деп уайымдаймыз. Телефонда қарсы тараптың жүзін де, реакциясын да көрмейміз. Жазбаша қарым-қатынаста өзіңді ұстау да, қалдыратын әсерді бақылау да әлдеқайда оңай. Оның үстіне мамандар әлеуметтік үрейі бар адамдардың хат жазғанды жиі таңдайтынын және оны ашық сырласуға қолайлы санайтынын айтады.

  • Дағдының жоқтығы. Үй телефонымен өскен аға буын үшін қоңырау соғу үйреншікті іс еді. Ал қазіргі жиырмадағы жастарда мұндай тәжірибе болған жоқ. Олар үшін қоңырау шалу – қолданыстан шыққан, бейтаныс әдет. Ал қол үйренбеген іс әрдайым қиын болып көргізеді.

  • Ыңғайлылық. Хатты метрода, кезекте, кеңседе немесе басқа іспен қатар жаза беруге болады. Оның үстіне, жазысқан ақпарат сақталып қалады: мекенжай, уақыт немесе келісімшарт нөмірі ұмытылмайды. Хатты өзгеге жібере салу да оңай. 


Біреу қоңырау шалса, неге телефонды көтергіміз келмейді?


Телефонмен сөйлесуден қашудың екі жағы бар. Өзіміз қоңырау соғуды ұнатпаймыз, сондықтан өзгеге де хабарласудан тартынамыз. Ал қоңырауға жауап бермеудің негізгі себептері мыналар:

  • Аяқасты соғылған қоңырау бойға үрей ұялатады. Бәрі хат жазысатын заманда аяқасты телефон шалу ерекше жағдайға айналды. Сондайда ең бірінші «бірдеңе болып қалды ма?» деген ой келеді. Мәселен, Uswitch сауалнамасына қатысқан жастардың 56%-ы тосын қоңырауды жаман хабарға жориды екен. 

  • Бейтаныс нөмір күдік тудырады. Тұтқаны алмаудың ең жиі себебі – спам мен алаяқтардан сақтану. Британиялықтардың 63%-ы осыдан сақтанса, бізде де жағдай мәз емес. Aquarelle Research зерттеуінше, қазақстандықтардың 77%-ы телефон алаяқтарына тап болып, 75%-ы алданып қалудан қорқады. Ал әрбір үшінші адам бейтаныс нөмірді мүлде көтермейді. Мұндай жағдайда бейтаныс телефонға жауап бермеу – сақтықтың басты белгісі.

  • Қоңырау шаруаңызды бұзады. Тосыннан соғылған қоңырау істеп отырған жұмысыңыздан айнытып, назарыңызды бірден өзіне аудартады. Көбінің «қолым тимеді» деуі де содан. Сондықтан телефонды дыбыссыз режимге ауыстырып, кейін қолы босағанда жаза салатындар көп.

  • Біреумен сөйлесудің өзі іштей салмақ түсіреді. Әлеуметтік үрейі бар адамдар үшін кім қоңырау шалса да, дайындықсыз сөйлесу – үлкен стресс. Қалыптасқан әдет бойынша, қоңырауды баса салып: «Сөйлесе алмаймын, шұғыл бірдеңе ме?» деп жаза қояды. Осылайша сөйлесуден де құтылады.


Хат жазысудың кері жағы


Хат жазысқан ыңғайлы, бірақ мұның да салдары бар. Жазбада адамның үн-ырғағы жоғалады, ал оның маңызын ұғына бермейміз. Көбіне хат жазғандар әзілі мен астарлы сөзін бәрі түсінеді деп сенеді. Бірақ оны оқығандар мүлде бұрмалап түсінуі мүмкін. Бұған себеп: біз хат жазғанда өз ойымыздағы интонацияны естиміз де, оны хат жазғанда жеткізе алмайтынымызды ұмытамыз. Мұндайда хабарламаны жіберер алдында іштей емес, дауыстап, бірқалыпты үнмен оқып шыққан пайдалы. Сонда сөздің қаншалықты қисық естілуі мүмкін екені бірден көрінеді. Дауыс керісінше, сезімді шынайы жеткізеді. Адамның ішкі күйін тек дауысынан-ақ оңай аңғаруға болады.


Ең бастысы, «ыңғайсыз жағдайда қаламын» деу – бос үрей. Қоңырау шалғанда адамдар хат жазысқанға қарағанда бір-біріне әлдеқайда бауыр басып, жақындай түседі. Ал біз қорқатындай ыңғайсыз сәттер мүлде болмайды. Сөйлесуге де хат жазғанмен бірдей уақыт кетеді.


Қай кезде бәрібір қоңырау шалған жөн?

  • Мәселені дереу нақтылау керек болса. Жарты күнге созылатын хат жазысуды бес минуттық әңгімемен-ақ бітіруге болады.

  • Мәселе сезімтал болса не арада суықтық орнаса. Интонация болмаса, жазған сөзіңіз ойлағаннан әлдеқайда дөрекі естілуі мүмкін.

  • Көптен араласпаған адаммен қайта хабарласқыңыз келсе. Телефон шалудың ең басты пайдасы дәл осындай сәтте тиеді.

  • Маңызды жаңалық айтқанда немесе маңызды сәтпен құттықтағанда. Туған күн, мерейлі күнмен құттықтағанда хат жазғаннан гөрі телефон соғып құттықтау әлдеқайда жылы сезім сыйлайтыны хақ. 


Егер телефонмен сөйлесу бәрібір ыңғайсыз болса, мұны шешудің де оңтайлы жолы бар. Не туралы сөйлескіңіз келетінін қысқаша жазып, уақытын келісіп алыңыз. Сонда қарсы тарап аяқасты соғылған қоңыраудан шошымайды, ал өзіңізде де ойды жинақтап алуға уақыт болады.

Бөлісу: