Медиа●Қоғам●Неліктен қараша айында бүкіл әлем The Economist мұқабасын талқылайды?

Неліктен қараша айында бүкіл әлем The Economist мұқабасын талқылайды?

26 қараша 2026
5 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Жыл сайын күзде The Economist журналының The World Ahead арнайы санының мұқабасы қызу талқыланады. Оқырмандар ондағы суреттерден саяси болжамдар, жасырын белгілер мен алдағы оқиғаларға қатысты белгі іздейді.


Бұл жолы Tamga Media The World Ahead 2027 мұқабасына басқа қырынан қарауды ұйғарды. Сәулетші Ольга Тураевамен (@olga_tura) бірге мұқабадағы ғимараттар, қалаға қатысты нышандар және олардың арасындағы кеңістік болашақ туралы қандай ой айтуы мүмкін екенін талдаймыз.


Журналдың өзінен гөрі мұқабасы көп талқыланады


The Economist журналының жыл сайынғы болжамдарға арналған арнайы санының тарихы 1986 жылы жарық көрген «The World in 1987» басылымынан бастау алады. Онда журнал алдағы он екі айда әлемдік саясатқа, экономикаға, технологияға, мәдениет пен қоғамға ықпал етуі мүмкін оқиғалар мен үрдістерді талдаған. Ал мұқаба осы тақырыптардың визуалды көрінісі ретінде жасалған.


Уақыт өте мұқабаны өзінше «талдау» мәдениеті қалыптасты. Оқырмандар иллюстрацияны жұмбаққа айналдырып, одан жасырын белгілерді, болашақ дағдарыстарға қатысты болжамдарды, тіпті әлемдік элиталардың құпия жоспарларына ишара іздей бастады. Әлеуметтік желілерде мұндай конспирологиялық нұсқалар жыл сайын пайда болады. Кейде олардың танымалдығы журналдың ішіндегі мақалалардың өзінен де асып түседі.

 

The Economist редакциясының өзі мұқабадағы бейнелер арнайы санның ішіндегі мақалалармен тікелей байланысты екенін түсіндіреді. Бұл туралы журнал бас редакторының орынбасары әрі The World Ahead редакторы Том Стендейдж де айтқан. Дегенмен ол конспирологиялық теориялардың танымалдығын әзілмен қабылдайтынын жасырмайды. Стендейдждің айтуынша, редакция кейде оқырмандар одан әрі болжам жасай беруге мұқабаға әдейі бірнеше жұмбақ белгі немесе жаңылыстыратын деталь қосып қояды.


Оқырмандар The Economist-тің 2026 жылғы мұқабасын қалай «талқылады»?


2025 жылы журнал The World Ahead 2026 арнайы санының 40-жылдық шығарылымын ұсынды. Енді 2026 жыл аяқталуға жақындағанда, Life.ru басылымы мұқабадағы белгілермен байланыстыруға болатын 16 оқиғаны санап шыққан.


Ең көп талқыланған белгілердің қатарында мыналар бар:

  • АҚШ туының жанындағы кісен салынған жұдырықты Николас Мадуроға қатысты Венесуэладағы оқиғалармен байланыстырды;

  • төмендеген биржалық графикті Nasdaq индексінің коррекциясына ұқсатты;

  • робот бейнесін Бейжіңдегі жартылай марафонда адам тәрізді Honor роботының жеңісімен байланыстырды;

  • екі көшбасшының сұлбасын Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің Бейжіңдегі кездесуіне ұқсатты;

  • қызыл формадағы футболшыны Испания құрамасының әлем чемпионатындағы жеңісімен байланыстырды;

  • желкенді кемеден Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмінің премьерасына ишара көрді;

  • ойын контроллерін GTA VI ойынының шығуымен байланыстырды.

Мұндай сәйкестіктер оқиға өтіп кеткеннен кейін өте анық көрінуі мүмкін. Психологияда мұны апофения деп атайды, яғни бұл — адамның шын мәнінде ешқандай байланысы жоқ құбылыстардың арасынан заңдылық немесе байланыс іздеуге бейімділігі.


The Economist редакциясының өзі де болжамдарының әрдайым дәл келе бермейтінін мойындайды. 2026 жылдың шілдесінде журнал тіпті Is The Economist always wrong? — «The Economist үнемі қателесе ме?» деген материал жариялады. Онда жасанды интеллект көмегімен 2000 жылдан бері журналдың Leaders бөлімінде шыққан шамамен 7 мың редакциялық мақала талданған. Олардың шамамен 1400-інде кейін тексеруге болатын болашаққа қатысты нақты болжам болған. Талдау қызық нәтиже көрсеткен. Жалпыға ортақ күтумен сәйкес келген болжамдар жиірек орындалған. Ал редакцияның ең батыл әрі тосын болжамдары көбіне қате шыққан. Алайда The Economist көпшіліктен өзгеше, бірақ тым радикалды емес орташа болжам ұсынған кезде — журналдың пайымдаулары жиірек дәл келіп отырған. Материал авторлары болашақты қателеспей болжау мүмкін емес екенін де мойындаған. Мәселен, журнал смартфондар мен биткоинның болашағын дұрыс бағалай алғанымен, мұнай нарығы мен экономикалық рецессияға қатысты кей болжамдарында қателескен. Демек The Economist мұқабасын жыл сайын «болашақтың картасы» ретінде қарастыру қызық болғанымен, ондағы әр белгіні кейін болған оқиғамен байланыстыру оның алдын ала дәл болжанғанын білдірмейді.


The Economist 2027 жылға нені меңзейді?


The World Ahead 2027 жаңа мұқабасын америкалық суретші Клеон Петерсон жасаған. Композицияда саяси тұлғалар, әскери техника, зымырандар, спутниктер, қаржы белгілері және технология мен мәдениетке қатысты бейнелер қатар орналасқан.


The Economist редакциясы 2027 жылы әлемдік күн тәртібіне әсер етуі мүмкін он негізгі тақырыпты бөліп көрсеткен. Олардың арасында рекорд орнататын ыстық, жасанды интеллектке қатысты наразылықтың күшеюі, облигациялар нарығына қысым, «Оземпик» сияқты салмақ азайтуға арналған препараттардың ықпалы, ғарышқа ұшу бағасының арзандауы және Голливудтағы өзгерістер бар.


Редакцияның өзі журналдың басты мақсаты болашақты дәлме-дәл болжау емес, оқырманға ақпарат беріп, ойлануға себеп ұсыну екенін айтады:

 «Біз болжамдарымыздың мінсіз дәл болғанын мақсат етпейміз. Басты міндетіміз — ақпарат беру және оқырманды ойландыру. Әрине, мүмкіндігінше қателескеннен гөрі жиірек дұрыс шыққанымызды қалар едік».

 

Жаңа саны жарық көрген күні Ольга осы қағиданы ұстанып, мұқабаға әдеттегіден басқа қырынан қарауды ұйғарды. Ол мұқабадағы ғимараттар, сәулеттік формалар және олардың композициядағы орны қандай мағына беруі мүмкін екенін талдады.

 «Мұқабаға сәулетшінің көзімен қарасақ, мұнда тек саяси белгілердің жиынтығын емес, қазіргі әлемнің өзіндік моделін көруге болады. Сәулет билік, капитал мен ресурстардың қалай бөлінетінін де көрсетеді. Маған әсіресе ықпалды білдіретін алып ғимараттар, қалалардың тұрақты жұмыс істеуіне қажет инженерлік жүйелер және адамның ең қарапайым баспанасы саналатын шатырлар арасындағы қарама-қайшылық қызық. Бір суреттің ішінде өмір сүру жағдайы мүлде бөлек әлемдер қатар тұр», – дейді Ольга Тураева.


Классикалық портик


Сәулетшінің назарына бірінші болып мұқабаның ортасындағы ғимарат түседі. Ғасырлар бойы мемлекеттер классикалық сәулет үлгілерін билік пен тұрақтылықтың белгісі ретінде қолданған. Ал бұл мұқабада әдетте беріктікті білдіретін ғимарат керісінше әлсіз көрінеді.

«Композицияның ортасында классикалық портигі мен бағандары бар ғимарат орналасқан. Мұндай сәулет үлгісін мемлекеттік мекемелерден, соттардан және қоғамдық ғимараттардан жиі кездестіреміз. Симметрия, бағандар, маңдайша және ғимараттың ауқымдылығы жекелеген саясаткерлер мен бірнеше буын ауысса да, өз орнын сақтайтын тұрақты институт бейнесін қалыптастырады.

Сәулетте мұны репрезентативті қызмет деп атайды. Яғни ғимарат тек белгілі бір қызмет түрін атқарып қоймай, сонымен қатар құндылықтарды, мәртебе мен қоғамдағы тәртіп сақтау түсінігін жеткізеді. Бірақ мұқабада осы тұрақтылық символы графиктер, ақша және қақтығысты білдіретін белгілердің ортасында тұр. Ғимараттың өзі тірегінен айырылып бара жатқандай әсер қалдырады. Осы жерден қызық қарама-қайшылық байқауға болады. Ғимарат тұрақтылықты білдіріп тұрса да, қоғамда қалыптасқан тәртіп негіздері бұрынғыдай берік көрінбейді», – дейді Ольга Тураева.


Trump Tower


Классикалық ғимараттың дәл жанында биік мұнара тұр. Ольга Тураеваның айтуынша, олардың қатар орналасуы кездейсоқ емес: суретші сәулет арқылы ықпал көрсетудің екі түрлі тәсілін бір-біріне қарсы қояды.

«Биік ғимараттар бұрыннан экономикалық қуат пен амбицияның көрінісі болып саналады. Мұндай зәулім үйлер қаланың көркіне айналып қана қоймай, іскерлік белсенділіктің, бәсекелестік пен орасан зор капиталдың символына айналады.

Ал Нью-Йорктегі әйгілі Trump Tower зәулім ғимаратына келетін болсақ, оның мән-мағынасы бұдан да тереңірек. Бұл жерде ғимарат тек баспана емес, ең алдымен – жеке бренд. Иесінің есімі ғимарат сәулетінің ажырамас бөлігіне айналған, сондықтан бұл нысанның өзі алып бір жарнама сияқты жұмыс істеп тұр. Мұндай жағдайда сәулет өнері жоғары мәртебе мен беделді ашық көрсететін басты құралға айналады. Қазіргі қала кеңістігінде тек алпауыт компаниялар мен экономикалық орталықтар ғана емес, танымал жеке брендтер де өзара бәсекеге түсе бастады», – дейді сәулетші.

 

Триумф аркасы


Мұқабаның сол жақ бөлігінде Триумф аркасы бейнеленген. Бұл нысан – мемлекеттік даңқ пен империялық амбицияның символы. Алайда сәулетші оның мұқабада пайда болуын Францияға жасалған қарапайым белгі ретінде ғана қарастырмайды.

«Триумф аркалары тек ескерткіш ретінде салынған жоқ. Олар тарихты биліктің өз ыңғайына қарай бұрмалап, жеңіс туралы түсінікті халықтың санасына сіңіруге салынған. Осылайша, саяси оқиғалар сәулет өнері арқылы қаланың күнделікті өміріне еніп кетті.

Монументалды сәулет өнері бүгін де күш пен ықпалды көрсетудің басты құралы болып қала бермек. Цифрлық технологиялар дамыса да, мемлекеттер өз беделі мен айбынын сездіру үшін әлі күнге дейін осындай тарихи символдарға жүгінеді. Саяси жүйелер мен заман өзгергенімен, биліктің өз үстемдігін зәулім ғимараттар арқылы тасқа қашап қалдыруға деген құштарлығы ешқашан жоғалған емес», – дейді Ольга Тураева.


Кремль мұнарасы және үзілген құбыр


Мұқабаның оң жақ бөлігіне келгенде Ольга Тураева композицияны инженерлік тұрғыдан қарастырады. Қамал қабырғалары мен үзілген коммуникацияның қатар берілуі қазіргі қалалар мен ғимараттардың негізгі ресурстарға қаншалықты тәуелді екенін көрсететіндей.

«Композицияның оң жағында Мәскеу Кремлінің Спасск мұнарасы бейнеленген. Кремль – тарихи қамал ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік резиденция әрі саяси орталық қызметін атқаратын бірегей сәулет ескерткіші. Оның биік қабырғалары, мұнаралары мен қатаң күзетілетін қақпалары сыртқы әлемнен оқшауланған, мығым қорғалған кеңістіктің айбынды бейнесін көрсетеді.

Оның жанында үзілген құбыр тұр. Осы екі белгіні бірге қарасақ, оқшаулану мен сыртқы байланыстардың үзілуі туралы ассоциация пайда болады.

Бұл бейне маған инженерлік тұрғыдан да қызық. Қазіргі қалалар мен ғимараттар инфрақұрылымға қатты тәуелді. Электр жарығы, су, жылу, байланыс пен көлік қалыпты жағдайда өздігінен жұмыс істеп тұрғандай қабылданады. Бірақ жүйеде ақау пайда болғанда ғана олардың қаншалықты маңызды екенін сеземіз.

Ғимараттың мықтылығы тек оның қабырғасы мен іргетасына ғана байланысты емес. Нағыз төзімділік – сыртқы желілер істен шығып, жарық пен су өшіп қалған күннің өзінде ғимараттың өз жұмысын тоқтатпай, дербес өмір сүре алуында. Сондықтан қазіргі сәулет өнерінде жергілікті энергия көздері, күн панельдері, резервтік су қоймалары мен смарт-инженерлік жүйелер жобаның ажырамас бөлігіне айналды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде біз жай ғана үй тұрғызбаймыз, кез келген дағдарысқа төтеп бере алатын, автономды әрі қауіпсіз ортаны жобалаймыз», – дейді Ольга Тураева.


Палаткалар


Сәулетші мұқабадағы ең айқын контраст төменгі бөлікте тұрғанын айтады. Зымырандар, зәулім ғимараттар, спутниктер мен технологиялық белгілердің арасында палаткалар мен кішкентай адам бейнелері орналасқан.

«Біреулер жасанды интеллект пен ғарышты игеру арқылы болашақты жобалап жатқанда, енді біреулер уақытша баспана іздеуге мәжбүр. Мұнда үш түрлі қажеттілікті ажыратып қарау маңызды. 

Төтенше жағдайда қажет баспана адамды дәл осы сәтте пана болуы керек. Уақытша тұратын орын ең аз дегенде жайлылықты, қауіпсіздікті және санитарлық жағдайды сақтауы тиіс. Ал толыққанды тұрғын баспанаға бұдан да көп нәрсе қажет: жеке кеңістік, қолжетімді қызмет түрлері, қоғамдық орындар және қалыпты әлеуметтік орта болуы керек.

Палатка төтенше жағдайда адам өмір сүруіне көмектеседі. Бірақ ол баспананың да, толыққанды қалалық ортаның да орнын баса алмайды.

Меніңше, бүкіл композициядағы ең өткір тұс – осы. Өйткені технологиялық прогресс өздігінен адамзаттың баспана мәселесін шешіп тастады дегенді білдірмейді. Адамзат аса күрделі инженерлік жүйелер жасап, ғарышты игеріп жатса да, миллиондаған адамға қауіпсіз өмір сүруге қажетті ең қарапайым жағдайды қамтамасыз ете алмауы мүмкін», – дейді Ольга Тураева.


Екі параллель әлем


Сөз соңында Ольга мұқабадағы барлық белгіні біртұтас картина ретінде байланыстырады. Сәулетшінің пікірінше, бұл мұқаба болашақтың қоғамның әртүрлі топтары үшін қаншалықты әрқалай көрінуі мүмкін екенін анық көрсетеді.

«Бір жағында – монументалды сәулет, зәулім ғимараттар, технологиялық кешендер, энергетикалық инфрақұрылым мен ғарыш бағдарламалары. Бұл жерде өмір сүрудің мүлдем екі түрлі жағдайы сөз болып тұр. Бірінші жағдайда (қалыпты өмірде) – сәулет өнері заманауи технологияға, жайлылыққа, үйлердің өздігінен қуат алуына және жоғары өмір сапасына бағытталған. Екінші жағынан – дағдарыс: байланыс үзілген, қақтығыстар жүріп жатыр, адамдар уақытша баспаналарды паналауға мәжбүр. Мұндағы басты мақсат — сәулеттің сұлулығы емес, адамдардың аман қалуына ең қарапайым қажеттіліктерді (баспана, жылу, қауіпсіздік) қамтамасыз ету.

Сондықтан бұл мұқабаны жеке-жеке символдардың жиынтығы ретінде емес, біртұтас композиция ретінде қарастырған маңызды. Оның мәні әдетте бір-бірінен мүлде бөлек әлемдерге тиесілі нысандардың қатар қойылуынан туады. Мұнда зәулім ғимарат пен палатка бір кеңістікте тұр. Ал осы қарама-қарсылықтың өзі қазіргі қоғам туралы саяси символдардан кем айтпайды», – дейді сәулетші.

Қорытынды


The Economist мұқабасын талдау бір үлкен сұраққа әкеледі: қалаларымыздың кеңістігін қалыптастыратын адамдар ең алдымен қандай құндылықтарды ескеруі керек?


Ольга Тураеваның пікірінше, дамудың басты өлшемі адамның өмір сапасы болып қалуы керек.

«Сәулетшілер инновация, тұрақты даму, жаңа материалдар мен технологиялар туралы көп айтады. Бірақ мұның бәрі адамдардың өмірін шынымен жақсартқанда ғана мәнге ие. Егер жаңа мүмкіндіктер қоғамның шағын бөлігіне ғана қолжетімді болса, технологиялық жетістіктің өзі жеткіліксіз.

Сәулет әрдайым өз дәуірін көрсетеді. Одан қоғамның ресурстарды қалай бөлетінін, нені құнды санайтынын және болашағын қалай елестететінін көруге болады. Сондықтан мен болашақ сәулетін ғимараттардың биіктігімен, технологиялардың күрделілігімен немесе инженерлік жүйелердің тиімділігімен ғана бағаламас едім. Ең маңыздысы – ол адамға қаншалықты қауіпсіз әрі толыққанды өмір сүруге жағдай жасай алады», – дейді сәулетші.

Бөлісу: