EdTechҒылымНеліктен кейбір адамдар көңілімізге жақпайды

Неліктен кейбір адамдар көңілімізге жақпайды

20 сәуір 2026
5 мин
Три причины, по которым люди нам могут не нравиться
Фото: Tamga Media / ЖИ

Ол ештеңе бүлдірген жоқ. Көңілге тиетін сөз де айтпады. Тек лифтіге кіріп, қасыңа тұра қалды, ал сіз келесі қабаттан-ақ түсіп қалғыңыз келді. Ал кейде бірге жұмыс істегеніңізге жарты жыл болған әріптесіңіздің сөзі түзу болса да, бір қылығы жүйкеңізге тиіп, қаныңызды қарайтады. Мұны шаршағаннан, көңіл-күйдің жоқтығынан немесе өз мінезіңізден деп ойлайсыз. Бірақ мәселе екеуіңізден де емес, ойланып үлгергенше іске қосылып кететін нейробиологиядан болуы әбден мүмкін. 

Адам кейбіреулерді бірден жақтырмай қалса, бұл еркелігінен не іштарлығынан емес. Оның себебі – ағзамызда ертеден қалыптасқан «жатсыну» механизмі. Бұл жүйе үш нәрсеге қарайды: адамның иісі, бет-әлпетіндегі ұсақ өзгерісі және қимыл-қозғалысының үйлесімі. Осы белгілер арқылы миымыз бірден «жақын» не «бөтен» деп қабылдайды. Tamga Media осы құбылыстың мәнін түсіндіріп көрді.


Сіз сезбейтін иіс


1995 жылы швейцариялық биолог Claus Wedekind қызық тәжірибе жүргізді: ол ер адамдардан бір жейдені екі күн бойы шешпей киіп жүруді сұрады. Кейін әйелдерге сол жейделерді иіскетіп, қайсының иісі ұнайтынын таңдауды өтінді. Нәтижесінде таңғаларлық: әйелдер өзінің иммун жүйесіне ұқсамайтын, яғни гендері мейлінше ерекшеленетін (Major Histocompatibility Complex – MHC) ерлердің иісін көбірек таңдаған.


MHC – иммун жүйенің «өзіміздің» және «бөтен» жасушаларды ажырататын бөлігі. Эволюция тұрғысынан алсақ, серігіңіздің иммун бейнесі сіздікінен алыс болса, балаларының ауруға төзімдірек болады. Ағза мұны сезеді, ал сана – білмейді. Сондықтан бұл ақпарат ой ретінде емес, сезім ретінде жетеді. Яғни адамның иісі я жағымды, я жағымсыз болып көрінеді.


Сіз өзгенің генінің иісін сезбейсіз. Тек сол адамның қасында өзіңізді жайсыз сезінесіз.


Көп адам біле бермейтін бір жайт бар: гормон контрацептивтерін қабылдағанда ағзаның кейбір табиғи “таңдау” сигналдары өзгеріп кетуі мүмкін. 2008 жылғы зерттеу көрсеткендей, мұндай дәрілерді ішетін әйелдерде ер адамды иісін сәл басқаша бағалайды. Яғни, кейде олар иммун жүйесі өзіне көбірек ұқсайтын еркектерді де тартымдырақ сезінуі мүмкін. Сондықтан мынадай жағдай кездесіп жатады: адам дәрі ішіп жүрген кезде біреуді қатты ұнатып, жақын болып қалады, ал кейін дәріні тоқтатқанда сол адам бұрынғыдай тартымды болмай қалады. 


Бірақ мұны бірден “қарым-қатынас бұзылды” деп емес, ағзаның гормон күйі және адамның қабылдауы да аздап өзгерді деп түсінген дұрыс.


Мұрын бұл сигналдарды иіс сезу эпителийі арқылы тікелей лимбикалық жүйеге – санаға соқпай жеткізеді. Сіз ой түйіп үлгергенше, тәніңіз шешім қабылдап қояды.


Ми бет-әлпетті сізден бұрын таниды


Амигдала (бадамша без) – мидың тереңінде орналасқан, қауіп-қатерді сезетін шағын аймақ. Ол бейтаныс бейнеге шамамен 33 миллисекунд ішінде жауап қайтарады. Ол жаңа нәрсеге санадан бұрын өте жылдам реакция бере алады. Сондықтан кейде біз бір адамның бетіне толық қарап үлгермей жатып-ақ “ұнайды не ұнамайды” деген сезім пайда болады. фМРТ зерттеуі бойынша, адам эмоциялық бағалауды саналы ойдан бұрын іске қосып қояды.


2003 жылы нейропсихологтар Ито мен Урланд мынадай жаңалық ашты: ми алғашқы көзқарастан кейін 170 миллисекунд ішінде-ақ адамды «өзімізге ұқсайтын» немесе «ұқсамайтын» деп бөліп тастайды. Оған бірнеше секунд емес, секундтың мыңнан бір бөлігі ғана жеткілікті. Мұндай талдау беттің симметриясы, тыныш күйдегі мимика және көз айналасындағы бұлшықет тонусы сияқты майда белгілерге сүйенеді.


Бұл жерде микромимиканың рөлі ерекше. Бетте 1/25-тен бастап 1/5 секундқа дейін ғана созылатын, еріксіз пайда болатын реакциялар болады. Бет-әлпетті ондаған жыл бойы зерттеген Пол Экманның айтуынша, адам өз сезімін жасырып бақса да, ми оның ішіндегі менсінбеу, жиіркену немесе астыртын агрессия белгілерін оқып қояды. Сіз ол құбылысты байқамасаңыз да, амигдала бәрін тіркеп үлгерді.


Ми 170 миллисекунд ішінде алдында кім тұрғанын біліп қояды. Қалған уақытты тек сол шешімді өзіне негіздеп түсіндіруге жұмсайды.


Мұнда механизмнің табиғатын түсінген маңызды: мұның жаман ниетке қатысы жоқ. Амигдала «жаман адамдарды» емес, «бейтаныс, үйреншікті емес» дүниені сезгенде қозады. Демек, адамды жақтырмау – жай ғана өзгеше мәдени кодқа, бөтен мимикаға немесе басқаша сөйлеу мәнеріне қайтарылған реакцияңыз болуы мүмкін. Жүйе өзіне жүктелген міндетті атқарып, «өзгешелік» туралы белгі берді. Ал сол белгіге қалай қарау керек екені – бұл енді басқа мәселе.


Тән өзгенің ырғағын сезеді


Үшінші механизм онша байқалмайды, бірақ күші өте қуатты. Адамдар бір-бірімен үнемі үндесіп отырады. Яғни, сөйлеу мәнері, қимыл-қозғалыс, тыныс алу ырғағы – бәрі өзара үйлесім табады. Мұны айналы нейрондар жүзеге асырады. Олар біз бір істі өзіміз істегенде де, біреудің әрекетін сырттай бақылағанда да бірдей қозады.


Сіз өзіңізге ұқсас ырғақтағы адаммен сөйлескенде, тәніңіз онымен еріксіз үндесе бастайды. «Мінез-құлық синхрониясы» деп аталатын бұл құбылыс ешбір сөзсіз-ақ сенім мен жақындық сезімін ұялатады. Кері әсер де дәл солай: біреудің ырғағы мүлдем басқа болса, тым баяу немесе тым бейберекет көрінсе, қимылы сөзіне, қарасы күлкісіне сай келмесе, тән мұны қауіп сигналы деп қабылдайды.


Сондықтан кейбір адам ауыз ашпай жатып-ақ «жағымсыз» көрінеді. Олардың қозғалыс бейнесі сіздікімен үйлеспей тұруы мүмкін. Мұндай сәйкессіздікті адамның мінезін бағалауда негіз етпеген жөн, бірақ тәнің өз қорытындысын әлдеқашан шығарып қойған.


Бұл мәліметті қалай кәдеге жаратамыз?


Ең әуелі мынаны ұмытпаңыз: механизмнің қалай жұмыс істейтінін біліп, реакцияны жоққа шығармай-ақ, оған соқыр сенуден арылуға болады.


Адамды жақтырмау – жай ғана бір белгі. Амигдала қателесуге бейім: ол көбіне жай ғана «өзгешелікті» «қауіп» деп қабылдап жібереді. Егер біреу көңіліңізге жақпаса, өзіңізден: «Мынау расымен қауіп пе, әлде маған ұқсамайтын өзгешелік пе?» деп сұрап көріңіз. Тән екеуін де бірдей жеткізгенімен, олардың астары екі бөлек.


Екіншіден, бұл үдеріс екі жаққа бірдей әсер етеді. Сізде еш арам ой болмаса да, сіздің иісіңіз, мимикаңыз мен ырғағыңыз біреуге ұнамауы мүмкін. Тәннің қабылдамауы – ешкімнің жеке басына қатысы жоқ, екіжақты әрі табиғи құбылыс.


Үшіншіден, үндесіп тіл табысуды үйренуге болады. Сөйлеп жатқан адамға ыңғайланып сөйлеу мәнерін баяулату немесе тездету, қимылын қайталау, тыныс алуды теңестіру – «жатсыну» сезімін азайтатын тиімді құралдар. Кәсіби келіссөз жүргізетін жүргізушілер мен терапевтер мұндай әдістерді дағдыға айналдырған.


Тән шешімді жылдам қабылдайды, бірақ сіз ол шешімді қайта қарай аласыз.


Төртіншіден, гормон дәрілер қабылдап жүріп, болашақ жарыңызды іздесеңіз, тым болмаса бір рет дәрісіз, «табиғи» күйде кездесіп көрген жөн. Дәрінің зиянынан бұрын, бұл жерде иіс сезу сканерінің басқаша бапталғанын ескеру қажет.

Бөлісу: