Қайырымдылық – айналаны жақсарту үшін адамдарға, жануарлар мен ұйымдарға өз еркімен, қайтарымын күтпестен көмек беру. Ал альтруизм – эволюцияның бір бөлігі, ол адамдардың бір-бірімен тату өмір сүріп, өсіп-өнуіне көмектеседі. Осы игі іске қаржы сауаты тұрғысынан қарасақ қалай болады? Бұл мақалада қайырымдылық неліктен тек мейірім мен аяныш сезімдерінен тұрмайтынын мақалада айтамыз.
Мәні неде?
Адам баласы тек өз туыстарына емес, ұлты, діні, мәдениеті бір, өзіне жақын кез келген жанға көмектеседі. “The Science of Giving” кітабында айтылғандай, мұндайда адамның ішіндегі жанашырлығы пен адамгершілігі оянады. Бұл – әркімнің өз қалауымен жасайтын ісі. Оған қарап өмірде не нәрсені бағалайтынын түсінуге болады.

Көмектесудің жолы өте көп: бірінші жолы – ақша, киім-кешек, тамақ, дәрі-дәрмек пен баспана беріп, қарайласу. Мұны өзіңіз апарып берсеңіз де, тіпті арнайы қорлар мен қоғамдық ұйымдар арқылы жолдасаңыз да болады, олар ары қарай мұқтаж жандарға өздері үлестіреді.
Ал екінші жолы – дүние-мүліксіз-ақ қол ұшын созу, яғни уақытыңыз бен біліміңізді аямай, біреуге кеңес беріп, үйретіп, бағыт сілтеу, ерікті болу да жатады. Негізі адамдар қайырымдылықтың қай түрімен болсын әлімсақтан бері айналысып келеді.
Қайырымдылықтың түрлі халық пен діндегі орны
Қайырымдылық күні кеше пайда бола қалған жоқ. Әлемдегі үлкен өркениеттің бәрі дерлік арнайы қорлар мен банк аударымдары пайда болмай тұрып-ақ, мұқтаж жандарға көмектесу жолын әлдеқашан тауып қойған.
Мысалы, Ислам дінінің негізінде қоғамның әділдігі жатыр. Зекет (исламның бес парызының бірі) – кедей-кепшік пен мұқтаж жандарға жылына бір рет беретін міндетті салық. Оның мөлшері – адамның жинаған дүние-мүліктің 2,5%-ына тең. Осылай, адамдар кедейліктен арылып, жомарт болуды үйренеді, іштегі қызғаныш пен сараң сезімнен тазарады. Садақаны әркім өз еркімен береді, сондықтан оның уақыты мен сомасына ешқандай шектеу қойылмайды. Садақа тек ақшамен өлшенбейді: біреуге сабыр сақтау, жанашыр болу, әлде кешіріммен қарау да Алла ризалығы үшін жасалатын жақсылыққа жатады.

Ал христиан дінінде біреуге еш қайтарымсыз жақсылық жасау – шынайы махаббаттың көрінісі. Адам жақсылық жасап, Құдайға және айналасына сүйіспеншілігін көрсетеді. Олардың түсінігі бойынша, байлықты жұмсаудың ең дұрыс жолы – кедейлерге қарайласу. Православтарда әркім өз бетінше, адамнан адамға тікелей көмектессе, протестантизмде бүкіл қоғам бірлесе кіріседі. Тіпті XVI-XVII ғасырларда Ресейде кез келген атағы бар немесе бай адам мұқтаждарға қарайласуды басты міндеті санаған.
Иудаизмде садақаны «цдака» дейді, оның мағынасы жай ғана жанашыр болудан гөрі әділдікке көбірек келеді. Садақа беру – діндегі басты парыздың бірі, ол кедей-кепшік пен мұқтаж жандарға қарайласуды міндеттейді. Ең қызығы, мұнда көмектесу адамның өз еркінен гөрі, тікелей міндеті.
Индуизм мен буддизмде ешқандай пайда ойламай, шын ниетпен садақа беруді «дана» деп атайды. Буддизмде адам мақтау әлде сыйлық күтпестен, таза ниетпен көмектесуі керек. Тіпті «іштей өзімді жақсы сезінейінші» деген ойдың өзі таза ниетке жатпайды. Шығыс діндері қайырымдылық жасауды әлеммен үйлесім табу деп біледі, өйткені дүниеде бәрі өзара байланысты. Сондықтан өзгеге қол ұшын созу – өзіңе жақсылық жасап, жан тыныштығы мен бақытқа кенелудің жолы.
Сондай-ақ, қазақта бүкіл жұрт болып жұмылатын «асар» дәстүрі бар. Негізгі мақсаты – өзгеге қарайласу, мысалы, үйі өртеніп кеткен жанға бүкіл ауыл баспана тұрғызып береді, әлде жұттан мал қырылғанда қайтадан мал жинайды. Ертеректе «жұртшылық» салты болған, мұндайда жұрт ортадан дүние шығарып, қарызға батқан жанға көмектесетін, айыппұлын төлейтін немесе қалың мал жинауға қол ұшын созатын. Ал Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар жинағында жылу жинау жай ғана әдет-ғұрып емес, мемлекеттік маңызы бар заң деп бекітілген.

Қайырымдылық пен қаржылық сауаттың байланысы неде?
Көне дәстүрлерді былай қойып, қазіргі заманға қарасақ, қаржы мамандары да қайырымдылық жасау туралы жиі айтады. Себебі қаржылық сауат тек бюджет, несие әлде инвестиция емес. Ақшаны толық басқарудың төрт жолы бар, олар – табу, жұмсау, жинау және өзгеге бөлісе білу. Әттең, көбіміз осы соңғысын елей бермейміз. Ал ақша тауып, жинауды білгенімен, оны шын ниетпен бере алмайтын адамды толық қаржы сауаты бар дей алмаймыз.
Адам ай сайын тұрақты садақа беріп, шығынын алдын ала жоспарлап, оны бюджетке қосуға үйренеді. Мұндай дағды зейнетақыға әлде үлкен бір затқа ақша жинаумен бірдей. Бұл әдеттің кәсіпкерлер үшін де пайдасы зор, өйткені қайырымдылық компанияның имиджін жақсартып, іскерлік беделін нығайтады, сондай-ақ жауапты инвесторлар жиналған жаңа нарықтарға жол ашады. Салық жағынан да кәсіпкерлер ұтылмайды. Мысалы, Қазақстанда компаниялар табысының 3-4%-ын қайырымдылыққа жұмсаса, осы сомадан салық төлеуден босатылады. Бұл жеңілдік басқа елдерде де бар.
Психологияда қайырымдылық жасау адам санасын ақшаның жеткілікті екеніне және оның бір жерде тұрып қалмай, үнемі айналымда болатынына сендіреді. Шын мәнінде, өзгемен емін-еркін бөлісе алатын адам іштей өзін ешқашан кедей сезінбейді. Мұндай рухани күйден бөлек, нақты қай қорға көмектесетінін таңдап, содан да өзін тереңірек танып, өмірде өзіне не маңызды екенін түсіне бастайды.

Қайырымдылық неден басталады?
Қайырымдылық жасау үшін жасқа қараудың немесе қалтаның қалың болуын күтудің қажеті жоқ, оны кез келген адам бастай алады. Ең бастысы – бұл іске шын ниетпен, саналы түрде кірісу.
Ол үшін әуелі жаныңызға жақын бағытты таңдап алған жөн. Не нәрсе сізді көбірек толғандырады: балалар ма, жануарлар ма, әлде білім, медицина, экология ма? Мақсат неғұрлым нақты болса, алғашқы қадамды жасау да соғұрлым жеңілдейді әрі жасаған көмегіңіз өзіңізге шынайы қуаныш сыйлайды.
Қалтаңызға салмақ түсірмейтін соманы белгілеңіз. Мысалы, Батыста табыстан 10% берсе, исламда жиналған мал-мүліктің 2,5%-ы зекетке беріледі. Негізі нақты ереже жоқ, әдетте адамдар жалақысының 1,5-2 %-ын жұмсайды. Мұндайда аз садақа болмайды, бастысы, берген ақшаңыз қалтаңызға да, көңіліңізге де ауырлық түсірмеуі керек.
Тұрақты түрде көмектесу үшін сенімді қор табыңыз. Ақша аудармай тұрып, ұйымды тексеріп, оның мақсатымен, жиналған қаражатты бөлу ережесімен танысыңыз. Сайтынан соңғы қаржылық есептерін де қарап алыңыз.
Төлемді автомат түрде қосып қою. Қазір қорлардың сайтында ақшаны бір рет қана аудару немесе ай сайын тұрақты жіберіп тұру функциясы бар. Оны қоссаңыз, картаңыздан сіз таңдаған сома өздігінен түсіп отырады. Мұндай тұрақты көмек қор жұмысын жоспарлауға әрі оның қамқорлығындағы жандардың қолдаусыз қалмауына көмектеседі.
Қайырымдылық тек ақша беру емес. Тәжірибелі мамандар мұқтаж жандарға бағыт-бағдар сілтеп, кеңес айтып немесе өз ісін тегін атқарып беріп те көмектесе алады. Мысалы, заңгер құжат тексереді, дизайнер жоба безендіреді, ал бухгалтер есеп-қисап жүргізеді. Мұндайда маманның бір сағат бөлген уақыты мен тәжірибесі кез келген ақшалай аударымнан да құнды.
Қайырымдылық байлардың ермегі немесе жай ғана діни жоралғы емес, бұл – адамның қаржылық мәдениетін көрсетіп, оның үлкен бір игі іске ортақтасуына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Өйткені бөлісе білетін адам әрдайым өзіне еселеп қайтатынын да біледі.
Байлар туралы сөз шыққан соң, соңында олар жайлы да айта кетейік.
Байлық пен қайырымдылық
Шотландиядан көшіп келген кедей отбасының ұлы Эндрю Карнеги қара жұмысшыдан Американың ең бай адамына дейін көтерілді. Ол «Байлық ізгілігі» эссесінде байлықты қоғам игілігімен бөлісудің дұрыс екенін айтып, өз қаражатының 90%-ын қайырымдылыққа берді. Оның ақшасына әлемде мыңдаған қоғамдық кітапхана, университет пен концерт залы салынды.
Джон Рокфеллер бірінші жұмысынан бастап-ақ табысының 10%-ын шіркеуге беріп отырған. Адамзат тарихындағы ең бай адам артына қазір де жұмыс істеп тұрған қайырымдылық қорын қалдырды. Осындай ірі капиталды игі іске бағыттау дәстүрін кейінгі дәулеті бар адамдар да жалғастырды.
Билл Гейтс пен Уоррен Баффет 2010 жылы “Giving Pledge” қозғалысын бастап, миллиардерлерді байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа беруге шақырды.
Соның нәтижесінде Гейтс өз жинағының 95%-ын берген.

«Тағдыр бізге үлкен бақ берді, бұған тек алғыс айтамыз. Алайда осындай үлкен сыйдың артында оны дұрыс жұмсаудың үлкен жауапкершілігі тұр», – Билл Гейтс.
Ал Баффеттің өзі бүкіл тапқан табысының 99%-ын беретінін айтты.
«Өзім қалағанның бәрі менде бар, тіпті артығымен жетеді. Ал сол артық дүниені өзгелерге беремін», – дейді Уоррен Баффет.
2026 жылғы мамырға дейін «Клятва дарения» қозғалысына 261 отбасы қосылды, олардың қатарында Илон Маск та бар. Осы бастаманы 27 жасында-ақ қолдаған Facebook негізін қалаушылардың бірі Дастин Московиц өз ойын былай түйіндейді: «Көп ұзамай-ақ, бұл байлықтың бүкіл әлемге тиесілі екенін түсіндім».



