Бірнеше жыл бұрын спортзалға барудың себебін сұрасаңыз, жауап көбіне бірдей болатын: арықтау, бұлшықет өсіру немесе формаға келу. Қазір фитнеске деген көзқарас өзгеріп келеді. Әсіресе Z ұрпағы немесе зумерлер үшін жаттығу денені шынықтыру ғана емес, психологиялық күйді реттеу, жаңа адамдармен танысу және белгілі бір өмір салтының бір бөлігіне айналды.
«Жақсы көріну» емес, «жақсы сезіну» тенденциясы
ДДСҰ мәліметінше, қозғалыс тек денеге ғана емес, психикаға да пайдалы. Ол күйзеліс пен мазасыздықты азайтып, ұйқыны жақсартуға көмектеседі. Бұл әсіресе зумерлер үшін маңызды. Себебі әлеуметтік желі, ақпараттың көптігі, оқу мен жұмыс көптеген жастарға псифхологиялық қысым түсіреді. Сондықтан көп адам үшін спорт күйзелістен арылудың бір тәсіліне айналған.

Бұрын жаттығудың басты мақсаты «жақсы көріну» болса, бүгінде көптеген жас үшін маңыздысы – «өзін жақсы сезіну».
Әрине, сырт келбет те әлі маңызды. Бірақ McKinsey Health Institute зерттеуіне сәйкес, олар денсаулықты тек дене дайындығымен емес, ұйқы сапасы, көңіл күйі, энергия деңгейі және жақын адамдарымен қарым-қатынасы арқылы да бағалайды.
Залдағы «вайб» та маңызды
Фитнес-тренер Вадим Кимнің айтуынша, Z ұрпағы үшін жаттығудың өзі ғана емес, спортзалдағы атмосфера мен орта да маңызды. Әдемі әрі жайлы интерьер, тазалық, жақсы сервис, тіпті кофе мен балама сүттің болуы да олардың таңдауына әсер етеді.
Тренердің байқауынша, зумерлер достарымен бірге спортзалға немесе жүгіру клубына барғанды ұнатады. Сондықтан кейде спортқа бару туралы шешімге жаттығудың өзінен гөрі, ондағы орта мен бірге уақыт өткізетін адамдар көбірек әсер етеді. Мұны кейінгі жылдары танымал болған жүгіру клубтары, Hyrox, CrossFit, падел және басқа да топтық жаттығулардан байқауға болады.

Вадим Ким, жаттықтырушы:
«Қазір белгілі бір фитнес-клубтың мүшесі болу жастар үшін әлеуметтік тұрғыдан да маңызды болуы мүмкін. Фитнес біртіндеп өмір салтының ғана емес, әлеуметтік мәдениеттің де бір бөлігіне айналып келеді».
Сондықтан қазір көптеген заманауи фитнес-клубтар кофе бұрышын ашады, коворкинг ұйымдастырады, жүгіру клубтарын іске қосады, шеберлік сабақтары мен бранчтар өткізеді. Кейбірі тіпті DJ кештері немесе тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырады.
Контент те мотивацияға айналды
Бұрын адамдар көбіне соңғы нәтижесін ғана көрсетсе, қазір жаттығудың бүкіл процесін бөліседі Фитнес-тренер Вадим Кимнің айтуынша, мұндай видеолар көптеген жасты спортпен айналысуға ынталандырады. Біреулер сүйікті блогеріне қарап залға жазылса, енді бірі әлеуметтік желі арқылы жүгіру клубын тауып, кейін оған өзі де қатыса бастайды. Кейін өз тәжірибесін әлеуметтік желіде бөліседі.

Оған қоса әлеуметтік желілерден жаттығу бағдарламаларын тауып, дұрыс техника үйренуге болады. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Бұл кейде мінсіз дене туралы түсінікті де күшейтеді. Адам күнде дене бітімі мінсіз адамдардың видеоларын көріп, өзін олармен салыстыра бастауы мүмкін. Сондықтан бүгінгі фитнес мәдениетінде екі үрдіс қатар жүріп жатыр: бір жағынан спорт денсаулықты жақсартуға көмектеседі, екінші жағынан әлеуметтік желідегі фитнес контенті сыртқы келбетке қатысты қысымды күшейтуі мүмкін.
Зумерлер шынымен көбірек қозғала ма?
Фитнес мәдениеті жастар арасында танымал болғанымен, бұл барлық зумерлер физикалық тұрғыда белсенді дегенді білдірмейді. ДДСҰ мәліметінше, әлемдегі 11-17 жастағы жасөспірімдердің шамамен 80%-ы денсаулыққа жеткілікті деңгейде қимылдамайды. Сондықтан TikTok-та фитнес видеоларының миллиондаған рет қаралуы жастардың бәрі белсенді өмір салтын ұстанады деген сөз емес.
Қорытындыласақ, фитнеске деген көзқарастың өзгеруі жастардың денсаулық туралы түсінігінің де өзгергенін көрсетеді. Бәлкім, бүгінгі фитнес мәдениетінің ең үлкен жетістігі – жастарды спорт туралы көбірек ойландырып, оған қызықтыра алуы шығар. Ендігі маңызды міндет – сол қызығушылықтың әлеуметтік желідегі контентпен ғана шектелмей, күнделікті қозғалыс пен тұрақты әдетке айналуы.



