Бұған дейін әлемде адамдардың көбіне ортақ түстер көретіні туралы жазған едік. Бұл жолы бірдей түстердің неге жылдар бойы қайталанатынын анықтаймыз. Неліктен психологиямыз бұрын көрген түстегі оқиғаны қайта көре береді, мұның артында не жатыр? Сұрақтардың жауабын Tamga Media психолог Василий Банюкпен бірге іздеп көрді.
Түс туралы зерттеулер
Таңға дейін бірнеше түс көргенімізбен, таңертең көбін ұмытып қаламыз. Бірақ кейде «тағы да осы түс пе...» дегізетін таныс сюжет қайталанады. Психологияда мұндай түстерге Карл Юнг енгізген «рекуррентті», яғни қайталанатын түстер деген анықтама береді.
Түсті қайталап көру қаншалық жиі кездеседі?
Түсті зерттеуші Антонио Задраның айтуынша, ересектердің 60-75%-ы өмірінде кемінде бір рет түстерді қайталап көреді.
Қай жастан басталады?
Мұндай түстер әдетте бала кезден басталуы мүмкін. Gauchat пен оның әріптестерінің 2015 жылғы зерттеуіне сүйенсек, 11 жастағы балалардың 35,3%-ы соңғы бір жылда түстерінің қайталанғанын айтқан, өскен сайын көрсеткіш төмендей берген. Балалар мен ересектердің түсі мазмұны жағынан әртүрлі. Балалар көбіне құбыжықтар, жануарлар туралы көрсе, ересектер біреудің соңынан қуып, кикілжің мен қауіп төніп тұратындай дүниелер көреді.

Эмоциялық сипаты қандай?
Антонио Задраның дерегінше, қайталанатын түстердің 60-85%-ы жағымсыз эмоция қалдырса, тек 10%-ға жуығы көңілге қуаныш сыйлайды, ал қалғаны аралас немесе бейтарап сезімдер тудырады.
Қайталанатын түстерге қатысты мифтер
Психолог Василий Банюк адамдардың түс туралы қате түсініктерге (мифтерге) сенетінін айтады. Ол түпсанамен жұмыс істейтін маман ретінде Юнг психоанализіне сүйеніп, ел арасында кең тараған ең басты 3 қате пікірді жоққа шығарады:
1-миф: Түстегі әрбір символдың дайын жоруы бар
Бәріне ортақ түстің дайын мағынасы болмайды. Түстің түпкі мәні әр адамның өмір жолына, қазіргі жағдайына, ішкі сезімдері байланысты болады.
2-миф: Қайталанатын түс болашақты болжайды
Мұндай түстер ешқандай да аян емес. Бұл – ішкі жан дүниеміздің айнасы. Олар санамызда тығылып жатқан үрейді, өткен күндерде болған әлі күнге дейін ұмытылмаған сәттерді, өзіңізді мазалап жүрген жағдайларды көрсетеді.
3-миф: Түсті мүлдем елемеу
Мұндай түстерді басқа әлемнен келген хабар деуге де, мәнсіз суреттер деп елеусіз қалдыруға да болмайды. Түс – біз назар аударуымыз керек маңызды ойлар мен сезімдердің көрінісі.

Түс қайдан пайда болады?
Классикалық психология бұл құбылысты екі түрлі мектептің пайымымен түсіндіреді:
Психоанализ (Зигмунд Фрейд, 1900 жыл)
Фрейд өзінің әйгілі «Түс жору» («Толкование сновидений») еңбегінде түсті «күндіз болған оқиғалардың қалдығы» деп атады. Оның айтуынша, адам ояу жүрген кезде бойындағы қорқыныштарын басып, қалауын жасырып, сезімдерін ашық көрсетпейтін болса, оның бәрін түсінде көреді.
Аналитикалық немесе жүйелі психология (Карл Густав Юнг, 1910-1920 жылдар)
Юнгтің пікірінше, түс тек іштегі жасырын тілектердің көрінісі емес, психиканың өзін-өзі реттеу құралы екенін дәлелдеді. Түс бізге байырғы, бәріне ортақ бейнелер (архетиптер) тілінде сөйлесіп, ішкі тепе-теңдікті қалпына келтіруге және қиын жағдайдан шығатын жолды табуға көмектеседі.
Интегратив бағыты
Василий Банюк өзінің жұмысында психологиядағы түрлі тәсілді біріктіріп қолданады. Оның айтуынша, біз ішіміздегі уайымдарымызды байқамай жүргеннен бір түсті қайталап көре береміз.
«Бір түсті қайта-қайта көрудің себебі адам өмірінде болып жатқан оқиғаларды қайта саралауының белгісі. Яғни, өмірінде не болып жатқанына назар аудару: қазір қандай шешімдер қабылдап жатыр, неден қашады, іштей ұнатпаса да қандай қарым-қатынастан бас тарта алмайды және қайта-қайта қандай қателіктерге ұрына береді. Бұрыннан шешілмей, кейінге қалып жатқан мәселенің бар екенін осындай түстер арқылы аңғаруға болады. Адам күндіз өзіне “менде бәрі дұрыс” деп, үйреншікті жұмысы мен өмір салтын жалғастыра беруі мүмкін. Ал түнде психикамыз мүлдем басқа суретті көрсетеді».
Түс пен шынайы өмірдің байланысы
Неміс ғалымдары Михаэль Шредл мен Фридрих Хофманн түс пен өңнің сабақтастығы гипотезасын зерттеді. Олардың бұл жұмысы 2003 жылы “Consciousness and Cognition” журналында “Continuity between waking activities and dream activities” деген атаумен жарық көрді.
Ғалымдар түп-санамыз күндізгі эмоциялар мен ойларды тура көрсетпей, мағыналы бейнелер (метафоралар) арқылы жеткізетінін айтады.

Мысалы:
Аллергияға қарсы дәрі алуды ұмытсаңыз: түсіңізде ғарыш станциясында оттек баллоны сынып, дем ала алмай жатуыңыз мүмкін.
Күні бойы қоңырау күтсеңіз: түсіңізде айдалада маякта қалып, хабар әкелетін кемені зарыға тосасыз.
Таңертең қатты кешігіп қалсаңыз: түсіңізде жүгіргіңіз келсе де, аяғыңыз батпақ құмға батып, қала бересіз.
Құжат жоғалтудан қорықсаңыз: түсіңізде айнаға қарағанда өз жүзіңізді таппай, мүлдем басқа адамды көресіз.
Неліктен кейбір түстер қайта-қайта оралады?
Ғалымдар әлі күнге дейін бір сюжеттің бірнеше мәрте қайталануын анықтауды. Десе де, түстің қайталануы бәріне анық іштегі эмоциялық күймен тығыз байланысты.
Сізді бір жағдай неғұрлым қатты уайымдатса, соған байланысты сюжет те соғұрлым жиі қайталанады. Мысалы, қарапайым бір дәріні алуды ұмытсаңыз, бос сөрелер түсіңізге бір-ақ рет кіреді. Ал егер ол дәрі өте қажет болып, оны іше алмай қаламын деп қорықсаңыз, ми мұны қауіп деп қабылдайды. Сондықтан іштегі үрей басылғанша, бұл қорқыныш түсіңізде қайталана беретін көрініс болып кіре береді.
Сол сияқты, жай курьердің қоңырауын күту - бір сәттік түс болып өтеді. Ал егер бұл өміріңізді өзгертетін маңызды қоңырау болса, соны өткізіп алам ба деген уайыммен бір түсті апта бойы көре бересіз.
Бұрынғы түсті неге қайтадан көреміз?
Өміріңіз тыныш, әрі күйзеліссіз өтіп жатқан сәтте баяғыда сүйекке сіңген, ұмытылған ескі қорқыныш түсті қайтадан көруіңіз ғажап емес.
Психолог Василий Банюктің айтуынша, ескі түстің қайта бой көрсетуі ішкі жайсыздықтың белгісін білдіреді. Сырттай бәрі жақсы көрінгенімен, «бір нәрсе дұрыс емес» деген сезім жылт еткенде, ми бұрыннан таныс қорқыныш көріністі қайта алып шығады.
«Бұрын көрген түстің қайталануына өмірдегі кез келген өзгеріс себеп болуы мүмкін. Мәселен, жұмыс ауыстыру, басқа үйге көшу, айырылысу, балалы болу немесе ұзақ уақыт шеше алмай жүрген маңызды шаруаны қолға алу».

Тіпті тыныштық пен жетістіктің өзі адамды іштей уайымға салады.
Психолог бұл күйді былай түсіндіреді: «Адам көптен күткен мақсатына жеткенде жауапкершілігі де арта түседі. Енді осы биіктен құлап қалмау, қолда барды ұстап қалу деген ішкі қорқыныш пайда болып, баяғы ескі түс қайта оралады».
Түс уақыт өте келе қалай өзгереді
Түстің бір қызық қасиеті бар. Ол уақыт өткен сайын түрленіп отырады. Біз көбіне жылдар бойы бірдей түс көріп жүрміз деп ойлаймыз. Алайда мұқият байқасаңыз, түстегі оқиғалар, жүрген жеріңіз, қасыңыздағы адамдар, тіпті өзіңіздің әрекетіңіз де ақырын өзгергенін байқайсыз.
Атақты психолог Карл Юнг бір ғана түсті бөліп-жармай, соңғы көрген түстердің желісін бірге талдау маңызды екенін айтады. Ол өзінің «Психология және алхимия» еңбегінде түстің түпкі мағынасы уақыт өте келе, бүкіл серияны сараптағанда ғана ашылатынын дәлелдейді. Қайталана беретін таныс көріністердің де сыры сонда ғана айқындалады.
Заманауи зерттеулер де осы оймен келіседі: қайталанатын түстер адамның ішкі арпалысы мен уайымына тікелей байланысты. Сол себепті ішкі жан дүниеңізде оң өзгеріс болса, көретін түсіңіз де онымен бірге құбыла бастайды.
«Мен бұрын көрген түсімді тағы да көрдім» деп ойлауыңыз мүмкін. Бұл негізі алдамшы ұғым. Адам көбіне түстің тек жалпы көрінісін есте сақтап, кішкентай өзгерістерді байқамай қалады. Ал егер көрген түсіңізді қағазға мұқият жазып жүрсеңіз, ондағы кішкентай дүниелердің өзгергенін көресіз. Мәселен, алғашқыда біреуден қашып жүрсеңіз, кейін тек жасырынғыңызды көресіз. Ал біраз уақыт өткенде тоқтап, бұрын өзіңізді үрейлендірген нәрсеге бұрылып қарауға батылыңыз жетеді. Яғни, оқиға өзгергенімен, іштегі бұрыннан таныс сол сезім ғана қалып қояды.
Психолог Василий Банюк мұндай түстерді түс жору кітабымен “механикалық түрде” талдай салуға болмайтынын айтады:
«Ең маңыздысы – түстегі көріністер мен адамның шынайы өмірі арасындағы байланысты көру. Кейде түстегі кішкентай детальдың өзгеруі - адамның іштей сауығып, психологиялық жағдайының түзеле бастағанын білдіреді. Бұрын адам түсінде біреуден қашып құтыла алмай жүрсе, енді тоқтай алады. Бұрын есікті аша алмай жүрсе, енді оны оңай ашады. Бұрын емтиханнан құлайтын болса, енді алаңсыз жауап береді. Бір сюжетті адам жылдар бойы көруі мүмкін, бірақ оның мағынасы адамның өмірімен бірге өзгеріп отырады».
Бәріміз жиі көретін түстер
Бәріміз көретін түстердің бірдей болатыны соншалық, оларға бірдей мағынамен түсіндіргіміз келіп тұрады. Мәселен, түсте кешігіп жүрсек – уайымнан, құлап бара жатсақ – жағдайды өз қолымызда ұстай алмаудан, тісіміз түссе – қартаюдан қорқудан, ал қаша алмай қиналсақ – дәрменсіздіктен деп ойлаймыз.

Жасына, тұратын жеріне қарамастан, кез келген адам өмірінде тым болмаса бір рет мүндай көріністі бастан кешеді. Олар бәріне дерлік таныс болғандықтан, мағынасын осылай оңай жори салуға болатындай көрінеді. Бірақ мамандар мұндай үстірт байлам жасамаған дұрыс дейді.
Василий Банюк бұл туралы былай дейді:
«Мен мұндай дайын дүниелермен жори салуға мүлде қарсымын. Түс деген әр сөзге бір анықтама жазып қойған сөздік емес. Бұл жерде бәріне ортақ жалғыз нәрсе бар. Ол – адамның жағдайды өз бақылауында ұстай алмай, қалағанындай әрекет ете алмай жүрген сәті».
Психолог мұндай көріністерді адамның өз өмірімен байланыстырып, бұл бейненің неге дәл қазір пайда болғанына мән берген дұрыс дейді:
«Өмірде бәріміздің де басымыздан өтетін жағдайлар ұқсас. Бәріміз де кешігеміз, қолымнан келмей ме деп қорқамыз, біреуден сын естиміз. Сәйкесінше осындай сезімдерді түсімізде көреміз. Сондықтан мен: “Адам неге дәл осы көріністі дәл қазір бастан кешіп жүр?” деп сұрар едім. Осы сұрақтың жауабы кез келген дайын жорудан гөрі, адамның шынайы өміріне әлдеқайда жақын болады».

Қайталанатын түсті қалай тоқтатуға болады?
Қайталанатын түс уақыт өткен сайын өзгеруі немесе мүлде жоғалып кетуі мүмкін. Алайда, өзіңізге мұндай түс көруге тыйым салуға тырысу мәселенің түпкі себебін шешуге көмектесе қоймайды.
«Егер түс іштегі қысыммен немесе қайталанатын өмірлік жағдаймен байланысты болса, онда түстің өзінен арыламын деп асықпаңыз. Оның қайдан шығып жатқанын білмей, дабыл сигналын өшіруге әрекет еткенмен бірдей. Көрген түсіңізді ұмытуыңыз мүмкін, бірақ оның себебі сақталып қалса, ол қалайда қайталанады. Сондықтан бұл жерде маңыздысы түспен күресу емес, оның қайталану заңдылығына мән беру», – дейді психолог Василий Банюк.
Егер қайталанатын түсті өзіңіз зерттеп көргіңіз келсе, оянған бойда оның оқиғасын, сондағы сезіміңізді, кеше не болғанын дәптерге жазып отырыңыз. Бірнеше аптадан соң түстің қашан қайталанатынын, оған не түрткі болатынын анық байқайсыз.
Психологқа қашан барған дұрыс?
Бір түсті жиі көру міндетті түрде психологқа бару дегенді білдірмейді. Көбісі ондай түстерді жылдар бойы көріп-ақ, тыныш ұйықтап, жұмысын істеп, өмірін әрі қарай сүріп жатады. Бастысы ол түстің күнделікті өмірге қаншалық әсер етіп жатқанында.
Психолог Василий Банюк бұған былай дейді:
«Түс тек қайталанып қоймай, өміріңізге әсер етіп жатса, маманға баруға болады. Мысалы, қорқынышты түс көріп, түнде жиі оянып, қайта ұйықтай алмай, шаршап, мазасызданып, ашуланшақ болып жүрсеңіз. Тіпті “тағы да жаман түс көремін-ау” деген оймен, ұйықтай алмасаңыз. Маманның көмегі әрдайым сұрақ қоюдан басталады. Кейде жай ғана ашық сөйлесудің өзі түндегі уайым мен күндізгі өмірдің арасында қандай байланыс барын түсінуге жеткілікті».

Василий Банюктің тәжірибесінде түстерін қайталап көретін клиенттер де болған. Мұндай түстер бастапқыда қиял-ғажайып дүние сияқты көрінгенімен, егжей-тегжейлі сөйлесе келе өмірдегі нақты жағдайларға тікелей қатысты болған.
1-мысал:
«Бір клиентім түсінде үнемі өзі білмейтін бір үйге кіре беретін. Үйдің ішінде өзіне керек бөлме барын біледі, бірақ әр жолы есігін аша алмайды. Кейін үйдің өзі де өзгере бастайды: жаңа қабаттар, баспалдақтар, есіктер пайда болады, ал әлгі бөлме бәрібір жабық қала береді. Сөйлесе келе, оның бір маңызды шешімді бірнеше жылдан бері кейінге қалдырып жүргені белгілі болды. Не қалайтынын анық білсе де, батыл қадам жасай алмай жүрген».
2-мысал:
«Бір кісі түсінде өзінің бала кезін жиі көретін. Содан әлгі баламен сөйлесуге, артынан қуып жетуге немесе бірдеңе түсіндіруге тырысады. Бұл түс өмірдің әртүрлі кезеңінде қайталанып, оқиғасы да өгеріп отырған. Адам мұндай түсті өткен өміріне қайта оралып, анализ жасау керек кезде көретінін байқаған».
3-мысал:
«Бір әйел түсінде айғайлағысы келеді, бірақ даусы шықпайды. Кейде біреуге ескерту жасау керек, кейде көмек сұрау керегін біле тұра, сөйлей алмайды. Оның айтуынша: бұл кісіге өз сезімін, қалауын ашық айту өте қиын екен. Іштей келіспесе де, көне салатын әрі айтылуы тиіс сөздерді іште сақтап жүргені анықталды».



