Жұмыс берушілер “кадр жетіспейді” деп шағымданады, ал жастар “жұмыс табу қиын” дейді. Неге екі тарап бір-бірін таппай жүр? Елдегі статистика не дейді? Tamga Media Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуін шолып, мәселенің себебін анықтауға тырысты.
Жастар жұмыс істейді, бірақ “жұмыссыз”
Елімізде жыл сайын еңбек нарығына шамамен 300 мың жас қосылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова еңбек нарығының өзгеруіне Z буынының құндылықтары әсер етіп жатқанын айтады.
Z ұрпағы тұрақты кеңсе жұмысына қарағанда, графигі икемді, еркін форматтағы жұмыс жасағысы келеді. Сондықтан олар көбінесе жалдамалы жұмыс орнына фриланс, креативті индустрия немесе жеке кәсіпті таңдайды. Бірақ мұндай жұмыс ресми статистикада есепке алынбайды. Сондықтан жастар арасында “жұмыс жоқ” деген түсінік пайда болады.

Жас мамандар бар, бірақ олар “керек” жерде емес
Еңбек нарығының зерттеулері көрсеткендей, әрбір бесінші жас маман білім алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Дипломы еңбек нарығының сұранысына сай келмейтіндердің жалақысы орта есеппен 15% төмен. Бұл жастар арасында “оқыдым, бірақ қоғамға қажет емеспін” немесе “алған біліміме сай еңбекақы жоқ” деген ой қалыптастырады. Демек, білімді әрі тәжірибелі мамандар бар, бірақ олар қажет жерде емес.
Кейде мектеп бітіретін түлектер үшін маңыздысы өз қалаған мамандығына түсу емес, грант алу. Ал мемлекеттік гранттар еңбек нарығына қажет мамандарды дайындау үшін бөлінеді. Бірақ кейбір жастар грантқа түсе тұра, сол салада жұмыс істемейді.
Сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмеуі
Елімізде ең үлкен тапшылық техникалық-өндіріс саласында байқалады. Мұнай-газ, инженерия, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларында білікті кадрларға сұраныс жылдан жылға өсіп келеді. Кейінгі бес жылда 65 мыңдай жас маман, оның ішінде техникалық және кәсіптік білімі бар түлектер шетелге кеткен. Бұл ішкі нарықтағы кадр тапшылығын одан әрі күшейтеді. Бұған жастардың жауабы алғашқы мәселеге ұқсас: елде экономикалық және жеке дамуға жағдай жасалмаған.
Еңбек нарығындағы тағы бір басты мәселе – дағдылардың ескіруі. Әр бес жыл сайын техникалық дағдылар өзегін жоғалтып, әрбір екінші қызметкер мамандығын ауыстыруға мәжбүр. Жұмыс берушілерге тек дипломы емес, жауапкершілігі бар, коммуникацияға ашық, цифрлық сауаты бар қызметкерлер қажет. Білім беру жүйесі бұл талаптарға толық жауап бере алмай отыр.
Сұраныс пен ұсынысты қалай теңестіруге болады?
Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы алшақтықты тек мемлекет қана шеше алмайды. Компаниялар да өзіне қажет маманды дайындауға қатысса, екі тарап үшін де тиімді болар еді. Мысалы, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков ERG компаниясы университетпен тығыз байланыста жұмыс істейтінін айтады. Кейде олар университет басшылығымен келісіп, кейде оқу процесіне тікелей араласып, студенттер жұмыс орнында қажет дағдыларды меңгеріп шығуы үшін арнайы дәрістер мен тақырып қосуға ұсыныс білдіреді екен.

Ержан Абдулабеков, кәсіпкер:
“Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін бітірдім. Университетпен байланыс үзілген жоқ. Жыл сайын диплом алатын студенттермен кездесеміз. Зауытқа қажет мамандықтар туралы ақпарат береміз. Тәжірибе жасағысы келетін жастарға есігіміз ашық. Соның арқасында кадр тапшылығы жоқ”.
Астанадағы ModeX зауытының инженер-технологы Айгерим Нурмаганова қазір құрылыста дәнекерлеушілерге, арматурашыларға, слесарьларға және механиктерге сұраныс жоғары екенін айтады. Ол студенттерге нақты тәжірибе беру үшін университет кафедраларының филиалдарын зауыттар мен ірі құрылыс компанияларында ашу керек дейді. Сол кезде студенттер тек теория емес, өндірісте жұмыс процесін өз көзімен көріп, тәжірибе жинай алады. Мұндай филиалдар студенттерге тағылымдама мен кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігін де бірден ұсына алса, тіпті тиімді болар еді дейді.
Айгерим Нугманова, инженер-технолог:
“Z ұрпағы басқа нәрселерді қалайды, ал оны орындау – біздің міндетіміз. Біз нақты мысалдармен жұмыс жасап, өндірісте болатын қатенің салдарын көрсетеміз. Студенттерге “сен бұл дағдыны меңгерсең, былай болады” деп түсіндіру керек. Сондықтан нақты тәжірибе – ең тиімді оқу тәсілі әрі жұмыссыздықтың шешімі деп ойлаймын”.




