Ойын-сауықМузыкаНеге жас ұлғайған сайын жаңа музыка жүйкеге тие бастайды?

Неге жас ұлғайған сайын жаңа музыка жүйкеге тие бастайды?

14 мамыр 2026
5 мин
Почему с возрастом новая музыка начинает раздражать
"Малыш на драйве" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Өміріңізде бір рет болсын «Мына әнді қалай тыңдауға болады?» деп ойлаған кезіңіз болды ма? Жаңа бір әнді қосып қалсаңыз, жүйкеңізге тиіп, мүлдем ұнамайды. Сосын қайтадан ескі, үйреншікті әндеріңізге ораласыз. Өйткені олардың орны бөлек. «Оңтүстік парк» мультсериалында осы жағдайды әсірелеп көрсеткен. Бас кейіпкерлердің бірі есейгенде, оған жаңа әндердің бірі де ұнамай, тіпті тыңдау мүмкін еместей көрінеді. Сыртынан күлкілі көрінгенімен, шын мәнінде көбіміздің басымыздан өткен жағдай. Tamga Media мұның себебін зерттеп көрді.


Неге жаңа дүниелер қызық болмай қалады?


Қазір контент бұрынғыдан да көп. Музыка тыңдайтын қосымшалар бізге жаңа хиттерді үздіксіз ұсынады, плейлистер де апта сайын жаңарып тұрады. Бірақ бір қызығы: жасың ұлғайған сайын, оларды сирек тыңдайтын боласың. Себебі неде?


Мұның бір себебі – қабылдаудың өзгеруі. Музыка тыңдағанда миымызда дофамин (қуаныш гормоны) бөлінеді. Дәл осы дофамин бізге жаңа нәрседен ләззат алуға көмектеседі. Осы жүйе жақсы жұмыс істеп тұрғанда, кез келген жаңа ән бізге ұнай береді. Бірақ уақыт өте келе әнге жан-дүниемізбен берілмейміз. Содан кейін жаңа әндер бұрынғыдай қызық болмайды. 


Бұл «сол кезде музыка жақсырақ, шөп те жасылырақ болған» деген сезім тудырады. Тіпті «music taste freeze» (музыкалық талғамның қатып қалуы) деген ұғым да бар. Мұндай кезде адам мүлдем жаңа ән іздемейді. Музыка тыңдайтын қосымшалардың дерегінше, бұл көбіне 30 жасқа қарай болады.

«Әдетте 14-15 жастағы балалар ең танымал топ-40 әнді тыңдайды. 20 жастан асқан соң талғамы басқа жанрларға ауыса бастайды. Ал 33 жасқа келгенде музыкалық талғамы толық қалыптасып, бір арнаға түседі», – дейді Spotify мамандары.


Жасөспірім кезде бұл өте айқын сезіледі. Ол кезде әндер жай ғана фон емес, киноның саундтрегі сияқты қабылданады. Музыка арқылы талғамың қалыптасады, өзіңді танисың. Әр ән белгілі бір адамдарды, оқиғаларды, сол кездегі көңіл-күйіңді еске түсіреді. Осының бәрі жадыңда мәңгі сақталады.


Есейген сайын осы жинаған «қор» бізге тірек болады. Сондықтан ескі әндерге жиі оралып тұрамыз.


Шаруадан қол тимейді


Ескі әндерді тыңдай берудің тағы бір қарапайым себебі – өмір ырғағымыздың өзгеруі. Жұмыс, бітпейтін шаруалар, отбасы, шаршау. 18 жаста жаңа ән іздеуге, альбомдарды бастан-аяқ тыңдауға, тіпті музыка қосымшаларында сағаттап отыруға уақыт жететін. Ал қазір бұған мұрша да, күш те қалмайды, сондықтан бұрыннан таныс әндерді қоса салған әлдеқайда оңай.


Бұл музыка тыңдау әдетімізден де байқалады. Көбіне әндерді жолда, жұмыста немесе үйде жүргенде жай ғана фон ретінде қосып қоямыз. Мұндайда жаңа тректердің ерекшелігі білінбейді. Өйткені жаңа әнге зейін қою керек, ал таныс әндер артық зейінді талап етпейді. Сондықтан бұрыннан білетін әндерді таңдаймыз.

«Таныс әуендерді тыңдағанда миымыз жаңа тректерге қарағанда көбірек ләззат алады. Соның арқасында біз бір әнді жылдап тыңдасақ та, жалықпаймыз», – делінген Memory & Cognition зерттеуінде.


Музыка тым көп


Оның үстіне, қазір музыка шектен тыс көбейіп кетті. Миллиондаған тректер, алгоритмдер ұсынатын шексіз тізім, күн сайын шығатын релиздер мен бейтаныс әртістер. Мұның бәрі адамды шаршатады. Таңдау тым көп болғанда, бас қатырып жатпай, бұрыннан таныс әуенді қоса салған әлдеқайда оңай.


Қазір музыканы ұсыну тәсілі де өзгерді. Жас әншілердің туындылары тұтас ән емес, бір үзінді сияқты: қысқа видеоларға, трендтерге арналған. Әннің 15 секунды құлаққа жағымды естілгенімен, толық нұсқасын тыңдау қызық болмай жатады.


Бұл музыканы қабылдауымызға да әсер етеді. Қазіргі әндер тым тез әрі мағынасы жағынан таяз, тіпті «жансыз» сияқты сезіледі.


Бірақ адамдардың музыкаға әуестігі жоғалып кетпейді. Ол тек басқа арнаға түседі, бұл – қалыпты жағдай. Уақыт өте келе біз әнді хит болғаны үшін емес, бізге қандай да бір сәттерді еске түсіргені үшін жақсы көре бастаймыз. Ал мұндай естеліктермен ешқандай жаңа туынды бәсекелесе алмайды.

Бөлісу: