Денсаулық●Психология●Неге үй жинағаннан кейін көңіл-күйіміз көтеріліп қалады?

Неге үй жинағаннан кейін көңіл-күйіміз көтеріліп қалады?

11 қазан 2026
4 мин
«Миссис Даутфайр» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Кейде диванға жатып демалудың орнына, тұрып үй жинаған соң көңіл-күйіміз көтеріліп қалады. Үстелдегі заттарды орнына қоямыз, киімдерді жинаймыз, еденді сүртеміз. Жарты сағаттан кейін үй өзгеріп шыға келеді. Қызығы, онымен бірге өзіміз де жеңілдеп қалғандай болады.  Бұл мәселені «үйдің іші таза болғаны бәрібір жақсы ғой» дей салатын қарапайым тұрмыстық жағдай деп қарауға болмайды. Ғылыми зерттеулер үйдегі ретсіздік пен шашыранқылық адамның жүйке жүйесіне, көңіл-күйіне және стресске төтеп беру қабілетіне тікелей әсер етуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бұл сұрақтың жауабын Tamga Media іздеп көрді.


Ретсіздік көңіл-күйге әсер ете ме?


2016 жылы Journal of Environmental Psychology журналында жарияланған зерттеу үйдегі заттардың шамадан тыс көп болуы адамның үйді жайлы, өзіне тиесілі кеңістік ретінде сезінуіне кедергі келтіретінін көрсетті. Ал бұл өз кезегінде адамның субъективті әл-ауқатымен байланысты екен.


Бұл зерттеуде «ретсіздік» жай ғана үстелде бірнеше заттың жатуын білдірмейді. Авторлар оны заттардың шамадан тыс көбейіп, кеңістікті ретсіз әрі пайдалануға қолайсыз ете бастауы деп қарастырған. Оның үстіне зерттеуге ретсіздік мәселесіне байланысты көмек іздеген адамдар қатысқан. Сондықтан оның нәтижесін барлық адамға бірдей қолдануға болмайды. 

2025 жылғы тағы бір зерттеуде 501 адамның деректері қарастырылды. Ғалымдар үй шашылған сайын психологиялық әл-ауқаттың, өмірге қанағаттанудың және жағымды эмоциялардың төмендейтінін байқаған. Бұл байланыстың бір бөлігі адамдардың үйін қаншалықты әдемі әрі жайлы қабылдайтынымен түсіндіріледі. Авторлар аталған нәтижелерді ұзақ мерзімді және эксперименттік зерттеулермен әлі де тексеру қажет екенін атап өтеді.


Демек мәселе үйдің «лас» немесе «таза» болуында ғана емес. Айналадағы артық заттар біздің үйді демалатын орыннан гөрі, әлі бітіру керек шаруалар жиналған кеңістік ретінде сезінуімізге әсер етеді. 


Үйдегі жағдай мен стресс арасында байланыс бар


Мұны ғалымдар кортизолдың көрсеткіштері арқылы да зерттеген. Калифорния университетінің зерттеушілері 60 жұмыс істейтін ерлі-зайыптының үйін зерттеп, олардың үйді қалай сипаттайтынына және бірнеше күн ішіндегі көңіл-күйі мен кортизол деңгейіне назар аударған.


Үйі ретсіз, аяқталмаған шаруалары бар әйелдерде кортизолдың тәулік көрсеткіші өзгеріп, күні бойы көңіл-күйі түскенін байқаған. Ал үйін таза әрі демалуға мүмкіндік беретін орын ретінде сипаттағандарда мұндай өзгеріс байқалмаған.


Дегенмен бұл жерде де себеп пен салдарды шатастырмаған жөн. Зерттеу «ретсіз үй міндетті түрде кортизолды көтереді» деген қорытынды жасамайды. Стресі жоғары адамға үй шаруасын орындау қиындауы да, ал жиналмаған үй өз кезегінде қосымша жайсыздық туғызуы да мүмкін. 

Кортизолды жиі «стресс гормоны» деп атайды. Бірақ ол ағзаға қажет гормон, оның мөлшері тәулік бойы табиғи түрде өзгеріп отырады. Сондықтан бір ғана кортизол көрсеткішіне қарап адамның «стрессте жүргенін» анықтау дұрыс емес. Мұндай зерттеулерде оның тәулік бойы қалай өзгеретіні және бұл өзгерістің басқа психологиялық көрсеткіштермен қалай байланысатыны қарастырылады.  


Үй жинау жағдайды бақылауға көмектеседі


Үй жинаудың көңілімізге әсер етуінің ең қарапайым себептерінің бірі мына жағдайға байланысты болуы мүмкін.


Күнделікті өмірдегі мәселелер, жұмыстағы тапсырмалар, кептеліс, басқа адамдардың шешімі немесе күтпеген жаңалықтарды реттеу, басқару қолымыздан келеуі мүмкін. 


Ал үйдегі жағдай басқаша. Киімді қайда қоюды өзіміз шешеміз. Ыдысты жуамыз. Үстелді тазалаймыз. Артық заттарды алып тастаймыз. Бірнеше минуттың ішінде көз алдымыздағы кеңістікті өзгерте саламыз.


Мұндағы маңызды нәрсе – өзгерістің нақты әрі бірден байқалуы. Адам бүкіл өмірін бақылауына ала алмаса да, шағын кеңістікті реттей алады. «Мен мұны аяқтадым» деген сезімнің өзі кей адамға психологиялық жеңілдік беруі мүмкін. 

Нәтижені көру қанағат сезімін береді


Үй жинаудың тағы бір ерекшелігі – еңбектің нәтижесі көз алдыңызда.


Жұмыста бір тапсырманы орындасаңыз, оның нәтижесін бірден көрмеуіңіз мүмкін. Бірнеше сағат есеп дайындаймыз, хат жазамыз немесе жобаға үлес қосамыз, бірақ оның нақты нәтижесі кейін ғана байқалады.


Ал үй жинағанда «дейін» және «кейін» деген айырмашылықты бірден көреміз. Аз уақыт бұрын үсті затқа толы тұрған үстел босайды, жуылмаған ыдыс жоғалады, бөлме кеңірек көріне бастайды.


Сол себепті үй жинау аяқталуы анық шағын тапсырмалардың бірі болуы мүмкін: істің басталған жері де, аяқталған сәті де көзге көрінеді. Күнделікті өмірде ұзаққа созылатын және нәтижесі белгісіз міндет көп болған кезде мұндай нақты аяқталу сезімі жағымды болуы ықтимал.


Бірақ дәл осы жерде «үй жинаған сайын ми міндетті түрде бақыт гормонын бөледі» деген секілді танымал түсіндірулерден сақ болған дұрыс. 


Үй жинау стресс деңгейін төмендете ме?


2023 жылы жарияланған бірнеше экспериментке Ұлыбритания, АҚШ және Канададан барлығы 3 мыңнан астам адам қатысты. Зерттеушілер үй жинаудың стресс жағдайынан кейінгі психологиялық және физиологиялық реакцияға әсерін тексерді.

Нәтижесінде бір нәрсені тазалау стресстің кейбір физиологиялық әсерін әлсірететінін көрсетті. Тіпті тазалауды егжей-тегжейлі елестетудің өзі кей эксперименттерде мазасыздану сезімін басқан.


Бірақ ғалымдар мұны «үй жинау – терапия» деп түсіндірмейді. Зерттеу тазалық жұмыстары күйзеліс жағдайын жеңілдетуге көмектесетін мінез-құлықтардың бірі болуы мүмкін деп көрсетеді. Бірақ үй шаруасы әрдайым көңіл-күйді көтермейді. 


Бұл жерде маңызды бір айырмашылық бар.  Өз еркіңізбен 20 минут үй жинап, соңында таза бөлмелерді көру – бір нәрсе. Ал жұмыстан шаршап келіп, үйдегі барлық шаруаны жалғыз атқару мүлдем басқа.


2025 жылы Швецияда жүргізілген зерттеуде 5 462 жұмыс істейтін адамның деректері талданған. Зерттеушілер үй шаруасын ауыр міндет ретінде қабылдаудың психикалық денсаулықтың нашар көрсеткіштерімен байланысты екенін анықтаған. Авторлар, әсіресе, үйдегі ақысыз еңбектің көлемі мен оның адамдар арасында қалай бөлінетініне назар аударған.


Сондықтан мәселе «үй жинау пайдалы ма, зиян ба?» дегенде емес. Оның әсеріне жұмыстың көлемі, адамның оған деген көзқарасы және үйдегі міндеттердің бөлінуі әсер етеді.


Сонда неге үй жинағаннан кейін жеңілдеп қаламыз?


Үй жинағаннан кейін өзімізді жеңіл сезінуіміз кездейсоқ құбылыс емес. Зерттеулер үйдегі ретсіздік пен психологиялық әл-ауқаттың, көңіл-күйдің және стресс реакцияларының арасында байланыс бар екенін көрсетеді.


Оның ықтимал бірнеше түсіндірмесі бар: реттелген кеңістік аяқталмаған шаруаларды азырақ еске салуы мүмкін, жинау адамға өзі басқара алатын шағын міндет береді. Ал нәтижені бірден көру істің аяқталғанын сезіндіреді.


Бірақ бұл «үй әрдайым мінсіз болуы керек» дегенді білдірмейді. Керісінше, тазалыққа ұмтылу адамды шаршатып, тағы бір міндетке айналса, оның пайдасынан қысымы басым болуы мүмкін. Сондықтан мәселе жылтырап тұрған еденде немесе заттардың мінсіз орналасуында емес.


Кейде бүкіл үйді жинаудың қажеті жоқ. Үстелдің үстін реттеу, қажетсіз заттарды орнына қою немесе бөлмені жинап шығу да жеткілікті болуы мүмкін.


Ғылым әзірге «үй жинасаңыз, көңіл-күйіңіз міндетті түрде көтеріледі» деп айта алмайды. Бірақ айналамыздағы кеңістік пен өзімізді қалай сезінетініміз бір-бірінен мүлде бөлек емес екенін көрсететін дерек жеткілікті. Өйткені кейде үйді реттегенде біз тек заттардың орнын ауыстырмаймыз. Айналамыздағы шағын тәртіп ойымызды да жинақтауға көмектескендей сезілуі мүмкін.

Бөлісу: