Жақында Қазнетте Жалғас деген жігіттің басынан өткен оқиғасы желіні шулатты. Ол құда баласына 13 миллион теңге несиеге көлік алып берген. Ал әлгі жігіт қарызды ертерек төлеп тастаймын деп уәде үйген. Алайда арада бір жылдай уақыт өтсе де, ол жігіттен хабар-ошар жоқ. Қазір Жалғастың не несиесі өтелмеген, не сол ақшаға сатып алынған көлікті де көрмеген. «Көмектесемін» деп өзі бармақ шайнап қалған Жалғас Құдайындай сенген құда баласымен соттасып жатыр.
Қазір қоғамда Жалғас сияқты қиын жағдайда қалғандар жетерлік. Ал ең жаманы, аузын айға қаратып кеткендер бөтен емес, аралас-құралас болған таныстары мен туыстары. Дегенмен заңгерлер мен қаржы мамандары ақша мәселесіне келгенде, тіпті туысқанға несие алып бермеген дұрыс дейді.
Неге өзге адамға, әсіресе тума-туысқа несие алып береміз?
Pew Research деректері бойынша, АҚШ-та табысы төмен ересектердің 44%-ы ақшаны қарызға туыстарынан, достарынан сұрайды. Қазақстанда мұндай нақты зерттеу немесе статистика жоқ. Дегенмен жаңалықтардан, әлеуметтік желіден туысына, өзге танысына, сүйіктісіне несие алып беріп, қайтара алмай жүргендер туралы көп оқып, естіп жатамыз. Себебі қазақтар тума-туысқа, дос-жаранға көмек, жақын адамына қолын созуды парыз санайды. Тіпті кейбірі ақша сұрап келсе де, өз атынан несие алып беруді өтінсе де, келісіп жатады. Себебі “жоқ” деп айтуға ұялады, көмектесуді міндеті, әлеуметтік жауапкершілігі деп біледі. Оған қоса туысы, досы болған соң “жанымда жүрген жақыным ғой, қайда барар дейсің” деп сенім артады. Яғни мұнда эмоциялық байланыстың өзі көп рөл атқарады.
Ұрпақ арасындағы айырмашылық
Бір қызығы, LendingTree зерттеуі бойынша, 1981-1996 жылдары туған адамдар, яғни миллениалдар – ең жиі қарыз беретін және алатындар екен. Миллениалдар қаржылай қиын жағдайға тап болғанда ең әуелі отбасы мүшелерінен көмек сұрайды.
Миллениалдардың 64%-ы кейінгі бес жылда достарына немесе туыстарына ақша берген, ал 59%-ы сол кезеңде жақындарынан қарыз алған. Бұл буынның тек 15%-ы досына қарыз беруді мүлде қарастырмайтынын айтса, Gen X буынында бұл көрсеткіш – 21%, ал Baby Boomers арасында – 38%.

Заң не дейді?
Әрине, өзгеге көмектескен жақсы, дегенмен қаржылай мәселеде, әсіресе несиеде жағдай басқаша. Себебі несиені өз атыңа рәсімдеу жай ғана көмек емес, бұл қаржылай жауапкершілікті толық мойныңа алу деген сөз. Заң бойынша несие келісімшарты кімнің атына рәсімделсе, сол адам қарыз алушы болып есептеледі. Яғни, ресми түрде қарызды өтейтін борышкер – сізсіз.
Егер несие алып берген адамыңыз уақытында төлем жасамаса, барлық жауапкершілік сізге жүктеледі. Қарыз уақытылы жабылмаса, үстінен қосылған пайыздарды да төлейсіз, сонымен қатар сіздің несие тарихыңыз бұзылады. Ал бұл болашақта өзіңіз шұғыл қажет кезде несие алуыңызға кедергі келтіреді. Көлік пен үйді несиеге рәсімдеймін десеңіз де қиындыққа тап боласыз. Осылай, ұят боладының арты үйдей бәлеге жолықтыруы мүмкін.
Әрине, несие алып, оны реті келсе дереу қайтаратын, ай сайын сұратпай төлеп отыратын, өз уәдесіне жауапкершілікпен қарайтындар да көп. Бірақ сан соқтырып «жоқ» болып кететін туыс пен таныстың қарасы да азаймай тұр. Мәселен, CreditCards.com деректері бойынша, туыстар мен достарына қарыз бергендердің 42%-ы ақшасын қайтара алмаған: көбінің қарым-қатынасы бұзылған, несие тарихына зияны тиген, тіпті қарыз алған және берген адам төбелескенге дейін жеткен жағдайлар да болған.
Шаһризада Рашидқызы, заңгер:
«Басқа адамға несие алып беру үлкен тәуекелді талап етеді. Алайда мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Несиені төлемеген жағдайда сотқа дейінгі арыз жазуға болады. Яғни сотқа дейінгі реттеу әрекеті жасалады. Кейін азаматтық сотқа талап арыз беріп, ақшаны өндіріп алуға болады. Кез келген ҚР азаматы бұған құқылы».
Енді несиені өзіне емес танысқа алғанымызды қалай дәлелдейміз?
Заңгердің айтуынша, сотта негізгі дәлел және қосымша дәлел деген бар. Негізгі дәлелге қарыз алған адам мен қарыз берген адам арасындағы алмасқан хаттар, төлем жасалған түбіртектер жатады. Хат-хабарламада несие алдырған адамның «алдым», «қайтарамын» деген нақты сөздері болуы керек.
Ал қосымша дәлелге куәгерлерді жатқызамыз. Сіздің несие рәсімдеп бергеніңізді үшінші адам көрсе, оны куә ретінде тартуға болады. Осындай жағдайларды сот қанағаттандырады. Ал мұндай дәлелдер болмаса, ауызша мәміле жасалып, ақша тек қолма-қол берілсе, оны сотта дәлелдеу қиын. Сол үшін қарыз бергенде, өз атыңыздан өзгеге несие алғанда хабарламаларды және түбіртектерді сақтап қою керек.
«Көпшілік жіберетін негізгі қателердің бірі – «көрісіп жүрген адам ғой, міндетті түрде қайтарады» деген соқыр сенім. Өкінішке қарай, өмірде бәрі жоспардағыдай бола бермейді».

Туысқа несие алып берерде нені ескеру керек?
Қазақ қоғамында ұят, міндет, туыстық байланыс маңызды. Бірақ төмендегі ақпаратқа бір көз жүгіртіп алу артық етпейді.
Несие үлкен тәуекел екенін ұмытпаңыз. Сондықтан кейде “маған ренжіп қалады ғой” дегеннен гөрі “жоқ” деп айтқан дұрыс.
Туысыңыз уақытында төлеп тұрса да, кез келген күтпеген жағдай орын алуы мүмкін. Ол жұмысынан айырылуы, денсаулығының нашарлауы немесе басқа да қиындықтар туындауы мүмкін. Сондай кезде өз қаражатыңыздан несие жабатыныңызды ұмытпаңыз.
Несие тек қаржылай жүк емес, психологиялық ауыртпалық та әкеледі. Сіз үнемі «қарызы қашан бітеді?», «бұл ай төлей ала ма?» деген сұрақтармен бас ауыртасыз.
Тағы бір жайт – сіз бен бізге таңсық келетін несие құжатын, келісімшарт жасау. Жоғарыда айтқандай, ауызша уәде заң алдында дәлел бола алмайды. Сондықтан танысыңыз бен туысыңыз тақырға отырғызып кетпейтінін біліп тұрсаңыз да, нотариус арқылы құжат жасату керек. Қарыз сомасын, пайызын (бар болса) және нақты қашан қайтаруы керек екенін – бәрін егжей-тегжейлі жазыңыз.
Туысыңызға көмектесу міндетті түрде несие алу мен қарыз беру емес. Мысалы, шұғыл болмаса басқа жол арқылы қолдауға болады: жұмыс табуға көмектесу, қаржылық жоспар құруға бағыт беру.
Бас тарту – қарым-қатынасты үзу емесін түсініңіз. Бірақ арақатынасты үзіп алмау үшін оны дұрыс жеткізе білу керек. Мысалы, өз қаржылық жағдайыңызды ашық түсіндіріп, тәуекелге бара алмайтыныңызды айтуға болады.




