ДенсаулықПсихологияНеге туған күніміз жақындағанда көңіл-күйіміз түсіп кетеді?

Неге туған күніміз жақындағанда көңіл-күйіміз түсіп кетеді?

7 қыркүйек 2026
4 мин
«Бриджит Джонс 3» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Туған күніміз жақындап, мерекеге бірнеше күн қалғанда көбіміз көңіл-күйіміз өзінен-өзі төмендей бастағанын байқаймыз. Бұл сезім сыйлық немесе қонақтар үшін емес, жай ғана қартайып бара жатқаннан пайда болуы мүмкін. Психологияда бұны «birthday blues» немесе туған күндегі көңілсіздік дейді екен. Tamga Media қуанышты күн алдындағы мұндай мазасыздықтың кайдан шығатынын саралап көрді.


Туған күндегі көңілсіздік деген не?


Айтып отырғанымыз медициналық диагноз емес. Атаулы күнге бірнеше күн қалғанда басталып, дәл туған күніңізде шегіне жететін, ал мереке өте сала бойды жеңілдік билеп, тез тарқайтын эмоциялық құлдырау. Бұл күйдің белгілері жеңіл депрессияға ұқсайды: еңсеңіз түсіп, себепсіз көзіңе жас келеді. Тіпті, ештеңеге зауқыңыз болмай, бәрінен тасаланғыңыз келіп кетуі мүмкін. Бұдан бөлек іштей «осы жасқа дейін не бітірдім өзі?» деген сұрақты қайта-қайта айналдыра беретіңіз тағы бар.


Бұл күйдің нақты бір медициналық себебі жоқ. Бұл – ішкі эмоциялардың, дене жадының және айналадағы адамдардың қысымының тоғысуы. Дегенмен іштей мазасыздануға түрткі болатын нақты себептер жетерлік.


Туған күнде көңілге қаяу түсетін 5 себеп:

  • Ниет пен нәтиженің алшақтығы. Бұл күн еріксіз өткенге көз жүгіртіп, іштей есеп беретін сәтке айналады. Көкейде жүрген арман мен бүгінгі шындықтың жанаспауы («отызға дейін мына белесті бағындырамын деп едім...») адамның еңсесін басып, көңілін түсіреді.

  • Жылдар жылжыған сайын туатын үрей. Есеюді, жас қосылғанын іштей мойындай алмайтындар бұл күнді ауыр өткізеді. Олар өтіп жатқан уақытты өздеріне кесілген үкімдей көреді.

  • Екі түрлі ішкі сезім. Адам бір жағынан барына шүкір етіп қуанғысы келсе, екінші жағынан зымырап жатқан уақытқа қарап мұңаяды. Осы екіұдай күй мазаңды қашырады.

  • Елеусіз калудан қорқу. «Жақындарым қалай құттықтайды екен» деген үміт пен күту сезімі ақыр соңында сары уайымға айналады. Ал мереке көңілдегідей өтпесе, бойын «мені ешкім елемейді екен» деген реніш ұялайды.

  • Ескі жараның аузы ашылуы. Кейбір жандар үшін бұл күндегі мұң жас қосылудан емес, бұрын дал осы мезгілде орын алған ауыр жағдайлардан (отбасылық жанжал, жалғыздық немесе жақын адамынан айырылу) қайта сыздап қоя береді.

Назигүл Темірғалиева, психолог: 

«Адам жанына жасындағы сан емес, «қазіргі өмірім» мен «қандай болуы керек еді» деген меже арасындағы алшақтық қатты батады. Маған 35 жастағы бір азамат келді. Ол жыл бойы отбасын құру туралы мүлде ойланбай жүрген, ал дәл туған күнінде: «35-ке келдім, бұл жаста бала-шағам болады деп армандаған едім» деп ішін босатты. Кейде мұндай мұңның артында өзің үшін емес, жақындарың үшін қорқу сынды мүлде басқа уайым жатады. Жас кезінен бастап әр туған күніңде көңілі түсетін бір клиентім болды, негізі ол қартаю туралы көп ойланатын. Оның түпкі себебі: «мен бір жасқа есейсем, ата-анам да бір жасқа қартаяды» деп айтатын. Мұнда өз жасың емес, түбінде ата-анадан айырылып қалу қорқынышы тұр».


Әлеуметтік желі әсері


Маман туған күндегі мұңды екі түрлі себепке балайды. Біріншісі – балалық шақтағы мерекелік естеліктер болса, екіншісі – соның қазіргі әлеуметтік желі дәуіріндегі көрінісі.


Назигүл Темірғалиева, психолог: 

«Алғашқы туған күндерімізді өзіміз емес, ата-анамыз ұйымдастырды. Сондықтан бұл күн бала кездегі тілектермен астасып жатыр. Біреу мені байқаса, қамқор болса, тосынсый жасаса, бар болғаным үшін-ақ жақсы көрсе екен дейтін сәбилік үміт болады. Егер балалық шақ ренішпен, жалғыздықпен немесе көңіл қалумен өтсе, ересек адам оны ұмыттым деп ойлағанымен, осы күн жақындағанда сол ескі жара сыздап қайта оянады. 

Бүгінде ел назарында болу, сүйікті болу қажеттілігін әлеуметтік желі одан бетер өршітіп отыр. Онда мінсіз мерекенің үлгісін көрсетеді: құшақ-құшақ гүл, сәнді ресторандар, толассыз құттықтаулар. Бірақ біз біреудің толық өмірін емес, сәндеп қойған үзіндісін көреміз де, еріксіз «оны 50 адам құттықтады, ал мені аз адам» деп өзімізбен салыстырамыз. Елеусіз қалмау қажеттілігі әуелден бар, оны әлеуметтік желі ойлап тапқан жоқ. Бірақ ол оны цифрмен өлшенетін етіп қойды. Құттықтау мен лайк саны басқалар үшін қаншалықты қадірлі екеніңді көрсететін өлшемге айналып кетті».


Думанды кеш өтсе де, көңілсіздік неге тарқамайды?


Жасыңның ұлғайғанынан қорқудың тағы бір себебі бар. Бұл – үлкен үміттің ақталмауынан кейінгі эмоциялық құлдырау. Адам «туған күнім жетсінші, содан кейін бәрі басқаша болады, өзімді бақытты сезінемін» деп іштей дайындалып, бұл күнді апталап күтеді. Бірақ туған күн өткен соң, көкірегіңдегі сезім түк өзгермейді.


Назигүл Темірғалиева, психолог:

«Адамда «осы ма бәрі?» деген ащы өкініш туады. Өйткені ешқандай думан іштегі жалғыздық пен қарым-қатынастағы түсініспеушілікті сейілте алмайды, іске аспаған армандардың орнын толтырмайды. Кейде біз бір кештің өзіне тым сенім артамыз. Яғни туған күнде көңілдің қалуы – мерекенің сәтсіз өткенін білдірмейді. Бұл сезім – мейрамның сәтсіздігінен емес, бір кешке тым ауыр жүк артып, «армандарым бір күнде орындалады» деп күткеннен туындайды».


Не істеу керек? 

Бұл жағдайлардың ешқайсысы туған күндегі мұңға жыл сайын көніп, іштен тынып жүре беру керек дегенді білдірмейді. Психологтың ұсыныстары мен зерттеу деректеріне сүйенген бірнеше пайдалы кеңес ұсынамыз:

  • Өзіңді бақытты болуға мәжбүрлемеу. Туған күн ұлан-асыр қуанышқа толы болуы шарт емес. Өзіңізге: «бүгін көңілім сәл жүдеу, оның да өз жөні бар» деп ашық айтқан дұрыс. Іштегі сезімге ат қойып, оны мойындағанда, қорқыныш сезімі азаяды.

  • Жасыңызды бағалау өлшеміне айналдырмау. Өмір сүрген жылдарыңыз сізге кесілген үкім емес. Ал «ешнәрсеге үлгермедім» деген өкініш көбіне біреудің өміріне қызығудан немесе құр қиялға салынудан туады.

  • Сырыңызды іште бүкпей, жақын адамға ақтару. Көңілдегі кірбіңді сенімді адамыңызға айтып ішті босату тыным бермейтін мазасыз ойлардан арылтады.

  • Өзіңізге тікелей сұрақ қою. Бүгін көңіліме нақты не тиді: жасым ба, орындалмаған мақсаттарым ба, әлде біреудің мерекесіне қызығушылық па? Кімнің құттықтауын сарғая күттім, ол неге маған соншалықты маңызды? 

  • Өзгеге көрсету үшін думан жасамау. Егер телефонды өшіріп, суретке түспей, бұл кешті жалғыз немесе бір ғана жақын адамыңмен өткізгіңіз келсе, бұл да – нағыз туған күн.

  • Мазасыздық жылдан-жылға тереңдеп, ұзаққа созылса, маманға көріну. Егер бұл күн бұрынғы ауыр қайғымен немесе жарақатпен байланысты болса, психотерапевтпен сырласып, ішкі түйінді тарқатқан жөн.

Назигүл Темірғалиева, психолог:

«Әрдайым туған күндегі мұң жамандықтың нышаны емес. Керісінше, ол есеюдің белгісі болар. Бала туған күннен тек мереке күтеді. Ал ересек адам уақыттың бағасын біледі. Ол қуанышпен қатар жылдардың сырғып бара жатқанын, ата-ананың қартайғанын, кейбір жақындардың ортада жоқтығын, кейбір арманы орындалып, кейбірінің орындалмағанын да терең сезеді. Психологиялық тұрғыда ересектік – мұңнан қашу емес, куаныш пен мұңды қатар алып, өмірді әрі қарай жалғастыра білу. Бұл – заңды әрі мөлдір мұң екенін ұмытпаңыз».

Бөлісу:

Неге туған күніміз жақындағанда көңіл-күйіміз түсіп кетеді?