Есеюді фактіге байлап қойған қиын. Ересек болу дегеніміз не? Біреу үшін бұл – жауапкершілік алу, басқасы үшін материалды заттар, тағы біреу үшін өміріндегі жетістіктері. Есею концепциясы үнемі өзгеріп отырады. Өзі әлдеқашан тинейджер болмаса да, баланың тірлігін жасап жүргендерді байқайтын ба едіңіз? Фигуркаларға, мультфильмге, анимеге, ойынға, қайдағы бір машиналарға қызығып жүреді. Құдды бір есеймеген сияқты. Әлем өзгерген. Бұрынғыдай адамдарға ешқайда асығудың қажеті жоқ. Бірақ біз қатты алыстап кеттік. Не себепті дәл осылай болып жатқанын түсініп алайық.
Kidult = kid + adult
Kidult сөзі бала мен ересектің қосындысын білдіреді. Бұл біреуді келемеждеу емес, жай адамдардың сипаттамасы. Сонда қандай адамдарды сипаттап тұр?
Мұндай адамдар ойыншық, мультфильм, коллекциялық бұйым сияқты, көбіне балаларға тән деп саналатын дүниелерге ерекше қызығады. Kidult – жасы ересек болса да, қызығушылығы мен медиа талғамына қарап, «балалар әлеміне жақын» деп сипатталатын адам.
Ондайлар көп пе? Олардың жасы нешеде? Бұл – жаңа термин әрі феномен. Себебі бұрын мұндай адам болуға мүмкіндік жоқ еді. Нақты статистика болмағандықтан, халықаралық тәжірибелерге сүйенеміз.YouGov зерттеуіне сүйенсек, kidult брендтеріне қызығатындардың орташа жасы – 36,7 жас.
Жапониядағы 2025 жылғы Happinet сауалнамасы бойынша, 18-60 жас аралығындағы адамдардың 5,35 миллионын кидал-демография тобына жатқызуға болады екен. Ал нарық көлемі шамамен 78 миллиард иен (яғни 520 миллион доллардай).

Жақсы, бірақ не үшін? Жақсы сұрақ. Бұл сұраққа толығырақ кейін жауап береміз. Алдымен бұл адамдарды не нәрсе ұстап тұрғанын анықтайық. Олар жиі жаймашуақ, алаңсыз, қызық кездерін еске түсіреді. Мұны компаниялар да ұтымды қолданады: римейктердің бірінен соң бірін шығарып жатыр (кейбірі шынымен де жаман емес). Себебі өткен күнді аңсау қызық сезім, ол адамдарға қиын сәтте көмектесе алады. Мәселен, локдаун кезінде (2020-2022 жылдары) АҚШ-та ойыншық сатылымы 37% өсті. Бұған көбіне ересектер себеп. Тіпті сауалнама бойынша, ересектердің 58%-ы ойыншықты балаларға емес, өзіне сатып алған.
Сондай-ақ адамдарды ортақ хобби біріктіреді. 2021 жылғы зерттеулер бойынша, өткен күндерді аңсау басқа адамдармен байланысты нығайтатын әлеуметтік эмоция екен. Мұны Cyberpsychology, Behavior, и Social Networking зерттеушілері де растаған.
«Ой, қазіргі өмірініне көңілі толмай, өткенімен өмір сүретіндер ғой!» деп айтар бір оқырман. Дегенмен 2016 жылы жасалған зерттеулердің өзі өткенді аңсау сезімі өткен мен бүгінді байланыстыратын сезім екенін дәлелдеген.
Енді психология тұрғысынан қарап көрейік. Алдымен ақша туралы сөйлесейік. Адамдар не үшін әлі есеймей жүр деп шағымданбай тұрып, ересектер сияқты өмір сүру әлдеқайда қымбат болып кеткенін ұмытпайық.
Сандар бәрін анық көрсетіп тұр. 1960 жылдан бері АҚШ-та баспана бағасы инфляциядан 2,4 есе жылдам өскен. Егер үй бағасы инфляциямен қатар өссе, 2024 жылы орташа үй шамамен 177 500 доллар тұрар еді. Ал шын мәнінде, қазір оның бағасы 431 000 доллар (Clever Real Estate дерегі).
Миллениалдар үшін үй сатып алу бумерлерге қарағанда екі есе қиын. 2024 жылғы деректер бойынша, қазір адамдар шамамен 38 жасында алғашқы үйін сатып алады. Оған қоса айлық бағаның өсуіне ілесе алмай келеді. New America зерттеулері бойынша, миллениалдар бумерлерге қарағанда 20% аз табыс табады екен. Дегенмен миллениалдар әлдеқайда білімді. Center for American Progress есебіне сүйенсек, қазіргі 30 жастағылар 1984 жылғы 30 жастағылармен шамалас табыс табады. Бірақ осы уақыт ішінде экономика 70% өнімдірек болған. Ал жалақы 1979-2019 жылдары небәрі 12% ғана өскен.
Нәтижесі ап-анық: 2021 жылы АҚШ-та жастардың шамамен жартысы – 49%-ы ата-анасымен бірге тұрған. Ал 2000 жылы бұл көрсеткіш 40% болған (Wharton зерттеуі). Дәстүрлі есею жолы – өз үйің, қаржылай тәуелсіз болу енді қызық емес, себебі қолжетімсіз нәрсе болып қалды.

Джеффри Арнетт және «Ересектің қалыптасуы»
Есею туралы қызық ойды америкалық психолог Джеффри Дженсен Арнетт айтқан. Ол 2000 жылы American Psychologist журналында «ересектің қалыптасуы» деген ұғымды ұсынды. Оның айтуынша, 18-29 жас аралығындағы жастардың өмірі бұрынғыдан өзгерген. Бұрын адамдар ерте үйленіп, тез жұмысқа тұрып, отбасы құруға асығатын. Қазір көп адам мұндай маңызды шешімдерді 30 жасқа дейін немесе одан да кейінге қалдырады.
Яғни есею уақыты кейінге ығысты. Бұрын 22 жаста істелетін нәрселерді (үйлену, тұрақты жұмыс, үй алу) қазір көбіне 30-35 жаста жасайды. Бұл жағдай 2000 жылдың өзінде байқалған. Ал содан бері бәрі күрт жақсарып кетті деу қиын.
Өмірде рөлдер маңызды. Әр адам әр ортада әртүрлі рөл атқарады: үйде – ана, жұмыста – басшы, достар арасында – басқа қырынан көрінеді. Кейбір рөлдер уақытша, ал кейбірі ұзаққа созылады.
Джеффри Дженсен Арнетт бес жыл бойы 18–29 жас аралығындағы 300 жастан сұхбат алып, олардың өмірлік мақсаттары туралы зерттеу жүргізген. Қатысушылардың әлеуметтік, мәдени жағдайы әртүрлі болса да, жауаптары өте ұқсас болған. Көпшілігі өзін «екі ортада қалғандай» сезінетінін айтқан: бір жағынан – ересек, екінші жағынан – әлі де ізденіс үстінде. Олар кім екенін, өмірдегі орнын тапқысы келетінін жеткізген. Бірақ жас жағынан олар ересектер қатарына жататын. Арнетт бастапқыда адамдар бұл сұрақтардың жауабын жасөспірім кезде тауып қояды деп ойлаған. Алайда зерттеу нәтижесі мүлде басқа көріністі көрсетті.

Сол кезде ол бұл кезеңнің 5 негізгі сипатын атап өткен. Бұл ойлар әлі де өзекті.
1. Жеке болмысты іздеу. Бұл – адам маңызды шешім қабылдамай тұрып өзін сынап көретін уақыт. Махаббатта да, жұмыста да түрлі мүмкіндікті байқап көреді, қай жол өзіне жақын екенін түсінуге тырысады.
2. Тұрақсыздық. Ізденіс бар жерде тұрақсыздық та болады. Осы жаста адамдар жұмысын, тұратын жерін, тіпті қарым-қатынасын жиі өзгертуі мүмкін.
3. Өзіне фокус қою. Бұл кезеңде адамның басқалардың алдындағы жауапкершілігі әлі толық қалыптасып үлгермейді. Бірақ бұл өзімшілдік емес. Керісінше, болашақта ұзақ мерзімді жауапкершілік алар алдында «мен кіммін, нені қалаймын?» деген сұраққа жауап іздейтін уақыт.
4. Екі ортада қалу сезімі. 18-25 жастағы адамдарға «Өзіңізді ересек сезінесіз бе?» деп сұраса, көбіне «бір жағынан иә, бір жағынан жоқ» деп жауап береді.
5. Мүмкіндіктер мен оптимизм. Бұл – болашаққа сеніммен қарайтын шақ. Өмірдің барлық сценарийі әлі ашық сияқты көрінеді. Мысалы, ұзақ қарым-қатынас тәжірибесі болмағандықтан, «мінсіз» махаббатқа сену оңай. Ал балалық шағы қиын өткендер үшін бұл – жаңа ортаға көшуге, өмірін өзгертуге мүмкіндік беретін кезең.
Айналаңызда 30 жасқа толса да, осы сипаттамаларға келетін таныстарыңыз бар шығар.
Джеффри Дженсен Арнетт 2015 жылы еңбегін жаңартып, қоғамдағы өзгерістерге бірнеше ірі төңкеріс әсер еткенін айтады. Оның пікірінше, бұл құбылысты төрт негізгі революция арқылы түсіндіруге болады: Технология төңкерісі, әйелдер төңкерісі, жастар төңкерісі және сексуалды төңкеріс.
Біз қазір білім экономикасында өмір сүріп жатырмыз, контрацепцияның түр-түрі қолжетімді, әйелдер көбірек құқық пен мүмкіндік алды. Соның арқасында ерте тұрмысқа шығу қысымы азайды, ал жастық шақ құндылыққа айналды. Бұрын, 60-70 жылдары, ересек адам мәртебесімен, табысымен бағаланатын, бәрі сол топқа кіргісі келетін. Қазір керісінше, жас болу «сәнде». Өзіңді іздеу, әртүрлі мамандық пен өмір форматтарын көру қалыпты жағдайға айналды.
Бұл тек бір ғалымның пікірі емес. Нейроғылым да мұны растайды: 25 жасқа дейін ми дами береді. Шешім қабылдауға және импульсив бақылауға жауапты префронтал қыртыс осы кезде толық жетіледі. Яғни 20 жастан асқан адам еріншек немесе «ержетпеген» емес, ол әлі даму үстінде. Әрине, әр адамның жолы жеке, мәдениет пен жағдайға байланысты өзгереді. Бірақ біз жалпы тенденцияны айтып отырмыз.

Қысқасы, Арнетт теориясы қазіргі 30 жастағылардың өмір салтын – ойыншық жинау, мультфильм көру, көршімен тұру – әлеуметтік өзгерістермен түсіндіреді. Ал бұрын бұл жаста адамдардың өз үйі мен баласы болатын. Ересек өмірдің уақыты онжылға артқа кеткен.
Неке, баспана, бала сияқты ересектік белгілері кешігіп келе жатқан сайын, жасөспірімдік пен ересек өмір арасындағы кезең ұзарады. Сол кезде жастар бұрынғы буын тастаған қызығушылықтар мен хоббилерді қайта бастайды немесе жаңғыртады.
Арнетт бұл ұрпаққа түсіністікпен қарайды: ересек өмірге кешірек қадам басу әлсіздік емес, әлеуметтік өзгерістерге бейімделудің қалыпты көрінісі.
Біз қауіпсіздік пен тыныштықты қалаймыз
Негізі kidult психологиялық қажеттен шығады. Тұрақсыз заманда адам қауіпсіз әрі бір қалыптағы қарым-қатынасты, эмоцияны қалайды. Сарапшылар ересектердің балалық шақтағы таныс дүниелерге қайта бет бұруын әлсіздік емес, күйзелісті жеңілдетіп, өзін қайта табудың бір тәсілі деп санайды.

Топтау тақырыбын тағы бір қозғайық. Әдетте бұл ностальгиямен бірге келеді. Әлем ессіз, үлкен, қатал әрі аласапыран. Айналамызда болып жатқан нәрселерді мүлдем басқара алмайтын секілдіміз. Бірақ ол кейде керек те емес. Осы жерде Master Theory еске түседі: адам өзіне сөреде түсінікті, өзі басқара алатын кішкентай әлемді құрастырады. Осылай, белгілі бір заттарды іздеп, жинап, қорғап, бәрін бақылап жатқандай болады.
Бұл құбылыс көбіне бала кезде жетіспеген нәрселерді толықтыру үшін қажет. Мысалы, бала кезіңізде ойнауға немесе мультфильм көруге мүмкіндік болмаған болса, енді ересек адам өзіне соны рұқсат етеді.
Әрине, әр адамда әрқалай көрінуі мүмкін, бірақ бұл көп нәрсені түсіндіреді.
Қорытынды
Енді бұрынғы 30 жастың қазіргі 30 жастан неге өзгеше екенін түсінуге болады. Ересек болу уақыты кейінге шегерілді. Бұл бір буынның қыңырлығы емес, экономика, технология, нейроғылым және мәдениеттегі үлкен өзгерістердің нәтижесі. Арнетт 2000 жылдың өзінде бұл үрдісті көрсеткен, содан бері ол одан сайын күшейе түсті.
Сөредегі түрлі зат, кешке аниме көру, кроссовка жинау есемейгеннің белгісі емес. Керісінше, тұрақсыз әлемде өз орнын табудың және бір нәрсені бақылауда ұстаудың тәсілі. Бұл біреуге зиян келтірмесе, онда адамнан «қашан есейесің?» деп емес, «бақыттысың ба?» деп сұраған дұрыс.



