Instagramда мен подкастарда мыңдаған адам «токсик ата-ана», «шекараны бұзу» және «балалық шақ жарақаты» тақырыптарын қызу талқылап жүр. Бұл уақытша сән бе, әлде қоғамдағы нақты қажеттілік пе? Tamga Media психолог Шырын Айдаровамен талқылап көрді.
Қазақстанда ұзақ уақыт бойы «отбасы мәселесін сыртқа шығармау» деген түсінік басым болды. Үлкенді сыйлау мен ата-ана алдындағы парыз кез келген реніштен жоғары тұратын. Сондықтан жақындарыңның іс-әрекетін талқылау немесе оларды сынға алу ойға да келмейтін еді.
Бүгінде еліміздегі жеке психологтарға қанша адам жүгінетіні туралы нақты ресми дерек жоқ. Өйткені мемлекеттік есепке тек арнайы орталықтардың мәліметі ғана кіреді. Дегенмен қазір қоғамда менталды саулық мәселесі өте өзекті. 2025 жылғы Mental State of the World есебіне сүйенсек, Қазақстан психикалық саулық индексі бойынша 83 елдің ішінде 76-78-орындарда тұр. Әсіресе 35 жасқа дейінгі жастар арасындағы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Олардың 41%-ы үнемі күйзеліп жүреді. Мамандардың айтуынша, нақты жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін, өйткені көптеген адам «ұят болады» деген қорқынышпен көмек сұраудан қымсынады.
Пандемия кезеңі де бұл жағдайға үлкен әсер етті. Адамдар оқшауланғанда жақындарымен бірге ұзақ уақыт өткізіп, отбасындағы шынайы ахуалға алғаш рет байыппен қарауға мәжбүр болды. Сонымен қатар интернетпен өскен жаңа буын қарым-қатынастың басқа да үлгілері болатынын түсінді.
Шырын Айдарова, психолог:
«Қазақстанда психологқа жүгінетіндер туралы нақты статистика жоқ. Бірақ тәжірибеме қарағанда, жас ата-аналарды көбіне ішкі мазасыздық, депрессия белгілері және бала тәрбиесі алаңдатады. Осы мәселелерді тереңірек қарастырсақ, түп-төркіні көбіне адамның өз ата-анасымен қарым-қатынасына барып тіреледі. Қуантарлығы, бүгінде адамдар мұндай тақырыптарды жасырмай, психологпен ашық сөйлесуге дайын».

«Шыдау» және «шекара қою»
Соңғы жылдары «жеке шекара» деген ұғым жиі айтылатын болды. Қазір жиырма жастағы жастардың «анам шекарамды бұзады» деуі бұрынғы «үлкенді сыйлау керек» деген түсінікпен қатар жүретіндей.
Тіл өзгерсе, көзқарас та өзгереді. Қандай да бір құбылысқа атау берілсе, оны түсінуге әрі талқылауға, өзгертуге мүмкіндік туады. Мысалы, «эмоциялық қысым», «шектен тыс қамқорлық» деген сөздер шыққалы, адамдар бұрын «отбасымызда солай» деп қабылданған әрекеттерге басқаша қарай бастады.
Шырын Айдарова, психолог:
«Клиенттер көбіне «маған жеткілікті көңіл бөлінбеді», «махаббат көрмедім», «олар менің өмірімді бүлдірді» деген ренішпен келеді. Бірақ мұндай шағымның бәрі – іштей ата-анамен байланысты үзбеудің бір түрі. Адамның өкпесі бар жерде ата-анамен іштей байланыс та бар. Көп жағдайда сыртқы ашу-ызаның астында бала күнгі махаббатқа деген сағыныш жатады. Ата-анасын кінәлайтын адам әлі де «бала» күйінде қалып қойған, өйткені жауапкершілікті өзгеге артқан оңайырақ. Бір жылдан асатын ұзақ терапия кезінде адам есейе бастайды. Ол: «Иә, маған ауыр болды, бірақ ата-анам да бұған кінәлі емес» дегенді түсінеді. «Олардың басқаша істей алмағанын білемін, сонда да жаным ауырады» деп айта алса – бұл есеюдің белгісі».
Дегенмен мамандар асығыс қорытынды жасамауға шақырады. Кез келген талапшыл ана – «нарцисс», ал қатал әке – «абьюзер» емес. Бір мәдениетте «шекараны бұзу» деп есептелетін әрекет, екіншісінде шынайы жанашырлық болуы мүмкін. Маман тек өткеннің мұңына батқандармен емес, барлық жауапкершілікті ата-анасына артып қойғандармен де жұмыс істеу керек екенін айтады.

Әлеуметтік желінің әсері
Instagram, TikTok және Telegram бұл трендтің қозғаушы күшіне айналды. Көп оқырманы бар қазақстандық психолог-блогерлер күн сайын « қиын отбасында өскеніңіздің 5 белгісі» немесе «анаңыздың эмоциялық түрде суық екенін қалай білуге болады?» деген тақырыптарда жазбалар жариялайды.
Психология контентке айналды. Ал кез келген контентке конфликт пен жан ауыртатын оқиғалар керек. «Сен кінәлі емессің» деген сөз миллиондаған адамның жүрегіне жол табады. Алайда Instagram-дағы пост пен нақты терапияның арасы жер мен көктей екенін ұмытпаған жөн.
Соған қарамастан, блогерлер психологиялық көмек алуды ұят санаудан арылтты. Танымал адамдар «мен психологқа барамын» деп ашық айтқанда, қоғамның көзқарасы өзгереді. Сонымен қатар бұл сала үлкен индустрияға айналып, онлайн-платформалар мен топтық терапиялар көбейді.
Шырын Айдарова, психолог:
«Білікті маманды тыңдаудың танымдық тұрғыдан пайдасы зор. Алайда білімі жоқ немесе тек қысқа курстарды бітірген адамдардың кеңесі зиянын тигізуі мүмкін. Адамның жан дүниесі өте нәзік, сондықтан психологияны тек табыс көзіне айналдыруға болмайды. Әлеуметтік желідегі коучтар мен жалған психологтарды тыңдап алып, бізге дайын «диагнозбен» келетіндер де бар. Бірақ психологияда бәріне ортақ қағида жоқ, әр адамның жағдайы бөлек. Қазір тіпті ChatGPT-ден кеңес сұрап, диагноз қойдыратындар көбейді. Бірақ ЖИ адамның сезімін түсінетін тірі жан емес екенін ұмытпаған жөн».
Маманға жүгінбей тұрып, оның білімін, өзі де терапиядан өтетінін және кәсіби бақылауда (супервизия) бар-жоғын міндетті түрде тексеру керек.

Саладағы тәртіп: заң не дейді?
Сұраныстың өсуі саланың әлі толық реттелмегенін аңғартты. Қазір екі апталық курс аяқтағандар да, тарологтар да өзін «психолог» деп таныстырып жүр. Мамандардың айтуынша, желідегі кеңес берушілердің көбінде тиісті білім жоқ. Осы жағдайға байланысты 2026 жылғы ақпанда Мәжіліс «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын қарауға алды. Бұл – Қазақстанда психологиялық қызметті жүйелеуге бағытталған алғашқы құжат.
Жаңа заңдағы негізгі өзгерістер:
Психолог болып тек жоғары білімі бар немесе 900 сағаттан кем емес қайта даярлаудан өткен мамандар істей алады.
Барлық психолог мемлекеттік тізілімге тіркелуге тиіс. Тіркеусіз жұмыс істеуге тыйым салынады.
Квалификацияны бес жылда бір реттен кем емес арттыру міндетті.
Психологтарға медициналық диагноз қоюға және дәрі жазуға тыйым салынады.
Кәмелетке толмағандармен жұмыс тек ата-ананың келісімімен жүргізіледі (шұғыл жағдайлардан бөлек).
Құпиялықты сақтау – басты талап.
Шырын Айдарова, психолог:
«Заң жобасын құптаймын. Осы салаға нақты тәртіп орнайды деп үміттенемін. Өз ісіне адал мамандар үшін ешқандай кедергі болмайды. Негізі тәжірибелі психологтың өзі де терапиядан өтіп, супервизия алып тұруға тиіс. Бұл – маманның клиенттерді қабылдауына қажет басты талаптардың бірі, тіпті ғылыми тұрғыда дәлелденген дүние. Ең бастысы, бұл заң халықтың сапалы көмек алуын қамтамасыз етіп, клиенттердің мүддесін қорғауы керек».
Перзенттік парыз бен жеке еркіндік
Біздің қоғамда үлкенді құрметтеу, ата-анаға қарайласу және бір үйдің астында бірнеше буынның бірге тұруы әлі қалыпты жағдай. Сондықтан жастар ішкі реніші мен қоғамдық талаптың арасында қалғанда қатты қиналады. Біз сияқты қауымдасып өмір сүретін ортада адам «өз шекарамды қорғасам, жаман бала болып қаламын ба?» деп өзін кінәлі сезіне бастайды.
Шырын Айдарова, психолог:
«Қазіргі қоғамда ата-ана мен баланың бір-біріне деген міндеті туралы түсінік біраз бұрмаланған. Егер ата-ана баланы «менің кәрілігімді бағуға міндеттісің» деген оймен өсірсе, бұл балада махаббат емес, керісінше, қорқыныш пен ашу-ыза тудырады. Мұндай жағдайда бала ата-анасына деген борышын жақсы көргендіктен емес, кінә сезімі мен «ұят болады» деген үрейден қашу үшін өтейді. Ал бойында кінә мен қорқыныш бар адам өзіне ауырлық салса да, өзгелердің көңіліне қарап өмір сүреді. Сондықтан терапияда біз осы кінә сезімін арылтып, жағдайға байыппен қарауға тырысамыз».
Психологтың айтуынша, бұл мәселеге ерлер мен әйелдер әртүрлі көзқараста екен. Ер адамдар «ата-анамен қарым-қатынасты реттеймін» деп өте сирек келеді. Көбіне «неге жақсы жұмыс таба алмай жүрмін?» деген сұрақпен бастайды. Бірақ мәселені қазбалай келгенде, оның мойнында ата-анасы іліп қойған қарыздар мен несиелердің көп екені анықталады. Бұл – «сен бізге қарыздарсың, міндеттісің» деген психологиялық қысымның салдары.

Шырын Айдарова, психолог:
«Кейде ерлерді ішімдікке, есірткіге немесе ойынға салынғанда әйелі немесе анасы ертіп әкеледі. Мұның бәрінің де төркіні сол баяғы отбасылық мәселелерге тіреледі. Ер азаматтардың психологқа аз келуінің тағы бір себебі – олар мұны әлсіздік деп санайды. Түптеп келгенде, психологқа өз өмірін өзгерткісі келетін, соған ерік-жігері жететін қайратты адамдар ғана барады».
Кешіру ме, әлде қабылдау ма?
Ата-анамен қарым-қатынасты реттеу – оларды кінәлау емес, іштегі реніштен арылып, жан тыныштығын табу. Біреуге бұл жеңілдік кешіріммен келсе, енді біреуге ата-анасының сол кездегі жағдайын түсініп, оларды барымен қабылдағанда келеді. Ал кей жағдайда тек арақашықтық сақтау ғана жан тыныштығына жеткізеді. Ата-анамен арадағы мәселені ашық айту олардан теріс айналу емес. Керісінше, бұл қарым-қатынасты дұрыс арнаға түсіру немесе өзі көрген қиындықты келесі ұрпаққа өткізбеуге тырысу.
Шырын Айдарова, психолог:
«Кешіру немесе кешірмеуді адамның өзі шешеді. Тіпті кейде арақашықтық сақтау ең дұрыс шешім болуы мүмкін. Бұл процесс – адамның іштей есеюі. Ол өзінің ішіндегі ата-ана бейнесін танып, өмірді баланың позициясымен сүруді тоқтатуы керек. «Бәрінде де осы жағдай ғой, шыдауым керек» деп өзіңді алдау – іштегі жараны елемеу. Ал сол ауырлықты мойындау ғана шынайы ризашылыққа жол ашады. Әлеуметтік желіден оқып, бірақ әлі де жүрексініп жүргендерге айтарым: өз өміріңізді біреудің үмітін ақтау үшін емес, өз қалауыңызбен сүргіңіз келсе, психологқа келуден қорықпаңыз».




