10 жыл бұрын қазақстандық HR-менеджерлер түйіндемесінде үш жылда бес жұмыс орны көрсетілген маманнан алыс жүруге тырысатын. Бірақ қазір жағдай мүлдем басқа. Жас мамандар жұмыс ауыстыруды стратегиялық қадам деп біледі, ал жұмыс берушілер бұған еріксіз көніп отыр. Неліктен жастар «жай ғана еңбек өтілін жинауды» емес, дағдыны дамытуды, лайық еңбекақы мен жайлы ортаны таңдайды? Еңбек нарығы бұл ережелерге бейімделе бастады ма? Tamga Media тарқатып көрді.
Нарықтың жаңа ережелері
Ұлттық статистика бюросының 2025 жылдың IV тоқсанындағы дерегінше, 15-34 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі 3,1% болды. Бұл – тарихтағы ең төмен көрсеткіштің бірі. Елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,6%, бұл – кейінгі 20 жылдағы рекорд көрсеткіш. Нарық үшін бәсеке күшті, сондықтан жастар келіссөз кезінде өз талаптарын нық айта алады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша hh.kz платформасында 538 мыңнан астам белсенді бос жұмыс орны жарияланған. Орташа жалақы 8,6% өсіп, 297 мың теңгеге жуықтады. Алматы мен Астанада бұл көрсеткіш 324 мың және 328 мың теңгеден асады. 2025 жылдың II тоқсанында жұмыс іздеушілердің белсенділігі өткен жылмен салыстырғанда 38% артты. Қарап отырсақ, нарық тоқтаусыз қозғалыс үстінде.
2029 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай еліміздегі жұмыс күшінің 74%-ы – миллениалдар мен Z буыны. Бұл буын икемді жұмыс кестесін қалайды және бір жұмыс берушіге өмір бойы байланып отырмайды. Осы айтылған үрдіс қазірдің өзінде толықтай іске асып жатыр.
150-ден астам жұмыс беруші қатысқан сауалнама нәтижесі бойынша, жас қызметкерлердің басты сұраныстары:
ескірген форматтардан бас тарту (60%);
қашықтан жұмыс істеу немесе икемді кесте (57%);
мансап сатысымен жылдам өсу (53%).
Егер бұл талаптар орындалмаса, маман бірден кетеді.

«Ішім пысса, жұмыс ауыстырамын, есесіне осылай дамып жатырмын»
Райымбек Тулешев, 27 жаста, Vbox Social негізін қалаушы
Кей адам жұмыстан шаршағаннан, ал кейбірі өспей қалғанын сезгеннен жұмыстан шығады. Райымбек Төлешев – екінші топқа жататындардың бірі. Ол жалдамалы жұмысты тұрақтылық үшін емес, нарықты ішінен түсіну үшін таңдаған. Қазір оның Астанада вендинг шығаратын Vbox Social деген өз компаниясы бар. Тіпті 25 филиалы бар, бірақ мұндай жетістікке жеткенге дейін өзін әртүрлі салада сынап көрген: Astana Hub-та істеген, турагент болған, продакт-менеджмент ісімен айналысып көрді. Тіпті жеке турагенттік ашып, оны сатып та үлгерген. Райымбектің айтуынша, оның шешімдеріне сыртқы қысымнан гөрі ішкі сезім көбірек әсер еткен.
Райымбек:
«Жұмыстан кетуіме жиналып қалған реніш емес, жай ғана ішімнің пыса бастауы түрткі болатын. Мен үнемі өзіме нақты не керегін іздейтінмін. Сол үшін әдейі турагенттікке барып, нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсінгім келді. Кейін өз агенттігімді ашып, оны сатып жібердім. Мақсатым кезекті туроператор болу емес, Kaspi Travel сияқты үлкен өнімнің қазақстандық баламасын жасау еді. Әр кеткен жұмысым – алға жылжыған бір қадамым болды. Әрине, белгісіздік қорқытты. Бірақ бизнесім 25 нүктеге дейін өскенде, тәуекелдің ақталғанын түсіндім».
Райымбектің сөзінше, жаңа жұмыс бастағанда ешкім кепіл бермейді, сондықтан нарықты жіті бақылау керек. Ол жұмыс берушінің мәселесін зерттеп, өзін сол мәселені шеше алатын маман ретінде көрсетуге тырысатынын айтады. Себебі өз-өзіңді дұрыс таныстыру – ең маңызды дағдылардың бірі деп біледі.
Райымбек жұмыс ауыстыруға жалақы да себеп болатынын айтады, бірақ ақша негізгі мәселе емес. Ол біреу көп табады екен деп, соған қарап шешім қабылдағанды дұрыс санамайды.
Райымбек:
«Жұмыс ауыстыруыма ақша да себеп болады, бірақ бұл негізгі мәселе емес. Маған бонустары мен мотивациясы нақты жазылған ашық келісімшарт маңызды. Бірақ бәрінен бұрын – ұжым. Маған орта, қызық жоба және мықты команда болғаны маңызды. Мұндай кезде жалақы үшінші орынға ығысады. Жұмыстан кетуге қорқатындарға кеңесім қарапайым: ақша жинап, сосын кету керек. Өмір біреу-ақ. Біз ойлағаннан да көп қызық жобалар бар. Оларды іздеп, әртүрлі жерде бақ сынап көру қажет».
«Маман ретінде нарықтағы бағаңды білсең, қызық жобалармен айналысуға болады»

Омар Базаров, 26 жаста, Senior Product Manager, Uzum Tech
Jusan, Freedom, Beeline, Uzum – бірнеше жылда төрт компания. Омар Базаров қиындықтан қашқан жоқ. Ол жұмысын тек сыртқы жағдайларға байланысты және жақсырақ жоба мен тиімді шарттарды көздеп, саналы түрде ауыстырып отырған. Ал қазіргі жұмысы – Uzum Tech-ке ауысу үшін ол арнайы келіссөз жүргізген. Компания оған жалақы төлеп қоймай, басқа қалаға көшкендегі кеткен шығынды, пәтерақысын өтеп береді екен.
Омар Jusan-нан команда ыдырай бастағанда кетті. Freedom-ға өнім үшін барды. Өзінің сөзінше, Freedom Super App нарықтағы ең қызық B2C жобаларының бірі болатын. Бірақ тағы да команда тұрақсыз болған соң әрі жақсы ұсыныс түскен соң Freedom-нан Beeline-ға, кейін Beeline-нан Uzum-ға ауысқан.
Омар:
«Негізінен Beeline-да декреттік демалысқа шыққан адамның орнына барған едім, сондықтан ол адам жұмысқа оралғанда кетемін деп шешім қабылдап қойғанмын. Ешкіммен ренжіскен жоқпын. Мансаптық өсуді көздедім, өз міндетімді орындағанымды түсіндім де, алға жылжыдым. Тіпті, Freedom-нан кетерімде контр-оффер алдым. Бірақ бір тоқтамға келіп, басқа ұсыныстарға қайрылмауды жөн көрдім».
Оның айтуынша, жұмыс ауыстырған сайын табысы да өсіп отырды: кей жерде 30%, кейде екі есе. Келіссөз кезінде ол жалақысын белгілі бір сомаға өсіруді талап етеді немесе кәсіби деңгейінің артқанын (джуннан мидлге, мидлден сеньорға) дәлелдеп, соған сай еңбекақы сұрай біледі.
Омар:
«Рекрутерлердің неге бұл туралы сұрайтынын түсінемін. Олардың орнында болсам, мен де сұрар едім. Жиі ауыстыру әрдайым дұрыс емес. Сол себепті өзім не себепті жиі жұмыс ауыстырғанымды айтып беремін. Ең бастысы, айтар уәжің болуы керек. Ал өз жұмысынан шаршап, кеткісі келіп жүргендерге алдымен нарықта өз деңгейін анықтап алуға кеңес беремін. Дәл қазір кету міндет емес. Бірақ маман ретінде бағаң қандай екенін түсінген маңызды».
«Жұмыста бюрократия аз болғанын қалаймын»
Ерлан Молдахметовтың мансап жолы – «өз орнын табу» дегеннің нақты мысалы. Кейінгі төрт жылда ол репетиторлықтан бастап, қолдау қызметі, стартаптар мен сауда саласына дейін түрлі бағытта өзін сынап көрді. Бұл ізденісі оңай болған жоқ: ұзақ жол, төмен нәтиже, күйзеліс – бәрі болды. Бірақ дәл осы тәжірибелер оны бүгінгі таңда Arbuz.kz командасынан өзіне жайлы орнын табуға алып келді.
Ерлан әр жұмыстан әртүрлі себеппен кеткен: бір жерде жол алыс, бір жерде өспей жатқанын түсінген, енді бірінде аз уақытта нәтиже талап ететіні ұнамады. Бірақ кейін ол бұл шешімінің бәрі дұрыс болғанын түсінген.
Ерлан:
«Алғашында ағылшын тілінен сабақ бердім. Кеңсе үйімнен екі сағаттық жерде болды. Бір күні кешікпеу үшін таксиге отырдым, бірақ бәрібір үлгермедім. Ең қиыны, таксидің құны менің үш сағаттық жалақыма тең болды. Сол сәтте тоқтау керек екенін түсіндім. Кейін ірі компанияда екі жыл қолдау көрсету менеджері болдым, бірақ ішінде өсу мүмкіндігін көрмедім. Сауда саласын байқап көрдім – онда табыс KPI-ге қатты байланысты болды, бірақ үш аптада нәтиже болмай, қатты қажыдым. Одан кейін стартапта жарты жыл істедім: тәжірибе көп болды, бірақ ішкі мәселелер мен жаңа нәрсені байқап көруге деген ынтам жеңіп, тағы бір рет саудаға барып көрдім – 40 күнде нәтиже болмады. Сол кезде өзімді мүлде пайдасыз сезінген сәттер болды. Бұл өте ауыр».
Бірақ Ерлан осы ізденістерінің арқасында қазіргі Arbuz.kz-тегі жұмысын тапты. Өз орнымды тапқандаймын дейді.
«Маған ең маңыздысы – бюрократия аз болуы, ұйымшыл команда және нақты өсу мүмкіндігі. Ақша да маңызды, бірақ ол бірінші орында емес: мен көбіне шығындарымды жабатын базалық соманы ғана айтамын, өйткені өзімді әрдайым дәл бағалай аламын деп айта алмаймын. Ал жұмыстан кеткісі келіп жүргендерге айтарым – дайындықсыз кету үлкен тәуекел, бірақ кейде дәл сол тәуекел адамды тез өсіреді».

Таяқтың екінші ұшы
Егер жас мамандар жұмысты не үшін жиі ауыстыратынын түсіндіруді үйреніп жатса, рекрутерлер де оны дұрыс қабылдауға бейімделіп келеді. Соңғы жылдары job-hopping-ке деген көзқарас та айтарлықтай өзгерген. 2ГИС компаниясының кадр таңдау бөлімінің жетекшісі Томирис Умутпаеваның сөзінше, бүгінде түйіндемеге бұрынғыдай қатаң қарамайтынын айтады. Оның пікірінше, мәселе қай жерде қанша уақыт істегенінде емес, оның логикасы мен бағытында.
Томирис Умутпаева:
«Бұрын бір жерде жарты жылдан аз жұмыс істеген кандидаттардың түйіндемесі бірден шетке алып тастайтынмын. Қазір олай емес. Адамдар ұзақ күткісі келмейді, жұмыс берушімен оңай қоштасады. Әрине, бұл әрдайым дұрыс болмауы мүмкін, бірақ әр жағдайды жеке қарау керек. Мен үшін ең маңыздысы – түйіндемедегі жалпы үрдіс: адам бір бағытта дамып келе ме, жауапкершілігі өсіп жатыр ма, әлде жай ғана кездейсоқ ауыcып жүр ме, соған қараймын. Әрине, бір жерде екі апта ғана істеп кетсе, сұрақ туындайды. Бірақ жалпы алғанда, нақты уақыттан гөрі мағынасы маңызды».
Маманның айтуынша, қызметкердің алдыңғы жұмыстан не үшін кеткенін түсінген де маңызды: неден қашты және неге ұмтылды. Осы екі нәрсе оның кәсіби бағытын жақсы ашады. Көп жағдайда мықты кандидаттардың кету себебі екі нәрсеге тіреледі – олар не мансаптық өсудің шегіне жетеді, не табысын арттыру үшін жаңа мүмкіндік іздейді.
Томирис Умутпаева:
«Адамдарды жұмыста ұстап тұратын базалық факторлар өзгермеген: ашықтық, бағыт көрсететін басшы және сенімділік. Сенімділік дегеніміз – жалақының уақытында төленуі мен ұжымдағы эмоциялық тұрақтылық. Егер осы жағдайлар жасалса, мамандар бір жерде ұзақ жұмыс істеуге дайын. Ал кей жұмыс берушінің басты қатеcі – осы факторлардың бірін елемейтінінде. Қазір біз бір нәрсені анық түсіне бастадық: адамның компанияда қанша уақыт отырғаны емес, сол уақытта қандай нәтиже көрсеткені маңызды. Сондықтан кандидаттардың талаптарын ашық айтқаны екі жаққа да тиімді. Себебі жұмысқа орналасу тек компанияның емес, кандидаттың да таңдауы».

Цифрлар сөйлейді
2029 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасына сай, 2030 жылға қарай жыл сайын нарыққа 300 мыңнан астам жас маман қосылады. Яғни бүгінгі жастардың таңдауы – ертеңгі еңбек нарығын қалыптастырады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметіне сүйенсек, диплом мен істеп жүрген жұмыс сәйкес келмесе, табыс шамамен 15%-ға төмендейді. Ал алғашқы жұмыс көңілден шықпаса, одан кету әлсіздік емес, қалыпты шешім.
Hh.kz дерегіне сүйенсек, 2025 жылы орташа жалақы 297 мың теңге болған. Бірақ жұмыс іздеушілер орта есеппен 304 мың теңге күтеді. Осы айырмашылық та адамдарды жиі жұмыс ауыстыруға итермелейді.
Сарапшылардың пайымынша, жас мамандарды ұстап қалу үшін жұмыс берушілерге кадр саясатын түбегейлі өзгертуге тура келеді. Қазірдің өзінде заман ағымына ілескен компаниялар ұтып жатыр, ал ескі сүрлеуден шыға алмағандары білікті мамандарынан айырылып қалып жатыр.
Мансап жолын еркін таңдауды жауапсыздық деп ұқпау керек. Бұл – маман мен жұмыс беруші арасындағы келісімнің мүлдем жаңа түрі. Маман нақты талап қойып келеді, ал жұмыс беруші соған сай жағдай жасайды. Екі жақ та бұл ынтымақ өзара тиімді болғанша ғана бірге жұмыс істеуге уағдаласады.
Қазіргі Қазақстан жастары жұмыссыз қалудан қорықпайды. Олар бір жерде шектеліп, дамымай қалудан сескенеді. Ең басты өзгеріс те осы: жастар енді жұмыссыз қалудан емес, уақытын босқа кетіріп, өспей қалудан қорқады.




