Ойын-сауықМузыкаНеге кейбір ән бірден хитке айналады?

Неге кейбір ән бірден хитке айналады?

23 қаңтар 2026
5 мин
Почему песни становятся хитами?
Instagram: @grammys

Әркімнің музыкалық талғамы әртүрлі: көбіміз жүрегімізге жақын, көңілге жағатын әнді сүйіп тыңдаймыз. Бірақ, кейде бір ән көптің жүрегін жаулап алады. Бұл кездейсоқ нәрсе емес екен. Ғалымдар хит әндердің бәріне ортақ бір нәрсе барын анықтаған. Толығырақ материалда баяндаймыз.


Ғалымдар бәрі аккордтың орналасқан ретіне байланысты дейді. Мәселен, батыс музыкаларында “до мажор” акккордынан кейін “соль мажор” немесе “фа мажор” аккорды тұрады. Автор осы ретті ауыстырып жіберсе, тыңдарман мұны күтпейді. Біздің миымыз ноталар мен аккордтарды бақылап, келесі қандай болатынын алдын ала болжайды. Егер музыкада болжанған нота мен аккордтар өзгерсе, миымыз дофамин бөліп, ләззат сезімін сыйлайды. Бірақ тым үлкен ауытқу бізге ұнамайды. Сондықтан хит әндерде аккордтарды тек аздап өзгерту керек, сол кезде ән хитқа айналуға мүмкіндігі жоғары болады.


Америкалық зерттеушілер Джон Бергер мен Грант Паккард Billboard платформасындағы бірнеше хит әнді зерттеп, олардың қызық ерекшелігін анықтаған. Олар 2014 жылдан бастап, 2016 жылға дейін үш ай сайын жеті жанрдағы ең танымал музыкалар туралы ақпарат жинап отырған. Нәтижесінде хитқа айналған әннің мәтіні сол жанрдағы басқа әндердің мәтінінен өзгеше болып шыққан. Ғалымдардың осы тақырыптағы келесі зерттеуінде де тағы бір қызық деректі білген. Әнші әнінде “саған”, “сен”, “сіз” деген сөздер болса,  әннің хитке айналу мүмкіндігі жоғары.



Неге бізге жастық шағымызда тыңдаған әндер көбірек ұнайды?


Ата-анаңыздың “біздің кездегі әндер бөлек еді” дегені есіңізде болар. Бір кездері бүкіл жастар сүйіп тыңдаған әнді “мынаны қалай тыңдаған?” деп таң қалған да боларсыз. Есесіне, плэйлистіңіз ата-анаңыз түсінбейтін әндерге толы.


Бұл сұраққа ғалымдар былай жауап береді. Белгілі бір кездердегі оқиғалар адам жадында жақсырақ жатталады екен. Бұл – 10-30 жас аралығы. Зерттеу нәтижесінде 14 жас шамасында тыңдаған музыкалар адамға қаттырақ әсер ететіні анықталған.


Жастық шақтағы әндерді ұнатуымыздың тағы бір себебі сол кезеңдегі естеліктерге де байланысты екен. Себебі белгілі бір әндердің хит болып жатқан уақыты өміріміздегі мектеп бітіру, алғашқы махаббат, үйлену сияқты маңызды сәттермен қатар жүреді. Мұндай ностальгиялық музыкалар мазасыздықты басып, адамға бір сәт өзін қайта жас сезінуге мүмкіндік береді.


Финляндия ғалымдары мұнда гендерлік айырмашылықтардың да болатынын анықтаған. Ерлер бұл уақыттағы музыканы еркіндік, достықпен байланыстырса, әйелдер эмоционалды қарым-қатынаспен байланыстырады екен.  

Бөлісу: