Әлемдегі ең нашар маркетологтар шойын таба шығаратын компанияларда жұмыс істейді деген әзіл бар. Өйткені олар сізге бір-ақ таба сатып, ал оны кейін балаларыңыз, немерелеріңіз, тіпті шөберелеріңіз де пайдалана беруге болады. Ал қазір техника шығаратындарда жағдай керісінше. Құлаққап пен қуаттағышты бірнеше ай сайын ауыстыруға тура келеді, ал смартфон бір сәтсіз құлағаннан кейін-ақ істен шығып қалуы мүмкін. Сондықтан кей өндірушілерге тұтынушының ескі зат әлі толық тозбай тұрып, жаңасын сатып алғаны тиімдірек. Tamga Media жоспарланған ескіру деген не екенін және кейбір тауарлар шынымен де аз уақыт пайдалануға ғана есептеліп жасала ма деген сұраққа жауап іздеді.
Неге қазір заттар ұзаққа шыдамайды?
Үйіңізде ондаған жылдан бері қолданылып келе жатқан бір зат бар шығар. Сыртынан қарасаң, талай нәрсені бастан өткергені көрініп тұр, бірақ әлі де қызмет етеді. Ал жаңа қуаттағыш бірнеше айдан кейін-ақ дұрыс істемей, жылына бірнеше рет ауыстыру керек. Осындайда бұрын техника шығарғанда сапасына мән берген, ал қазір кепілдік мерзіміне әрең дегенде жетітіндей етіп шығаратындай.
Қазір құрылғылар ықшам әрі жеңіл болғанымен, оларды жөндеу барған сайын қиындап барады. Аккумулятор уақыт өте қуатын жоғалтады, корпус оңай сынады, ал жөндеу құны кейде жаңа құрылғы сатып алғаннан да қымбатқа түседі.

Кейбір өндірушілерге тұтынушының құрылғысын жиірек жаңартқаны шынымен тиімді. Өндірушілер бұған әртүрлі жолмен қол жеткізуі мүмкін: жөндеуді қиындатады, қымбаттатады немесе бағдарламалық шектеу енгізеді. Мұндай құбылыс ағылшынша planned obsolescence, ал қазақша жоспарланған ескіру деп аталады.
Оның ең белгілі мысалдарының бірі – электр шамдары. 1920 жылдары ірі өндірушілер тым ұзақ жанатын шамдарды шығару бизнеске тиімсіз екенін түсіне бастады. 1924 жылы Philips, Osram, General Electric және басқа да компаниялар Phoebus картеліне бірікті. Олар тұрмыстық шамдардың қызмет ету мерзімін шамамен 1000 сағатқа азайтуға келісті. Ал оған дейін кейбір шамдар 1500–2000 сағатқа дейін жұмыс істейтін. Яғни өндірушілер шамдардың жиірек күйіп, тұтынушылар оларды қайта-қайта сатып алуына жағдай жасады.
Телефон неге баяулап, принтер неге баспай қалады?
Соңғы жылдардағы ең көп талқыланған мысалдардың бірі Apple компаниясына қатысты болды. 2017 жылы компания кейбір ескі iPhone модельдерінің жұмысын бағдарламалық жолмен баяулатқаны белгілі болды. Аккумулятор тозып, телефонға қажетті қуатты тұрақты бере алмайтын кезде жүйе құрылғының өнімділігін төмендеткен. Мұндағы мақсат – телефонның күтпеген жерден өшіп қалуына жол бермеу еді.
Бұл шешімнің техникалық негізі болғанымен, Apple ұзақ уақыт бойы қолданушыларға смартфонның неге баяулағанын анық түсіндірмеді. 2020 жылы Францияның реттеуші органы компанияны тұтынушыларды жеткілікті деңгейде хабардар етпегені үшін 25 миллион еуро айыппұл төлеуге міндеттеді.

Тағы бір мысал – HP принтерлері. Австралияда жүргізілген тексеру кезінде кейбір модельдер арнайы функция арқылы басқа өндірушілердің картридждерін бұғаттайтыны анықталды. Яғни принтер бұзылғандықтан емес, орнатылған картриджді қабылдамағандықтан қағаз баспай қалатын. 2018 жылы HP кейбір сатып алушыларға өтемақы төлеуге және бірқатар құрылғыдағы бұл шектеуді алып тастайтын жаңарту ұсынуға келісті.
Кейде құрылғының істен шығуына титтей ғана бөлшек себеп болады. Мысалы, кейбір Epson принтерлерінде артық сияны сіңіріп алатын арнайы төсемдер бар. Жүйе олардың пайдалану мерзімі бітті деп есептесе, принтер қағаз басуды тоқтатып, техникалық қызмет көрсетуді талап етуі мүмкін. Ал бұл бөлшектерді ауыстыру кейде соншалық қолайсыз әрі күрделі болғандықтан, тұтынушы жаңа принтер сатып алған оңай ма деп ойлана бастайды. Қазір Францияда Epson компаниясына қарсы жоспарланған ескіруге қатысты сот ісі жүріп жатыр. Іс бойынша тыңдау 2027 жылдың ақпанына белгіленген.
Сымсыз құлаққаптарда да осыған ұқсас мәселе бар. Олардың аккумуляторы смартфон батареясы сияқты уақыт өте қуатын жоғалтады. Бірақ батареяны ауыстыру қиын немесе оған кететін шығын тым көп болса, динамигі әлі дұрыс істеп тұрған құлаққаптың өзі ерте қоқысқа кетуі мүмкін. Мысалы, мамандар AirPods Pro 2 құрылымында аккумуляторды ауыстыру өте қиын екенін бірнеше рет атап өткен. Кей жағдайда оны жөндеткеннен гөрі жаңасын сатып алу оңайырақ болып шығады.

Өндірушілерді сапалы әрі ұзаққа шыдайтын техника жасауға міндеттеуге бола ма?
Бұл мәселе тұтынушылар арасындағы пікірталаспен ғана шектелмейді. Оған заңнама деңгейінде де назар аударыла бастады. Еуроодақта техниканы жөндеуді жеңілдетуге бағытталған жаңа талаптар күшіне енді. 2025 жылдан бастап Еуропа нарығында сатылатын смартфондар мен планшеттерге аккумулятордың төзімділігі, қосалқы бөлшектердің қолжетімділігі және бағдарламалық жаңартулардың қанша уақыт ұсынылуы жөнінде талаптар қойылды. Мысалы, құрылғының аккумуляторы кемінде 800 рет қуатталғаннан кейін бастапқы сыйымдылығының кемінде 80%-ын сақтауы тиіс.
Ал 2026 жылдың жазынан бастап ЕО елдерінде жоспарланған ескірудің кейбір тәсілдеріне қарсы бағытталған қосымша ережелер қолданыла бастады. Соның ішінде бағдарламалық жаңартудың құрылғыға кері әсері туралы ақпаратты жасыруға, тауарды жөндеуге болады деп жаңылыстыратын мәлімет беруге және әлі пайдалануға жарамды бөлшекті мерзімінен бұрын ауыстыруға тұтынушыны итермелеуге қатысты шектеулер бар.

Қазақстанда жоспарланған ескіруге арналған жеке заң жоқ. Дегенмен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң бар. Белгіленген талаптар сақталған жағдайда тұтынушы ақауды жоюды, тауарды ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап ете алады. Егер құрылғы күтілген мерзімнен әлдеқайда ерте істен шықса, сатып алушы сатушыға жүгініп, ақаудың себебін анықтауды талап етуге құқылы.
Әрине, кез келген техниканың тозуын толық тоқтату мүмкін емес. Аккумулятор уақыт өте қуатын жоғалтады, құрылғы бұзылады, ал жаңа модельдер жыл сайын шыға береді. Сондықтан негізгі мәселе техниканың мүлде бұзылмауында емес, оны жөндеудің қаншалық оңай екенінде. Ескі құрылғыға керек бөлшекті табуға бола ма? Аккумуляторын ауыстыру мүмкін бе? Әлі дұрыс жұмыс істеп тұрған затты пайдалана беруге жағдай жасалған ба? Егер бір батарея үшін жаңа құлаққап, ал бір картридж үшін тұтас жаңа принтер сатып алуға тура келсе, тұтынушының өндірушіге қоятын сұрағы бар.



