Денсаулық●Психология●Неге кей адамдар 50 жаста болса да, есеймейді: «ересек бала» деп кімді айтамыз?

Неге кей адамдар 50 жаста болса да, есеймейді: «ересек бала» деп кімді айтамыз?

8 қазан 2026
4 мин
«Шоу Трумана» фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Ғылым біраз ойландыратын қызық деректер ұсынады. Ересектердің шамамен 65%-ы  психологиялық тұрғыдан толық есеймей қалады екен. Гарвардтың әйгілі психологы Роберт Киган 40 жыл бойы адамның қалай ойлайтынын зерттеп, көпшілігіміздің бұл межеге толық жете алмайтынымызды дәлелдеген. Егер айналаңыздан «құжатта жасы үлкен болғанмен, мінезі бала» сияқты адамдарды жиі байқасаңыз немесе сондайды өзіңізден көрсеңіз, мұның себебін осы материалда түсіндіреміз.


Роберт Киган деген кім және оның теориясы неге маңызды?


Роберт Киган – Гарвард университетінде ұзақ жылдар дәріс оқыған американдық даму психологы. Ол негізгі еңбектерінің бірі The Evolving Self (1982) кітабында «есею» деген ұғым адамның жасымен немесе паспорттағы санмен өлшенбейтінін айтады. Нағыз есею – адамның өзін және қоршаған әлемді әлдеқайда терең, күрделі деңгейде түсіне бастауы.

Кейін ол бұл теориясын In Over Our Heads (1994) кітабында жазып, сананың әртүрлі деңгейлерін сипаттады. Киганның айтуынша, адам 18, 30 немесе 50 жасқа келгенде автоматты түрде психологиялық тұрғыдан тәуелсіз тұлға болып кетпейді. Көпшілігіміз даму жолының белгілі бір ортасында тоқтап қалып, сол күйі ондаған жылдар бойы өзгерусіз өмір сүреміз. Психолог адам санасы бірнеше кезеңнен тұратынын айтады, бірақ ол сатылардың бәрінен бірдей өту екінің бірінің қолынан келе бермейді.


2-деңгей: «Мен және менің ортам»


Бұл деңгейдегі адам өзінің отбасымен, жұмыс ортасымен немесе достарымен тікелей тәуелді болады. Ол тек өзі жүрген ортаның қағидаларымен ғана өмір сүреді, ал басқа ортадағы немесе өзге жандардың көзқарасына күдікпен, сақтықпен қарайды. Өзгелерді тек керек кезде ғана қолданады. Оларда шынайы адалдық жоқ, тек жазадан қорқатындықтан ғана тәртіп сақтайды. Психологтардың есебі бойынша, ересек адамдардың шамамен 6%-ы осы психологиялық деңгейде қалып қояды екен.


3-деңгей: «Басқалар не дейді?»


Қоғамда ең көп тараған деңгейлердің бірі. Түрлі зерттеулер көрсеткендей, ересек адамдардың шамамен 58%-ы осы кезеңде қалып қояды. Мұндай адамдар басқаның жағдайын түсініп, жанашыр бола алады. Бірақ өмірлік ұстанымы мен қабылдаған шешімдері тек айналадағы жұрттың пікіріне тәуелді болады. Олар әр қадамын отбасының, бастығының, жақындарының немесе жалпы қоғамның көзқарасына қарап басады. «Жұрт не дейді?», «Басқалар мен туралы не ойлайды?» деген сұрақ олардың мазасын үнемі алып жүреді. Сондықтан олар міндетті түрде өз ісінің дұрыстығын, басқа адам растағанда ғана түсінеді. Қарапайым тілмен айтқанда, олардың өз сөзі мен ойы әлі толық қалыптаспаған.

4-деңгей: Өз ұстанымына сүйенетін сана


Бұл деңгейге ересектердің шамамен 35%-ы жетеді. Мұнда адам өзінің кім екенін өзгелердің пікіріне қарап емес, өзі анықтай алады. Оның жеке құндылықтары мен ұстанымдары қалыптасады. Мұндай адамдар біреудің сынын немесе жақтырмағанын қабылдап, жүрегіне жақын алады. Бірақ соның кесірінен өзінің «кім екенінен» көрсетіп, басқаларға жағымпазданып кетпейді. Олар өз жеке шекарасын айқын түсініп, оны саналы түрде қорғай алады.


5-деңгей: Үнемі түрленетін сана


Бұл ең жоғарғы, ең сирек кездесетін деңгейге үлкендердің шамамен 1%-ы ғана жетеді.  Олар бойына сіңіп қалған ұстанымдарына қатып қалмайды. Бір-біріне қайшы бірнеше пікірді қатар қабылдап, өмірдегі қиындықтардан қорықпайды.


Осы келтірілген деректерді бір арнаға тоғыстырсақ, әлеуметтанушылар мен психологтар жиі айтатын шындығының бірі ересектердің шамамен 64%-ы (яғни 2-ші және 3-ші сатыда қалып қояды) психологиялық дербестікке толық жете бермейді. Яғни олардың өзі туралы пікірі көбіне өз ойы мен ішкі ұстанымына емес, айналасындағы адамдардың бағасына тәуелді болып қалады. Бір нәрсені айта кету керек, Киганның бұл теориясы мектептегі немесе IQ тесттегідей нақты ұпай беретін қатаң жүйе емес. Бұл – гуманистік психологияға, сондай-ақ Жан Пиаже мен Лоуренс Кольбергтің адамның ойлау жүйесі мен моральдық дамуын зерттеген еңбектеріне негізделген клиникалық тәсіл. Әрине, бұл модельді сынға алатындар да жетерлік. Мысалы, психологтар Майкл Бассечес пен Майкл Масколо адамның ішкі дамуын бірыңғай қатаң сатыларға бөліп қоюға қарсы шығып, әлдеқайда икемді әрі күрделі модельдерді ұсынады.

Сонымен қатар, басқа зерттеушілер бұл теорияның мәдени шектеулері бар екенін алға тартады. Олардың пікірінше, Киган моделі көбіне Батыс елдеріне тән «тәуелсіз болу» құндылықтарына негізделген. Ал кейбір шығыс немесе дәстүрлі мәдениеттерде есею дегеніміз өзгелерден бөлекпін деп тәуелсіз өмір сүру емес, керісінше, әлеуметпен, отбасымен, қоғаммен байланысты одан сайын нығайта түсу деп түсіндіріледі. Айта кетейік, Роберт Киганның өзі де мансабының кейінгі кезеңінде алғашқы еңбектеріндегі кейбір тұжырымдар бүгінгі көзқарасымен салыстырғанда тым қарапайым болғанын ашық айтқан. Сондықтан бұл материалда келтірілген пайыздық көрсеткіштерді (58%, 35%, 1%) бүкіл әлем халқы қатысқан қатаң статистикалық зерттеудің нәтижесі деп қабылдауға болмайды. Бұл – автордың ондаған жылдар бойғы жеке тәжірибесі мен бақылаулары негізінде жасалған болжамдар ғана.


Десе де, Киган моделінің түпкі мәні психологтар арасында әлі күнге дейін қызығушылық тудырып келеді. Өйткені басты шындық мынада: адамның жасы ұлғайған сайын психологиялық тұрғыдан автоматты түрде есейіп кететініне ешкім кепіл бере алмайды. Көптеген ересек адамдар өмір бойы өз бетінше шешім қабылдай алмай, тек айналасындағылардың мақұлдауына сүйеніп өмір сүреді. Теорияның көпшілікке түсінікті әрі жақын болуының сыры да осында.


Жағдайды қалай өзгертуге болады?


«Қоғамдық сана деңгейінде» қалып қою диагноз немесе өзгермейтін үкім емес екенін ұмытпаған жөн. Ол бәріміз басымыздан өтетін немесе әлі де өтіп жатқан қалыпты өмір кезеңі. Мәселе адам бір кезеңде ондаған жылдар бойы қалып, өмірін тек «жұрт не дейді?» мен «басқалардың көңілінен шығуға» арнағанда басталады. Ондай жағдайда адам өзінің жүрегін тыңдамайды. Киган моделін қолданатын психологтар келесі деңгейге өтуге көмектесетін бірнеше тәсілді ұсынады:

  • Өз ойыңызды талдап, саралап отыру. Күнделік жүргізіп, болған оқиғаларды ғана емес, белгілі бір пікіріңіз бен ұстанымыңыздың қайдан шыққанын да жазып көріңіз. «Бұл шынымен менің жүрегім қалаған нәрсе ме, әлде ата-анам, бастығым немесе айналадағы жұрт солай ойлауымды қалағандықтан айтып тұрмын ба?». Осылайша өз ойыңызды бөтен қалыптардан ажыратып үйренесіз.

  • Өзгеше болудан қорықпаңыз. Кейде көпшіліктің пікіріне қосылмай, өз көзқарасыңызды қорғаудан қашпаңыз. Айналаңыз бірден қолдамаған кезде, іштегі мазасыздықты сезініп, онымен бетпе-бет келуге дағдыланыңыз.

  • «Ешкім көрмесе де, мұны істер ме едім?» деп өзіңізді тексеріңіз. Әр қадамыңызды «жұрт көріп қалады, бағалайды» деген оймен жасамаңыз. Өзіңізге мынадай сұрақ қойыңыз: «Егер бұл ісімді немесе таңдауымды ешкім білмесе, еш жерде жарияланбаса, мен бәрібір осылай жасар ма едім?». Бұл сұрақ сіздің шынайы ниетіңізді бірден анықтайды.

  • Өзгеріске уақыт беріңіз, асықпаңыз. Психологиялық тұрғыдан өсу – бір күнде немесе бір кітап оқумен болатын сиқыр емес. Оған бірнеше айлар мен жылдар  талап етілетін саналы процесс. Бір сәтте бәрін өзгертіп жіберемін деп өзіңізге артық жүк артпаңыз. Жетістікке жетудің бір жолы – сабырлық.

 

Айналаңызда психологиялық тұрғыдан есеймеген адамдар көп болса, не істеу керек?


Егер басшыңыз, серіктесіңіз немесе ата-анаңыз психологиялық тұрғыдан жетілмегендей көрінсе, не істеуге болады? Киган теориясы мұндай жағдайда бір маңызды нәрсені көрсетеді. Қоғамдық сана деңгейіндегі адамды ашық қарсыласу немесе құр логикалық дәлелдер арқылы өзгерту өте қиын. Өйткені оның дүниетанымы көбіне фактілерге емес, өзі маңызды деп санайтын адамдар мен ортаның қолдауына сүйенеді. Сондықтан «сен қателесіп тұрсың» деп тікелей айту көбіне кері әсер береді.


Оның орнына мынадай тәсілдер әлдеқайда тиімдірек:

  • Бірден өзгереді деп күтпеңіз. Адамның бір сана деңгейінен екіншісіне өтуі, ұзақ процес. Оны сырттан күштеп, «тез өзгерт» деп мәжбүрлей алмайсыз, қаншалықты темірдей дәлел келтірсеңіз де пайдасы жоқ.

  • Өзгелерді тәрбиелеуге емес, өз шекараңызды белгілеңіз. Егер адамның әрекеті «жұрт не дейді?» деген қорқыныштан туындап жатса, сіздің міндетіңіз – оның дүниетанымын өзгерту емес. Тек оның сізге қатысты қандай әрекеті дұрыс, ал қайсысы бұрыс екенін сыпайы түрде айтып қою маңызды.

  • Пікіріңіз сәйкес келмесе, оны қарым-қатынасқа қауіп деп қабылдамаңыз. Мұндай деңгейдегі адамдар кез келген көзқарас қайшылығын «мені жақтырмай қалды» немесе «қарым-қатынасқа қауіп төнді» деп қабылдайды. Сондықтан арада түсініспеушілік туса: «Біз бұл мәселеде басқаша ойлаймыз, бірақ бұл саған деген көзқарасымның өзгергенін білдірмейді» деп барынша ашық түсіндіріп отырған пайдалы.

  • Әр ұсақ-түйекті үлкен дауға айналдырмаңыз. Өмірдегі барлық мәселе бірдей шешімді талап етпейді. Егер мәселе аса маңызды болмаса, босқа энергия мен уақытыңызды бөлмеңіз. Бар күшіңізді шынымен мағызды мәселелерді шешуге бағыттаңыз. 

Бөлісу: