Демалудың несі қиын дейсіз ғой…Ноутбукты жауып, диванға қисая кетіп, сериал қосып, күнделікті тірлікті шетке ысырсаңыз болды емес пе? Ал ең кереметі – еңбек демалысына шығып кету. Содан кейін күш-қуатың тасып оралатындай көрінеді. Бірақ іс жүзінде бәрі керісінше. Демалыстан кейін де сол баяғы шаршағаныңыз басылмайды, ал жұмыс ырғағына қайта үйрену одан да қиынға соғады. Біз, Tamga Media редакциясы, адамдар неге дұрыс демала алмайтынын және бұл тығырықтан қалай шығу керек екенін зерттеп көрдік.
Демалыс қай кезде стресске айналады?
Көбіміздің бос уақытымыз нағыз демалысқа мүлдем ұқсамайды. Кешіміз Netflix-тен кино не сериал іздеуден басталады. Сосын Instagram-дағы блогерлердің саяхаттап жүрген стористерін қараймыз, ең соңында өзіміздің демалысымызды жоспарлай бастаймыз. Содан «тағы да бірдеңені шешуім керек, таңдауым керек» деген мазасыз ойдан арыла алмаймыз. Нәтижесінде бос уақытымыз демалуға емес, ұсақ-түйек шешімдер қабылдауға кетіп қалады.
Психологтар мұны «таңдаудан қажу» (перегрузка выбора) дейді. Таңдау тым көп болғанда, ми шешім қабылдағанша-ақ шаршап үлгереді. Демалыста да солай: рахат сыйлауға тиіс нәрсе қосымша жүкке айналады.

Бұған тағы бір фактор қосылады – FOMO (fear of missing out), яғни «бірдеңеден қалып қоямын ба» деген қорқыныш. Өзгелердің қыдырып, мейрамханада отырған суреттеріне қарап, «қызықтың бәрі соларда, мен ғана құр қалып жатырмын» деген сезім пайда болады. Әрине, мұндайда тыныш өткен кештің бәрі «босқа кеткен уақыт» сияқты көрінеді. Осылай, күш жинайтын уақытымыз білінбей стресс пен үрейдің көзіне айналады.
Еңбек демалысы – тағы бір жұмыс сияқты
Қазіргі «еңбек демалысы» демалыс емес, туристік жобаға көбірек ұқсайды. Адамдар сапарын алдын ала ұсақ түйекке дейін жоспарлайды: бағыттарын сызады, «міндетті түрде бару керек» жерлерді тізіп жазады, әлеуметтік желіге әдемі сурет шығатын жерлерді іздейді. Соңында күнделікті кестеңіз жұмыстағыдай тығыз болып шығады.
Иә, Instagram-да бұл керемет демалыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ миыңыз үшін бұл сапар – кезекті жүктеме мен артық стресс қана.

Неге ежелгі адамдар көбірек демалатын еді?
Тарихта бір қызық қайшылық бар. Антрополог Маршалл Салинс ежелгі аңшы-терімшілерді «алғашқы молшылық қоғамы» деп атаған. Оның мәні мынада: ертедегі адамдар тамақ табуға қазіргі адамның бір апталық жұмыс уақытынан әлдеқайда аз уақыт жұмсаған. Қалған уақытын әңгіме-дүкен құруға, ойынға, жоралғыларға, яғни «бос уақытқа» арнаған.
Қазіргі қоғам басқаша құрылған. Мүмкіндік пен игілік көбейген сайын, соны уыстан шығармау үшін жұмыс істеу қажеттігі де арта түседі. Содан көңіл көтеретін жер мен демалыс түрі көбейгенімен, оған бөлетін уақыт азайып барады. Мұны «молшылық парадоксы» дейді: таңдау неғұрлым көп болса, рахаттанып босаңсу соғұрлым қиын.
Психологтар бос уақытты дұрыс пайдалану үшін үш ұғымның арасын ажыратып алуды ұсынады:
Демалыс – бұл күш жинау: ұйқы, асықпай серуендеу, ешқандай жүктеме артпай, асықпай уақыт өткізу.
Бос уақыт (досуг) – бұл белсенділік: хобби, спорт, шығармашылық немесе саяхат. Бұл энергияны талап еткенімен, уақыттың мәнді өткеніне сенім ұялатады.
Бос әуреге салыну (праздность) – бұл адамның не істегісі келгенін, не істеу керек екенін білмей сенделуі. Қазір бұл көбіне телефонды тоқтаусыз шұқылап, қысқа видеолар (Reels, TikTok) қараумен шектеледі. Соңында тек шаршайсыз әрі өзіңізге ашуланасыз. Өкінішке қарай, қазір адамдар көбіне осы бос әуреге салынады.

Қалай дұрыс демалу керек?
Академик Павлов шынайы демалыс үшін «үш жоқ» ережесін шығарған. Олар: жауапкершілік, бәсеке және жаңашылдық.
Біріншіден, жауапкершілік болмауға тиіс. Өзгелер үшін емес, өзіңіз үшін ғана шешім қабылдайсыз, оның өзін мейлінше азайтқан жөн. Сондықтан бала-шағамен демалу – бұл жағдайды өзгерту ғана, бірақ толыққанды демалыс емес.
Екіншіден, бәсеке болмауы керек. Егер демалыста жүріп өз пікіріңізді дәлелдеуге, біреумен жарысуға тура келсе, бұл демалыс емес. Сонымен қатар әлеуметтік желіде таңатын «бәсеке» де бар. Сондықтан демалыс кезінде әлеуметтік желіден де демалған (цифрлық детокс) дұрыс.
Үшіншіден, жаңашылдық. Мүлдем бейтаныс дүниелер (тіпті жағымды болса да) – ағза үшін стресс. Өзіңізге шамадан тыс жүк артпауға тырысыңыз.

Ал демалыста не болуы керек? Тек рахат сыйлайтын дүниелер және олар әдеттегіден көбірек болуға тиіс.
Ғалымдардың айтуынша, күш жинау үшін тек тәнді емес, миды да тынықтыру керек. Егер ойыңызда әлі де жұмыстың жоспарлары мен дедлайндары жүрсе, демалыс болмайды. Жұмыс туралы ойды жібере салып, қарапайым, міндет жүктемейтін іске көшуді үйрену керек.
Жақсы демалыс тек жата беру емес. Телефонсыз серуендеу, кітап оқу, сурет салу немесе жеңіл жаттығу жасау миды «қайта жүктеуге» (перезагрузка) көмектеседі. Мұндай сәттерде мазасыздық басылып, назар қалпына келеді.
Өзіңізді тексеріп көріңіз: демалыстан кейін бойыңызда қуат, сабыр мен зейін пайда болса, демек ағзаңыз шынымен демалды деген сөз.



