Ең жақын досыңыздың айлығы қанша екенін білесіз бе? Шамамен емес, нақты сомасын. Оның кіммен жүргенін, отбасындағы жағдайын, тіпті демалысқа қанша жұмсағанын білуіңіз мүмкін. Бірақ жалақы туралы сөз болғанда көпшілік үнсіз қалады. Неліктен біз ақша жайлы ашық сөйлесе алмаймыз? Tamga Media зерттеп көрді.
Неге тіс жармаймыз?
Қазақстандағы қаржыға қатысты тұйықтықты жеке адамның мінезіндегі қыңырлыққа немесе томаға-тұйықтыққа балап қоюға болмайды. Мұның астарында сүйекке сіңген, жұрттың көбі байқамайтын да, шектеу деп те санамайтын әдет жатыр. Жұмысқа тұрарда үміткерлер еңбекақысын бірінші болып айтпайды, жұмыс берушінің аузынан сөз күтеді. Бір бөлмеде, иық тіресіп жылдап бірге отырған әріптестер де бұл тақырыпты қозғамайды. Тіпті отбасында да қаржылық қиындықтар алқымнан алғанша ақша мәселесін жылы жауып қояды.
Мұны ресми деректер де растап отыр. hh.kz мәліметі бойынша, еліміздегі әрбір төртінші бос жұмыс орны туралы хабарландыруда жалақы мөлшері көрсетілмейді. Екі жақ та үнсіз: жұмыс іздеген адам түйіндемесінде, ал мекеме хабарландыруында нақты соманы жазбайды. Осылай, қос тарап та үнсіз қалуды жөн көреді. Мұның астарында нарықта қалыптасқан жазылмаған қағида жатыр. Көп сұрасаңыз, үркітіп аласыз, аз сұрасаңыз, құныңызды түсіресіз. Сондықтан ешкім бірінші болып тәуекелге барғысы келмейді.

Бұл үрдіс әсіресе еңбек жолын жаңа бастаған жастар арасында анық байқалады. Лауазымы төмен болған сайын, бағасын айтудан қорқатындар соғұрлым көп.
Рената Нуреева, HR сарапшы:
«Тәжірибесі мол басшылар, топ-менеджерлер өз құнын жақсы біледі және қанша сұрайтынын қысылмай айтады. Ал жалпы еңбек нарығында бұл – үлкен мәселе. Көбіне былай болады: маман алғашқы сұхбаттарға келгенде, нарықты білмегендіктен өз бағасын тым төмендетіп айтады. Кейін бірнеше жерге барып, шынайы бағасын түсінген соң ғана лайық соманы сұрай бастайды. Бірақ ол уақытта алғашқы келісімшартқа қол қойылып қояды. Екінші бір жағдай: үміткер өзін төмен бағалайды, жұмыс беруші де оның сұраған ақшасын береді. Кейін ол көбірек алғысы келгенін, бірақ уақытында айтуға ұялғанын түсінеді. Қызмет деңгейі төмен болған сайын, мұндай жағдай жиі кездеседі».
Бұл қорқыныш қайдан пайда болды?
Кеңестік кезеңдегі қағида
Кеңес өкіметі тұсындағы «бәрі тең болуы керек» деген түсінік қоғам санасында терең із қалдырды. Ол заманда дәулетті болуды, артық табысты көрсетуді жұрт жақтырмайтын, тіпті өмірге де қауіп төндіретін кездер болды. Содан бері ақша туралы тіс жармау – өзіңді аман сақтаудың амалы ретінде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа берілген қорғанудың механизміне айналды.
Көз тию мен күншілдіктен сескену
Қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде байлық пен дәулетті асыра көрсетпеудің өз жолы қалыптасқан. Күнделікті тұрмыста «көз тию», «тіл-көзден аман болу» деген ұғымдар әлі де маңызын жойған жоқ. Бүгінде бұл ежелгі қорқыныш заманауи сипат алып, «кішіпейілділік» немесе «жеке өмірдің құпиялығы» деп айтылады. Бірақ жұрт бұл тұйықтықтың астарында сол баяғы көне сезімдер жатқанын үнемі аңғара бермейді.

Әлеуметтік алшақтықты көрсеткісі келмеу
Бір ортада жүрген замандастар мен араласатын достардың табыс айырмашылығы көрінгенде, арақатынас суи бастайды. Ақша туралы жақ ашпау – ортадағы теңдікті сақтап тұруға көмектеседі. Мұны қоғамдағы «мен сеңің қалтаңа үңілмейін, сен де мені мазалама» деген үнсіз келісім деуге болады.
Рената Нуреева, HR сарапшы:
«Батыс елдерінде еңбек етіп көрген мамандармен салыстырғанда, қазақстандық азаматтар жалақы үшін саудаласуға келгенде шынымен де осалдық танытады. Мұның төркіні де ата-бабамыздан қалған таным-түсінікпен тікелей байланысты. Аға буынның көрген тәрбиесі мүлдем бөлек: «бәрімен тең бол, суырылып алға шықпа, көп сұрап сөзге қалма» деген қағидамен өсті. Ол уақыттың заңы да, қоғамдық жүйесі де басқа еді.
Миллениалдар (1981-1996 жылдары туғандар) бұл психологиялық кедергіні үлкен қиындықпен болса де еңсеріп келеді. Ал зумерлерге (1997-2012 жылдары туғандар) бұл мәселеде әлдеқайда жеңіл: олар өз әлеуетін ашық көрсетуді, өз құнын нақты айтуды қалыпты жағдай деп санайтын мүлдем басқа заманда өсті. Уақыт өте келе бұл тұйықтық сейіледі деп ойлаймын».
Бұлай да болады екен-ау?
Швеция, Норвегия және Финляндия елдерінде азаматтардың салық декларациясы – баршаға ашық ақпарат. Кез келген адам көршісінің, әріптесінің немесе елдің премьер-министрінің қанша табыс табатынын еш қиындықсыз көре алады. Швецияда бұл ұстаным 1766 жылдан бері Конституциямен бекітілген. Ал Норвегияда салық есептері жыл сайын интернетте жарияланады. Тіпті бұл мәліметтерді ауа райы болжамынанан да жиі іздейді екен.
Қызық бір жайт: Норвегияда бұл жүйе алғаш енгізілгенде, қоғамда біраз ыңғайсыздық туындағаны белгілі. Адамдар өздерімен қатарлас әріптестерінен аз табатынын көріп, іштей ренжіді. Дегенмен дәл осы ыңғайсыздық жұмыс берушімен жаңа келіссөздер жүргізуге, лайық еңбекақы талап етуге түрткі болды. Нәтижесінде жалақы теңестірілді. Біздің қоғамда мұндай ыңғайсыздық жоқ, өйткені салыстыратын нақты ақпарат та жоқ.
Халықаралық еңбек ұйымының пайымдауынша, қаржылық ашықтық – ерлер мен әйелдер арасындағы еңбекақы теңсіздігін жоюдың ең тиімді құралы. Energyprom мәліметіне сүйенсек, ел экономикасына бірдей үлес қосып жүрсе де, әйелдердің орташа табысы ерлерге қарағанда төрттен бір бөлікке аз деген сөз: ерлер 1 теңге тапқан жерде, әйелдерге 77 тиыннан ғана келеді. Скандинавия елдерінде бұл алшақтық екі есе аз және олар мұны табыс туралы мәліметтердің ашықтығымен тікелей байланыстырады.
Қазақстандағы жалақының гендерлік алшақтығы:
Әйелдер жалақысы: ерлер табысының 76,9%-ы (яғни 1 теңгеге шаққанда 77 тиын)
Ең үлкен алшақтық: қаржы саласында – әйелдер ерлер жалақысының тек 71%-ын алады
Ең аз алшақтық: Жетісу облысында – 96,7%
Рената Нуреева, HR сарапшы
«Дегенмен мұндай әңгімелер үнемі іштарлыққа, қызғанышқа, кейде тіпті кикілжің мен жұмысқа деген ынтаның төмендеуіне әкеледі. Әр маман өзін ұжымдағы ең маңызды қызметкер санайды, бірақ атқарылған жұмысқа сырттай, объективті баға бере алмайды. Басқа міндетті атқаратын әріптесінің көбірек табатынын білгенде, тіпті ол сома әділ белгіленсе де, адамның жұмысқа зауқы болмай қалады. Сондықтан компания ішінде еңбекақыны сөз қылмаған дұрыс. «Көп білген, тез қартаяды» деген сөз ұжым ішінде дәл келеді».

Бұл үнсіздіктің зардабы қандай?
Ақша туралы тіс жармаудың кесірі үлкен – мұның зардабы бүгінгі табысымызға да, жылдар бойғы еңбегіміз бен мансабымызға да тікелей соққы болып тиеді.
Маңдай теріміз дұрыс бағаланып жатқанын білмейміз
ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың I тоқсанында еліміздегі медиандық жалақы 331 527 теңге, ал орташа атаулы жалақы 461 486 теңге болған. Нарықтағы осындай негізгі бағдарларды білмесе, маман өзінің қаншалықты лайықты бағаланып жүргенін білмей, көпшіліктен ілгері ме, әлде кейін бе екенін мүлдем саралай алмайды.
Жұмысқа орналасарда саудаласа алмаймыз
2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша hh.kz сайтындағы белсенді түйіндемелер саны 1,8 миллионнан асты. Нарықта жұмыс іздеушілер көп, бәсеке өте жоғары. Мұндай қысылтаяң шақта ақша туралы ашық сөйлесе алмайтын адам өз құнын сенімді қорғай алатындарға есе жібереді.
Маман ретінде өзімізді дұрыс бағалай алмаймыз
Маманның нарықтағы шынайы құны өзгелердің осындай жұмыс үшін қанша алатынына қарай қалыптасады. Нақты мәлімет болмаған соң, адам тек ішкі сезіміне сүйенеді, ал ол сезім көбіне шынайы бағаны төмендетіп көрсетеді. Бұл әсіресе бір мекемеде ұзақ жылдар бойы жалақысы өспей істегендерге қатысты. Олар нарыққа қайта шыққанда, өз лауазымдарының әлдеқайда қымбат тұратынын білмей жатады.

Рената Нуреева, HR сарапшы
«Үміткердің нарықты білмей, өзін төмен бағалағанын пайдаланып қалу – уақытша ғана алданыш» деп үнемі жұмыс берушілерге айтып отырамын. Адамның ең қарапайым мұқтаждықтары өтелмесе, оның жұмысқа зауқы соқпайды, нәтиже көрсетуге, өсуге деген ынтасы мүлдем жоғалады. Басқа жерден 10–20 мың теңге артық ұсынса, ол еш ойланбастан кетіп қалады. Мұндай әдіс дәл қазір тиімді көрінгенімен, болашақта зардабы тиеді. Компания маманнан айырылады, кейін жаңа адам іздеп, оны үйретуге қайтадан уақыты мен ақшасын шығындайды».
Сонымен, не істеу керек?
Қаржылық ашықтық – жұмыс берушімен де, өзіңмен де ақша мәселесін еш уайымсыз, еркін талқылай алу мүмкіндігі. Бұл түсінік нарықтың тамырын басып, сұраған сомаңды нақты дәлелдермен негіздей білуді көздейді, әйтпесе табысыңды әркімге бір жария етіп, босқа мақтануды білдірмейді.
Рената Нуреева, HR сарапшы
«Біріншіден, ақшадан да, оны талап етуден сескенбеу керек. Айтуға оңай көрінгенімен, көбісі үшін бұл – үлкен психологиялық кедергі. Екіншіден, сізге не үшін ақша төлейтінін айқын түсінген жөн. Жай ғана «маған көп ақша керек, өйткені солай қалаймын» деп келсеңіз, ешкім жалақыны өсірмейді. Бұл – уәж емес. Өз жұмысыңыздың нәтижесін көре білуіңіз қажет: тек не істегеніңіз емес, сіздің арқаңызда бизнестің қандай пайдаға кенелгені маңызды. Маман осы тіректі тапқан кезде ақша туралы сөйлесу әлдеқайда оңайға түседі. Үшіншіден, жауапкершіліктен қашпау керек. Көбірек табыс тапқысы келетін, бірақ міндеттеме алғысы келмейтіндер аз емес. Ал бұл екеуі – егіз ұғым. Міне, осыны ересек әрі жауапты ұстаным дер едім».
Алғашқы қадамды кішігірім істерден бастауға болады: өз салаңыздағы медианалық жалақының ашық көрсеткіштерін зерттеңіз (олар hh.kz сайтында да, Ұлттық статистика бюросының платформасында да бар). Келіссөздер кезінде ең болмаса бір рет соманы бірінші болып атап көріңіз. Осы бір сәттік ыңғайсыздықтан өтіңіз.
HR мамандары бір пікірде: нарықты білетін және ақша туралы ашық сөйлесетін үмiткер аш көз болып көрінбейді, қайта өз ісінің кәсіби маманы ретінде қабылданады.
Үнсіздік қауіптен қорғауы мүмкін, әрине, дегенмен дамуға тұсау болатынын да ұмытпаңыз.




