Ұйқы – тек түнгі үзіліс емес, адам денсаулығы мен ұзақ өмір сүруіне тікелей әсер ететін процесс. Бірақ көбіміз жұмыс, оқу, әлеуметтік желі деп, дұрыс ұйықтамай, оның маңызын елемей жатамыз. Аз ұйықтап, көп жұмыс істеп, табысқа кенелуге тырысамыз. Бірақ ұйқы жоқ жерде жетістік те болмайды. Бұл туралы нейрофизиолог Мэттью Уолкер ғылыми зерттеулерге сүйеніп, “Неге біз ұйықтаймыз” деген кітабында жазған. Оған қоса адам денсаулығына, жадына қандай қауіп төндіретініне де тоқталған. Бұл материалда автордың кітабын негіз ете отырып, ұйқының ғылыми тұрғыда дәлелдеген маңызын, әсерін түсіндіреміз.
Уолкердің зерттеуі бойынша, адам ұйықтағанда миы жұмысын тоқтатпайды, тек режимін өзгертеді. Күндіз біздің миымыз тоқтамай көп ақпарат қабылдап, өңдейді, ал ұйықтағанда сол мәліметтерді жүйелеп, реттеп, өз қалпына келеді. Бұл кезде тек түнде болатын биологиялық процестер іске қосылады.

Ұйқының денсаулыққа әсері
Ұйқы кезінде ми жасушалары арасынан улы заттар шығады. Осы заттардың ішінде ақуыздар бар. Олар мидың жұмысына зиян келтіруі мүмкін. Егер адамның үнемі ұйқы қанбаса, бұл заттар мида жиналып, жүйке жасушалары зақымдалып, салдарынан Альцгеймер немесе деменция сияқты аурулардың қаупі артады.
Жүкті әйелдер мен жаңа туған сәбилердің ұйқысы ерекше маңызды. Ұйықтап жатқанда мида баланың жүйке жүйесін дамытатын гормондар – мелатонин мен кортизол бөлінеді. Егер оның ұйқысы қанбаса, гормондары дұрыс бөлінбей, соның кесінен құрсақтағы баланың, жаңа туған сәбидің психикасына, эмоциялық күйінің дамуына зиянын тигізуі мүмкін. Себебі дәл ұйықтап жатқан кезде жүкті әйелдің құрсағынлағы сәбидің, жаңа туған нәрестенің зейініне, эмоциясына және өзін-өзі басқаруына жауап беретін нейрон байланыстары қалыптасады. Ғалымдардың айтуынша, жастайынан ұйқысы дұрыс болмаған адамдар кейін мазасыз болып, оқу мен күнделікті өмірде қиындықтарға жиі тап болады.
Ең маңыздысы, ұйқының орнын толтыру мүмкін емес. Мысалы, бүгін аз ұйықтап, ұйқыңыз қанбаса, ертесі түске дейін ұйықтап, ұйқыны қандырғаннан мидың жұмысы қалпына келмейді.

Адам ұйықтап жатқанда ағзасы инфекциялармен және бактериялармен күресетін жасушалар мен молекулаларды белсенді түрде шығарады. Ұйқысы дұрыс бомласа, дене вирустарға төтеп беруге қиналуы, тіпті екпенің тиімділігі төмендеуі мүмкін. Нейробиологтың зерттеуі бойынша, алты сағаттан аз ұйықтайтын адамдар вирустық инфекцияларды жиі жұқтырады.
Сонымен қатар ұйқы тәбет пен зат алмасуды реттейтін гормондарға әсер етеді. Ұйқы қанбаса, аштық пен тоқтық гормондарының балансы бұзылады. Салдарынан адам тәттіге немесе калориясы көп тағамдарға әуес болып, глюкозаны дұрыс өңдей алмайды. Бұл артық салмаққа әкелуі мүмкін.
Ғалым Уолкердің айтуынша, белгілі бір кезеңде ғана ұйқысы қанбай жүрсе, ағза қантты дұрыс өңдей алмай қалады. Қарапайым сөзбен айтқанда, ұйқысы дұрыс болмаған адамның қандағы қант деңгейі уақытша жоғарылап, ағза оны дұрыс пайдалана алмайды. Мұны “предиабеттік күй” дейді. Ал мұнысы ұзаққа созылып кетсе, метаболизмі бұзылады.

Ұйқы кезінде ағза ДНҚ-ны жөндеп, қауіпті жасушаларды жояды. Ұйқы дұрыс болмаса, бұл қорғаныс баяулап, қатерлі ісікке қарсы мелатонин гормоны аз бөлінеді. Үнемі ұйқысы қанбайтын адамдардың жасушалары әлсіреп, ағзасына қауіпті өзгерістер болуы мүмкін.
Ұйқының экономикалық және психологиялық әсері
Ғалым Уолкер ұйқы жеке бір адамға ғана емес, жалпы оның күнделікті өміріне, қоғамдағы ұйымдар мен экономика әсері бар дейді. Себебі ұйқы – мидың демалып қана қоймай, ақпаратты реттейтін уақыты. Түнде ми күні бойы естіген, көрген мәліметтердің ішінен маңыздысын таңдап, есте сақтайды. Егер адам дұрыс ұйықтамаса, ми жаңа ақпаратты қабылдай алмайды. Бұл кезде гиппокамп әлсіреп, жаңа нәрсені үйрену қиындайды. Салдарынан адамның оқу мен жұмыстағы қабілеті төмендейді. Ұйқысы қанбаған адамның зейіні нашарлап, шаршаған қызметкерлер жұмыста тапсырмаларды баяу орындайды, жиі қателеседі және жүктемеге төтеп бере алмайды. Салдарынан компанияда жұмыс тиімділігі төмендеп кетуі, жазатайым оқиғалар көбеюі, денсаулыққа байланысты демалыс алатын қызметкерлердің санының артуы мүмкін.
Сонымен қатар ұйқы эмоцияларға жауап беретін ми аймақтарын ретке келтіреді. Ұйқысы аз адам тез ашуланып, мазасыз болады, эмоциясын бақылауы қиын. Мұндай кезде адамға басқалармен коммуникация орнату қиынға соғуы мүмкін. Бұл қыңыр мінез емес, ми жұмысының өзгерісінен туындайтын табиғи процесс.




