Климаттың өзгеріп жатқаны анық. Бірақ бұл өзгерістің қаншалық қауіпті екенін сезбейміз. Өйткені «климат» пен «ауа райын» бір нәрсе деп ойлайтынымыз жасырын емес. «Былтыр жазда жаңбыр шелектеп жауды, күз жылы болды, қыста көлікті қардан әрең алып шықтық, Калифорнияда қар жауды». Осылай ойлаудың өзі – қате. Неге десеңіз, біз тек терезенің аржағында болып жатқан құбылысқа ғана баға береміз. Климат күнделікті ауа райы емес. Бұл – бүкіл планета бойынша ондаған жыл бойы жиналған ғылыми дерек.
Адамды күнде көріп жүріп, оның қалай қартайғанын байқай алмайтынымыз сияқты, терезеге қарап та климаттың өзгерісін түсіну мүмкін емес. Олай болса, осы материалда Tamga Media толығырақ тарқатады.
11 жыл қатарынан рекорд
Нәтиженің мықтылығы тұрақтылықпен өлшенеді. Кез келген спортшы бір рет чемпион атануы мүмкін. Ал оны жыл сайын қайталау – нағыз шеберлік.
Ауа райы да дәл солай «рекорд» орнатып жатыр. 2015 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі әрбір жыл тарихтағы ең ыстық кезең ретінде есте қалды. Екі ғасыр бойы бақылау жүргізілді. Нәтижесінде ең жоғары температура соңғы он жылда тіркелген. Мұны кездейсоқ деуге келмес. 2026 жыл да осы тізімге кірмек.
Әсіресе 2024 жылы бұрын-соңды болмаған аптап ыстық болды. Еуропалық Copernicus қызметінің дерегінше, жер беті зауыт-фабрикалар қаптағанға дейінгі кезеңнен 1,6 градусқа ысып кеткен. Адамзат 2015 жылғы Париж келісімінде «температура 1,5 градустан аспауы керек» деп меже қойған еді, біз ол межеден асып кеттік.
2025 жыл 2024 жылдағыдай рекорд жаңартпаса да, тарихтағы ең ыстық үш жылдың қатарына кірді. 2023 жылмен деңгейлес келіп, ең ыстық болған 2024 жылдан бар-жоғы 0,13 градусқа ғана салқын болған. Ал 2026 жылдың апатын өз көзіңізбен көріп отырсыз: Еуропада бұрын-соңды болмаған ыстық пен адам өлімі. Бұл жылды ресми тізімге қосу үшін тек желтоқсанның аяқталуы ғана қалды.
Градустың жүзден бір бөлігі – үлкен көрсеткіш
Үйдегі ауа райы мен бүкіл ғаламшардың температурасын салыстыруға келмейді. Бөлмеде 1,5 градустың өзгергенін сезбей де қаламыз. Ал градустың жүзден бір бөлігі бізге мүлдем күлкілі болып көрінуі мүмкін. Жарты ғасырдағы 1,5 градус – Сахараға бір қап құм тасығанмен бірдей.
Өйткені сөз бір аймақ емес, бүкіл Жер шарының орташа көрсеткіші туралы болып тұр. Бұған мұхиттар, шөлдер, мұздықтар мен барлық мезгіл кіреді. Жердің орташа температурасын нүктеден кейінгі мыңнан бір градусқа өзгерту үшін көп энергия керек.

Бұл жүйедегі басты «термометр» – мұхит. Адамзат табиғатта ұстап тұрған артық жылудың 90%-ын мұхит өз бойына жұтып отыр. Физиктер мұхиттың үстіңгі 2 шақырымында жиналған бұл жылуды зеттаджоульмен есептейді (21 нөлі бар сан). 1960 жылдан бері мұхит 480 зеттаджоуль жылу сіңірді. 2025 жылы мұхитқа өткен артық жылудың өзі – бүкіл адамзаттың бір жылда барлық электр станциясынан өндіретін энергиясынан 40 есе көп. Содан барып, ғаламшар үшін 1,5 градус немесе градустың жүзден бір бөлігі – бүкіл табиғат тепе-теңдігінің бұзылуын білдіреді.
Басқа қандай дәлелдер бар?
Жаһандық өзгерісті мұхиттан бөлек, мына белгілерден білуге болады.
Біріншісі – көмірқышқыл газы. Климаттың жылынуын осы газдың ауадағы мөлшері анықтайды. 2024 жылы атмосферадағы бұл газдың мөлшері 422,8 ppm-ге жетті. Бұл – бұрын-соңды болмаған өте жоғары көрсеткіш әрі өндіріс дәуірі басталғанға дейінгі деңгейден 52%-ға артық. Ғалымдардың айтуынша, соңғы екі миллион жылда оның деңгейі дәл мұндай жоғары болмаған. Қазір бұрынғыдан да жылдам көбейіп жатыр.
Екіншісі – теңіз деңгейі. Су қатарынан 13 жыл бойы көтеріліп келеді. Бірақ мұндағы басты мәселе – оның жылдамдығы. 2015-2024 жылдар аралығында теңіз деңгейі 1993-2002 жылдармен салыстырғанда екі есе жылдам көтерілді. Су ысығанда көлемі ұлғаяды, ал мұздықтар ериді.

Мәселен, Гренландиядағы мұздың еріп жатқанына 29 жыл болды. Осы уақытта 6 триллион тонна мұз еріп кеткен. Егер осы көлемді жердегі барлық адамға бөліп берсе, әрқайсымызға 700 тоннадан астам еріген мұз келеді екен.
Бұл өмірімізге қалай әсер етіп жатыр?
Енді бүкіл планетаны емес, өзіміз күнде сезінетін қарапайым нәрселерді айтайық.
2024 жылғы 22 шілде тарихтағы ең ыстық күн болды. Күндіз бен түнді, мұздықтар мен шөлдерді қосқанда, бүкіл Жердің орташа температурасы 17,16 °C-қа жетті. Бұл ғаламдық көрсеткіш сияқты көрінгенімен, зардабын әр қайсымыз сезінеміз.
Мәселен, Еуропада аптап ыстық өте қатты байқалып отыр. 1980 жылдардан бері бұл құрлық әлемдегі орташа қарқыннан екі есе жылдам жылынып жатыр. Содан да қазір ол – Жердегі ең жылдам ысып жатқан континент. Еуропада 2024 жыл да ең ыстық кезең ретінде есте қалды (орташа температурасы 10,69 °C).
Аптап ыстықтан адамдар өліп жатыр. Тек бір ғана жазда Еуропада ыстықтан ондаған мың адам көз жұмды. Мұның салдары, ең алдымен, қарттар мен аурушаң жандарға әсер етіп отыр.
Сонымен, бұл нені білдіреді?
2024 жылы температураның 1,5 °C-тан асуы Париж келісімінің орындалмағанын білдірмейді. Дәл қазір бұл шектен асқанымыз, ғалымдар кем дегенде жиырма жылдың орташа көрсеткішіне қарайды. Сондықтан бір жылдағы рекорд көрсеткіш жалпы жағдайды толық көрсетпейді.

Соған қарамастан, алаңдауға да негіз бар. Бақылау тарихында алғаш рет қатарынан үш жыл бойы (2023, 2024 және 2025) орташа температура осы қауіпті деңгейден асып кетті.
Егер осылай бола берсе, Париж келісімінде белгіленген шекті деңгейге 2030 жылы-ақ жетіп барамыз. Яғни, бұл межеге 10 жыл ерте жетеміз деген сөз.
Ал біз не істей аламыз?
Жалғыз адамның қолынан бәрі бірдей келе бермейді. Бірақ «менің қолымнан не келер дейсің» деп отыра беруге де болмайды. Тіпті бір рет қолданатын пластик түтікшеден бас тартудың өзі – үлкен көмек. Жауапкершілікті басқаға ысыра салмаған дұрыс. Кішкентай әрекет те маңызды. Әрине, сіз бір елдің президенті, зауыт иесі емессіз. Ешкім сізден зиянды өндірісті тоқтатуды да талап етпейді. Бірақ мұндай маңызды мәселені білу, оның түсіну – үлкен үлес қосқаныңыз. Сол үшін де біз мұны жазып жатырмыз, ал сіз оқып біліп жатсыз.



