Жабық дүкеннің витринасында тұрған манекенге, тіпті сөредегі қуыршаққа қарап, денеңіз түршігіп кеткен кезі болды ма? Сыртқы бейнесі адамға қатты ұқсайтын кейіпкерлерді көргенде сондай күйге түседі екенбіз. Хоррор жанрында фильм түсіретіндер бұл әдісті бұрыннан біледі. Мысалы, Чаки мен Анабель сияқты кейіпкерлерді еске түсіріңізші. Тіпті қарапайым қуыршақтың өзі оғаш күліп, көзін төңкеріп немесе оқыс қозғалса, бірден үрейіңізді ұшырады. Tamga Media адам неге мұндай кейіпкерлерден қорқатынын түсіндіріп береді.
«Қорқынышты алқап» (Зловещая долина) ұғымын 1970 жылы жапон ғалымы, робототехник Масахиро Мори ойлап тапқан. Ол адамдардың шынайы роботтарға реакциясын зерттеген.
Ғалым басында «робот адамға неғұрлым көбірек ұқсаса, бізге соғұрлым ұнайды» деп болжаған. Бірақ зерттей келе, бұл сезімнің белгілі бір шекке дейін ғана созылатынын анықтайды. Себебі робот адамнан айнымай тұрғанымен, кішкене болсын жасандылық байқалса, біз одан бірден қорқып қалады екенбіз. Мори адам психологиясындағы осы реакцияны «Қорқынышты алқап» әсері деп атады.
Неге біз адамға ұқсайтын қуыршақтардан қорқамыз?
Кейін бұл құбылыс тек роботтарға емес, қуыршақтарға, манекендерге, мүсіндер мен компьютердегі кейіпкерлерге де қатысты айтыла бастады.
Неге қарапайым қуыршақтан қорықпаймыз да, адамнан айнымайтын қуыршақ көрсек елең ете қаламыз? Кез келген зат адамға көбірек ұқсаған сайын біз одан соғұрлым «адамша» әрекет күтеді екенбіз. Алдымызда кәдімгі мультфильмдегідей ойыншық тұрса, ми оның жасанды екенін бірден түсінеді. Сондықтан оның қимыл-қозғалысына мүлдем таңғалмаймыз.
Ал егер қуыршақ тірі бала сияқты болса, санамызда оның да адам сияқты қарағанын, көзін жыпылықтатқанын, күлгенін күтеміз екен.
Айталық, қуыршақ сізге қарап күліп тұр. Бірақ көзі жансыз, басын кілт бұрады, тіпті дауысы да жасанды. Мұндай көріністен кез келген адамның төбе шашы тік тұрады.

Шындығында, оғаш іс-әрекеттің әрқайсын бөлек қарасаңыз, байқамай да қалуыңыз мүмкін. Бірақ қуыршақтың тұтас бейнесін көріп тұрсаңыз, сондай-ақ ол оқыс қозғалса, бойыңызды түсініксіз суық сезімде боласыз.
Бұған бірінші себеп – көздің жанары. Біз сөйлесіп отырған адамның қайда қарап тұрғанын, көзін қалай жыпылықтатқанын қарап отырамыз. Сондықтан қимылы мен жанары үйлеспей қалса, зәремізді алатыны сөзсіз.
Бір зерттеуде адамдарға түрлі мимикасы бар виртуал кейіпкерлерді көрсеткен. Кейіпкерлердің көзі, қасы мен маңдайы азырақ қозғалған сайын, олар одан бетер қорқынышты көрінген. Әсіресе кейіпкер қорқыныш, мұң, жиіркеніш пен таңғалу сезімдерін білдіргенде өте қатты байқалған.
Қорқынышты кинолардағы қуыршақтардың күлкісі де осылай зәреңізді алады. Аузы ырсиып күліп тұрғанымен, көздері мен бет-әлпетінде ешқандай шынайылық нышаны болмайды.
Ми неге алданып қалады?
Шынында, адам қуыршақтың тек бет-әлпетінен қорықпайды. Сырт келбеті адамнан айнымайтын кейіпкер робот сияқты біртүрлі қозғалса да жетеді. Мұны тіпті ғалымдар да растаған.

Өйткені біз адамның қалай жүріп-тұратынын күнде көргендіктен жақсы білеміз: асықпай адымдайды, салмағын бір аяқтан екіншісіне жеңіл ауыстырады, басын да табиғи бұрады. Ал алдыңызда түрі адам сияқты болып, қимылы роботша жасанды болып тұрса, ми мұндай ауытқуды қабылдай алмай, шошып кетеді.
Қорқынышты киноларда кейіпкерлердің тосынан қисаңдап жүретіні немесе орынсыз бұрылатыны да содан.
Бабалардан келген инстинкт: мәйіт пен аурудан қорқу
Ғалымдар бұл үрейдің астарында мидың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан эволюциялық қорғаныс механизмі жатқанын айтады.
Ғалымдар мұны да тексеріп көрді. Зерттеу барысында адам роботтан дәл мәйіттен, ауру-сырқаудан немесе жиіркенішті нәрседен қорыққандай шошиды екен. Бірақ бұл эффектінің негізгі себебі осы деуге дәлелдер жеткіліксіз. Тағы бір нұсқасында, адам алдындағы кейіпкерді «тірі ме, өлі ме, адам ба, әлде монстр ма?» деп ажырата алмай қалғанда когнитивті диссонансқа түседі.
Манекен сәл қозғалса неге қорқамыз?
Қорқынышты фильм түсіретін режиссерлер «Қорқынышты алқап» эффектін әлдеқашан шебер меңгерген. Адамды шошыту үшін міндетті түрде қан төгіп, азу тісті құбыжықтарды көрсетудің қажеті жоқ. Тек адамнан айнымайтын қуыршақты немесе сізге қарай бір адым жақындаған манекенді көрсету де жеткілікті.
Компьютердегі кейіпкерлерде де дәл осы жағдай. Түрі адамға неғұрлым ұқсаған сайын, оның кемшілігі де бірден көзге түрпідей көрінеді. Содан да болар, алғашқы шынайы компьютерлік кейіпкерлер кәдімгі мультиктегі кейіпкерлерден де қорқынышты көрінген.

Мысалы, «М3ГАН» фильміндегі қуыршақ әрі балаға, әрі ойыншыққа ұқсайды. Ал «Улыбка» фильмінде кәдімгі адамның жымиғаны орынсыз жерде пайда болып, төбе шашыңды тік тұрғызады. Ал Silent Hill ойынында адамның келбеті біртүрлі бұзылып, құбыжыққа айналады.
Үрей - мидың беймәлім әрі табиғи емес қауіптерден қорқатын ежелден келе жатқан сезімі. Технологияның күнделікті өмірімізге енген сайын, бұндай қорқыныш сезімі бұрынғыдан да айқындала түспек.



