Мәдениет●Тұлғалар●Нәзипа Құлжанова қазақ әйелінің сауатын қалай ашты?

Нәзипа Құлжанова қазақ әйелінің сауатын қалай ашты?

9 қараша 2026
4 мин
Нәзипа Құлжанова | Мұрағаттық фото

Нәзипа Құлжанованың мұрасында бір-бірімен сабақтас бірнеше тақырып бар: әйелдің білім алуы, бала тәрбиесі, әдебиет пен өнер, ана мен бала денсаулығы. Оның еңбектерін оқығанда, осы мәселелердің бәрін елге жеткізуді, халықтың көзін ашуды қалағанын аңғарамыз. Қаламгер үшін ағарту ісі жұртқа хат танытумен шектелмеген. Ол білімнің күнделікті өмірде де пайдаға асатынын баса айтқан. Нәзипаның есімі көбіне қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы журналист, аудармашы, ағартушылардың бірі ретінде аталады. Алайда оның шығармашылық өрісі бұдан әлдеқайда кең. Ол көркем әңгімемен де, мақаламен де қазақ әйелдерінің теңдігін, білімін, бала тәрбиесін тілге тиек еткен. Tamga Media Назипа Құлжанова туралы тарқатып айтады. 


ХХ ғасырдың басындағы оқыған қазақ азаматтары елге қызмет етудің сан түрлі жолын қарастырды. Бірі ұстаздық ете жүріп кітап жазса, енді бірі баспасөз арқылы жұртты білімге шақырды. Нәзипа да осы ортада қалыптасып, ағартушылық қызметін қаламгерлікпен ұштастырды. Оның мақалалары мен көркем туындыларында әйелдің сауат ашуы, білімге қол жеткізуі, өз қабілетін танып, дербес тұлға болып қалыптасуы жиі сөз болды. 

Нәзипа Құлжанованың 1923 жылы жазылған «Қазақ әйеліне» атты мақаласы туралы сөз қозғайық. Ол қазақ әйелін білімге шақырғанда, оның қолына кітап ұстатып, әріп таныту мәселесімен ғана шектелмеген. Назипа әйелдің өз құқығын білуін, айналасында болып жатқан өзгерістерді түсінуін, ойын жасқанбай айтуын да маңызды санаған. Білім әйелге тұрмысын жақсартуға, өз өміріне қатысты шешім қабылдауға және ел ісіне араласуға жол ашатынын баса айтқан. 


Құлжанова мақаласын «Қызыл Қазақстан» журналы мен «Еңбекші қазақ» газетінде әйелдерге арналған бөлімнің ашылғанын хабарлаудан бастайды. Бір қарағанда, бұл басылым ішіндегі шағын өзгеріс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда автор оған үлкен үміт артқан. Өйткені әйелдің тұрмысы, мұңы мен талабы баспасөзде тұрақты айтылса, оның мәселесі төрт қабырғаның ішінде қалып қоймай, жұрт назарына ілігетін еді. Әйелдерге арналған бөлім олардың білім алатын, тәжірибе бөлісетін, өз сөзін жеткізетін орынға айналуын қалады. 


Әйелдерге арналған бөлімнің мақсаты - қазақ әйелдеріне қатысты қабылданып жатқан заң жобаларын түсіндіру, әйелдерге арналған пайдалы кеңестерді жеткізу, ана болу, бала тәрбиесі мен үй шаруасын жүргізу жөнінде басқа елдердің тәжірибесін таныстыру. Сонымен бірге әйелдерге білім мен өнердің түрлі мүмкіндіктерін көрсету, олардың тұрмыс-тіршілігі туралы пікір алмасу арқылы жағдайын жақсартып, заманға сай өмірге бастау.

Құлжанова қазан-ошақтың қасында жүрген қазақ әйелінің қабілетіне күмән келтірмейді. Керісінше, сол қабілетті жетілдіру керегін айтады. Әйел оқыса, үйренсе, ойын еркін айтса, оның қолынан да көп іс келеді. Ол осы арқылы әйелдерді місе тұтпайтын, кемсітіп отыратын адамдардың ескі түсінігіне балта шабуды қалады.  


Автор жас қыздармен бірге отыз бен елу жас аралығындағы әйелдердің де оқып жатқанын мақтанышпен айтады. Тұрмыс құрған, бала баққан әйелдің де білім алуына, танымын кеңейтуге ешқашан кеш емес. Құлжанова ілім-білімге деген талаптың жастық шақпен бірге жоғалып кетпеуін тілге тиек етеді. 


Сондай-ақ автор шалғайда жүрген, оқыса да ойын айта алмайтын, білімі бар, бірақ сөзін тыңдайтын ортасы жоқ әйелдердің үнін баспасөз арқылы естіртуді көздейді. Нәзипа Құлжанова әйелдің талабын қолдамай, газет-журнал алып бермейтін ерлерді сынайды. 


Мақала соңында Нәзипа әйелдерді күнделікті күйбеңнен бас көтеріп, қанатын кең жаюға, мүмкіндігін пайдаланып көруге шақырады.

«Ал, әйел бауырлар! Жолдарың ашық… өткен замандарың қарғалған заман екені анық… Сілкініңдер! Ұмтылыңдар! Рақатсыз, берекесіз, қатын өсек деген атақтан басқа түк бермеген, ошақтың үш бұтты күйбеңінен жоғарырақ ойлап, қанаттарыңды қағыңдар!». 

Бұл ұстаным «Маржан», «Есіл қыз-ай» әңгімелерінен де көрінеді. Ал «Жалпы әйел мейрамы» атты мақаласында ұл мен қызды алаламай оқыту керегін ұрандатады.

«Аналық дәрежесіне жеткенше әйел бала ер баламен қатар, айырылмай, бірдей тәрбиеленуі керек. Кеңес үкіметінің қазіргі жасап отырған мектептерінің мақсаты бала дүниеге көзін ашқан соң-ақ, әйел-еркек деген айырма болмай, бір мектепте бір қалыппен тәрбие алып, ер жетіп, жасы 17–18-ге келген соң, толық азамат болып, тұрмыс майданына шыға келгенде, жан қуаты тән қуатына сай келіп, күллі дүниені еңбекшіл деп, өзінің бір тумасындай болып, сол дүниенің тіршілігінде мұқалмай, саспай, өзінің керекті орнын тауып қаланатын болсын деген…», - деп жазды ол. 

Бұл мақала осыдан 103 жыл бұрын «Қызыл Қазақстан» журналында жарық көрген. Демек, Нәзипа Құлжанова қазақ қыз-келіншектерінің саналы, сауатты болып, ел алдында жүруін, өз құқығын біліп, намысы тапталмауын 1 ғасыр бұрын қалаған, армандаған. 


Құлжанованың еңбектері біріктірілген «Қазақ әйелдеріне манифест» кітабында да ана мен бала денсаулығы, тәрбие, тұрмыс, әдебиет пен өнер тақырыптары қатар қамтылған. Осы ауқымның өзі автордың әйел хат танып, оқи алуы қаншалықты қажет болса, оқығанын өз өмірінде қолдана білуі де соншалықты маңызды екенін айтып-ақ тұрғандай.

Кітапта жүктілік, босану және босанғаннан кейінгі күтімге қатысты тақырыптар да қамтылған. «Әйелдің жүкті уақыттағы қалпы және сол кездегі тәрбиесі», «Босану», «Жас босанған әйелдің тәрбиесі» деген сынды тақырыптар арқылы ана өмірінің әр кезеңіне арнайы көңіл бөлінген. Автор әйелдің өз ағзасында болатын өзгерістер туралы білуі, денсаулығына мән беруі міндет екенін айтады. Кітапта жаңа туған нәрестені күту, емізу тәртібі, баланың киімі мен төсек-орны, оны жатқызатын жері туралы жеке-жеке сөз қозғалады. Баланың дұрыс өсіп-жетілуіне қоршаған ортасы, тазалығы, күтімі мен күн тәртібі де әсер ететіні жазылған. 


Жинақтың «Баланы аурудан сақтандыру» атты үшінші бөлімінде жұқпалы ауруларға қатысты тақырыптар топтастырылған. Құлжанова қызылша, көкжөтел, шешек, безгек және басқа да аурулардың қалай пайда болатынын, қандай ем-шара жасау керегін айтады. Кітап толықтай әйелдің сауатын кеңейтуге арналған.  


Ахмет Байтұрсынұлы Нәзипа Құлжановаға өлең арнаған


Нәзипа Құлжанованың бала тәрбиесіне арналған «Мектептен бұрынғы тәрбие» кітабы да бар. Бұл еңбекке 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлы алғы сөз жазып, автордың жұмысына жоғары баға берген. Ол Нәзипаның өзге елдегі балалардың қайда, қалай тәрбиеленетінін елге түсіндіргеніне алғыс айтады. Мұның өзі кітаптың сол кезеңдегі қазақ оқырманыға қажетті еңбек болғанын аңғартады.

Ахмет Байтұрсынұлының Нәзипаға арнаған жеті шумақ өлеңі де қаламгерге деген ықыласын білдіреді. Көпшілікке таныс «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деген жол осы «Нәзипа Құлжанова ханымға» («Н.Қ. ханымға») атты өлеңнің соңында келеді. Нәзипаның еңбегі мен қайраткерлігін Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов секілді қазақтың көрнекті қаламгерлері де жоғары бағалаған.


Оның мұрасын жинап, зерттеп, кейінгі оқырманға жеткізуде филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимовтың еңбегі зор. Ғалым архивте сақталған материалдарды жинақтап, оларды ғылыми тұрғыдан зерделеу арқылы Нәзипаның өмірі мен шығармашылық жолын кеңірек тануға мүмкіндік берді.


Қорытындыласақ, бүгінде Нәзипа Құлжанова қалдырған еңбектің бәрі тым қарапайым әрі түсінікті сияқты көрінеді. Бірақ «заманына қарай адамы». Нәзипаның еңбектері, әр мақаласы сол кездегі қазақ әйелдерінің көзін ашуға көмектесті. Білім алып, елге қызмет ететін азаматша болуға арқау болды. Ол ұрпақ саулығына, ұрпақ тәрбиесіне мән берді. Ерлерді  ұрпақты тәрбиеге баулитын әйел затын құрметтеуге шақырды. 

Бөлісу: