МәдениетСалт-дәстүрНаурыздағы романтика: жастар қалай табысқан

Наурыздағы романтика: жастар қалай табысқан

21 наурыз 2026
5 мин
Наурыз как самое романтичное время
Иллюстрация: Tamga Media / ЖИ

Наурыз салт-дәстүр ғана емес, сезім мен романтикаға толы мейрам. Себебі дәл осы күні сырттай бір-бірін ұнатқан ғашықтар жеңгесіз, құда-андасыз өз қалауымен танысуға мүмкіндік алған. Ал олардың жасырын «романтикалық құралдары» қазақтың ойындары мен дәстүрлері болған. 


Қазақтың құдалық салты өте күрделі бірнеше сатыдан тұрған. Кейде бала туылмай тұрып келісім жасалып, мұны «бел құдалық» деп атаған. Тіпті балаларды нәресте кезінде атастыратын «бесік құдалық» жасаған. Мұндай дәстүрді ұстанатын қоғамда жастардың өз еркімен болашақ жарын таңдауға мүмкіндігі болмаған – бәрін үлкендер шешкен.


Дегенмен Наурыз – осы бір қасаң қағидаларға бағынбайтын ерекше уақыт. Дәл осы мейрам күндері ата-ана араласпай тұрып, қыз бен жігіт бір-бірімен танысып, сырласа алған. 


Махаббат бесігі – Алтыбақан 


Мейрам 22 наурыздан да ерте – күн мен түн теңесетін өліара шақтан басталады. Сол түні қазақ жастары «Жаңа жылды бірінші қарсы алған адамның жолы болады» деп сеніп, ұйықтамай таңды қарсы алған. Үлкендер үйде отырып, ақ тілегін айтса, бозбалалар мен бойжеткендер ауыл шетіне шығып, үлкендердің көзінен таса жерде алтыбақан құрып, бірге уақыт өткізген.


Алтыбақан – жастарды таныстырып, табыстыратын, ел ішінде «махаббат бесігі» атанған ойын. Алтыбақанның әр бөлшегі көшпелі өмірге ыңғайланып құрылатын. Биіктігі үш-төрт метр болатын әткеншек берік арқаннан жасалып, тез жиналып-жазылатын. Жастар алтыбақанды құрып болған соң, көрші ауылдың жастарын шақырып, бәрі бірге бас қосып, таң атқанша алтыбақан теуіп, ән мен күй шырқаған. 


Алтыбақанның астарында терең мән бар. Қос-қостан құрылған алты бақан ежелгі түсінік бойынша ер мен әйелдің жарасымын, сол жарасымнан басталатын ұрпақ жалғастығын білдіреді. 


Бір қызығы, ата-ана басқа жиындарға қатаң қараса да, қызын алтыбақанға жібермеуге қақысы болмаған. Өйткені алтыбақан – дала заңдарының ішінде жастарға берілген аз ғана еркіндіктің бірі еді. Дәл осы жерде олар өз қалауымен жақын таныса алған.


Сырласу уақыты – Ақсүйек ойыны


Думан түн ауғанша жалғасып, ай шыққанда «Ақсүйек» ойыны басталады. Жастар сүйекті қараңғыға лақтырып, бәрі соны іздеуге аттанатын. Бірақ мақсат сүйекті табу емес... оңаша қалып, сырласу. Бұл ойын кезінде жеңгелер тек алыстан жастарға көз салып тұратын. 


Жігітке сезімді жеткізетін Ұйқыашар


Бойжеткен қыздар өзіне ұнаған жігітке ең дәмді асты пісіріп беретін. «Ұйқың ашылсын» деген желеумен соғымның соңғы сыбағасын уызға пісіріп, қазы-қарта, жал-жаясын ұсынатын. Осылай, қыз бала тағамымен жігітке бар ықыласы мен сезімін білдіретін.


Сезімге жауап – Селтеткізер


«Ұйқыашар» деп пісірген дәмнен ауыз тиген жігіт қызға қарымта ретінде айна, тарақ немесе сырға-жүзік сыйлайтын. Бұл сыйлық  – «сезіміңе сезіммен жауап беремін» деген сөз. Сыйлықсыз қалу да – жауап, бірақ басқаша. Осылай, жастар сөзсіз-ақ тілдескен. Ал қызбен еркін араласа алмайтын, некені үлкендер шешетін қоғамда бұл – қарым-қатынас құрудың ерекше әрі ұтымды тәсілі.  


Қыз қуу мен айтыс


Наурыздың сезімге толы сипаты тек Ұйқыашар және Селтеткізермен шектелмейтін. Күндізгі думанда «Қыз қуу» ойыны ұйымдастырылатын. Бұл ойында жігіт ат үстінде шауып, бойжеткенді соңынан қуып жетіп, бетінен сүюі керек. Егер жете алмаса, қыз бұрылып, оны қамшымен осып алатын.


Сырттай қарағанда жарыс сияқты, бірақ мазмұнына үңілсек, бұл – бүкіл ауылдың алдындағы үлкен сын. Жігіт ептілігін, қыз өжеттігін көрсететін. Тағы да сол – ешқандай құда да, делдал да, келіссөз де жоқ. Тек ат үстіндегі екі жан және алда көсіліп жатқан кең дала.


Сонымен қатар, мереке кезінде қыз бен жігіт арасындағы айтыс та қыза түсетін. Көпшілік алдындағы тапқырлық, ән мен өнер додасы – жастардың күнделікті өмірде көріне бермейтін қырларын паш ететін ерекше мүмкіндік болатын.


Қорыта айтқанда, Наурыз тек күн мен түн теңесетін уақыт емес. Бұл – жастардың сезімін ашуға, бір-бірімен жақын танысуға берілген аз ғана, бірақ маңызды еркін сәт. 

Бөлісу:

Наурыздағы романтика: жастар қалай табысқан — Tamga media