EdTechITНеге әлі күнге дейін смартфонның орнын басатын құрылғы жоқ

Неге әлі күнге дейін смартфонның орнын басатын құрылғы жоқ

22 тамыз 2026
4 мин
ң
"Особое мнение" фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Технология әлемінде әр 5 жыл сайын смартфонның орнын басатын жаңа гаджет туралы сөз қозғау дәстүрге айналған. Оның ең айқын мысалы – 2025 жылғы 28 ақпанда серверлері мәңгіге өшірілген, 699 долларлық Humane AI Pin құрылғысы. Білесіз бе, қазір ол тек батарея зарядын көрсететін қымбат тамагочи сияқты. Ал компанияның өзін HP сатып алды. Ақыры бұл AI-брелок та сәтсіз гаджеттердің кезекті «кесегіне» айналды.


«Смартфонның орнын басатын нәрсе қашан пайда болады?» дегеннен гөрі «Неге смартфонның орнын керексіз құрылғылар басуда? деп сұрақ қойған дұрыс.


Брелоктар зираты


Humane AI Pin – Apple-дің бұрынғы қызметкерлері жасаған, экраны жоқ, алақанға сапасыз сурет түсіретін брелок еді. Оның бағасы 699 доллар, оған қоса айына 24 долларға жазылу керек. Сарапшы әрі ағылшын тілді ең танымал техблогер Маркес Браунли бұл гаджетті «өз тарихымдағы ең сәтсіз өнім» деп бағалады.


2024 жылғы мамыр-тамыз айларында брелокты сатып алғандардан гөрі, қайтарып бергендер көп болды. Сэм Альтман мен Марк Бениофф 230 миллион доллар инвестиция құйғанымен, соңында 10 мыңдай данасын 116 миллион долларға ғана сатты.


Екінші сәтсіз жоба – Teenage Engineering студиясы жасаған қызғылт сары Rabbit R1 қорапшасы. Ондағы ЖИ-модель таксиге, музыкаға, тамаққа өзі тапсырыс беруі тиіс еді. 100 мың данасы сатылғанымен, кейін оның барлық функциясы смартфонға оңай жүктеп алуға болатыны анықталды.


Екі құрылғының да кемшілігі бір. Rabbit 2026 жылы жаңа жүйесі арқылы қаржы алып, екінші дамытуға уәде етсе де, смартфонды алмастыра алмады, артық, керек емес ойыншық сияқты болып қалды. Сарапшылардың айтуынша, олар технологиялық жаңалықты тұтынушы сұранысымен шатастырып алды. Алдын ала берілген мыңдаған тапсырыс инвесторларға халық бұл гаджеттерді асыға күткендей көрінді, негізі адамдар оны тек қызық үшін қолданды.

Енді осыған тереңірек үңіліп көрейік.


Бәлкім, мәселе өзімізде болар?


«Жаңа нәрсені үйренгенше, телефонды ұстау ыңғайлы» деген пікір бар. Бұл шындық. Кезінде батырмалы телефондардан да бас тарттық қой. 2007 жылы батырманың орнына әйнек экраны бар телефон шыққанда, бәрі таңғалған. Бұл – әдет емес, уақыт пен ыңғайлылық  мәселесі.


Басты айырмашылық мынада: ол кезде де қалтамызда телефон қалды. Адамдар гаджеттің түрін өзгерткен жоқ, олар тек бұрынғы телефонды жаңа телефонға айырбастады. Жаңа брелок жақсы жұмыс істеп тұрғанның өзінде – тек алғашқы бірнеше сағатта ғана қызық көрінеді. Ал шаруаңыз шыға қалса, тұтынушылардың пікірінше бірден телефоныңызды іздейсіз. Өйткені смартфон бетіңізді таниды, аккаунттарыңызды сақтайды, әдетіңізді біледі. Онда бүкіл өміріңіз жинаулы. Смартфонды қарау үшін ақыл емес, жылдамдық керек. Ал брелок керісінше, артық әрекетті талап етеді: оны тағу, қосу, күту керек. Ол өміріңді жеңілдетудің орнына, артық кедергі болады.

Стартаптар заңы бойынша адамдар екі құрылғыны бірге алып жүргісі келмейді. Ал ақылды сағаттар неге өтімді? Өйткені біз сағатты бұрыннан тағамыз. Марк Цукербергтің көзілдірігі неге хит болды? Көзілдірік тағу да үйреншікті жағдай. Айта кету керек, кейінгі кездері көзілдіріктер смартфонды алмастырады деген де пікір бар.


Жаңа үміткер


Смартфонның негізгі бәсекелесі – заманауи технологиямен жабдықталған ақылды көзілдірік. Ол жеңіл, тағуға ыңғайлы әрі мүмкіндігі өте көп.


Статистикаға жүгіншек, Ray-Ban маркасына иелік ететін EssilorLuxottica компаниясы Meta жасаған ақылды көзілдіріктердің сатылымын 3 есе арттырды. 2025 жылы 7 миллионнан астам данасы сатылып кетті. Ал 2026 жылдың басында Meta бұл нарықтың 69%-ын жаулап алды. Бірнеше айдың ішінде-ақ көзілдірік сүйгіш фанаттардан бүкіл әлемге тарап кетті. Осылайша гиганттардың жарысы басталды: Google өз платформасын ұсынды, Samsung Android XR негізіндегі үлгісін көрсетті, ал Apple сәл сәтсіздеу болса да өз нұсқасын шығарды.


Ең қызығы бұл салада жаңа телефон ойлап табады деп күтіп жүрген ірі компаниялардың бәрі бар.

Смартфонды тарих қойнауына жіберуге әлі ерте


Смартфондарды лақтыру әлі ерте. Тіпті Марк Цукербергтің өзі ақылды көзілдіріктер телефонның орнын тек он жылдан соң басуы мүмкін деп отыр. Кезінде бүктемелі телефондарға да таңғалып едік қой. Көзілдірік жай ғана TikTok түсіретін ойыншық емес, шынымен пайдалы құрылғыға айналуы үшін оны әлі де жетілдіру керек. Ол құпия сөздерді сақтап, күнделікті шаруаларды атқара алатынын дәлелдеуі тиіс. Содан кейін барып, бәлкім, телефонның орнын сәл де болса басар.


Оның үстіне, көзілдіріктің шешілмеген мәселесі де көп. Батареясы нашар: ең көбі 8 сағатқа, ал Ray-Ban-ның бірінші үлгісі 4-ақ сағатқа шыдайды. Ал телефонның қуаты кешке дейін еркін жетеді емес пе? Екіншіден, салмағы ауыр әрі таққанда дөрекі көрінеді. Үшіншіден, ең басты мәселесікамерасы. Айналаңды түсіру үшін көзділіріктің камерасын қосып жүру керек. Ал үнемі камерамен жүрген адам кімге ұнайды? Мысалы: АҚШ-тың 12 штатында рұқсатсыз  видео, аудио жазуға болмайды. Мектеп, сот, спортзалдарда мұндай заттарға тыйым салынған. Тіпті қазір камерасы жоқ модельдерге сұраныс артып жатыр. Өйткені оны ешкімнің мазасын алмай, еркін тағып жүресіз.

Мұрагер емес, нөкерлер


Қорыта келгенде, жаңадан шыққан гаджеттер жақын арада смартфонның орнын баса алмайды. Олар жай ғана жанындағы қосымша көмекшісі болып қала береді. Смартфон бізді өзімізден де жақсы біледі.Сондықтан жаңа құрылғылар әлі де негізгі гаджеттің тасасында қала береді.

Бөлісу:

Неге әлі күнге дейін смартфонның орнын басатын құрылғы жоқ