ДенсаулықПсихология«Наруто» анимесі күйзелісті жеңуге көмектесе ме?

«Наруто» анимесі күйзелісті жеңуге көмектесе ме?

30 наурыз 2026
5 мин
Помогает «Наруто» справляться со стрессом?
"Наруто" аниме-сериалынан үзінді | Фото: Studio Pierrot

Жақында желіде «Наруто буыны күйзелісті оңай еңсереді» деген пікір қызу талқыланды. Расында, аниме жасөспірімнің жан дүниесіне қалай әсер етеді? Tamga Media осы сауалға жауап іздеп, жасөспірімдер психологымен тілдесті.


Наруто дегеніміз кім? 


«Наруто» – жапон авторы Масаши Кишимотоның туындысы. Манга 1999 жылдан 2014 жылға дейін жарық көрсе, аниме нұсқасы 2002 жылы шықты. Негізгі хикая мен анимациялық фильмдерді қосқанда барлығы 720 бөлім түсірілген. Қазір бас кейіпкердің ұлы туралы «Боруто» деген анименің жалғасы шығып жатыр.


Бас кейіпкер Наруто Узумаки – ауыл шеттеткен жетім бала. Оның ішіне туғаннан тоғыз құйрықты жын-түлкі қамалған. Соған қарамастан ол ауыл басшысы – Хокаге болып, елдің құрметіне бөленуді армандайды. Туындыда оның есеюі, достық пен сатқындық арасындағы арпалысы, тұйық бала кезінен көшбасшыға дейінгі психологиялық жолы суреттеледі.


Бұл туындының маңызы зор. «Наруто» әлемдегі ең көп сатылатын бес манганың қатарында. Бұл аниме қазіргі 15-30 жас аралығындағы буын үшін ортақ мәдени код. Кеше «Наруто» көріп өскен балалар бүгін өздері ата-ана атанып отыр.


Нарутодағы “Ниндзя жолы” философиясы


«Наруто» – ауыр психологиялық жарақаты бар жанның хикаясы. Бірақ Наруто не істейді? Ол тұйықталып немесе ызаға булығып кетпейді. Ол әр соққыдан кейін қайта тұрып, алға ұмтылады.


«Наруто» әлемінде әр ниндзяның өз «ниндосы», яғни, өз «ниндзя жолы» бар. Мұны жай ғана айқас тәсілі немесе атақ-даңқ деуге келмейді. Бұл – адамның қандай жағдай болмасын айнымайтын ішкі ұстанымы, кім екенін көрсететін темірқазығы.


Наруто Узумаки алғашқы бөлімдерден-ақ: «Айтқан сөзімнен қайтпаймын, алған бетімнен таймаймын, бұл менің ниндзя жолым» деп жар салады. Бүкіл ауыл теріс айналғанда, оның осы бір ауыз сертінен басқа сүйенер тірегі қалмаған еді. 


Алайда туындыда әр кейіпкердің өз жолы бар, сонысымен де бұл хикаяның психологиялық астары терең:


Саске Учиха бүкіл әулетінің кегін алу жолын таңдайды. Оның тағдыры – өшпенділіктен басқа тірек таппаған жанның қалай өзгеретінін көрсетеді.


Рок Лидің тума таланты жоқ, сол үшін оны бәрі «сәтсіздікке ұшырайды» деп ойлайды. Оның ұстанымы: «Тек қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасында биікке шыға аласың». Бұл – еңбектің туа біткен қабілеттен де жоғары екенін дәлелдейтін ең мықты бейнелердің бірі.


Какаши Хатаке – жастайынан жақындарының бәрінен айырылған ұстаз. Оның жолы – ауыр қазадан кейін де ортаға жатсынбай, білгенін келесі буынға үйретіп, өмірді жалғастыруға баулиды.


Хината Хьюга – текті әулеттен шықса да, өз отбасы «әлсіз» деп шеттеткен қыз. Оның жолы – үнсіз, бірақ мұқалмас төзім. Ол күшін көрсетіп айғайламайды, ешкім қолпаштамаса да, қайта-қайта алға ұмтылады. Бұл – ішкі беріктіктің ең шынайы үлгісі.


Аустралиялық психолог Санин Халович «Нарутоны» психотерапиядағы «графикалық медицина» ретінде пайдалану туралы еңбек жазды. Бұл әдіс клиенттерге күрделі тақырыптарды кейіпкердің басынан өткен оқиғалар арқылы талқылауға, мазасыздық пен қарсылықты азайтуға мүмкіндік береді.


2025 жылғы зерттеу (KIRYOKU журналы, Индонезия университеті) «Нарутоны» жарақаттан кейінгі өсу теориясы тұрғысынан қарастырады. Нарутоның өмірлік жолы – адамның қиындыққа мойымай, жан дүниесін қалай шыңдай алатынына нақты мысал.


«Ниндзя жолының» когнитив-мінез-құлық терапиясы құралдарымен үндесетін үш қағидасы бар:

  1. «Мен ешқашан берілмеймін». Терапияда бұл мінез-құлықты жандандыру деп аталады. Яғни, шабыттың келгенін күтіп отырмай, тіпті депрессия кезінде де әрекет етуді тоқтатпау.

  2. Ауырсынуды қабылдау. Анимациядағы Пейн деген кейіпкер: «Ауруды сезіну – бізді адам ететін нәрсе», – дейді. Бұл қабылдау мен жауапкершілік терапиясының (Acceptance and Commitment Therapy) негізгі идеясымен ұштасады.

  3. Байланыстың күші. Жалғыздықты өмірдің соңы емес, жаңа соқпақтың басы деп ұққан жөн. Шынайы сыйластық та адамның өз осалдығын жасырмай, ашық көрсетуінен бастау алады.


Әсем Ілесбай, клиникалық балалар психологы: 

«Наруто» көріп өскен буын күйзелісті жеңіл өткереді дегеннің мәні бар. Себебі «Нарутоны» жай ғана сериал деу аз, бұл – өмірдегі ауыр сәттерге қарсы тұруды үйрететін мектеп сияқты. Туындының өзіне тән иірімі бар: мұнда жақсылық пен жамандық қатар жүреді, адам өз ішіндегі «қараңғылықты» жасырмай, оны болмысының бір бөлшегі ретінде қабылдауды үйренеді. Біз оқып өскен ертегілерде ақ пен қара нақты ажыратып, әйтеуір түбінде жақсылық жеңіп шығатын. Ал аниме бұдан әлдеқайда терең. Ол әрбір тұлғаның бойында екі қасиеттің де барын ұқтырады. Жапон мәдениетінің бізге таңсық көрінетін тұсы да осы, яғни, олар адам табиғатын боямасыз, бүкпесіз көрсетеді. Қазір адамдар психолог мамандарға көбіне өз бойындағы кемшіліктерімен қабылдау үшін барады. Аниме осы күрделі мәселенің мән-жайын қарапайым ғана түсіндіріп береді».


Ғылым не дейді: таяқтың екі ұшы


«Аниме жан жарасына ем бола ма?» деген сұраққа бірден кесіп-пішіп жауап беру оңай емес. Мұның астарында бірнеше маңызды жайт бар.


Германияда 2024 жылы жүргізілген зерттеу (Journal of Public Health) аниме көретін жастардың іштей мазасыз екенін анықтады. Алайда олар пікірлес ортадан үлкен қолдау тауып, өз ойын емін-еркін жеткізуге мүмкіндік алады. Мұндай орта нақты өмірде жалғызсырап жүрген бала үшін таптырмас тірекке айналады.


Тағы бір ғылыми дерек. Жапонияда 2022 жылы жүргізілген зерттеу (Heliyon) аниме субмәдениетіне толықтай берілген жастардың бойында мазасыздық деңгейі жоғары болатынын көрсетті. Мұндағы ең маңызды ұғым – «өзін сол ортамен байланыстыру» (идентификация) делінген. 


Дегенмен аниме көрудің еш қаупі жоқ. Ғалымдар мәселе анименің өзінде емес, оған деген қоғамның көзқарасында екенін ескертеді. Егер айналасы аниме көретін баланы мазақ етсе, бұл оның психикасына зиянын тигізеді. Сондықтан баланы сүйікті ісінен айырудың орнына, оның талғамына құрметпен қарап, ортадағы түсініспеушілікті жойған маңызды.


Әсем Ілесбай, клиникалық балалар психологы: 


«Әр туындының өз айтар ойы мен мақсаты бар. Бірақ жасөспірімнің әлемге деген көзқарасы енді ғана қалыптасып жатқанын ұмытпаған жөн. Ол әлі өзінің кім екенін, болмысының қандай екенін толық түсіне қойған жоқ. Сондықтан ата-ана баласына ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін байыппен түсіндіріп, онымен рухани байланыс орнатуы керек. Анименің бойынан қауіп іздеудің қажеті шамалы. Ең қорқыныштысы – баланы қолдаусыз қалдыру, оның көрген-білгенін қорытуына көмектеспеу. Әрине, кез келген нәрсенің шектен шыққаны зиян. Бала бүкіл әлемді ұмытып, тек анимеге байланса, бұл –  назар аударатын белгі. Оқшаулану ешқашан жақсылыққа апармайды. Ата-анаға мұндайда ақылға қонымды шекара қоя білген маңызды. Ал егер бала сол әлемге біржола кіріп кеткен болса, онымен жұмыс істеу керек. Бірақ күштеп тыйым салу – тығырыққа тірейтін жол. Әрбір қадамды байыппен түсіндіру арқылы ғана нәтиже шығады».


Аниме жайлы ата-аналар арасындағы мифтер


«Аниме қатыгездікке баулиды».


Аниме – сан алуан туындыларды біріктіретін ауқымды жанр. Оның ішінде «Кішкентай ханзада» секілді ізгілікке толы хикаялар да, ауыр психологиялық туындылар да кездеседі. Мысалы, «Наруто» немесе Миядзакидің фильмдері махаббат, жоғалту мен адамгершілікті таңдау сияқты терең тақырыптарды қозғайды.


«Баланы шынайы өмірден алшақтатады».


Аниме сүйер қауым нақты өмірде де өте белсенді. Бұған Астанадағы Comic Con немесе өңірлердегі FanFest фестивальдері дәлел. Бұл – жастардың шығармашылықпен айналысып, пікірлес орта табуына таптырмас мүмкіндік.


«Бұл – жай ғана мультфильм».


Бүгінде аниме кезіндегі «Beatles» немесе «Хәрри Поттер» сияқты жаһандық мәдени құбылысқа айналды. Оның мәдени әрі экономикалық ықпалы өте жоғары.


«Жасөспірімді өз-өзіне қол жұмсауға итермелейді».


Аниме суицидке тікелей себепші болмайды. Керісінше, іштей күйзеліп жүрген бала өзіне таныс мұңды сол жерден іздеуі мүмкін. Мұндайда тыйым салғаннан гөрі баламен ашық сөйлесіп, мәселені бірге талқылаған әлдеқайда маңызды.


Әсем Ілесбай, клиникалық балалар психологы: 

«Негізгі мәселе анимеде емес, ата-ананың баламен тіл табыса алмауында жатыр. Ересектер көрген-білгенін қорытуға көмектеспей, баланы өз ойымен жалғыз қалдырса, нағыз қауіп сонда. Мысалы, жапон мәдениеті ашық көріністерге (сексуалдану) қалыпты жағдай ретінде қарайды, ал біздің таным-түсінігімізде бұған жол берілмейді. Сол секілді суицид сияқты тақырыптарды міндетті түрде талқылап, оның дұрыс еместігін ұқтырған жөн. Мұндай тұстарда шектеу қоюдың жөні бар, бірақ оны да баяу түсіндіру керек. Сол «Нарутоны» алайық: ол – еңбекқорлық пен табандылықтың үлгісі. Баланың оған ұқсағысы келуі – құптарлық нәрсе. Ата-ананың міндеті – аниме ішіндегі жақсы дүниені таңдап алуға көмектесу».


Қазақстанда неге бәрінің назары анимеге ауды?


Comic Con Astana – комикс, аниме және киноны сүйетіндердің жыл сайынғы фестиваль. Былтыр бұл іс-шара тіпті бес күнге созылды. Мұндай басқосулар тек Астанада емес, Қостанай мен Шымкент сияқты аймақтарда да көптеп өтіп жатыр. Мұны жай ғана көңіл көтеру деп қарамау керек. Бұл – өзін өзгелерден бөлек сезінетін балалардың пікірлес табатын нағыз ортасы. 


Қатарластарының арасында өзін жалғыз сезінетін жасөспірім үшін аниме фандомы – ең алғашқы жылы ұя. Мұнда байлыққа немесе сырт келбетке қарамайды. Хатаке Какашидің кім екенін білсең, сені бірден өз адамындай қабылдайды. Анимеге әуестену әлеуметтенудің өзгеше жолы десек қателеспейміз.


Косплейдің жөні тіпті бөлек. Кейіпкердің киімін тігу, қажет бұйымдарды қолмен жасау немесе фотоға түсу – нағыз шығармашылықтың көрінісі. Ата-аналар баласының бойынан көргісі келетін еңбекқорлық пен ізденімпаздық аниме арқылы келіп жатыр.


Аниме депрессияны жазатын дәрі емес. Алайда дер кезінде оқылған немесе көрілген жақсы хикая адамға үміт сыйлай алады. Мұндай туындылар жалғыздықтың мәңгілік еместігін, қиындықты жеңуге болатынын және өзгелердің де осындай сынақтан өткенін ұқтырады.

Бөлісу: