Қазақ ғылымының тарихында есімі ерекше аталатын әйелдердің бірі – Нәйлә Оразғұлқызы Базанова. Ол Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел академик атанып қана қоймай, мал ағзасының тіршілік заңдылықтарын зерттеуге бүкіл ғұмырын арнады. Ғалымның еңбектері төрт түліктің ас қорытуын, өсіп-жетілуін, сүт түзуін және азықты бойына сіңіруін тереңірек түсінуге жол ашты. Оның зерттеулері қазақ даласындағы мал шаруашылығын ғылымға сүйеніп дамытуға негіз болды. Tamga Media тілшісі қазақ ғылымының биігін бағындырған Нәйлә Базанова туралы тарқатып айтады.
Бүгінде ғылымдағы әйелдердің жетістігі жиі айтылады. Бірақ осы жолды алғаш ашқан тұлғалардың есімі көпшілікке беймәлім күйде қалады. Солардың бірі – Нәйлә Базанова. Ол әйелдердің ғылымға араласуы сирек заманда өз еңбегімен биік дәрежеге жетті, өшпес мұра қалдырды.
Әке тәрбиесінен басталған ғылымға құштарлық
Нәйлә Оразғұлқызы Базанова 1911 жылы 11 қарашада Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында дүниеге келген.Болашақ ғалымның өскен ортасы оның мамандық таңдауына айрықша әсер етті. Әкесі Оразғұл Базанов – қазақ арасынан шыққан алғашқы жоғары білімді мал дәрігерлерінің бірі болды. Қазан институтының малдәрігерлік факультетін бітірген ол бүкіл өмірін сол салаға арнады. Жетісу өңірінде мал дәрігері болып қызмет атқарды.
Нәйлә бала күнінен әкесінің малын емдеп, төрт түліктің қыр-сырына қанық болғанын көріп өсті. Малдың неліктен ауыратыны, қалай өсіп-жетілетіні, олардың ағзасында қандай өзгерістер болатыны оның қызығушылығын арттырды. Ол 1929 жылы Алматы зоотехникалық-ветеринариялық институтына оқуға түсіп, 1932 жылы жоғары білім алды. Оқуын аяқтағаннан кейін осы оқу орнында қалып, ғылымдағы жолын бастады.

Нәйлә Базанова қарапайым оқытушылық қызметтен кафедра меңгерушісі, профессор, академик дәрежесіне дейін көтерілді. 1936 жылы биология ғылымдары бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1945 жылы соғыс біткен соң ғылыми докторлық диссертациясына ден қойды. Сөйтіп, Орта Азия әйелдері арасынан тұңғыш ғылым докторы атанды. Ал 1946 жылы профессор атағын алды. Сол жылы жаңадан құрылған Қазақ КСР Ғылым академиясының алғашқы құрамына корреспондент-мүше болып сайланды. 1951 жылы академияның толық мүшесі атанып, Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел академик ретінде тарихқа енді. Бұл жетістік бір адамның ғылым жолындағы елеулі табысы ғана емес, қазақ әйелдерінің жоғары білім мен ғылымда үлкен белестерге жете алатынын көрсеткен тарихи оқиға болды.
Ғылым есігін ашқан тарихи жетістік
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында жоғары білім алып, ғылыми зерттеумен айналысатын әйелдер көп болмады. Әсіресе жаратылыстану ғылымында өз атыңды шығару оңайға соқпады. Соған қарамастан Нәйлә Базанова ізденісін үзбеді. Оның докторлық еңбегі төрт түліктің қан айналымы мен тыныс алу жүйелерінің қалай қалыптасатынын зерттеуге арналды. Нәйлә Базанова Қазақстанда төрт түліктің физиологиясын дербес ғылыми бағыт ретінде дамытуға зор үлес қосты.
Физиология – тірі ағзаның қалай жұмыс істейтінін зерттейтін ғылым. Мәселен, жануардың жеген азығы қалай қорытылады, қоректік заттар қанға қалай сіңеді, сүт қалай түзіледі, жүрек пен өкпе қалай қызмет атқарады деген сұрақтардың жауабы осы ғылымда жатыр.
Нәйлә Базанова әсіресе күйіс қайыратын малдың ас қорыту ерекшеліктеріне баса назар аударды. Сиыр, қой, ешкі секілді жануарлардың асқазаны бірнеше бөлімнен тұрады. Жеген шөптің қорытылуына асқазан ішіндегі сан алуан микроағзалар қатысады. Ғалым осы үдерістерді зерттеп, малға қоректің қалай сіңетінін, ас қорыту жүйесінің басқа мүшелермен қалай байланысатынын анықтауға күш салды.

Жазушы-публицист Марат Тоқашбаев ғалымның зерттеулеріне жоғары жаға беріп, былай дейді:
«Апайдың негізгі зерттеген жұмысы – жан-жануарлардың ас қорыту жүйесі. Яғни жан-жануарлардың асқазанының мембранды қатпарлы деңгейде болатынын, ас қорыту деңгейі солардың жиегінің деңгейінде жүретінін анықтады. Сонымен бірге ас қорыту үшін түрлі қышқыл элементтер қосылатын болса, оның қорыту мүмкіндігі артатынын тапты. Бұл дүниежүзі таңдай қаққан үлкен жаңалық болды».
Сондай-ақ Нәйлә Оразғұлқызы ішек-қарында қоректік заттардың ыдырау ерекшеліктерін зерттеді. Бұл зерттеу малға дұрыс азық беру, күтіп-бағу және оның өлім-жітімін азайту үшін таптырмас еңбек болды.
Қыстың ұзақ әрі суық болуы мал шаруашылығына үлкен қиындық туғызатыны белгілі. Қыста төрт түлікке жеткілікті әрі құнарлы азық беру – шаруашылықтың басты мәселелерінің бірі. Ғалым осы түйткілді шешуге атсалысты. Сол үшін сүрлем дайындау ісіне ерекше көңіл бөлді.
Сүрлем – жүгері, шөп және басқа да жасыл өсімдіктерді арнайы жағдайда ашытып, ұзақ уақыт сақтауға арналған мал азығы.
Марат Тоқашбаевтың айтуынша:
«Жүгеріні турап, содан ашытып жасайтын өнім бар. Осының пайда болуына себепкер болған да – Нәйлә Оразғұлқызы. Мұнымен қоректенген малдардың тез қоңдануы, ет алуы, сүт беру қабілетінің артуы секілді жаңалықтарды ашты. Осындай еңбектері арқылы мал шаруашылығын дамытты, малды асылдандырудың жаңа мүмкіндіктерін танытты».

Базанова әріптестерімен бірге сүрлем дайындауда пропион қышқылын түзетін бактерияларды пайдалануды ұсынды. Мұндай бактериялар азықтың дұрыс ашуына, қоректік заттардың жақсы сақталуына ықпал ететінін анықтады. Бұл ізденіс жемшөптің ысырап болуының алдын алды.
1977 жылы осы зерттеулердің нәтижелері әріптестерімен бірлесіп жазған «Пропионовокислые бактерии в силосовании и кормлении сельскохозяйственных животных» атты ғылыми еңбекте жинақталды.
Сүттің түзілуі мен бөлінуі
Сүттің мөлшері тек мал тұқымына немесе берілген жемшөпке ғана байланысты емес екен. Оған жануардың денсаулығы, ағзасындағы гормондар, жүйке жүйесінің жұмысы және күтім жағдайы да әсер ететін көрінеді.
Нәйлә Базанова мен оның шәкірттері осы байланыстарды толық зерттеді. Гормондардың сүт бездерінің жұмысына, сүттің бөлінуіне және құрамына ықпалын қарастырды.
Ғалым 1973 жылы Х. Дүйсембинмен бірлесіп «Жануарларда сүт бөлінуін ынталандыру» (Стимуляция молокоотдачи у животных) атты еңбегін жарыққа шығарды. 1986 жылы әріптестерімен бірге «Физиология пищеварения и лактации» атты ғылыми жинағы шықты.
Бұл еңбектерде малдың ас қорытуы мен сүт түзуі бір-бірінен бөлек емес, ағзадағы өзара байланысты үдерістер екені зерттелген.
Жиырма жыл ғылыми институтты басқарды
Нәйлә Базанова зертханадағы тәжірибелермен ғана шектелмей, Қазақстандағы ғылым мектебінің дамуына да көп үлес қосты.
1948–1951 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының эксперименттік биология институтын басқарды. Кейін академияның биология және медицина ғылымдары бөлімшесінде жауапты қызмет атқарды.
1966 жылы Адам және жануарлар физиологиясы институтының директоры болып тағайындалды. Ғалым бұл мекемені жиырма жыл басқарды. Осы кезде институттың зерттеу мүмкіндіктері кеңейіп, жаңа зертханалар ашылды. Ғалымның жетекшілігімен биоэлектроника, жасуша қабықшаларының қызметі, лимфа биохимиясы және сүт бөлінуінің жүйкелік әрі гормондық реттелуі секілді салалар дамыды.
Институтта зертханалық ғимараттар мен тәжірибеге арналған жануарларды ұстауға арналған орындар ашылды. Мұның бәрі күрделі тәжірибелер жүргізуге жағдай туғызды.

Ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Болатқали Төлебаев өз естелігінде:
«1986 жылы Алматыдағы Мал шаруашылығы ғылыми институтына аспирантураға түстім. Сонда Нәйлә апаймен де, жолдасы Фазыл ағаймен де таныстық. Екеуі де академик. Екеуі екі институтты басқарды. Апай Одаққа белгілі әйгілі ғалым болды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ басшыларын жұмыстарынан босатты. Соның ішінде осы екі ғалым да кетті», - деп жазады.
Бірақ Нәйлә Базанова 1986 жылдан кейін де институттың ғылыми кеңесшісі ретінде қызметін жалғастырған. Нәйлә Базанова өзінен кейін ғылыми ізденісті жалғастыратын мамандар тәрбиеледі. Оның тікелей жетекшілігімен 10 докторлық және 20-дан астам кандидаттық диссертация қорғалған.
Шәкірттерінің арасында танымал академиктер З. Көжебеков, Қ. Тәшенов, сондай-ақ ғалым Х. Дүйсембин және басқа да зерттеушілер болды. Осылайша Қазақстанда ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясын зерттейтін тұтас ғылыми мектеп қалыптасты. Базанова бастаған ғылыми бағыт кейін ветеринария, мал шаруашылығы және биология салаларындағы зерттеулерге тамызық болды.
Нәйлә Базанованың еңбектері Қазақстанда ғана емес, Мәскеуде де басылып шықты. Әсіресе ветеринария және зоотехния мамандықтарында оқитын студенттерге арналған оқулықтары сұранысқа ие еді. Ол «Физиология животных» деген оқулық жазды. Бұл оқулық бүкіл аграрлық оқу орындарына пән ретінде енді. Осы кітаптың негізінде өзінің шәкірті Төретай Несіпбаев 1990 жылдардың басында қазақ тілінде «Жануарлар физиологиясы» деген екі томдық оқулықты жазып тәмәмдады. Бұл кітап бүгінге дейін жоғары оқу орындарында оқытылып келе жатыр.
Бұдан бөлек, ғалымның 1967 жылы В. Сверчковамен бірлесіп жазған Қазақстандағы физиология ғылымының дамуы туралы мақаласы және 1987 жылғы физиология ғылымының жай-күйіне арналған еңбегі халықаралық PubMed ғылыми дерекқорында тіркелген.
Сондай-ақ Нәйлә Базанова елдің қоғамдық өміріне де белсене араласты. Ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің бірнеше шақырылымына депутат болып сайланып, бесінші шақырылымда Одақ Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Ғалымның есімі ұмытылмайды
Нәйлә Оразғұлқызы Базанова 1993 жылы 10 қаңтарда Алматы қаласында дүниеден өтті. Ол 81 жыл ғұмыр кешіп, өмірінің алпыс жылға жуық уақытын ғылым мен білімге арнады.
Ғалымның еңбегі мемлекеттік деңгейде бағаланды. Ол Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. 1960 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағына ие болды.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Нәйлә Базанова атындағы арнайы марапат тағайындады. Ол ғылымда елеулі жетістікке жеткен, жаңалық ашқан немесе зерттеулердің дамуына үлес қосқан әйелдерге беріледі.

2025 жылы Нәйлә Базанова атындағы марапат алғаш рет табысталып, оған ғылымның түрлі саласында еңбек ететін 48 әйел ғалым ие болды. Ал 2026 жылғы 6 наурызда Алматыдағы Ғылым ордасында өткен салтанатты рәсімде марапат 66 әйел ғалым мен ғылыми қызметкерге табысталды.
Нәйлә Базанова қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан мал шаруашылығы тәжірибесін заманауи биология ғылымымен ұштастыруға үлес қосты. Малдың жай-күйін бақылап қана қоймай, оның ағзасында жүретін өзгерістерді тәжірибе арқылы түсіндіруге ұмтылды.
Нәйлә Базанова – ғылым жолындағы жеке табысымен ғана емес, Қазақстанда тұтас ғылыми бағыттың қалыптасуына қосқан үлесімен тарихта қалған тұлға.




