МәдениетТұлғаларМыңнан аса көлігі бар қазақстандық: Hot Wheels-ті коллекцияға жинау мәдениеті қалай қалыптасты?

Мыңнан аса көлігі бар қазақстандық: Hot Wheels-ті коллекцияға жинау мәдениеті қалай қалыптасты?

2 қыркүйек 2026
4 мин
Фото: Mattel Creations

Бала кезде дүкеннен ойыншық көлік сатып алу жай ғана қуаныш болса, есейе келе кейбіреулерге бұл нағыз хобби. Көліктің шығарылған жылын, түсін, сиректігін зерттеу де коллекция жинау мәдениетінің ажырамас бөлігі. Бүгінде Hot Wheels – осы мәдениеттің ең танымал үлгілерінің бірі. 1:64 масштабындағы шағын көліктерді балалар да, ересектер де жинайды, айырбастайды және сирек кездесетін үлгілерін іздейді. Бұл әуестік бір күнде пайда болған жоқ. Оның тарихы 1968 жылдан басталып, 1990 жылдары жаңа кезеңге өтті. Ал интернеттің дамуы әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын Hot Wheels коллекционерлерін  біріктірді.


1968 жылы Mattel компаниясы 1:64 масштабында жасалған алғашқы 16 модельді шығарды. Олар кейін коллекционерлер арасында «Original Sweet 16» деген атаумен танылды. Олардың қатарында Custom Camaro, Custom Corvette, Custom Mustang, Custom Volkswagen және Deora сияқты көліктер бар. 


Hot Wheels көліктерді жай ғана кішірейтіп шығармады. Алғашқы дизайнер Гарри Брэдли автомобильдерге сол кездегі АҚШ-тағы hot rod және custom car мәдениетіне тән агрессивті дизайн берді. Алғашқы модельдер ашық түстерімен, түрлі пішіндерімен және жылтыр металымен ерекшеленді.


Ең бірінші автомобильдер Spectraflame деп аталатын жылтыр бояумен шығарылған. Кейбір моделдің бірнеше түсі мен өндірістік нұсқалары бар. Мысалы, АҚШ-та және Гонконгта жасалған бір модельдің айырмашалықтары бар екенін байқауға болады. Бұл коллекция жинаудың маңызды ерекшелігі: коллекционерге түрлі көлік моделдерінің түсі, дөңгелегі немесе сирек кездесетін нұсқалары қызық.


Ойыншықтан коллекциялық затқа дейін


1970-1980 жылдары Hot Wheels автомобиль мәдениетімен байланысын күшейтті. 1970 жылы компания драг-рейсинг жүргізушілері Дон Прудом мен Том-Макуиннің Snake & Mongoose көліктерін шығарған. 1974 жылы автомобильдерге күрделі графика түсіруге мүмкіндік берген tampo printing технологиясы енгізілгеннен соң, 1979 жылы Marvel кейіпкерлерімен лицензиялық серіктестік басталды. Осы кезеңде Hot Wheels тек автомобиль ойыншығы емес, поп-мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.


1990-жылдардағы үлкен бетбұрыс


1995 жылы Hot Wheels-ті жүйелі түрде жинау мәдениетінің жаңа кезеңі қалыптасты. Сол жылы «Mattel Treasure Hunt» сериясы коллекцияға енді. Шектеулі модельдер кәдімгі автомобильдердің арасынан кездейсоқ шығарылып, арнайы белгілерімен ерекшеленді. Mattel мәліметіне сәйкес, 1996 жылғы серияда әр модельдің 25 мыңдай данасы шығарылған.  


Осыдан кейін Hot Wheels машиналары сатып алу ғана емес, дүкендерді аралап сирек модельді көліктерді іздейтін хоббиге айналды. Яғни коллекция жинау бір жағынан ойын, екінші жағынан «аңшылыққа» ұқсайтын хобби десе болады.


Дәл осы кезеңде сирек модельдердің құны да күрт өсті. Нарықта көліктің құны шыққан жылына, сиректігіне, сапасына, ерекшелігі мен сұранысына қарай қалыптасты. Мысалы, 1969 жылы шыққан Volkswagen Beach Bomb прототипінің өте сирек нұсқасы 2000 жылы шамамен 72 мың долларға сатылған.


Интернет коллекционерлерді біріктірді


2000-жылдары коллекция мәдениетіне интернет үлкен өзгеріс әкелді. 2001 жылы Hot Wheels коллекционерлерге арналған HotWheelsCollectors.com платформасын іске қосып,  бір жылдан соң Red Line Club - ересек коллекционерлерге арналған арнайы қауымдастық ашылды. Осылай коллекционерлерге бір-бірімен оңай байланысуға, модельдер туралы ақпарат алып, автомобильдерді айырбастауға, сирек үлгілерді бірге іздеуге мүмкіндік туды. Hot Wheels машиналарын жинау жеке әуестіктен халықаралық қауымдастық ретінде дамыды.


Неге ересектер Hot Wheels жинайды?


Бұл сұраққа жауап іздеген ғылыми зерттеулердің бірі 2022 жылы Qualitative Market Research: An International Journal журналында жарияланды. Зерттеушілер YouTube-тағы онлайн коллекционерлер қауымдастығының 9 028 қолданушысы қалдырған 40 мыңнан астам пікірді талдаған.


Зерттеу барысында коллекционерлер үшін ностальгия маңызды рөл атқаратыны анықталды. Ол адамды шабыттандырып, процесті бақылауда ұстауға көмектеседі. Сонымен қатар коллекционерлерді ортақ қауымдастық пен көліктер туралы деректер біріктіреді. Hot Wheels жинайтындардың да басты уәжі – осы.  Бала кезінде алған көлігін жылдар өткен соң қайта кездестірген адам жай ойыншық көргендей емес, балалық шағына оралғандай сезімде болады.


Қазақстандағы Hot Wheels көліктерін жинау мәдениеті 


Қазір елімізде де ойыншық көліктерді жинап, коллекция құратындардың саны артуда. Солардың бірі – Карен Товмасян. Коллекциясында 1000-нан аса көлігі бар алматылықтың Hot Wheels-ке деген қызығушылығы 5 жыл бұрын, досының үйінен ойыншық көліктерді көрген соң басталған.

«Өзім ретро көліктердің салонын қалпына келтірумен және ішкі бөліктерін тігумен айналысамын. Hot Wheels көліктерін жинауды 5 жыл бұрын бастадым. Бірде досымның үйіне барғанда терезенің алдында тұрған Mercedes, Porsche модельдерін көрдім. Бұрын бұл бренд шынайы көліктердің дәл көшірмесін жасайтынын білмеппін. Осыдан соң өзіме таныс маркаларды сатып ала бастадым. Алғашқы моделім Nissan Skyline R32 болды. Осылайша ойыншықтар жинайтын орын қалмағанда, қызығушылығым бүтін коллекцияға айналғанын түсіндім», – деді Карен Товмасян. 


Қазір Кареннің коллекциясында мыңдаған көлік моделі бар. Бірақ солардың ішінде Tomica Limited Vintage брендінің Ferrari F40 моделі, Hot Wheels Red Line Club ұсынған Chevy Impala 64 Lowrider, Moncler-мен коллаборация нәтижесінде шыққан Mercedes-Benz G Wagon моделінің алар орны ерекше дейді. 

«Әр көліктің өз тарихы бар, бірақ бәрінен қиыны – Ferrari моделін табу. Мұны жанымды тыныштандыратын хобби дер едім. Оның үстіне отбасым да қолдайды. Көліктердің бағасы әртүрлі, кейбірі 2000 теңге, ал кейбір сирек нұсқалары 100–150 мың теңге тұрады. Бұған бір жағынан инвестиция ретінде қараймын, себебі ресми сайтта сатылым тоқтағанда кей модельдердің бағасы бірден өседі», – деп қосты ол. 


Карен коллекционерлер арасында қандай да бір қағида жоғын, енді қосылғандарға білгенімен бөлісіп, модельдерді іздеуде көмектесетінін айтты. 

«Бәріміз хоббиімізден ләззат аламыз. Қазір коллекциямды сату ойда жоқ. Егер барлық көлікті бірден аламын десе, ойланамын. Hot Wheels жинаймын дегендерге кеңесім, алдымен өзіңе қай бағыт не стиль қызық екенін анықтап алу керек. Кейбірі тек Porsche жинаса, енді бірі Ferrari-ді іздейді. Сондықтан бір бағытпен жүрсең, іздеу де оңайға түседі», – деп түйіндеді ол.

Бөлісу: