Қазіргі адамның бір күнін музыкасыз елестету мүмкін емес. Құлаққаптағы сүйікті орындаушы, көліктегі радио, дүкен мен кафелердегі фондық музыка – бәрі де күнделікті өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналған. Әр діннің музыкаға деген көзқарасы жер мен көктей. Бірінде ол діни рәсімдердің жүрегі саналса, екіншісінде оған ішінара шектеу қойылады немесе мүлде харам (күнә) деп танылады. Бұл айырмашылық немен байланысты?
Ислам
Музыка мәселесі исламда жиі талқыланатын тақырыптардың бірі. Сондықтан «мұсылмандарға музыка тыңдауға мүлде болмайды» деп кесіп айту дұрыс емес. Ислам дәстүрінде бұл мәселеге қатысты әртүрлі көзқарас бар. Кейбір дін ғалымдары музыкалық аспаптардың көпшілігін қолдануға болмайды деп санайды. Ал басқа ғалымдар белгілі бір шарттар сақталса, музыка тыңдауға рұқсат береді.
Құранда «музыка – харам» деп тікелей айтылған аят жоқ. Музыкаға қатаң тыйым салуды қолдайтындар өз пікірін көбіне хадистерге сүйеніп түсіндіреді. Олардың ойынша, егер музыкалық аспаптар анық тыйым салынған нәрселермен бірге аталса, онда аспаптарды қолдануға да тыйым салынуы мүмкін.

Бұл пікірталаста жиі айтылатын ұғымдардың бірі – ма‘азиф. Араб тілінде бұл сөз музыкалық аспаптар деген мағына береді. Музыкаға тыйым салуды жақтайтындар көбіне «Сахих әл-Бухари» (Мұхаммед Пайғамбардың (c.ғ.с.) сөздері мен іс-әрекеттері туралы хадистер жинағы) хадистер жинағындағы бір риуаятқа сүйенеді. Осы хадисті Мұхаммед Пайғамбардың (c.ғ.с.) замандасы Әбу Мәлік әл-Ашғари жеткізген:
«Менің үмбетімнің арасында зинаны, жібекті, шарапты және музыкалық аспаптарды рұқсат етілген деп санайтын қауымдар шығады».
Осы хадисте музыкалық аспаптардың ішімдік пен басқа да анық тыйым салынған нәрселермен қатар аталуы қатаң ұстанымның қалыптасуына әсер еткен. Бұл көзқарасты ұстанатындар: “егер музыкалық аспаптар харам саналатын нәрселермен бірге айтылса, онда оларды қолдануға да тыйым салынуы керек деп есептейді”.
Алайда бұл хадисті басқаша түсіндіретін ғалымдар да бар. Олар хадисті жалпы мәтіннің мәнімен бірге қарастыру қажет дейді. Олардың пікірінше, мұнда кез келген ән мен аспап емес, күнәмен, ішімдікпен және азғындықпен байланысты ойын-сауық түрлері айтылуы мүмкін. Сондықтан бұл ұстанымда музыкалық аспаптың өзінен гөрі әннің мазмұны, қандай ойды насихаттайтыны, қандай ортада орындалатыны және адамға қалай әсер ететіні маңызды.
Мысалы, кейбір ислам дәстүрлерінде музыкалық аспапсыз ән айтуға және дуфф қолдануға рұқсат етіледі. Дуфф – үлкен дабылға ұқсайтын дәстүрлі үрмелі аспап. Ол Таяу Шығыста, Кавказда және Орталық Азияда кең тараған. Әсіресе той мен мереке кезінде оны қолдануға рұқсат етіледі.
Мұсылман мәдениетінде нашид деп аталатын діни әндер де бар. Олар негізінен рухани, ғибраттық немесе тарихи мазмұндағы жырлар. Олар көбіне музыкалық аспаптардың сүйемелдеуінсіз немесе өте аз аспап қолдану арқылы орындалады. Бүгінде нашидтер мұсылмандар арасында діни ойды ән арқылы жеткізудің кең таралған түрлерінің бірі.

Кейбір дін ғалымдары діни ән ойын-сауық сипатына ауысып кетсе немесе кәдімгі танымал музыканы қайталай бастаса, оған сақтықпен қарау керек деп есептейді.
Музыкаға қатысты басқа да көзқарас бар. Мысалы, Мысырдағы Дар әл-Ифта – ислам құқығына қатысты мәселелер бойынша пәтуа шығарып, діндарларға кеңес беретін ресми мекеме. Оның ұстанымы бойынша, музыкалық аспаптың болуының өзі музыканы автоматты түрде харам етпейді. Мұнда да басты назар әннің мазмұнына, қандай жағдайда орындалатынына және адамның іс-әрекетіне қалай әсер ететініне аударылады.
Күнделікті өмірде мұсылмандардың музыкаға көзқарасы әртүрлі. Бірі музыкадан мүлде бас тартады, енді бірі рок пен рэпті тыңдайды, ал тағы бірі тек кейбір әндермен шектеледі. Дегенмен көп жағдайда негізгі өлшем – музыканың мазмұны мен адамға әсері. Егер ол көпқұдайшылықты, ішімдікті, есірткіні, зорлық-зомбылықты немесе азғындықты дәріптесе, не адамды діни міндеттеріне немқұрайлы қарауға итермелесе, мұндай музыка ислам дінімен құпталмайды.
Католицизм
Католиктер музыкаға деген көзқарасы сәл өзгеше. Католик шіркеуі діни емес көпшілік тыңталатын музыкаға тыйым салмайды. Алайда құлшылық кезінде орындалатын музыкаға белгілі бір талаптар қойылады.
Әуен – христиандық руханияттың ең көне бөлігінің бірі. Жаңа Өсиет парақтарында кездесетін забур жырлары мен гимндер осының айқын дәлелі. Бастапқыда христиандар Римдегі пұтқа табынушылардың шулы сауықтарына ұқсамау үшін тек адам дауысына (акапелла) басымдық берді.
Уақыт өте келе шіркеу музыкасы дербес әрі бай мәдени дәстүрге айналды. Орган үні, хор, көпдауысты ән айту және Григориан хоралы (аспаптың сүйемелдеуінсіз орындалатын көне шіркеу әні) кеңінен тамыр жайды.

Дегенмен, шіркеу ішінде «әуен құлшылықтың түпкі мәнінен, ғибадатты театрландырылған сахналық қойылымға айналдырып жібермей ме?» деген теологиялық пікірталастар әлі де толастаған емес. Мұндағы басты талап – музыка адамның назарын дұғадан аудармауы тиіс.
Католик шіркеуі музыканы «дұрыс» немесе «бұрыс» жанрларға бөліп қарамайды. Рок, джаз, рэп немесе поп-музыканың өзі жеке алғанда күнә деп саналмайды.
Православие
Православ шіркеуіндегі ғибадат рәсімдері тек адам дауысымен, яғни музыкалық аспаптардың сүйемелдеуінсіз (а капелла) орындалады. Алайда, бұл шіркеу скрипка немесе гитараны «күнәлі аспап» санайды деген сөз емес. Бар болғаны, православиелік құлшылық дәстүрінде аспаптық музыкаға тарихи тұрғыдан орын жоқ.
Мұның өзіндік теологиялық себептері бар. Православиелік хор Византия дәстүрінен бері тарады. Шіркеу үшін бастысы музыка емес, дұғаның сөзі. Адам дауысы жамағатты біріктіреді, ал аспаптар артық эмоция тудырып, дұғадан алаңдатуы мүмкін.
Бірақ, ғибадатханадан тыс жерде православие жалпы музыкаға үзілді-кесілді тыйым салмайды. Діни қызметкерлер мазмұны күмәнді немесе адам психикасына теріс әсер ететін әндерден аулақ болуға кеңес бергенімен, шіркеуде тыйым салынған музыкалық жанрлардың арнайы «қара тізімі» жоқ. Дегенмен, шын діндарлар қасиетті ораза кезінде кез келген әуенді тыңдаудан толықтай тыйылады.

Музыкалық аспаптардан бас тарту православиенің бай вокалдық мәдениетінің дамуына еш кедергі келтірген жоқ. Керісінше, византиялық сарындар, грузин полифониясы мен орыс хор өнері адам дауысының аспапсыз-ақ қаншалықты құдіретті әрі көркем болатынын дәлелдеп келеді.
Протестантизм
Протестанттарда жағдай әлдеқайда күрделірек, яғни музыкаға қатысты ортақ ұстаным жоқ деуге болады. Лютерандар, англикандар, баптистер, методистер, елуіншілер, пресвитериандар және басқа да протестанттық ағымдар бұл мәселеде әртүрлі қағидаларды ұстанады.
Мысалы, протестанттық қозғалыстың негізін қалаушы Мартин Лютер музыканы діни таным мен сенім негіздерін халыққа ұғындырудың ең қуатты құралы деп білді. Ол шіркеулік гимндерді өзі жазып, құлшылықты латын тілінде емес, халыққа түсінікті ана тілінде әндетіп өткізуді қолдады. Осылайша, 1524 жылы жарық көрген алғашқы протестанттық әндер жинағы шіркеу ішінде жамағат болып ән айту мәдениетінің іргетасын қалады.
Қазіргі протестанттық тәжірибедегі алуандық та осы реформалардан туындаған. Қазіргі таңда бір қауымда классикалық орган мен дәстүрлі хорал ойналса, екіншісінде гитара, барабан және толыққанды музыкалық бэнд өнер көрсетеді. Ал кейбір консервативті топтар аспаптан толықтай бас тартып, тек забур жырларын (псалом) ғана орындайды.
Заманауи музыка әсіресе евангельдік және елуіншілер (пятидесятниктер) қауымдарында кеңінен тамыр жайған. Олардың ғибадаттарында рок, поп, электронды аранжировкалар, тіпті хип-хоп сарындары да еркін қолданылады. Бұл бағытты жақтайтын теологтардың пікірінше, музыканың жанры ешқандай рөл атқармайды. Ең бастысы – мәтіннің мазмұны және әуеннің жамағатты ортақ дұғаға жұмылдыру.

Айтпақшы, мұндай құлшылық көріністерін фильмдерден де жиі көреміз: жамағат бірге ән айтады, қол соғады, билейді, бір-бірінің қолынан ұстайды және болып жатқан жағдайға эмоциясын ашық білдіреді.
Алайда бұл тәсілді сынайтындар құлшылықтағы тым концерттік атмосфера діни рәсімді шоуға айналдырып жіберуі мүмкін деп есептейді.
Иудаизм
Иудаизмде музыканың тарихы өте көне. Танахта, яғни иудаизмнің қасиетті жазбаларында, музыка мен дұға, діни мерекелер мен ғибадатханадағы қызметпен қатар жүреді. Мысалы, 150-забурда Құдайды мадақтауға арналған түрлі аспаптар аталады: керней, ішекті аспаптар, сыбызғы, барабан және басқалары. Иерусалим ғибадатханасында арнайы ұйымдастырылған музыкалық қызмет те болған.
Алайда б.з. 70 жылы римдіктер Екінші Иерусалим ғибадатханасын қиратқаннан кейін, яһудилердің музыкаға деген көзқарасы күрт өзгерді. Раввиндік дәстүрде осы тарихи трагедияны аза тұту белгісі ретінде әуенге қатысты арнайы шектеулер қалыптасты.
«Ғибадатхана қирағаннан кейін иудейлерге музыкаға тыйым салынған» деу тым жалпылама әрі қатаң тұжырым болар еді. Қазіргі ортодоксалды ортада шектеулер әсіресе Шаббат кезінде, яғни иудаизмдегі қасиетті сенбі күні, сондай-ақ кейбір аза тұту кезеңдерінде ғана қатаң сақталады. Ал қалған уақытта той әндері, діни музыка, забурлар және зайырлы музыканың сан алуан түрі кеңінен қолданылады.

Қазіргі иудаизмдегі музыкалық еркіндік қауымның бағытына қарай өзгереді. Ортодоксалды топтар ежелгі ережелерді қатаң ұстанса, консервативті қауымдар дәстүрлі әуенді заманауи ырғақтармен шебер ұштастырады. Ал реформаторлық синагогалардың ішінде орган, фортепиано мен гитараның үні жиі жаңғырып тұрады.
Индуизм
Егер әлемде музыка мен дін ешқандай кедергісіз, табиғи тұтастықта өмір сүретін дәстүрді іздесек, индуизм – соның ең жарқын мысалы. Бұл сенімде әуен сонау көне дәуірден бері ғибадаттың ажырамас бөлшегі саналады. Ежелгі Үндістанның төрт қасиетті жазбасының бірі – Самаведада құлшылыққа арналған гимндер мен діни әуендер терең сипатталған. Уақыт өте келе мантра, бхаджан және киртан секілді рухани жырлар қалыптасып, вокалдық өнер ғибадатхана рәсімдерінің жүрегіне айналды.
Бұл дәстүрде музыкалық аспаптарға жай ғана рұқсат етіліп қоймай, олардың әрқайсысы қасиетті символдық мәнге ие. Мәселен, Сарасвати дәстүрлі ішекті аспабы – винамен, Кришна сиқырлы сыбызғымен (флейта), ал Шива шағын дамару барабанымен бейнеленеді. Мұнда музыка мен діни мәдениеттің біте қайнасқаны соншалық, оларды бір-бірінен бөліп қарау мүмкін емес.

Десе де, индуизмде кез келген әуенге шектеусіз рұқсат берілген деу қате. Әрбір ғибадатхана, рухани ұстаз (гуру) немесе діни қауым өз ішінде белгілі бір ережелер бекіте алады, мұндайда әннің мәтіні мен мазмұны басты рөл атқарады. Алайда, басқа консервативті діндердегідей, мұнда музыка өнеріне немесе аспаптарға тыйым мүлде кездеспейді.
Буддизм
Буддизмнің музыкаға қатысты ұстанымы өзіндік ерекшелігімен көзге түседі. Бұл ілімді талдағанда, монастырь монахтарына (тақуаларға) арналған қатаң ережелер мен қарапайым халықтың өмір салтын бір-бірімен шатастырмау өте маңызды. Ерте буддизм дәстүрінде әуен, би және өзге де дүниеуи ойын-сауықтар адам санасын медитациядан алаңдататын кедергі ретінде қабылданған. Сондықтан монахтардың ән айтуына, аспаптарда ойнауына немесе сауық кештеріне қатысуына нақты шектеулер қойылған. Алайда, бұл талап кез келген буддист музыкадан өмір бойы бас тартуы керек дегенді білдірмейді.
Қарапайым діндарларға қойылатын шарттар әлдеқайда жеңіл. Керісінше, буддизм тамыр жайған елдерде өте бай музыкалық мәдениет қалыптасқан. Ғибадатханалардағы діни сарындар, қоңырау сыңғыры, алып гонг, барабан және өзге де ғұрыптық аспаптар кеңінен қолданылады. Мәселен, Тибет дәстүрінде әуен діни рәсімнің ең басты элементтерінің бірі саналады.

Діндер музыкаға неге шектеу қояды?
Әлемдік діндердің ұстанымдарын тұтас сараптай келе, басты пікірталастың музыканың табиғатына емес, оның адам санасы мен рухына тигізер әсеріне байланысты туындайтынын аңғарамыз.
Аскетизм мен нәпсіні тыюды ту еткен ілімдер үшін әуеннің шектен тыс ләззатқа бөлеуі — үлкен қауіп. Теологтардың көбі музыканы адамды дұғадан, Жаратушымен байланыстан және діни міндеттерден алаңдатқан жағдайда ғана зиян деп біледі.
Тарихи тұрғыдан алғанда, музыка көбіне даңғаза той-думан, ішімдік пен дінбасылар құптамайтын сауық-сайранның ажырамас бөлігі болғандықтан, оған деген сақтық сезімі қалыптасқан.
Тағы бір маңызды жайт — бір ортада орынды саналатын музыка басқа жерде мүлде орынсыз болуы мүмкін. Адамның үйінде тыңдайтын әні католиктік мессаға немесе православиелік литургияға сәйкес келе бермейді. Иудаизмде Шаббат пен аза тұту кезеңдерінің өзіндік талаптары бар, буддизмде монахтарға арналған ережелер қарапайым діндарларға қойылатын талаптардан өзгеше, ал исламда музыкаға берілетін баға ән мәтініне, қолданылатын аспапқа және орындалатын жағдайға байланысты болуы мүмкін.



