Музыка күйзелісті, депрессияны емдеуге көмектесетіні туралы ақпарат бар. Бұл қаншалық рас? Зерттеулерді шолып көрейік.
Күйзеліс немесе депрессия – ең көп тараған психикалық аурулардың бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, әлемде 264 миллионнан астам адам депрессиядан зардап шегеді. Ал Кембридж университеті мамандарының зерттеуінше, дәрі-дәрмек пен психотерапия сияқты музыка терапиясы да күйзеліспен күресуге көмектеседі дейді. Сонымен қатар бұл терапия түрі арзан әрі зияны жоқ.
2011 жылы Финляндия ғалымдары “Күйзеліспен күресуге арналған жеке музыка терапиясы: бақылауда болған тәжірибе” деген зерттеу жасады. Олар “күйзеліс” диагнозы бар 79 адамды шақырып, екі топқа бөлді: бір топ тек дәрі-дәрмек ішті, екінші топ дәрі де ішті және қосымша аптасына екі рет музыка терапиясына қатысты. Нәтижесінде музыка тыңдаған топтағы адамдардың күйзелісі азайып, өмір сапасы жақсарған.
Музыка қалай көмектеседі?
Күйзелген адам ұзақ уақыт көңілсіз жүреді, бұрын қуанған нәрселерден ләззат алмайды, ұйқысы бұзылады, тәбеті төмендейді. Мұндай кезде эндорфин, дофамин, серотонин сияқты бақыт гормондары азайып, күйзеліс гормоны – кортизол көбейеді.
Ал адам музыка тыңдағанда бақыт гормондары көбейіп, кортизол деңгейі төмендейді. Окситоцин гормоны да бөлініп, адамды күйзелістен шығаруға септігін тигізеді.
Қандай музыка тыңдау керек?
Классика жанрындағы музыкалар күйзелісті басады. Қытай ғалымы Синь Лю және басқа ғалымдардың зерттеуіне қатысқандар Чайковскийдің, Бетховеннің музыкасын тыңдаған. Сол кезде музыка адамда эндорфин гормондарын бөлуге көмектескен.
Алайда норвегиялық нейробиологтар мұндай әсер тек қысқа уақытқа ғана екенін ескертеді. Қазіргі уақытта музыка терапиясының ұзақ мерзімге тиімді екенін толық дәлелдейтін зерттеулер жоқ.




