Денсаулық●Дене●«Мұздай су ішпе», «бас киім ки», «аяғыңды жылы ұста»: қайсысы суық тиюге әкеледі, ал қайсысының ауруға қатысы жоқ?

«Мұздай су ішпе», «бас киім ки», «аяғыңды жылы ұста»: қайсысы суық тиюге әкеледі, ал қайсысының ауруға қатысы жоқ?

8 қазан 2026
5 мин
а
«Выходной день Фрейзера» сериалынан үзінді | Фото: IMDb

«Басыңа бас киім ки, суық тиеді», «мұздай су ішпе, тамағың ауырады», «аяғыңды жылы ұста, ауырып қаласың» деген сынды сөздерді бәріміз дерлік естіген шығармыз. Әдетте мұны үлкендер үзілді-кесілді, өз сөзіне кәміл сеніп айтады. Дегенмен мұның бірі рас, екінші жай ғана жаңсақ ой екенін біле бермейді. Осы орайда Tamga Media маусымдық ауруларға қатысты ең көп тараған аңыздардың қайдан шыққанын және олардың қаншалықты ғылыми негізі бар екенін медицина ғылымдарының кандидаты, эпидемиолог Рафаиль Қыпшақбаевтан сұрап білді. 

  • 1-миф. Суық түссе, бірден ауырамыз

Дәрігер суық ауа райы сырқатқа себеп болмайтынын айтады. Денеге инфекция түсіру үшін вирус керек. Ал аяз адамның ағзасында өсіп-өнбейді. 

«Дегенмен суық ауа райы вирустың таралуына жанама түрде жағдай жасайды. Күз бен қыста жұрт көбіне жабық бөлмеде, тар жерде бірге отырады, бөлменің ауасы құрғайды. Ауадағы вирусқа дәл осындай орта өте қолайлы. Оның үстіне, мұрын тоңғанда, тыныс жолдарының вирусқа қарсы табиғи қорғанысы сәл осалдайды. Яғни, суық – аурудың басты себебі емес, тек вирусқа есікті ашып беретін көмекші» - дейді эпидемиолог Рафаиль Қыпшақбаев.

Елдегі ресми мәліметтер де осыны айтады: 2026 жылдың шілдесі мен қыркүйек аралығында Қазақстанда 205 231 адам ЖРВИ жұқтырған. 

  • 2-миф. Аяғың су болса, міндетті түрде суық тиеді

Аяқкиімнен су өткен сәтте оның ішінде вирус пайда болмайды дейді эпидемиолог. Су болған әрі тоңған аяқ дене температурасын түсіріп, жайсыздық тудырады, ал күн қатты суық болса, тіпті үсікке де шалдықтыруы мүмкін. Қатты тоңу ағзаның кейбір жергілікті қорғаныс реакциясын уақытша бәсеңдетуі ықтимал. Бірақ медицинада «бүгін аяғың тоңса, ертең ауырасың» деген ереже жоқ.

Рафаиль Қыпшақбаев, эпидемиолог: 

«Даладан келген соң сырқаттанып қалсаңыз, вирусты аяқтан емес, әріптесіңізден, балаңыздан, автобустағы жолаушыдан немесе кафеде қасыңызда жөтелген адамнан жұқтыруыңыз әбден мүмкін. Себебі үш күн бұрын лифтте жөтеліп тұрған бейтаныс адам естен шығып кетеді де, су өткен аяқкиіміңіз есіңізде қалып қояды. Аяқты әрқашан құрғақ ұстаған дұрыс. Өйткені су болған шұлықпен жүрген ыңғайсыз, ал риновирус аяқтан жұқпайды».

  • 3-миф. С витамині тұмаудан қорғайды

Эпидемиологтың айтуынша, С витамині – суық тию маусымындағы ең өтімді тауардың бірі. Бірақ дені сау адам оны күнде ішсе де, дәрумен оған қорғаныш болады деген сөз емес. 

«Алайда ол аурудың бетін тезірек қайтарады. Оны үнемі ішіп жүрген ересектер 8%-ға, ал балалар 14%-ға тезірек сауыққан. Ал витаминді қабылдаған марафоншылар, шаңғышылар мен аязда жаттығатын әскерилер сияқты денесіне қатты күш түсетін адамдарда ауырып қалу қаупі екі есе азайған. 

С витамині тек ағзада жетіспегенде, тамақты өте шектеулі жегенде немесе витамин дұрыс сіңбейтін жағдайларда ғана қажет. Ал темекі шегетіндерге тәулігіне қосымша 35 мг керек. Бірақ бұл қыста бәріміз 1-2 грамнан уыстап ішуіміз керек деген сөз емес. Ересектерге тәулігіне 2 грамнан артық ішуге болмайды. Мөлшерден асырып жіберсеңіз, иммунитет күшеймейді, керісінше іш өтіп, асқазан ауырады».

  • 4-миф. Антибиотик суық тигенде жақсы көмектеседі

Вирусқа қарсы антибиотик ішу – компьютердегі вирусқа отсөндіргіш шашқанмен бірдей, деп әзілдейді эпидемиолог. Тұмау мен суық тиюдің қоздырғышы – вирус, ал антибиотик оған мүлде әсер етпейді. Мұрыннан аққан судың немесе қақрықтың түсі өзгергенінен де вирус бактерияға айналып кетпейді.

«Дәрігер бактериялық инфекцияны немесе оның асқынуын анықтағанда ғана антибиотикті қабылдауға болады. Оған пневмония, бактериялық тонзиллит, отит пен синусит жатады. Мысалы, синусит кезінде 10 күннен асып ем қонбаса, бірнеше күн бойы дене қызуы 39°C-тан түспей, ірің ақса немесе бет сүйектері ауырса, сондай-ақ жағдайы түзеліп келе жатып қайта асқынса, дереу дәрігерге көріну керек» - дейді эпидемиолог.

Антибиотикті «сақтану үшін» ішудің еш мәні жоқ. Өйткені ол бұл ауруға мүлде әсер етпейді, керісінше ағзадағы микробтарды дәріге үйретіп аласыз. Бұл – ем емес, микробтарды күшейтіп алудың төте жолы. 

  • 5-миф. Суық сумен шыныққан адам ауырмайды

Шынығу денені суыққа үйреткенімен, вирустан толық қорғай алмайды, дейді эпидемиолог.

«Салқын душ қабылдау немесе мұздай суға түсу суық тиюден сақтайды деген ғылыми дәлел жоқ. Зерттеулер мұздай судың иммунитетті бірден күшейтіп жібермейтінін көрсеткен. Тек бір зерттеуде салқын душқа түсетін адамдардың ауырып жұмыстан қалған күндері 29%-ға азайғаны байқалған. Бірақ мұны «мұзға түскен адамға вирус жоламайды» деуге негіз жеткіліксіз. Адамның денсаулығы көтерсе, біртіндеп шыныққанның зияны жоқ. Бірақ ол тұмауға қарсы вакцинаның орнын баса алмайды».

  • 6-миф. Бас киімсіз жүрсең, міндетті түрде ауырасың

Бас киімсіз жүрген адамға өз-өзінен ауру жұқпайды, дейді эпидемиолог. Бастан жылудың тез кететіні рас, өйткені денеміздің кез келген ашық жері суықты тез сезеді. Ал қатты аязда немесе уілдеп тұрған желде бас киім құлақты үсіп кетуден сақтайды.

«Вирусқа бас киімнің бар-жоғы бәрібір. Инфекция жұғу үшін сырқат адаммен араласу немесе оның түшкіріп-жөтелген ауасымен тыныстау керек. Ал қыста бас киімді тоңбау үшін және жайлы жүру үшін киген жөн» - деп түсіндірді Рафаиль Қыпшақбаев.

  • 7-миф. Сарымсақ пен пияз тұмаудан қорғайды

Сарымсақ тамаққа дәм береді, бірақ вирусқа қарсы дәрі ретінде пайдасы шамалы, дейді эпидемиолог. Бар болғаны 146 адам қатысқан жалғыз зерттеуде сарымсақ жегендердің азырақ ауырғаны байқалған. Бірақ бұл нәтиже сарымсақты тұмаудың емі деп айтуға жеткіліксіз. Ал пияздың вирусқа қарсы әсері туралы ғылыми дәлел тіпті жоқ.


Рафаиль Қыпшақбаев, эпидемиологінің пікірінше, «пияз бен сарымсақты жегеннің зияны жоқ, құрамында пайдалы дәрумендер бар. Бірақ олар вакцинаның, дұрыс ұйқының, бөлмені желдетудің немесе тазалық сақтаудың орнын баса алмайды.


2025/2026 жылғы маусымда Қазақстанда 2 272 739 адам (халықтың 11,13%-ы) тұмауға қарсы вакцина алды. Аурудың алдын алудың ең тиімді әрі ғылыми түрде дәлелденген жолы – осы».

  • 8-миф. Ауру белгілері бар адам ғана вирус таратады

Вирустардың адамдар арасында тез таралатын себебі де осында, дейді эпидемиолог. Денеде ауру белгілері пайда болғанша, вирус ағзаға тарап үлгереді. Адам өзін сау сезінгенімен, айналасына вирус тарата береді.


Рафаиль Қыпшақбаевтың сөзінше:

«Бұл мерзім вирустың түріне байланысты. Меселен, тұмау жұқтырған ересек адам аурудың алғашқы белгілері білінгенге дейін бір күн бұрын басқаларға ауру жұқтыра бастайды. Ал алғашқы 3 күнде өте қауіпті болады. Адам жазылғандай көрінсе де, вирус сыртқа 5-7 күнге дейін бөлінуі мүмкін.
Сол себепті «қасымда ешкім жөтеліп жатқан жоқ» деп жайбарақат жүруге болмайды. Өйткені өзін сау санап, кеңсеге, кафеге немесе спортзалға барып жүрген адамдар вирусты ең көп таратады».

  • 9-миф. Дене қызуы көтерілсе, оны бірден түсіру керек

Дене қызуы – иммунитеттің инфекциямен күресетін табиғи белгісі. Сондықтан оны бірден басудың қажеті жоқ, дейді эпидемиолог.

«Дене қызуын өлшегіш 37,8 немесе 38°C көрсетсе де, адам өзін жақсы сезінсе, қызу түсіретін дәріге жүгірудің керегі жоқ. Ондай дәрілер, ең алдымен, аурудың белгілерін жеңілдету үшін ішіледі, атап айтсақ: бас қатты ауырғанда, дене сырқырағанда, қалтырауда немесе ұйқы қашқанда. Балаларға қатысты да тек өлшегішке сүйенбей, баланың жалпы көңіл-күйіне қарау керек.

Ал дене қызуы 40°C-қа жуықтаса, бірнеше күн бойы түспесе немесе ентігу, бастың айналуы, бөртпе шығу, көкірек тұсының ауыруы байқалса, тез арада дәрігер шақырған абзал. Есте ұстайтын жайт: қызу түсіретін дәрі адамның жағдайын жеңілдеткенімен, оны бір сәтте айықтырып, вирустан тазартпайды».

  • 10-миф. Ауырып жүріп те жұмыс істей беруге болады

Ауруды аяқта жүріп өткізу ағзаның сауығуына кедергі келтіреді әрі вирусты өзгелерге жуқтыру қаупін арттырады, дейді эпидемиолог Рафаиль Қыпшақбаев.

«Дене қызуы көтеріліп, бойды әлсіздік билесе, дене сырқырап, жөтел басталса, үйде демалған жөн. Ал ентігу, кеуде ауыруы, мең-зең болу немесе дене қызуының ұзақ түспеуі байқалса, міндетті түрде дәрігерге көріну керек.

Қалыпты ырғаққа қайта оралудың басты шарты: жағдайыңыз жақсарып, дәрісіз дене қызуының көтерілмегеніне кемінде 24 сағат толуы тиіс. Жұмысқа шыққан соң да бірнеше күн айналадағыларға мұқият болып, бөлмені желдету, қолды жиі жуу және маска тағу абзал».

Күз бен қыстағы суыққа қатысты үрейдің көбі бос сөз. Суық тию мен тұмау – аяздан, су өткен етіктен немесе бөріксіз жүргеннен емес, вирус жұққаннан болады. Әрине, бұрыннан келе жатқан кеңестердің кейбірінің сақтық мәні бар. Бірақ оның қайсысы шын, қайсысы аңыз екенін тек маман ғана дәл ажыратып бере алады.

Бөлісу: