Мәдениет●Тұлғалар●Мүсіннің «мінезі» неден туады: шеберліктің қыр-сыры

Мүсіннің «мінезі» неден туады: шеберліктің қыр-сыры

3 қараша 2026
5 мин
Тұрсын Капаков | Фото: жеке архивінен

Мүсін сырт көзге материалға белгілі бір пішін беру сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шынайы образ жасау үшін мүсіншіге адамның анатомиясын, қозғалысын, материалдың қасиетін түсініп қана қоймай, кейіпкердің мінезін де жеткізе білу керек. Кейде оған көзқарас, бастың сәл бұрылуы немесе қолдың орналасуының өзі жеткілікті. Tamga Media тілшісі мүсінші Тұрсын Капаковпен сөйлесіп, бұл кәсіптің қыр-сырын сұрап көрді. 


Тұрсын Капаков үшін мүсін жасау – күнделікті жұмыс қана емес, өмір салты. Ол бұл өнерге бала кезінен қызығып, сурет салып, түрлі дүниелерді жасап көрген. Кейін Т. Жүргенов атындағы өнер оқу орнында білім алып, мүсін өнерін кәсіби тұрғыда меңгерген


«Мүсінші форманы ғана көрмеуі керек»


Тұрсын Капаковтың айтуынша, мүсіншінің ең маңызды қасиеттерінің бірі – бақылау. Адамды немесе жануарды сыртқы пішініне қарап дәл бейнелеу жеткіліксіз. Мүсінші оның мінезін, қозғалысын, тіпті үнсіз тұрған сәтінің өзін сезіне білуі керек.

«Мүсінші форманың ар жағындағы дүниені көре білуі қажет. Қозғалыстағы сұлулықты, үнсіздікті, денедегі кернеуді, тіпті мінсіз емес тұстарды да байқау керек», – дейді Тұрсын Капаков.


Маман мүсінде адамның мен жануардың анатомиясын білу де маңызды дейді. Бұлшықеттің қалай қозғалып, дененің салмағы қалай бөлінетінін түсінбей, мүсінге жан бітіру қиын. Мүсінші металмен жұмыс істегенде физиканы, кей жағдайда химияны да білуі керек. Әсіресе, үлкен туындыларда қаңқаның беріктігіне ерекше мән беріледі.


Мүсіннің бастауы – ойдағы образ


Кез келген туынды алдымен мүсіншінің ойында пайда болады. Тұрсын Капаков жұмысты бастамас бұрын образды елестетіп, ол туралы ақпарат жинайтынын айтады. Содан кейін ғана болашақ мүсіннің қаңқасын құруға кіріседі.


Қызығы, мүсінші көбіне алдын ала сызба дайындамайды екен. Оның айтуынша, образды қағазға түсіру кейде керісінше кедергі келтіруі мүмкін.

«Мен көбіне эскиз жасамаймын. Барлығын ойымда ұстаймын. Эскиз жасауға көп энергия кетеді. Кейде суретін салып қойған соң, мүсінді бастамай қалуың мүмкін. Бұл – менің өзіме тән ерекшелігім, кейде осы ерекшелік өзіме де ауыр тиеді», – дейді ол.


Алғашқы кезеңде мүсінші негізгі массаны қалыптастырып, конструктивті сызықтарды белгілейді. Егер бастапқы пропорциялар дұрыс болса, образдың сұлбасы біртіндеп көріне бастайды. Бұл кезеңде мүсіннің ұсақ детальдары әлі жасалмайды. Бірақ Тұрсын Капаков кейде дәл осы процесс барысында жұмыстың толыққанды образын көре алатынын жеткізді. 


«Мінезді ұсақ детальдар береді»


Мүсінде кейіпкердің мінезін жеткізу үшін міндетті түрде айқын қимыл немесе эмоция қажет емес. Кейде басты әсерді көзқарас, бастың сәл бұрылуы, қолдың орналасуы береді.


Көрермен олардың бәрін саналы түрде байқамауы мүмкін. Бірақ осы детальдар кейіпкердің мінезін сезінуге мүмкіндік береді.

«Көзқарас, бастың аздап бұрылуы, қолдың орналасуы, дененің керілуі сияқты ұсақ нәрселердің өзі маңызды. Көрермен мұның бәріне арнайы назар аудармауы мүмкін, бірақ кейіпкердің мінезін іштей сезеді», – дейді мүсінші.


Осы детальдар қозғалыс әсерін де қалыптастырады. Мүсін қозғалмай тұрса да, дене салмағының бір аяққа түсуі, иықтың бағыты немесе қимылдың аяқталмай қалғандай көрінуі кейіпкерді келесі сәтте қозғалып кететіндей етіп көрсетуі мүмкін. 


Кейде бір мүсінді әр адам әртүрлі қабылдауы мүмкін. Біреу одан күшті байқаса, енді бірі сабыр немесе мұң көруі ықтимал. Автор үшін маңыздысы – туындының көрерменде қандай да бір сезім оятуы. Мүсіннің «тірілігі» тек бет әлпетіне емес, бүкіл дененің пластикасына байланысты.


Қаңқа – үлкен мүсіннің негізі


Үлкен мүсіндерде сыртқы пішіннен бұрын ішкі құрылым жасалады. Қаңқа дұрыс құрылмаса, кейінгі жұмысқа да әсер етеді.


Тұрсын Капаковтың айтуынша, әр пішіннің өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан мүсінші ең басынан бастап материалдың қалай қалыпқа салатынын, кейін қалыптан қалай шығарылатынын есептеуі керек. Бұл жерде техникалық білім мен шығармашылық ізденіс қатар жүреді. Бір жағынан, мүсінші образды ойласа, екінші жағынан оның физикалық тұрғыдан қалай жасалатынын үнемі есептеп отыруы маңызды.


Мүсін жасаудағы күрделі кезеңдердің бірі – қалып дайындау. Әсіресе, бірнеше бөлшегі бар күрделі туындыда қалыпты дұрыс есептеу қажет.


Мүсінші гипспен қалып жасағанда мүсінді ойша бірнеше бөлікке бөледі. Себебі гипс қатқаннан кейін оны мүсіннен еш кедергісіз ажырату керек.


Мысалы, самурайдың күрделі мүсінін бірден толық гипспен қаптау мүмкін емес. Гипс қатып, қатты қабыққа айналған соң, оны мүсіннен шығару қиын болады. Егер қалыптың бөліктері алдын ала дұрыс есептелмесе, дайын жұмысты бүлдіріп алу қаупі бар.

«Кейде бір ғана есептеуден қателессең, бүкіл мүсінді қайта жасауға тура келеді. Сондықтан техникалық кезеңге келгенде әр қадамды мұқият есептеу керек», – дейді Тұрсын Капаков.


Бір мүсін өз кезегін бірнеше жыл күтуі мүмкін


Мүсін жасауға кететін нақты уақытты алдын ала айту қиын. Кейбір жұмыстар бірнеше күнде аяқталса, енді біріне айлар қажет. Ал кейде мүсін бірнеше жыл бойы шеберханада тұрады.


Тұрсын Капаковтың айтуынша, оның сөресінде үш жыл бұрын басталған, бірақ әлі аяқталмаған жұмысы да бар. Бұл шығармашылық процестің әрдайым бір ырғақпен жүрмейтінін көрсетеді.

«Кейбір жұмысты бірнеше күнде аяқтауға болады. Ал баяу жүретін шығармашылық жұмыс айлап, тіпті жылдап созылуы мүмкін. Әр кезеңнің өз қиындығы бар», – дейді ол.


Мүсіншінің пікірінше, ең қиын нәрсе – осы жолдан таймай жүру. Өйткені адам бірнеше жыл білім алып, шеберлігін арттырғанымен, көрермен мен тапсырыс берушілер арасында сұраныс бірден өсіп кетпейді. 


Ол мұны спортпен салыстырады. Спортшы бала кезінен жаттығып, жарысқа дайындалса, суретші мен мүсінші де шеберлікке жету үшін жылдар бойы жұмыс істейді. Екеуінің де мақсаты – өз деңгейін көтеру және өз ойын өзгеге жеткізу.


Туынды жасау кезінде мүсіншіге қай кезеңде мүлде қателік жасауға болмайды?


Тұрсын Капаковтың айтуынша, мүсіннің шығармашылық кезеңінде қателікті түзетуге мүмкіндік көп. Бірақ жұмыс техникалық кезеңге өткен сайын қателіктің құны арта түседі. Мысалы, қалып дайын болғаннан кейін оны дұрыс шешпеу немесе материалды қате есептеу дайын туындының бұзылуына әкелуі мүмкін. Сондықтан мүсінші бастапқы кезеңде еркін ізденгенімен, техникалық жұмыстарға келгенде барынша мұқият болуы керек.


Бұл жерде шығармашылық пен есептің арақатынасы байқалады. Идея қаншалықты мықты болғанымен, оны техникалық тұрғыдан дұрыс жүзеге асырмаса, туынды соңына дейін жетпеуі әбден мүмкін. 


Жасанды интеллект дәуіріндегі мүсін


Қазір көптеген қарапайым шығармашылық тапсырманы компьютердің көмегімен бірнеше сағатта орындауға болады. Жасанды интеллектінің дамуы сурет пен визуалды контентке де әсер етіп жатыр дейді ол. 


Мүсінші мұндай жағдайда өнердегі ең қиын нәрсенің бірі – өзіндік стиль қалыптастыру деп есептейді.


Өйткені бүгінгі өнер нарығында бағыт та, техника да көп. Бір-біріне ұқсайтын жұмыстардың арасынан ерекшелену үшін суретшінің көрермен сөйлесетін “өзіндік тіл” болуы қажет.

«Ең қиыны – өз стиліңді табу. Кейде адам өзіндік стилі бар екенін өзі байқамауы мүмкін. Оны көрермен немесе сырт көз аңғарады», – дейді Тұрсын Капаков. 


Тұрсын Капаков үшін туындының сапасы тек техникалық мінсіздігімен өлшенбейді. Ең маңыздысы – көрерменде қандай да бір реакция тудыруы.

«Мен үшін жақсы жұмыс — адамды тоқтатып, эмоция тудырып, оған қайта қарауға себеп болатын туынды», — дейді мүсінші.


Бір шығарма бірден әсер етуі мүмкін, ал екіншісі ұзақ қарағаннан кейін ғана ойға қалдырады. Бірақ мүсін адамның назарын ұстап, онымен үнсіз диалог құра алса, автор көздеген мақсатына жеткені.


«Еңбектің нәтижесін ғана емес, оған кеткен уақыт пен ресурс та бағаланса деймін»


Тұрсын Капаков үшін мүсін жасау – белгілі бір образды материалға түсіру ғана емес. Оның әр жұмысында уақыт, еңбек, ізденіс пен шыдам жатыр.


Мүсінші көрерменнің туындының сыртқы формасынан бөлек, оның артындағы еңбекті де сезініп, лайық бағасын бергенін қалайды.

«Мен өз еңбегімнің ғана емес, осы қиын мамандықты таңдаған адамдардың жүріп өткен жолы сезілсе, бағаланса деймін. Өйткені біз жұмысымызға жанымызды саламыз. Оның артында көп еңбек, шыдам және өз ісіне жан-тәнімен берілу жатыр», – дейді Тұрсын Капаков.


Бөлісу: