«Мүшел жасқа келдім, абай болу керек» деген түсінік қазақ арасында әлі сақталған. Кейбіреулер бұл кезеңді өмірдегі қауіпті уақыт деп санап, садақа береді, өзіне қымбат затын досына не жақынына сыйлайды немесе маңызды істі кейінге қалдырады. Мүшел жас қауіпті деген ұғым қайдан шықты және бұл рас па? Әлде мұның астарында не жатыр ма? Tamga Media тілшісі анықтап көрді.
Аспан денелері - көшпелі халықтың күнтізбесі
Мүшел жастың мәнін түсіну үшін алдымен қазақтардың уақытты қалай есептегеніне мән берейік.
Көшпелі өмірде бүгінгідей сағат та, күнтізбе де, навигация да болмаған. Сондықтан табиғатты бақылау уақыт анықтаудың басты тәсіліне айналды. Соның ішінде жұлдыздардың орны ерекше еді.
Қазақтар Темірқазықты бағыт сілтейтін белгі ретінде пайдаланған. Ол аспанда бір орында тұрғандай көрінгендіктен, алыс жолға шыққан адамға бағдар берген. Кең далада адаспау үшін көшпенділер осы жұлдызға қарап бағытын анықтаған.
Ал түннің қай уақыты екенін Жетіқарақшының аспандағы орнына қарап шамалаған. Жердің айналуымен жұлдыздар үздіксіз қозғалып тұратындықтан, олардың орнына қарап-ақ таңнан қашан ататынын білген.
Аспан денелері ауа райы мен жыл мезгілін болжауға да көмектескен. Мысалы, «Таразы туса, таң суыр, Сүмбіле туса, су суыр» деген сөз бар. Мұнда Таразы мен Сүмбіленің көрінуі табиғаттағы маусымдық өзгерістермен байланысты.

Осы білімді жинақтап, ауыл тұрмысына қажет болжам жасайтын адамдарды халық “есепші” деп атаған. Олар жұлдыздың, Айдың, Үркердің орнына қарап көш уақытын, малды жайылымға шығаратын мезгілді, төлдеу кезеңін және ауа райының өзгерісін жорамалдаған.
Мүшел қайдан шықты?
Мүшелдің түп-тамыры 12 жылдық күнтізбелік циклде жатыр. Әр жыл белгілі бір жануардың атымен аталады: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Мұндай 12 жылдық айналым түркі халықтарының дәстүрлі күнтізбесінде маңызды рөл атқарған.
Ай фазасын бақылау да уақыт есептеудің басты тәсілдерінің бірі болған. Бір ай шамамен бір айлық циклге тең, ал он екі ай – жылдық айналым. Ай күнтізбесі мен жыл мезгілдерін сәйкестендіру үшін қосымша ай қосу тәжірибесі де болған.
Уақыт өте бұл 12 жылдық цикл адам жасын есептеуге де қолданыла бастаған. Мүшел жас осылай қалыптасқан.
Алғашқы мүшел 13 жаста келеді, ал қалған мүшелдер әр 12 жыл сайын қайырылып отырады. Сондықтан адамның мүшел жастары: 13, 25, 37, 49, 61, 73, 85, 97, 109, 121 жас.
Неге дәл осы жастар ерекше саналған?
Қазір мүшелді жай «қауіпті жас» деп түсіну оның тарихи мағынасын тарылтады. 12 жыл сайын адам өмірінде белгілі бір өзгеріс болатынын қазақ қоғамы өз тәжірибесінен байқаған. Мысалы, 13 жаста бала балалық шақтан жеткіншек кезеңге өтеді, дене бітімі мен мінезінде өзгеріс басталады.
25 жасқа қарай адам әлеуметтік тұрғыдан есейіп, отбасы құру, еңбек ету, өз бетінше шешім қабылдау сынды жауапкершілікті көбірек арқалайды.
37 жаста адам өміріндегі елеулі кезең: бұл шақта адам жастығы, кәсібі, отбасы және алдағы өмірі туралы көбірек ойланады.
Кейінгі мүшелдерде де адамның әлеуметтік жағдайы мен дене мүмкіндігі өзгереді. Мысалы, 49 жас – орта жас, кемелдену мүшелі. Бұл кезең адамды жастықтан гөрі тәжірибе мен байыпқа жақындататын шақ ретінде қабылданған.

61 жас – ел ағасы, даналық кезеңі. Қазақта 60-70 жас аралығы «ел ағасы» деп аталған. Бұл уақытта адам отбасы мен қоғамда ақыл айтып, кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін тұлғаға айналады.
73 жас – қарттық мүшел. Бұл жаста адамның жасы ұлғайып, физикалық мүмкіндіктері бұрынғыдай болмайтыны ескерілген. Сондықтан 70-80 жас аралығы дәстүрлі жіктеуде «ақсақал» кезеңі ретінде сипатталған.
85 жас – кәрілік мүшел. Дәстүрлі түсінікте 80 жастан асқан адам «қарт», «қария» деп аталған, ал 85 жас мүшелдердің ішінде арнайы «кәрілік» кезеңі ретінде көрсетіледі.
Онда мүшел жастың қауіпі туралы түсінік қалай қалыптасты?
Қазақ мәдениетінде мүшелге байланысты сақтық дәстүрі болғаны рас: мүшелге келген адам садақа беріп, киімін немесе затын мұқтаж адамға ұсынған. Бұл «міндетті түрде жамандық болады» дегенді білдірмейді. Керісінше, мұндай әрекеттерді адамның өз өміріне есеп беріп, жаңа кезеңге сақтықпен қарауын білдіретін дәстүр деп түсінген жөн.

Себебі көшпелі қоғамда адам өмірі қазіргіден әлдеқайда қауіпті болған. Ауру, жұт, аштық, соғыс, дүлей апат сияқты қатер кез келген жаста кездескен. Сондықтан қауіп тек мүшел кезінде ғана төнді деу тарихи тұрғыдан негізсіз.
Мүшелдің «қауіпті» деген атаққа ие болуына адамның өтпелі кезеңде болуы туралы халықтық бақылау әсер еткен болуы мүмкін. Себебі өмірдегі үлкен өзгеріс сақтықты қажет етеді деген түсінік кейін белгілі жасқа қатысты ырыммен ұштасқан.
Ғылым мүшел жасты қауіпті кезең деп санай ма?
Мүшел жасқа келгенде адамға міндетті түрде қауіп төнетінін дәлелдейтін ғылыми дерек жоқ.
Ғылым адам жасына байланысты дене, психика және қоғамдық өзгерісті зерттейді. Бірақ мүшел жастағы адамда басқа жастармен салыстырғанда жазатайым оқиға немесе қайтыс болу жағдайы міндетті түрде көбейеді деген заңдылық анықталмаған.
Сондықтан мүшел жасты «қауіпті жыл» деп санау дұрыс емес, мәдени дәстүр екенін түсінген жөн. Дегенмен мүшелдің мәнін мүлде жоққа шығарудың да қажеті жоқ. Оның құндылығы қауіп-қатерді болжауында емес, адам өмірінің кезеңдерін жүйелеуде жатыр деген түсінген абзал.
Қазақ қоғамы табиғатты, адам жасын және қоғамдық өзгерісті ұзақ бақылап, сол тәжірибені күнтізбе мен дәстүрге айналдырған. Мүшел де – соның бір көрінісі.



