Денсаулық●Дене●«Мұртты қараша»: Әлемде ер азаматтар не үшін мұрт өсіруді бастап кетті

«Мұртты қараша»: Әлемде ер азаматтар не үшін мұрт өсіруді бастап кетті

11 қараша 2026
5 мин
Фото: movember.com

Қараша туғанда әлемде мұрт қойған азаматтар көбейеді. Бұл – Movember немесе “мұртты қараша” (moustache + November) науқаны. Ондағы мұрт – еркектердің тіс жарып айтпайтын ішкі дерті мен простата қатерлі ісігі сынды денсаулығындағы түйткілдерді ортаға салудың игі сылтауы. Қозғалыстың айтпағы қарапайым: ер азаматтардың өмірден ерте кетуіне көбіне алдын алуға не уақытында емдеуге болатын себептер ықпал етеді.


Біздің елде бұл айырмашылық айқын байқалады. Мәселен, ер азамат орта есеппен 72 жас өмір сүрсе, онымен құрдас әйелдің орта жасы 80-ге жуықтайды. Арадағы сегіз жылдық айырманы Ұлттық статистика бюросы келтіріп отып. Қарашада мұрт өсірудің астарында дәл осы мәселе жатыр. Tamga Media аталмыш қозғалыстың мән-жайына тоқталып, оның еліміздегі жағдайға қаншалықты қатысы бар екенін сараптап көрді.


Екі достың сыраханадағы бастамасы


2003 жылы Мельбурндағы барда отырған Трэвис Гарон мен Люк Слэттери есімді екі дос айналада мұрт қоятындардың азайып кеткенін байқап, оны қайта сәнге айналдырмақ болады. Сол тұста достардың бірінің анасы омырау обырымен күреске қаржы жинап жүрген еді. Сонда жігіттер де ер-азаматтар арасында көп айтыла бермейтін басты дерт – простата қатерлі ісігіне ақша жинауды ұйғарады. Осылайша жеңіл әзілдің астары салмақты іске ұласты. Олар бастаманың тәртібін бекітіп, 10 доллардан жарна белгіледі де, таныстарына «Are you man enough to be my man?» («Ер болуға батылың жете ме?») деген астарлы тақырыппен шақыру хатын таратты. Оған 30 адам үн қосты. 

Одан арғы жағдай ойлағаннан да тез қарқын алды. 2004 жылдың өзінде-ақ 450 қатысушы 54 мың аустралиялық доллар жинап берді. Бұл чек Аустралияның Простата қатерлі ісігі қорының тарихында бірден түскен ең ірі қайырымдылық қаржысы болды. 2006 жылы Movember ресми қоры құрылып, қатерлі ісікке қоса депрессия мәселесі де назарға алынды. Ал 2007 жылы бұл қозғалыс АҚШ, Канада мен Ұлыбританияға тарады. Бүгінде науқанға жылына 300 мыңға жуық адам қатысады, ал 2023 жылы қор бюджеті 100 млн AUD болатын Еркектер денсаулығы институтын ашты.


Бастаманың тәртібі


Ереже 2003 жылдан бері өзгере қойған жоқ: қатысушы 1 қарашада қырынып, бір ай бойы мұрт өсіреді. Ал әріптестері мен достары оның жеке парақшасына қайырымдылық қаржысын аударады. Мұрт қою – денсаулық жайын сөз етудің оңтайлы жолы, өйткені жөн сұрағандармен әңгіме негізгі мәселеге бірден ойысады. Оны өсіруге мүмкіндік болмаған жағдайда, ай бойы 60 шақырым жүру не жүгіру ұсынылады. Бұл аралық тегіннен таңдалмаған. Қозғалыс өкілдерінің мәліметінше, жер бетінде әр сағат сайын 60 еркек өзіне қол жұмсайды екен.


Бұл бастаманы қолдауға ерекше қадамға баратындар аз емес. Өткен маусымда канадалық олимпиадашы Джон Монтгомери мұртының бір қылын аэростатпен 35 237 метр биіктікке ұшырып, әлем рекордын орнатты. Ал нидерландтық Антон Нотенбом ерлердің психикалық саулығына жұрт назарын аудару үшін Лос-Анджелестен Нью-Йоркке дейінгі 3 100 миль қашықтықты 260 күн бойы жалаң аяқ жүріп өтті.

Қаржы қайда жұмсалады және не өзгерді?


2025 жылдың 30 сәуірінде аяқталған қаржы жылында қор 138,4 млн AUD жинап, оның 79%-ға жуығын (яғни 109 млн-нан астамын) негізгі бағдарламаларға бағыттады. Бүгінде бұл қаржының қомақты бөлігі жүйке саулығы мен депрессиямен күреске бағытталады. Бөлінген қаражаттың 43%-ы суицидтің алдын алу мен психологиялық қолдау шараларына жұмсалды. Кезінде тек простата обырымен күрестен басталған бастама қазір жан мен бас амандығын басты орынға қойып отыр.


Бұл жұмыстың нәтижесі медицинада да, саясатта да анық байқалады. Movember қоры бірлесе қаржыландырған ENZA-p зерттеуі простата қатерлі ісігі асқынған науқастардың өмірін ұзартуға көмектесті. Аустралиядағы сайлау алдында негізгі екі партия ерлер денсаулығына рекордтық 32 млн AUD бөлуге уәде берсе, Ұлыбритания үкіметі осы қормен бірлесіп ерлер денсаулығының тұңғыш ұлттық стратегиясын әзірлеуге кірісті. Сонымен бірге қор ПСА (простат-спецификалық антиген) сараптамасын бәріне жаппай тапсырғуды қолдамайды. Оның орнына, өмірге қауіп төндірмейтін ісіктерді әурелемей, тек ең қауіпті түрлерін ерте анықтауды зерттейтін TRANSFORM жобасына қаржы құйып жатыр.


Бұл бастама Қазақстанға жетті ме? 


Қордың елдер бойынша берген есебінде «әлемнің қалған бөлігі» деген тарау бар. Негізгі елдерді айтпағанда, қалған мемлекеттерден бар болғаны 4 111 адам қатысқан. Ал жалғыз Ұлыбританияның өзінен 98 мыңға жуық адам атсалысыпты. Біздің елде Movember-дің ресми өкілдігі болмағанымен, мұрт өсіру идеясын жұрт өзінше іліп әкетті. Ал статистикаға үңілсек, бұл науқанның маңызы Мельбурндегіден бетер айқын байқалады.


Қазақстанда мұрт өсіріп, науқанға қосылудың себебі бар ма?


Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда ер-азаматтардың орташа өмір жасы – 72,19 жас. Бұл – әйелдермен салыстырғанда 7,6 жылға аз көрсеткіш. Бұған, ең алдымен, дерттің уақытында анықталмауы және ер-азаматтардың ішкі сырын тіс жарып айтпайтыны себеп. 


Онкология. 2025 жылы елде 42 мыңнан астам адамнан қатерлі ісік анықталды. Соңғы бес жылда дерттен көз жұмғандар 20%-ға азайғанымен, бұл дертпен тіркеуде тұрғандардың тең жартысынан астамы – әлі де еңбектегі, қайраты қайтпаған азаматтар.


Простата қатерлі ісігі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын бұл дерт 1 600-ден астам ер азаматтан анықталады. Онколог дәрігерлер де аурудың жиілеп бара жатқанын айтып отыр.


Өзіне қол жұмсау. 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 711 суицид тіркелсе, соның бестен төрт бөлігі (575-і) – ерлер. Әсіресе теріскей өңірлерде көрсеткіш жоғары: ел ішінде 100 мың тұрғынға 6,78 жағдайдан айналса, СҚО-да бұл көрсеткіш 14,86-ге жетті.


Ерлер тегін тексеріле ала ма?


2026 жылдың қаңтарынан бастап скринингтік тексерулер МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтарға да тегін жүргізіледі.


Енді 30 бен 76 жас аралығындағы тұрғындар қан қысымын, жүрек пен көздің жанарын (глаукома), сондай-ақ қандағы қант деңгейін тегін тексере алады. Ал 50 жастан асқан ер-азаматтар үшін алғаш рет инсульттің алдын алу тексерісі енгізілді. Онкология жағынан алсақ, 50-ден асқан ерлер жыл сайын ішек обырына (колоректальды) тегін тексеріле алады. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі шылым шегетіндер мен зиянды өндірісте істейтіндер сияқты қауіпті топтағы азаматтарға арнап өкпе қатерлі ісігін ерте анықтау бағдарламасын әзірлеп жатыр.


Movember бастамасының маңызын мына статистикадан-ақ аңғаруға болады. 2026 жылдың алғашқы алты айында онкоскрининг арқылы 1 837 қатерлі ісік анықталды: соның 1 238-і – омырау, 372-сі – ішек, 227-сі – жатыр мойны ісігі. Яғни, қолданыстағы үш тегін скринингтің екеуі әйелдер денсаулығына бағытталған, ал ерлерге тек ішек тексерісі қарастырылған.


Қазақстандағы биылғы «мұртты қараша» науқаны


Елдегі биылғы басты науқанды Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты бастап берді. Простата мен өкпе қатерлі ісігін алдын алу айлығына орай институт жұртты мұрт өсіруге, #УсыСоСмыслом (#МұрттыңДаМәніБар) хештегімен фото жариялап, @kazoncoinstitute парақшасын белгілеуге және эстафетаны достарына жолдауға шақырады. Ақылы жарна да, арнайы тіркеу де жоқ. Бастамаға барбершоптар, блогерлер мен спортшылар да тартылып датыр. Дүниежүзілік Movember-ден айырмашылығы – мұнда басты екпін ақша жинауға емес, елді ақпараттандыруға түсіп отыр. Арада артық кедергі жоқ, ал таралатын мәліметтің бәрін онкоинститут дәрігерлері сараптаған.


Ерлер денсаулығының онкүндігі. 2026 жылдың маусым айында Денсаулық сақтау министрлігі ерлер денсаулығына арналған арнайы онкүндік ұйымдастырды. Ал 27 маусым күні еліміздің онкоорталықтарында онкоурология бойынша ашық есік күні өтіп, 579 азамат алдын ала жазылусыз тегін тексерілді. Нәтижесінде 30 адамнан қатерлі ісік немесе күдікті өскіндер, 43 адамнан обыр алды белгілері, ал 287 адамнан дәрігер бақылауын тиіс басқа да аурулар табылды. Бұл тексерістің арқасында талай еркек ағзадағы дерт белгі бермей тұрып-ақ емге кірісуге мүмкіндік алды.

Басым аман болсын деп…


Елде простата қатерлі ісігі жайы біртіндеп ашық айтыла бастағанымен, ер-азаматтар арасындағы депрессия мен өзіне қол салу мәселесі әлі де тасада қалып келеді. Ал анығында, өзіне қол салудан келетін өлім-жітім онкологиядан да жиі кездеседі. Көрсеткіш, әсіресе, 30 бен 39 жас аралығындағы азаматтарда жоғары. Себебі бұл – баспана, бала-шағаны бағу мен жұмыстың жүгі қатар түсетін шақ. Ал Алматыда бұл көрсеткіш бір жыл ішінде өсіп кеткен. Досына барып «жаным жүдеп жүр» деп ішкі сырын аша алмайтын еркектің урологке де сырқаты әбден асқынғанда бір-ақ баратыны түсінікті.


Көмекке қайда жүгінген жөн? Өмірге қауіп төнген сәтте 112 немесе 103 нөмірлеріне хабарласыңыз. Анонимді түрде үздіксіз жұмыс істейтін «111» байланыс орталығы отбасы түйткілдерінен бөлек, көмек сұраған кез келген адамды тыңдауға дайын. Ал 150 сенім телефоны жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жауап береді. Сонымен бірге тіркелген емханаңызға баруға да болады. Мәселен, 2026 жылдан бері психикалық саулықты тексеру диагностикасы тегін атқарылады .

Осы қарашада не істеу керек?


Алдымен емханаға соғыңыз: жасыңыз 30-дан асқан болса, қан қысымын, жүрек пен көзді (глаукома), сондай-ақ қандағы қант деңгейін тегін тексертіп алыңыз. Жасы 50-ден асқандар үшін бұған ішек тексерісі қосылады. Бұдан бөлек, дәрігермен ПСА сараптамасын тапсыру жайын сөйлескен абзал (әсіресе әкеңіз бен бауырыңыздың отбасылық ауру тарихында простата қатерлі ісігі кездессе). Ал 15 пен 35 жас аралығындағы жігіттер айына бір рет ұрық безін өздері тексеріп, ісік не тығыздалған жерлердің бар-жоғын қарап тұрғаны жөн. Темекі тартатын азаматтар дәрігерге шылым шеккен жылдарын жасырмай, шынайы айтуы керек.


Екінші қадам – қоғамға ой тастау. #МұрттыңДаМәніБар хештегімен фото бөлісіп, эстафетаны достарыңызға жолдаңыз. Ең бастысы – көптен бері хабарласпаған досыңызға телефон соғып, жай ғана амандығын біліңіз. 30 қарашада мұртты қырып тастауға да болады, бірақ келесі жылы өтетін тексерістің уақытын қазірден күнтізбеге белгілеп қойған дұрыс.

Бөлісу: