TikTok пен Instagram желісінде миллиондаған қаралым жинайтын Үндістанның көше асханасы (street food) туралы видеолар көпшіліктің жағасын ұстатады. Тағамның антисанитарлық жағдайда, лас қолмен немесе күмәнді сумен әзірленіп жатқанын көрсететін видеолар лезде бүкіл әлемге тарайды. Ал кейбір видеоларда тағамды еденнен жинап жатқанын немесе аяқпен басып дайындалатынын көрсетеді. Мұндай кадрларды көргенде адамның бойын үрей мен жиіркеніш билегенімен, көзін экраннан үзе алмайды. Tamga Media бұл роликтердің астарында не жатқанын және олардың қандай мақсатпен түсірілетінін анықтап көрді.
Үнді көше тағамдары шынымен де қауіпті ме?
Үндістанда санитария мәселесі расында да бар және бұл факт ғылыми зерттеулермен толық дәлелденген. Алайда, осыған қарап миллиардтан астам халқы бар алып елдің бүкіл көше асханасы лас жағдайда жұмыс істейді деген біржақты қорытынды жасау қате.

Ғалымдар әртүрлі қалалардағы көше асханаларының сапасына бірнеше мәрте сараптама жасаған. Мәселен, 2015 жылы Коимбатур қаласында көшеде сатылатын ең танымал 10 тағам түрі тексерілді. Нәтижесінде, сынамалардың 70 пайызында бактерия мөлшері қалыпты деңгейден асып кеткені анықталды. Олардың қатарында қауіпті ішек таяқшасы мен сальмонелла да бар еді.
Мумбай мен Дели көшелеріндегі дайын өнімдерге жасалған сараптама қорытындысы бойынша үлгілердің 22,7%-ы ішек таяқшасымен, 31,8%-ы стафилококкпен анықталған. Сонымен қатар, қауіпті микробтар тек тамақтан ғана емес, саудагерлердің жұмыс үстелдері мен ыдыс-аяқтарынан да шыққан.
Үндістанға баратын туристерге тек тағамға емес, су мен мұзға да мұқият болу жиі ескертіледі. Саяхатшыларға арналған кеңестерде мұз қосылған сусындар мен балмұздақтан бас тарту ұсынылатыны да содан. Оларды қандай сумен дайындайтыны белгісіз.
Мәселен, Кочин қаласында жүргізілген ғылыми зерттеу көше саудагерлері қолданатын мұздың микробиологиялық тұрғыдан аса қауіпті екенін дәлелдеген. Дәл осындай көзге көрінбейтін қауіп қолдан жасалған соустарда, шала піскен өнімдерде, сондай-ақ аптап ыстықта сөреде ұзақ тұрып қалған дайын тағамдарда да жиі кездеседі.
Туристер шынымен жиі улана ма?
Үндістанға барып, бірнеше күн бойы ас қорыту мәселесімен әбігер болған туристердің оқиғасы жиі кездеседі. Бірақ медициналық зерттеулерде мәселе тек «көше тағамынан улану» деп қарастырылмайды. Мамандар мұны көбіне саяхатшылар диареясы деп атайды.
Бұл дертке тек көшедегі тамақ емес, сапасыз су, мұз, лас ыдыс, тіпті гигиенасы төмен ортадағы қарым-қатынас та тікелей себеп болады.
2022 жылы жарияланған ауқымды жүйелі шолу мен мета-талдау нәтижесі Үндістанға барған туристер арасында саяхатшылар диареясының орташа жиілігі 39 пайызды құрағанын көрсетті.
Ал 2015 жылғы жекелеген зерттеулердің біріне қатысқан 92 саяхатшының 37 пайызынан осындай клиникалық белгілер табылған. Ең қызығы, бюджетін үнемдеп, арзан хостелдерде тоқтайтын және ел ішінде өз бетімен жүретін бэкпекер (жолдорбалы) туристер арасында бұл көрсеткіш рекордтық 62 пайызға жеткен.
Шок-видеолардың артында не жатыр?
Ең қызығы кейбір видеоларда санитарлық талаптың шынымен бұзылғаны көрінеді. Бірақ желіде ең көп тараған кей роликтер арнайы дайындалған қойылым немесе жалған видео екені анықталады.
Мысалы, 2022 жылы көше саудагерінің «пани пури» (ішіне түрлі дәмдеуіш пен тұздық құйылатын, қытырлақ қамырдан жасалған танымал үнді тағамы) суына әжетхана тазалайтын сұйықтық қосып жатқаны бейнеленген видео ғаламторды шарлап кетті. Алайда, фактчекерлер оның жай ғана қойылым екенін дәлелдеді. Ролик авторы Роки Ратнеш журналистерге бұл видеоның «Gyan Bhandar» парақшасы үшін тек көңіл көтеру және қаралым (хайп) жинау мақсатында арнайы сценариймен түсірілгенін мойындаған. Тіпті оның бастапқы жарияланымында «бұл — қойылым» деген ескерту де тұрған.
Жасанды интеллект іске қосылғанда жағдай тіпті ушықты. 2026 жылы фактчекерлер үнді саудагерлері тамақты аяқпен дайындап жатқандай, қамырды қарнына қойып жайып жатқандай немесе мүлде ақылға сыймайтын әрекеттер жасап жатқандай көрінетін бірнеше видеоны тексерді. Олардың біразы жасанды интеллект арқылы жасалған болып шыққан.

Бірақ «жиіркенішті видеолардың көбі қолдан жасалған» деп те кесіп айтуға болмайды. Қазір анық айтуға болатын нәрсе біреу ғана: желіде тараған мұндай роликтердің арасында нақты санитарлық заңбұзушылықтар да, қойылымдар да, контекстен жұлып алынған видеолар да, ЖИ арқылы жасалған фейктер де бар.
Сол себепті, бір ғана видеоға қарап, бүкіл Үндістанның көше тағамына үкім шығаруға болмайды.
Мұндай видеолар неге сонша көп?
Антисанитарияға толы көше тағамдары туралы видеолардың желіде неліктен лезде тарап кететінін түсіну қиын емес: олар адамның назарын бірден аулап алады. Лас су, тамақты жалаң қолмен умаждау, шыбын-шіркей мен қоқыс арасындағы көрініс көрерменде өте күшті эмоция (шок, жиіркеніш) тудырады.
Оның үстіне мұндай видео адамды соңына дейін көруге итермелейді: «Бұдан да сорақысы бола ма?», «Мұны шынымен біреу жей ме?» деген қызығушылық пайда болады. Видео біткен соң көрермен пікір қалдырады, досына жібереді немесе басқа қолданушылармен дауласа бастайды.
Ал әлеуметтік желілер үшін мұның бәрі өте тиімді. Адамдар видеоға неғұрлым көп пікір жазып, оны бөлісіп, талқыласа, платформа оны соғұрлым көбірек қолданушыға көрсетуі мүмкін.
Мұны кейбір көше тағамын сатушылар да тез түсінген тәрізді. Нәтижесінде үнді «стритфуды» туралы Reels пен TikTok-та өзінше бір жанр пайда болды: тағам дайындау тәсілі неғұрлым оғаш әрі жиіркенішті көрінсе, видеоны миллиондаған адамның көру ықтималдығы соғұрлым жоғары.
Үндістанның көше тағамы мұндай видеолармен шектелмейді
Үндістандағы көше тағамы туристер немесе әлеуметтік желідегі вирустық видеолар үшін пайда болған жоқ. Миллиондаған адам үшін ол - күнделікті қала өмірінің бір бөлігі. Біреу жұмысқа бара жатып таңғы асын көшеден ішеді, енді бірі түскі үзілісте тамақтанады, базарда жүріп жеңіл-желпі әлденеді немесе сабақтан кейін тамақтанады.
Үндістанның әр өңірінде қалыптасқан өз тағам дәстүрі бар. Сондықтан көше тағамының түрі де өте көп. Олардың арасында «пани пури», күріш пен жасымықтан жасалатын жұқа құймақ тәрізді «доса» (күріш пен жасымықтан жасалған жұқа шелпек), сондай-ақ қуырылған картоп котлеті салынған бөлке «вада пав» (ішіне картоп қосылған ыстық тоқашқ) сияқты кең тараған тағамдар бар.
Үндістандағы тағам қауіпсіздігін қадағалайтын FSSAI ұйымының дерегінше, елде шамамен 2 миллион көше саудагері бар.
Билік санитария мәселесі жоқ деп отырған жоқ. Саудагерлерді оқыту бағдарламалары, санитарлық тексерулер және Clean Street Food Hub секілді жобалар жұмыс істейді. Мұндай жобаларда көше тағамын сататын бірнеше нүкте бір жерге біріктіріліп, белгілі бір санитарлық талаптарға сай жұмыс істеуге үйретіледі.
Талаптардың өзі күрделі емес: таза су мен таза ыдыс пайдалану, қолды үнемі жуу, қажет жерде қолғап кию, тағамды шаң-тозаңнан қорғау, өнімдерді дұрыс температурада сақтауды қадағалау.
Сондай-ақ сатушыларға ауырып жүрген кезде тағам дайындамау және тамақ әзірлеп тұрып бір мезетте ақшаға, телефонға немесе бетіне ұстамау ұсынылады.
Үндістандағы көше тағамының санитарлық мәселелері бар, мұны зерттеулер де көрсетеді. Бірақ әлеуметтік желідегі ең тарап кеткен видеолардың арасында қойылымдар мен жасанды интеллект көмегімен жасалған роликтер де кездеседі.
Сондықтан бір жиіркенішті видеоға қарап, бүкіл Үндістанда тағам дәл солай дайындалады деу дұрыс емес. Елдегі көше тағамы — ауқымды әрі алуан түрлі мәдениет. Ал оның қаншалықты қауіпсіз екені нақты сауда орнына, пайдаланылатын суға, тағамның қалай сақталатынына және қарапайым гигиена талаптарының орындалуына байланысты.



