Ойын-сауықСаяхат«Мұндай қонақжайлылықты еш жерде көрмедім»: Қазаннан Алматыға дейін жаяу жеткен блогермен сұхбат

«Мұндай қонақжайлылықты еш жерде көрмедім»: Қазаннан Алматыға дейін жаяу жеткен блогермен сұхбат

13 қыркүйек 2026
4 мин
Никита Кузнецов | Фото: instagram @isot_6.8

Арнайы жол жабдығынсыз 22 күн бойы мыңдаған шақырымды жүріп өту, кез келгеннің қолынан келе бермейтін әрекет. Саяхатшы әрі блогер Никита Кузнецов өзге жұрттың тыныс-тіршілігін өз көзімен көріп, оны оқырмандарына көрсету үшін Қазан қаласынан жаяу жолға шыққан. Тәуекелге бел буған саяхатшы ақыры Алматыға да табан тіреді. Никита Tamga Media-ға берген арнайы сұхбатында ұзақ жолдың қиындығы, далада түнеу, қазақ халқының ыстық ықыласы мен бұл сапардан түйген негізгі ойлары туралы айтып берді.


Неліктен таңдау дәл Алматыға түсті?


– Бастапқыда Астанаға дейін жаяу барамын деп жоспарлаған едім. Жоспар  бойынша, елордадан бір жолаушы маған қарсы Қазанға қарай жолға шығуы керек еді. Ол ойым жүзеге аспаған соң, шектеліп қалмай, Алматыға баруды жөн көрдім. Бұл шешіміме оқырмандарым да қуанды. Олар: «Шын Қазақстанды көргің келсе, Алматыға жол тарт», — деді. Міне, сонымен көздеген мақсатыма жеттім.


Жолда қандай қиындықтар болды? Бәрін тастап, үйге қайтқыңыз келген сәттер болды ма?


– Иә, ондай ой бір емес, бірнеше рет келді. Жол болған соң түрлі кедергілер аз болмады. Жолда ауа райы құбылып тұрды, содан сырқаттанып қалдым, байқағаным ауылдардың арасы тым алшақ орналасқан екен. Бірақ жолда кездескен жанашыр жандардың арқасында берілген жоқпын. Сондай-ақ ішкі сенім мен халықтың ыстық ықыласы да бойыма қуат берді.

 

Көздеген мақсатыңызға жеткенде қандай сезімде болдыңыз?


– Бір ауыз сөзбен жеткізе алмайтын ерекше әсердемін! Бұл сапардың сәтті аяқталуы, жолда кездескен ақжарқын жандардың, қонақжай қазақ халқының арқасы. Олар мені өз бауырына басып, өте ыстық ықыласпен қарсы алды. Шыны керек, қарапайым бастамама елдің мұншалықты ықылас білдірерін күтпеген едім.


Алматыдан кейін қайда жол тартпақсыз?


– Алда тағы екі айға созылатын дол тұр. Әрі қарай жаяу Бішкек, Ташкент және Душанбе қалаларына барамын. Сапарды Ауғанстанда, Кабул шаһарында аяқтауды жоспарлап отырмын. Үйге тек сол жақтан ұшақпен ораламын.


Бұрын-соңды көрмеген қалаларды аралап, көпшілікпен жүздестіңіз. Қазақстанға деген көзқарасыңыз қалай өзгерді? Өзіңізге қандай жаңалық аштыңыз?


– Мұнда тұратын өнерлі тұлғалардың арқасында Қазақстанды бұрыннан жақсы көрсем де, қазақ мәдениетін толық сезіне алмай жүрген едім. Ал осы жерге табан тірегенде жаңа әлем ашылғандай болды. Мені бұл елде қарсы алғандай ешбір мемлекетте қарсы алған емес! Барлық ойымды сөзбен айту мүмкін емес, бәрі блогымда бар. Тамағын беріп, шайын ұсынды, қолыма ақша ұстатпақ болғандар да болды, бірақ мен алмадым. Түрлі сыйлықтар сыйлады. Қазір үйге, яғни Қазанға екі шапан арқалап бара жатырмын. Екеуі де өте әдемі, мен үшін еш нәрсеге айырбастай алмайтын ыстық естелік.


Қазақстанның бірнеше қаласынан өттіңіз. Түрлі өңірлерде сізді қалай қарсы алды?


– Бұл құбылыстың сырын сөзбен жеткізіп айта алмаймын, бірақ әр қалаға жақындаған сайын мені қарсы алу деңгейі де, елдің ықыласы да арта түсті. Мұнда ұлты бөлек қаншама халық тұрады, бұл тұрғыдан Қазақстан Татарстанға өте ұқсас – өзімді өз үйімде жүргендей сезіндім. Мұнда да немістер, украиндықтар, орыстар және өзге де ұлыстар бір шаңырақ астында бір-біріне арқа сүйеп өмір сүріп жатыр. Сондықтан өзімді өз үйімде жүргендей сезіндім.

Түптеп келгенде, бұл бауырмалдықтың тамыры арыда, ел тарихында жатыр. Саяси қуғын-сүргін мен депортация жылдарында бұл халықтың өзге ұлттарды қалай құшақ жая қарсы алып, ажалдан аман алып қалғанын әлем біледі. Бойдағы бұл асыл қасиетті көздің қарашығындай сақтау керек. Өйткені мұндай мейірімнен айырылса, адамзат баласы көп нәрсесін жоғалтады. Қазақстандықтардың бойындағы осы ұлы мейірімді блогым арқылы әлемге паш ете алып жүргеніме қуаныштымын.


Жолда сізді танып жатты ма? Қонаққа шақырғандар болды ма?


– Осы уақыт ішінде маған үш мыңдай адам жолықты. Күн сайын біреуі тамағын берсе, біреуі шайға шақырды, енді бірі үйіне қонуға ұсыныс жасап жатты. Тіпті тойға да қатысып үлгердім, бұл естен кетпейтін керемет естелік болды! Қазақ халқының өнерге деген икемі мен би ырғағын сезінуі мені тәнті етті. Бұл жұрттың бойында бұл қасиеті туғаннан бар сияқты.


Жолдағы күніңізді қалай жоспарладыңыз: қайда түнеуді, қайда тамақтануды және күніне қанша шақырым жүруді?


– Алдын ала жоспар жасамадым. Күнмен бірге жолға шығып, күн бата аялдаймын. Тек адаспай, алға жүру керектігін білемін. Қоржынымдағы азық-түлік жарты күнге, әрі кетсе бір күнге ғана жетеді. Ары қарай жанашыр жандардың қолдауына арқа сүйеймін. Шыны керек, жолда ұсынылған астың бәрін ала берсем, аялдаған жеріме жеке супермаркет ашып қойсам да болатындай еді.


Саяхат кезінде дене және психологиялық тұрғыдан ең қиын сәттер болды ма? Оларды қалай еңсердіңіз?


– Денеге түскен жүктемеге шыдау оңай болған жоқ: аяғым, тізелерім мен буындарым сыздап, бүкіл денем сыр бере бастады. Салмақты да тым жылдам жоғалттым, ал оны қайта қалпына келтіру мүмкін болмады.


Психологиялық тұрғыдан да өте ауыр тиді.Күн сайын алға жылжу үшін бойыңда күш-қуат болу керек еді, өйткені шаршағанша жүрдім. Маған иман мен дұға-тілектер көмектесті. Мен өзімнің маңызды бір іс жасап жатқаныма, бұл менің денсаулығымнан да әлдеқайда маңызды екеніне сендім. Мені құтқарған да осы сенім.


Далада түнеу қорқынышты болған жоқ па?


– Шатырда түнеп жатқанда, қасымнан шибөрілердің немесе қасқырлардың дауысын естіген кездерім болды. Ашығын айтсам, ол соншалықты қорқынышты емес.


Осы саяхат барысында өзіңіз туралы не білдіңіз?


– Алматыға кірген сәтте өмірде алғаш рет өзіме деген ризашылықты сезіндім. Осыған дейін «Не істеп жүрмін?» деп, өз-өзімді үнемі кемсітіп жүретінмін. Ал жұртшылықтың ыстық ықыласы мен құшағын көргенде, іштей қатты марқайдым. Мұндай күйге бұрын ешқашан түсіп көрмеппін. Тіпті Иерусалимге жеткенде дәл мұндай сезімді кешпеген едім.


Егер қазір біреу сіздің бағытыңызды қайталағысы келсе, оған қандай кеңес берер едіңіз?


–  Жол жабдықтары бойынша сарапшы емеспін. Мұнда бапкер емес, бәйгеге түскен «шабандозбын». Тек сапалы сөмке мен ыңғайлы, қымбаттау аяқ киім алуды ұсынамын. Өзім үсті-басымды жауып, ақ түсті киіммен жүрдім. Денемді толық жауып жүргендіктен, қазір қолдарым қолғап киіп алған сияқты, тек саусақтарым ғана күнге күйген. Аяқты құрғақ ұстап, ұлтарақты жиі ауыстыру да өте маңызды.


Психологиялық жағынан алғанда, күш-қуаттың таусылатын сәті болатынын ұмытпаңыз. Тек өзіңізге сеніп, соңғы деміңіз қалғанша күресу қажет. Қорқпауға кеңес берер едім, дәлірек айтқанда, қиындыққа мойымай, алға қадам басыңыздар.


Үрей бәрібір болады. Бірақ өзіңді де, қорқынышыңды да жеңгенде ғана жаңа белеске көтерілесің.

Бөлісу: